Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы



бет1/13
Дата25.08.2017
өлшемі2.74 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13


Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 қаулысы

      «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 19) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Мектепке дейiнгi ұйымдар қызметiнiң үлгілік қағидалары;
      2) Жалпы білім беру ұйымдары (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта) қызметінiң үлгілік қағидалары;
      3) Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары;
      4) Орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары;
      5) Жоғары білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары;
      6) Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары;
      7) Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары;
      8) Арнайы білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары;
      9) Жетiм балалар мен ата-анасының (заңды өкілдерінің) қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгiлік қағидалары;
      10) Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары;
      11) Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі.

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы


Үкіметінің      
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен  
бекітілген      

Мектепке дейiнгi ұйымдар қызметiнiң үлгілік қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Мектепке дейінгі ұйымдар қызметiнiң үлгілік қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) «Бiлiм туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – «Білім туралы» Заң) сәйкес әзiрленді. Қағидалар «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының мектепке дейінгі ұйымдарын қоспағанда, меншік нысандарымен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – мектепке дейінгі ұйымдар) қызметінiң тәртiбiн айқындайды.


      2. Мектепке дейiнгi ұйымдар бiр жастан бастап мектеп жасына дейiн жеткенше тәрбиеленушілерді тәрбиелеу, оқыту мен дамыту және медициналық бақылау, сондай-ақ қарау, бағу және сауықтыру бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын, мемлекет қаржыландыратын қызмет көлемін орындауды қамтамасыз етеді.
      3. Мектепке дейiнгi ұйымдардың негізгі мiндеттерi:
      1) балалардың өмірін және денсаулығын қорғау;
      2) тәрбиеленушілердің дене, зияткерлік және жеке тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін оңтайлы жағдайлар жасау;
      3) сапалы мектепалды даярлықты қамтамасыз ету;
      4) азаматтылықты, қазақстандық отаншылдықты, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуді, қоршаған табиғатқа, Отанға, отбасына деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу;
      5) баланың толыққанды дамуын қамтамасыз ету үшін отбасымен өзара іс-қимыл жасау;
      6) ата-аналарға балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту және денсаулығын қорғау бойынша консультативтік және әдістемелік көмек көрсету болып табылады.
      4. Мектепке дейінгі ұйымдар мынадай түрлерге бөлінеді:
      1) бөбекжай;
      2) балабақша;
      3) отбасылық бөбекжай;
      4) санаториялық бөбекжай;
      5) «мектеп-балабақша» кешені;
      6) мектепке дейінгі шағын орталық.
      5. Мектепке дейінгі білім беру ұйымының негізгі құрылымдық бірлігі мектеп жасына дейінгі тәрбиеленушілер тобы болып табылады. Топтар жас ерекшелігі бір немесе жас ерекшелігі әртүрлі қағидаты бойынша жасақталады.
      6. Мектепке дейінгі ұйым топтарының толымдылығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1684 қаулысымен бекітілген «Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен білім беру объектілеріне санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      7. Топтар тәрбиеленушілердің болу уақыты бойынша бөлінеді және мынадай режимде қызмет етеді:
      1) толық күн болу;
      2) жарты күн болу;
      3) тәулік бойы болу.
      8. Мектепке дейінгі ұйымдар өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Білім туралы» Заңды, Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы № 1118 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 28 мамырдағы № 488 қаулысымен бекітілген Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасын, мектепке дейінгі ұйымның Жарғысын және осы Қағидаларды басшылыққа алады.
      9. Мектепке дейінгі ұйымдар меншік нысаны бойынша мемлекеттік және жеке меншік болып табылады.
      10. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 23.05.2014 № 538 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).      
      11. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға тұрақты немесе уақытша орналасуға қабылдау онда бос орынның болуына қарай жыл бойы жүргізіледі.
      12. Мектепке дейінгі ұйымда баланың орны мынадай:
      1) бала ауырып қалған;
      2) бала медициналық, санаториялық-курорттық және өзге де ұйымдарда емделген және сауықтырылған;
      3) ата-анасының немесе заңды өкілдерінің біреуіне еңбек демалысы берілген;
      4) бала жаз маусымында екі айға дейінгі мерзімде сауықтырылған жағдайларда сақталады.
      13. Басшы баланы мектепке дейінгі ұйымдардан мынадай:
      1) баланы мектепке дейінгі ұйымда ұстау үшін ай сайынғы төлемақы уақтылы төленбеген (төлемақыны белгіленген мерзімнен күнтізбелік 15 күннен астам кешіктіру);
      2) бала бір айдан астам дәлелсіз себеппен және әкімшілікке ескертпей келмеген;
      3) дәрігерлік бақылау комиссиясы анықтамасының негізінде баланың келуiне кедергi болатын денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындысы болған жағдайларда шығарады.
      14. Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындарының ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған мемлекеттік мектепке дейiнгi ұйымдарда баланы күтіп-бағу үшiн ата-аналардан немесе заңды өкілдерден алынатын ай сайынғы төлемақы мөлшерi баланың жасына қарамастан тамақтануға кететін шығынның 100 пайызын құрайды және оны құрылтайшы белгілейді.
      15. Жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналардан немесе заңды өкілдерден төлемақы алу тәртібін мектепке дейінгі ұйымның құрылтайшысы белгілейді.
      16. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған санаториялық бөбекжайларда, мектепке дейінгі ұйымдарда балаларды күтіп-бағу тегін негізде ұсынылады.
      17. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымның басшысы үш жылда бір рет «Білім туралы» Заңға сәйкес аттестаттаудан өтеді.
      Педагог қызметкер бес жылда кемінде бір рет аттестаттаудан өтеді.
      Құзыретіне сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды олардың ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысандарына қарамастан, жоспарлы түрде бес жылда бір рет өткізеді.
      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2014.12.19 № 1332 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2. Мектепке дейiнгі ұйымдар қызметінің тәртібi



      18. Мектепке дейінгі ұйымды құрылтайшы құрады және ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әділет органдарында тіркеледі. Тіркелгеннен кейін мектепке дейінгі білім беру ұйымы қызметінің басталғаны туралы орналасу орнына қарай құзыретіне сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті органды хабардар етеді.
      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2014.12.19 № 1332 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      18-1. Мектепке дейінгі ұйым қызметін тоқтатқан кезде орналасқан жері бойынша құзыретіне сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті органды қызметінің тоқтатылғаны туралы хабардар етеді.
      Ескерту. 18-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2014.12.19 № 1332 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      18-2. Қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама жіберу рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесін және рұқсаттар мен хабарламалар мемлекеттік электрондық тізілімін пайдалану арқылы электрондық нысанда жүзеге асырылады.
      Ескерту. 18-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2014.12.19 № 1332 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      19. Мектепке дейінгі ұйымдар «Білім туралы» Заңның 41-бабы мен осы Қағидалар негізінде өз жарғысын әзірлейді.
      20. Мектепке дейінгі ұйымдар:
      1) өз жарғысында белгіленген функциялардың орындалуын;
      2) балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауды;
      3) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін бағдарламаларының толық көлемде іске асырылуын;
      4) педагогикалық процесті ұйымдастыруда қолданылатын нысандардың, әдістердің және құралдардың балалардың жас, психикалық-физиологиялық ерекшелiктерiне, қабілеттеріне, қызығушылықтары мен қажеттілiктеріне сәйкестігін қамтамасыз етеді.
      21. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардағы штат саны Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 қаулысымен бекітілген мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарына сәйкес белгіленеді.
      22. Мектепке дейінгі ұйымдар алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің аумақтық медициналық ұйымдарымен бірлесіп балаларды мектепке дейінгі ұйымның штатына кіретін медициналық қызметкерлер жүзеге асыратын ағымдағы медициналық бақылауды, иммундауды және профилактикалық тексерулер ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогикалық қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын тегін медициналық тексеруден өтеді.
      23. Мектепке дейінгі ұйымдар балаларды үйлесімді тамақтандыруды қамтамасыз етеді. Балаларды тамақтандыру жас ерекшеліктерін, жұмыс режимін ескере отырып жүргізіледі, оның жиілігі санитариялық-эпидемиологиялық талаптармен және Жарғымен айқындалады.
      24. Мектепке дейінгі ұйымдар мектепке дейінгі ұйым басшысы белгілеген тәртіппен білім беру, сауықтыру сипатындағы қосымша ақылы қызметтер көрсетеді. Ақылы қызметтерден түскен қаражат мамандарға еңбекақы төлеуге, құралдар сатып алуға, тиісті дамытушы орта құруға бағытталуы мүмкін.
      25. Отбасы мен баланы әлеуметтiк-педагогикалық қолдау мақсатында мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылмаған балалардың ата-аналары үшін мектепке дейiнгi ұйымдарда консультациялық пункттер құрылады.
      26. Мектепке дейiнгi ұйымдарды басқару дара басшылық және алқалық басқару қағидаттарында құрылады. Алқалық басқару нысандары педагогикалық, қамқоршылық кеңестер болып табылады.
      27. Мектепке дейінгi ұйымды тiкелей басқаруды басшы жүзеге асырады.
      28. Мектепке дейінгі ұйым басшысы:
      1) мектепке дейінгі ұйымның атынан әрекет етеді, барлық мемлекеттік және жеке меншік ұйымдарда оның атынан өкілдік етеді;
      2) қаражатты басқарушы болып табылады, шарттар жасайды, сенімхаттар береді, банктерде есептік және басқа да шоттар ашады;
      3) өз құзыреті шегінде мектепке дейінгі ұйым қызметкерлері орындауға міндетті бұйрықтар мен өкімдер шығарады, жаза қолданады;
      4) кадрларды іріктеу мен орналастыруды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату құқығын пайдаланады;
      5) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандартының талаптарына және санитариялық-гигиеналық нормаларға сәйкес мектепке дейінгі ұйымдағы тәрбиелеу-білім беру процесін жүзеге асыру үшін жағдайлар жасайды;
      6) балалар мүдделерін, отбасы қажеттіктерін қанағаттандыруға бағытталған қосымша қызметтерді ұйымдастырады;
      7) баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдаған кезде ата-анасын немесе заңды өкілдерін жарғымен, қабылдау тәртібі мен оқыту-тәрбиелеу процесін және медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру тәртібін регламенттейтін құжаттармен таныстырады, ата-аналармен немесе заңды өкілдермен шарт жасасады;
      8) мектепке дейінгі ұйымға бекітілген мүліктің сақталуын және тиімді пайдалануын қамтамасыз етеді.
      29. Мектепке дейінгі ұйымның басшысы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес:
      1) тәрбиеленушілердің, қызметкерлердің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
      2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;
      3) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарын бұзғаны;
      4) тәрбиеленушілер мен қызметкерлердің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығын сақтау үшін;
      5) қаржы-шаруашылық қызметінің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақшалай қаражаттардың мақсатты пайдаланылмағаны үшін;
      6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген талаптардың өзге де бұзылғаны үшін жауапты болады.
      30. Мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері мектепке дейінгі ұйым дербес әзірлейтін ішкі тәртіп қағидаларында және қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарында нақтыланады. Бұл ретте көрсетілген актілерде белгіленген құқықтар мен міндеттер Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Білім туралы» Заңға, өзге де заңнамалық актілер мен ұйым жарғысына қайшы келмеуі тиіс.

Мектепке дейінгі ұйымдағы тәрбиелеу-білім беру процесі

      31. Мектепке дейінгі ұйымдағы тәрбиелеу-білім беру процесі мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты негізінде әзірленген бағдарламаларға және оқу жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады, сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымның жарғысымен айқындалады.
      32. Тәрбиелеу-білім беру процесінің негізгі қатысушылары балалар, ата-аналар немесе заңды өкілдер, педагогикалық қызметкерлер болып табылады.
      33. Мектепке дейінгі ұйымдарда педагогикалық қызметпен айналысуға білімі және біліктілігінің тиісті деңгейі туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттармен расталған педагогикалық білімі бар (техникалық және кәсіптік, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі) адамдар жіберіледі.
      Педагогикалық қызметке соттың үкімімен немесе медициналық қорытындымен тыйым салынған, сондай-ақ өтелмеген немесе заңда белгіленген тәртіппен алынбаған соттылығы бар тұлғалар жіберілмейді.
      34. Мектепке дейінгі ұйымдар және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мектепалды топтары және білім беру ұйымдары мектепалды сыныптарының педагог қызметкерлеріне айлық еңбекақыны есептеу үшін аптасына нормативтік оқу жүктемесі 24 сағаттан артық емес болып белгіленеді.
      «Бiлiм туралы» Заңның 30-бабының 2-тармағына сәйкес мектепке дейінгі оқыту балаларды мектепте оқытуға мектепалды даярлық түрінде бес жастан бастап жүзеге асырылады.
      Мектепалды даярлық міндетті және отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің және гимназиялардың мектепалды сыныптарында жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы мектепалды даярлық тегін болып табылады.
      35. Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтары тиімді тәрбиелеу-білім беру процесін қамтамасыз ету мақсатында балама авторлық бағдарламаларды дербес таңдайды және қолданады, мектепке дейінгі тәрбие және оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын сақтау шартымен тәрбиелеудің, оқытудың және сауықтырудың жаңа технологияларын енгізеді.
      36. Мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушісінің, ата-аналары мен қызметкерлерінің қарым-қатынасы тәрбиелеу-білім беру процесіне қатысушылардың ынтымақтастығы, өзара сыйластығы негізінде және жеке ерекшеліктеріне сәйкес тәрбиеленушіге даму еркіндігін ұсынуды ескере отырып құрылады.
      37. Мектепке дейінгі ұйым мен ата-аналар немесе заңды өкілдер арасындағы өзара қарым-қатынастар баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдаған кезде жасалатын шартпен реттеледі. Шартта баланың мектепке дейінгі ұйымға бару режимі, тамақтану жиілігі, қосымша білім беру, сауықтыру қызметтерін көрсету деңгейі және ұсыну мерзімі, мектепке дейінгі ұйымда баланы күтіп-бағу ақысының мөлшері, қосымша ақылы қызметтер және өзге де шарттар айқындалады.

Қазақстан Республикасы


Үкіметінің      
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен  
бекітілген     

Жалпы білім беру ұйымдары (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта) қызметінiң үлгілік қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жалпы білім беру ұйымдары (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта) қызметінiң үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарын қоспағанда, меншік нысандарымен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) қызметінің тәртібін айқындайды.


      2. Білім беру ұйымдарының негізгі міндеттері:
      1) білікті жеке тұлғаны қалыптастыруға және дамытуға бағытталған білім беру бағдарламаларын меңгеру арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдайлар жасау;
      2) білім алушылардың тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында көзделген базистік ғылыми негіздерді алуын қамтамасыз ету;
      3) жеке тұлғаның шығармашылық, рухани және дене бітімі мүмкiндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру;
      4) азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке, мемлекеттiк рәміздерді және мемлекеттік тілді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қадірлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез келген көріністерге төзбеушілікке тәрбиелеу;
      5) белсенді азаматтық ұстанымы бар жеке тұлғаны тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне араласу қажеттілігін, жеке тұлғаның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру;
      6) отандық және әлемдік мәдениет жетістіктеріне баулу; қазақ халқы мен Қазақстан Республикасында тұратын басқа да ұлттардың тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу.
      3. Білім беру ұйымдарының негізгі түрлері мектеп, шағын жинақталған мектеп, гимназия, лицей, бейіндік мектеп болып табылады.
      3-1. Ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысанына қарамастан, негізгі орта, жалпы орта білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары өз қызметін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес берілген лицензияның негізінде жүзеге асырады.
      Ескерту. 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2014.12.19 № 1332 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      3-2. Лицензиялау рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
      Ескерту. 3-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2014.12.19 № 1332 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      4. Жеке тұлғаның қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұнына, білім берудің әрбір деңгейін алуға қол жеткізу жағдайларының жасалуына қарай оқыту күндізгі, сырттай, кешкі, экстернат және мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қашықтықтан оқыту нысандарында жүзеге асырылады.
      5. Мемлекет инклюзивті білім беру мақсаттарын іске асыра отырып, білім берудің барлық деңгейлерінде даму мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға олардың білім алуына, дамуындағы ауытқуды түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне арнайы жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді.
      6. Денсаулық жағдайы бойынша ұзақ уақыт бойы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беретін ұйымдарға бара алмайтын азаматтар үшін үйде немесе стационарлық көмек көрсететін, сондай-ақ қалпына келтіріп емдеу және медициналық оңалту ұйымдарында тегін жеке оқыту ұйымдастырылады.
      7. Ақылы білім беру қызметтерін іске асыратын мемлекеттiк емес білім беру ұйымдарындағы білім алушының, оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің өзара қарым-қатынастары оқу мерзімін, оқу үшін төлем мөлшерін, өзге де жағдайларды айқындайтын шартпен реттеледі.
      8. Білім алушыларды құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны, білім беру ұйымының жарғысын өрескел және бірнеше рет бұзғаны үшін мемлекеттік білім беру ұйымдарынан шығаруға білім беру ұйымын мемлекеттік басқару органының шешімі бойынша ерекше жағдайларда рұқсат етіледі.
      Жетiм балалармен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды білім беру ұйымдарынан шығару туралы шешiм қорғаншылық және қамқоршылық органдарының келісімiмен қабылданады.
      Мемлекеттік білім беру ұйымдарынан шығарылған балалардың жалпы орта білім алуы түзеу мекемелері жанындағы жалпы білім беретін мектепте, кешкі, жеке меншік мектепте немесе экстернат нысанында жалғасады.
      9. Қызметкер мен білім беру ұйымының еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.

2. Білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі

Қызметін ұйымдастыру

      10. Оқушылар, педагог қызметкерлер, оқушылардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдер білім беру процесінің субъектілері болып табылады.


      11. Негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қорытынды аттестаттаудан өткен азаматтарға мемлекеттiк үлгідегі білім туралы құжаттар береді.
      12. Педагогтік қызметпен айналысуға тиісті бейіні бойынша арнайы педагогикалық немесе кәсіптік білімі бар адамдар жіберіледі.
      Білім беру ұйымдарында жұмыс істеуге педагогтік қызметке сот үкімімен немесе медициналық қорытындымен тыйым салынған адамдар, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар жіберілмейді.
      13. Нормативтік оқу жүктемесі белгіленбеген білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.

Білім беру процесі



      14. Білім беру ұйымдары білім беру процесін жалпы орта білім беру деңгейлерінің: бастауыш (1-4 сыныптар), негізгі орта (5-9 (10) сыныптар) және жалпы орта (10-11 (12) сыныптар) білім беру бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырады.
      15. Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары (1-деңгей) баланың жеке басын қалыптастыруға, оның жеке қабілеттерін, оқу ісіндегі оң талпынысы мен алғырлығын: негізгі мектептің білім беру бағдарламаларын кейіннен меңгеру үшін оқудың, жазудың, есептеудің, тілдік қатынастың, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетудің, мінез-құлық мәдениетінің берік дағдыларын дамытуға бағытталған.
      Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын игеру мерзімі - төрт жыл.
      16. Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары (2-деңгей) білім алушылардың ғылым жүйесінің базалық негіздерін меңгеруге, олардың бойында тұлғааралық және этносаралық қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, жеке адамның өзін-өзі билеуіне және кәсіптік бағдарлануына бағытталады.
      Жалпы білім беретін оқу бағдарламасы білім алушылардың бейін алды даярлығын қамтиды.
      Әрбір пәннің мазмұнын зерделеу негізгі орта білім беру деңгейінде аяқталады.
      Негiзгi орта бiлiм берудің жалпы бiлiм беретін оқу бағдарламасын меңгеру мерзiмi - бес жыл.
      Он екі жылдық білім беруге көшкен кезде негiзгi орта бiлiм берудiң жалпы бiлiм беретiн оқу бағдарламасын меңгеру мерзiмi - алты жыл.
      17. Жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары (3-деңгей) жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша бейіндік оқытуды енгізе отырып саралау, интеграциялау және білім беру мазмұнын кәсіптік бағдарлау негізінде әзірленеді.
      Жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын игеру мерзімі - екі жыл.
      18. Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкiлдердiң мүдделерiн ескере отырып, жергiлiктi білім берудi басқару органдарымен келісім бойынша білім беру ұйымдарында даму мүмкіндігі шектеулі балалармен дені сау балалардың бірлесіп оқитын сыныптары (бір сыныпта даму мүмкіндігі шектеулі екі баладан артық оқытылмауы тиіс) немесе арнайы білім беру ұйымдарының үлгілік қағидаларында көрсетілген толымдылыққа сәйкес бұзушылық түрлері бойынша арнайы сыныптар ашылуы мүмкiн.
      Инклюзивтік және арнайы сыныптардағы даму мүмкіндігі шектеулі барлық білім алушыларға арналған түзету сабақтарын арнайы педагогтер (олигофренопедагог, сурдопедагог, тифлопедагог, логопед) жүзеге асырады. Жалпы сыныптарға қосылған даму мүмкіндігі шектеулі балалар жалпы білім беретін бағдарламалар бойынша білім алады.
      19. Білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие процесі оқу жұмыс бағдарламаларына және оқу жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
      20. Білім беру ұйымдарында қосымша білімнің білім беретін оқу бағдарламалары іске асырылады.
      21. Білім беру ұйымдарында білім беру процесін ұйымдастыру оқу жоспарының негізінде құрылады, жылдық күнтізбелік жұмыс оқу кестесімен және сабақтар кестесімен регламенттеледі.
      22. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің оқу жүктемесі, сабақтар режимі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, санитариялық қағидалар, гигиеналық нормативтер, оқу жоспарлары мен денсаулық сақтау және білім беру органдарының ұсынымдары негізінде дайындалған білім беру ұйымдары бекітетін ережелермен айқындалады.
      23. Білім беру ұйымдарында балалар мен жасөспірімдерді медициналық қамтамасыз ету ұйымдастырылады.
      Білім беру ұйымдарындағы медициналық пункттердің ең шағын үй-жайлары медициналық қызметкердің кабинеті мен процедуралық кабинетті қамтиды.
      Жалпы білім беретін мектептің штаттық кестесі медициналық қызметкер (медбике, дәрігер) бірлігін қамтиды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мектептегі медициналық қызметкер өз біліктілігін уақытылы арттырып отырады.
      Шағын жинақты мектептерде медициналық пункт және медициналық қызметкер болмаған жағдайда медициналық қамтамасыз етуді өңірлік алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдары жүзеге асырады.
      24. Білім беру ұйымындағы сабақтар кестесін оның басшысы не оны алмастыратын тұлға бекітеді.
      25. Сабақ кестесінде оқу сабақтарының күнделікті саны, ұзақтығы және реті көрсетіледі.
      Білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесі білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тамақтануы мен белсенді демалуы үшін ұзақтығы жеткілікті үзілістерді көздейді.
      Жалпы білім беретін ұйымдардың барлық түрлерінің оқушылары үшін сабақтар арасындағы үзілістер ұзақтығы кемінде 10 минутты, үлкен үзіліс (2 немесе 3 сабақтан кейінгі) кемінде 30 минутты құрайды: бір үлкен үзілістің орнына 2 және 3 сабақтан соң әрқайсысы 20 минуттан екі рет үзіліс жасауға жол беріледі.
      26. Білім беру ұйымдарындағы сабақтың ұзақтығы – қырық бес минут (арнайы сыныптарда – қырық минуттан аспайды).
      Білім беру ұйымдарындағы оқу сабақтары сағат сегізден ерте басталмайды. Оқу аптасының ұзақтығына қарамастан оқушылардың күндізгі оқу жүктемесі бастауыш сыныпта бес сабақтан және негізгі мектепте жеті сабақтан, жоғары сыныптарда сегіз сабақтан аспайды.
      27. Білім беру ұйымдары білім алушылардың білім беру бағдарламаларын меңгеруін бақылау мақсатында оқушылардың үлгерімін ағымдағы бақылауды және білім алушыларды аралық аттестаттауды жүзеге асырады.
      28. Білім беру ұйымдары білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды және аралық аттестаттауды жүргізудің нысандарын, тәртібін және мерзімділігін дербес таңдайды.
      29. Білім беру ұйымдары өздерінің жарғыларында айқындалатын оқыту нысандарын, құралдарын және әдістерін дербес таңдайды.
      30. Меншік нысандарына қарамастан барлық білім беру ұйымдары білім алушылардың мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білуін, сондай-ақ білім берудің тиісті деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес орыс тілін және шет тілдерінің біреуін оқып-үйренуін қамтамасыз етеді.
      31. Педагог қызметкер жыл сайынғы медициналық тексеруден, сондай-ақ бес жылда кемінде бір рет аттестаттаудан өтеді.
      Құзыретіне сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысандарына қарамастан, жалпы білім беру (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта) білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды жоспарлы түрде бес жылда бір рет өткізеді.
      Ескерту. 31-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2014.12.19 № 1332 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Білім беру ұйымдарын басқару

      32. Білім беру ұйымдары өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, осы Қағидаларды және білім беру ұйымының жарғысын басшылыққа алады.
      Білім беру ұйымын тікелей басқаруды оның басшысы жүзеге асырады.
      33. Білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
      34. Білім беру ұйымының басшысы:
      1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
      2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;
      3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын бұзғаны;
      4) білім беру ұйымы білім алушыларының және тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;
      5) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны;
      6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген талаптарды өзге де бұзғаны үшін жауапты болады.
      35. Білім беру ұйымдарында алқалы басқару органдары құрылады.

Қазақстан Республикасы


Үкіметінің      
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен   
бекітілген      


Каталог: wp-content -> uploads -> 2017
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Аңыз әңгімелер «Асан қайғының жерұйықты іздеуі»
2017 -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин әңгімелері
2017 -> Сабақтың тақырыбы Мен не үйрендім? Сабақ негізделген оқу мақсаты
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Жылқы. С. Мұқанов
2017 -> Сабақтарында «мнемотехника»әдісін пайдалану. №48 «Ақ көгершін»
2017 -> Оқушыны іздендіру жолы – шығармашылық
2017 -> Сабақтың тақырыбы Менің отбасым. І дыбысы мен әрпі
2017 -> Әңгіме шебері Ы. Алтынсарин
2017 -> Б.Қ. Абдыкаимова №56 «Береке» балабақшасы тәрбиеші Астана қаласы
2017 -> Қысқа мерзімді жоспары: Мұғалімнің аты-жөні


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет