Тіл төҢірегіндегі толғамдар ойлар, толғаныстар, пікірлер, ұсыныстар, іс-тәжірибелер, деректер мен дәйектер Астана қаласы, 2007 жыл тіл төҢірегіндегі толғамдар баспасөз және басқа да басылым беттерінен іріктеп, жинақтаған



бет1/10
Дата08.09.2017
өлшемі1,74 Mb.
#31907
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




ТІЛ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ТОЛҒАМДАР

Ойлар, толғаныстар, пікірлер, ұсыныстар,

іс-тәжірибелер, деректер мен дәйектер

Астана қаласы, 2007 жыл

ТІЛ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ТОЛҒАМДАР


Баспасөз және басқа да басылым беттерінен іріктеп, жинақтаған

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері
Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ

Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады...
А.Байтұрсынұлы.

(Суреті бар – клише, артынан жіберемін немесе алып барамын)

Алғысөз орнына
Қазақ тілінің маңайында жүріп жатқан дау-дамай, айтыс-тартыстардың өршіп-өршіп, жалындап жанып, саябырси бастағаны да тегін емес. Елбасымыздың сындарлы саясаты аясында соңғы кездері бұл мәселеге байланысты ізгі қадамдар жасалды.

Республика Президенті Н.Назарбаевтың «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға толықтырулар енгізу туралы» 2006 жылғы 30 мамырдағы №127 Жарлығы, тілге қатысты шешімін күткен мәселелерді іске асырудың нақты жолдары мен бағыт-бағдарын көрсеткен «Ана тілі» газетіндегі Елбасының сұхбаты, Мемлекеттік хатшы О.Әбдікәрімовтің төрағалық етуімен барлық жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктер мен мемлекеттік емес ұйымдар, мекемелер басшыларының қатысуымен өткен «дөңгелек үстел», сондай-ақ Үкімет басшысы Д.Ахметовтің тілдерді дамыту мәселесі бойынша өткен кеңесінің хаттамалық шешімі сияқты үлкен құжаттар қабылданып, тіл төңірегіндегі мәселелер түгел қамтылды.

Осылардың бәрі үстіміздегі жылғы 24 қазанда Астана қаласында өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының сессиясында ашық әңгіме тақырыбына айналды. Елбасымыз тиісті орындарға қадау-қадау тапсырмалар берді, олардың орындалу мерзімдерін нақты, шегелеп айтты. Ендеше «Бәрі жоспарлы келе жатыр, енді іс оңалады, бұл туралы сөз қозғаудың қажеті бар ма, өткен-кеткенді қазбалау керек пе?» деген заңды сұрақтар туындайды. Сонда бұл кітаптың мақсаты неде?

Біріншіден, тілдің кешегісі, бүгіні және ертеңі – тарих. Кешегісі – біздің жүріп өткен жолымыз, бүгіні – жүріп келе жатқан соқпағымыз, ертеңгісі – баратын бағытымыз. Ал ұрпағымыздың тіл төңірегіндегі тарихты біліп отыруы үшін оның айтылуы тиіс, жазылуы керек. Екіншіден, тіл – бір орнында тұрмайтын, үнемі дамуда болатын ауқымды үдеріс. Тілдік даму бүгінгі немесе ертеңгі күннің еншісінде ғана емес, ол – мәңгілік құбылыс.

Қолдарыңызға тиіп отырған жинақ сол тіліміздің бүгінгі ахуалға «мың өліп, мың тіріліп» жеткен, бастан кешкен қилы-қилы замандар мен сұрқылтай кезеңдерден өткен жолдарын «Елбасы айтады», «Өткен ғасыр сабағы – бүгінге сын», «Тіл үшін күрескен қайраткерлер», «Қазақ тілінің қалыптасу тарихы», «Тіл: іс-тәжірибе, ұсыныс, пікірлер», «Дерек пен дәйек», «Өзге ел тәжірибесі: күнгей мен көлеңке», «Жанайқай», «Қап, әттеген-ай», тағы сол секілді тақырыптар арқылы там-тұмдап жеткізу. Осы мүддеден шыға білсек, алға қойған мақсатымыз орындалды деп ойлаймыз.
Дүрәлі Дүйсебай.

Дауасөз

ЗАМАНА ТАЛАБЫ

... «Орысша оқымаса, нан сұрап жей алмайды» деп баламызды өзге тілге ауыздандырып баққан өзіміз емес пе? Енді, керісінше, қазақ тілін білмесе, несібесінен қағылуы ғажап емес.


Н.НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

Жолдағы сұхбат
Мәселе қайда жатыр...
... Сіз мемлекеттік тіл – қазақ тілі екенін білесіз бе?

- Иә.

- Алматы мемлекеттік тілге көшуде.

- Әзірге бұл құр сөз. Бізге жоғары жақтан мемлекеттік тілге көш деген қағаз келсін. Көшеміз.

- Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мемлекеттік тілді меңгергілеріңіз келмей ме?

- Үкімет мәселені қабырғасынан қойсын. Сонда үйренеміз.

- Сонда ғана ма?

- Иә!

(Алматы көшелеріндегі сұхбаттан).

«Ана тілі», 03.08.06.


ЕЛБАСЫ АЙТАДЫ

Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш-жігер жұмсауымыз керек.


* * *
Үш бірдей мәселені бағдар ғып ұстану керек.

Біріншіден, Тілдер туралы Заңды қайта қарап, қажет болса, замана талабына сай өзгерістер енгізу;

Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тілі 50 пайыздан кем қолданысқа түспеуі тиіс;

Үшіншіден, 2010 жылға дейін жасалған Тілдерді дамыту туралы бағдарламаға тиісті толықтырулар енгізіп, әр облыстың мемлекеттік тілге көшу кестесін қатаң бақылау қажет.

Міне осы шаралар толық іске асқанда ғана Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде деп нық сеніммен айта аламыз.

... «Мемлекеттік тіл» қозғалысының бастамасымен қазірде 300-дің үстінде заңсыз жекешеленген балабақша қайтарылды. Бұл игілікті іс қазір барлық облыстарда жалғасып жатыр. Мемлекеттің қолдауымен барлық балабақша бюджет есебінен қаржыландыруға көшті.

Ендігі жерде қандай қам-қаракет жасауымыз керек? Осыған тоқталайын.

Біріншіден, жергілікті ұлт өкілдері басым тұратын өңірлерде ата-аналардың сұранысына қарай қазақ тілді балабақша санын тиісінше көбейту керек. Бұл – уақыт талабы. Әкімдермен болған ашық, жабық кездесулерде мен үнемі осы мәселені басты назарда ұстап отырамын. Балаларын қазақ тіліне бейімдеген басқа ұлт өкілдеріне мұндай балабақшаға жол ашық.

Екіншіден, қазақ мектептерінің санын өсіру және осы заманғы технологияның ең соңғы жетістіктерімен жабдықтау парыз. Тәуелсіздіктің тәй-тәй шағында, қаржының кем кезінің өзінде барлық мектептерді компьютерлермен қамтамасыз еткіздім. Ендігі жерде лингофондық кабинеттер жасақталуы тиіс. Бұл іс кезең-кезеңімен жүзеге аса бастады.

Үшіншіден, республикамыздағы орыс мектептерінде қазақ тілі пәні жұмасына екі-үш сағаттық мөлшерде емес, қазақ мектептеріндегі орыс тілі сияқты аптасына бес-алты мәрте оқытылуы қажет. Сонда Қазақстанның барлық мектеп оқушылары қазақ тілін еркін меңгеріп шығады.

Төртіншіден, республика көлеміндегі барлық орта мектеп оқушылары бірыңғай ұлттық тестілеуде қазақ тілі пәнінен міндетті түрде сынақ тапсыруы тиіс. Демек, бұл шара қазақ тілін үйренушілерді мектеп жасынан ынталандыра түседі.

Бесіншіден, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерге оқуға жіберілетін жастарымыз қазақ тілін білгені жөн. Мұны Мемлекеттік хатшы Оралбай Әбдікәрімовке қатаң тапсырдым. Тәуелсіздік алғанымызға 15 жыл өткенде ана тілінде екі ауыз сөздің басын қоса алмайтындар ендігі жерде ойланулары қажет.

Алтыншыдан, білім, денсаулық, сауда және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласы мамандарының қазақ тілін жетік меңгеруіне ұмтылуымыз керек.

Жоғары оқу орындарының, әсіресе ауыл шаруашылығына қатысты факультетте оқитын студенттердің оқулығы тек орыс тілінде емес, қазақ тілінде жазылуы тиіс. Сонда ғана жас маман халқының 98 пайызын жергілікті ұлт өкілдері құрайтын Қызылорда облысына барып, түйе мен жылқының, сиыр мен қойдың, олардың төлдерінің, көкөніс пен жеміс-жидектің атауларын қазақша білетін болады, өйтпесе қалай қызмет істемек?! Бұл – жоғары оқу орындарында білім алып жатқан өзге де мамандық иелеріне тікелей қатысты әңгіме.

Жетіншіден, мемлекеттік қызметкерлердің қабілет-қарымдысына, соның ішінде қазақ тіліне қамшы салдырмайтындарына жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Әсіресе мемлекеттік қызметке қабылданған қазақ қазақша сөйлеуі керек. Болмаса басқа ұлттың өкіліне қалайша мұндай талап қоя аламыз? Әр министрлік, әкімшіліктерге қазақ тілін оқытатын курстар ашып, ынталыларға көмекті аямау керек.

Сегізіншіден, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне жетіктерін баспасөз, теледидардан жиі насихаттап, тіл, салт-дәстүр, әдепке байланысты түрлі конкурстар ұйымдастыру қажет. Мысалы, өткен жылы мен еліміздің барлық облыстарын аралап қайттым. Сонда кейбір орыс, неміс, кәріс, украин жас жігіттері мен қыздары ана тілімізде ән салып, мақал-мәтелдеп сөйлегенде «мен – қазақпын» деген талайды жаңылдырған. Осы бауырмалдық үрдісті жан-жақты жүргізуіміз керек.

Осы айтылған мәселелерді орындай отырып, біз халқымыздың жартысына жуығы басқа ұлттар мен ұлыстар екенін ұмытпауымыз қажет.

... Экономикалық, саяси, әлеуметтік даму, мәдени мұрамызды сақтап, ана тілімізді өркендету – бәрі-бәрі ел іші тыныш, іргесі бүтін, ұлттары тату, ынтымағы жарасқан жағдайда ғана мүмкін болатынын ешқашан естен шығармағанымыз жөн.

Отбасында екеу келіспесе – шаңырақ шайқалады, екі басшы келіспесе – компания күйрейді, ал ел ішінде ұлт пен ұлыс арасында жанжал шықса – мемлекет құлайды.

Сондықтан, шынын айтсақ, бұл жерде екі мәселе бар.

Біріншіден, айтылған шараларды еш ұлттың құқығын кемітпей шешу қажет. Қазақша білмейтін өз қандастарымыздың аз емес екендігін ұмытпаған жөн.

Екіншіден, жоғарыда айтқандай, орыс тілі дәл бүгін бізге қажет қазына. Дүниедегі өркениетті елдердің білім, технологиясына біз осы тіл арқылы шығып отырмыз.

Дүниеде қазір ағылшын тілі бизнестің, ең жоғары технологияның тілі болды. Ал біз ағылшыннан орысшаға аударылған біліммен жүрміз. Қазақ тілін ондай дәрежеге жеткізуге уақыт қажет.

1991 жылы мен тәуелсіздік жариялаған сәтте еліміздің 40 пайызы – қазақ, 40 пайызы – орыс, қалғаны басқа ұлттар еді. Сондықтан бізді кейбір саясаткерлер «ел бола алмайды» деп жүрді.

Шүкір, қазір жағдай өзгерді, 15 жылдағы табысымыздың бірі – қазақ санының өсуі. Асықпайық, аптықпайық, жеті өлшеп, бір кесейік. Сонда еліміз бар арманына жетеді.

... Кейде өзге ел Президенттерінің тек өз тілдерінде еркін көсілгеніне қызығамын, бірақ олардағы демографиялық жағдай басқаша ғой. Дегенмен қазақ тілі үшін менің тарапымнан атқарылуға тиіс шаруаны түгел жасадым деп есептеймін...
* * *
Адамзат тарихында тіл жай қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – саяси-экономикалық өктемдіктің де басты құралы болып келді.
* * *
Ұлт пен тіл мәселесіне келгенде, ең бастысы, ұлттық оқшауланудан, томаға-тұйықтықтан қашу керек.
* * *
Толыққанды тілсіз толыққанды ұлт болуы мүмкін емес.
* * *
Тарих пен тіл тамырлас.
* * *
Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы.
* * *
Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасады.
* * *
Қиын кезеңдерде ұлтты қожыратпаудың қуатты қаруы болған қазақ тілі бүгінгі азат өмірімізде де ұлттың тегеурінді тетігі болуға тиіс.
* * *
Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін.
* * *
Қазақ қазақпен қазақша сөйлесіңдер, балаларыңның тілін қазақ тілімен ашыңдар.
* * *
Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл.
* * *
Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде.
* * *
Шүкір, ел есін жиды: тілден артық қазына, тілден артық қасиет жоқ екенін кештеу де болса түсіндік.
* * *
Ғылым мен білім саласындағы озық үлгілер ана тіліміздің қолдану аясын кеңітіп, еліміздің мемлекеттік тілге айғай-ұрансыз бірте-бірте ауысуына да өзінің игі ықпалын тигізеді, ал жас ұрпақтың өз тілінде қалыптасып жетілуіне мүмкіндік береді.

* * *
Қазақ пен қазақ әлі күнге дейін қазақша сөйлеспейді. Немерелерімізге дейін үйреніп үлгерген жоқ. Ең бастысы – қай жерде болсын, өз тілімізді өзіміз дәріптеуіміз, мадақ етуіміз керек. Сонда ғана туған тілін сыйлай білетін ұрпақ тәрбиелей аламыз.


* * *
Қазақ тілі мен мәдениеті – біздің мемлекеттілігіміз тұрғызылып жатқан іргетас! Сондықтан қазақ тілі мәдениетін одан әрі дамыту жұмыстары біздің ынтымақтастықтың ең маңызды бағыты болмақ! Мен сіздерді осыған шақырам.
* * *
Теңдестірілген тіл саясаты, Қазақстан халқының лингвистикалық байлығын молықтыру біздің бірлігіміз бен прогрестің негізі болып табылады.

Менің терең сенімім мынада: қазақ тілі мен мәдениетін дамыту міндетін шешпейінше, ұлттық саясат мүмкін болмайды.

Өткен жылдарда қоғамымызда біздің мемлекеттіліктің бүкіл ғимараты тұрғызылған іргетас ретінде қазақ тілі мен мәдениетінің рөлін терең түсінудің орын алуы мен үшін өте маңызды.

Сонымен бірге біз еліміздің жаһандық дүниеге интеграциялануының маңызды шарты ретінде орыс тіліне қолдау жасау саясатын бұрынғысынша жүргізе беретін боламыз.

Біз сандай-ақ осы заманғы әлемге бастайтын жолымыз ағылшын тілін білуді де талап ететінін түсінуге тиіспіз.

_____________________


«Қазақстан Республикасы Тіл саясатының тұжырымдамасы»

(ҚР Президентінің №3186 Өкімімен мақұлданған, 04.11.1996 ж.):

... Мемлекеттік тілдің мәртебесі ол тілді барлық азаматтардың заңда белгіленген көлемде білуі үшін жағдай туғызуды көздейді. Бұл ретте мемлекеттік қызметке қабылдау, әдетте, міндетті түрде мемлекеттік тілді қажетті мөлшерде білгенде ғана жүзеге асырылады.


«Қазақстан Республикасының мемлекеттік сәйкестігін

қалыптастыру тұжырымдамасы»

(ҚР Президенті Н.Назарбаевтың №2995 Өкімімен бекітілген, 23.05.1996 ж):

…Мемлекеттік сәйкестіктің аса маңызды белгісі – мемлекеттік тілдің болуы және тіл саясатында белгілі бір басымдықтарға еру.
ҚР Үкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасы:

Қазақ тілін және Қазақстан халықтарының басқа тілдерін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру маңызды басымдық болып қалады. Мемлекеттік тіл саясатының басты бағыттарының бірі барлық азаматтардың белгілі дәрежеде мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жағдай жасау болып табылады. Өңірлік деңгейде облыстарда мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталықтарын құру үшін ресурстар бөлінуі тиіс.
ҚР Президентінің Қазақстан халқына «Қазақстан экономикалық,

әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауын

түсіндіру жөніндегі ақпараттық-әдістемелік материалдар

(Астана, 2005 жылғы ақпан):

Мемлекеттік тіл – біздің мемлекетіміздің негізі, барша қазақстандықтарды біріктірудің түйінді факторы.

Оны одан әрі дамыту мақсатында Қазақ тілін дамыту мен оның қызмет етуінің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы жасалатын болады.

... Бүгінгі таңда Қазақстанда 470-тен астам республикалық және жергілікті ұлттық-мәдени орталықтар жұмыс істейді. Жиырмаға жуық орталық және өңірлік баспа БАҚ-тары шығарылады, Қазақстан халықтарының 10-нан астам тілінде теле және радио хабарлар таратылады. 170-тен астам жексенбілік мектептерде балалар мен жасөспірімдер 23 ұлттық тілде оқып жатыр.

Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында ұлттық жаңғыру мектептері ашылған. Елімізде 100-ден астам ұлттық мектеп бар. 6 ұлттық театр – қазақ, орыс, ұйғыр, неміс, корей және өзбек театрлары мен шығармашылық ұжымдары жұмыс істеуде.

____________________
Сырсандық
ӨТКЕН ҒАСЫР САБАҒЫ – БҮГІНГЕ СЫН
Мемлекеттік тілдер

(«Дала уалаяты», №13, 1891 жыл)
... Әрбір дербес мемлекетте мемлекеттік тіл болады, ол күнделікті іс қағаздарынан бастап, мектептерде, университеттерде, ресми мекемелерде, халықаралық дипломатияда ауызша және жазба түрде кең қолданылады.

Францияда француз тілі мемлекеттік тіл болып саналады. Францияда француздармен бірге арабтар, немістер, орыстар, қытайлар тұрады. Олар мемлекет қызметінде, жиналыстар мен ресми орындарда тек қана француз тілінде сөйлейді әрі жазады. Мемлекеттік тіл мен ресми тілдің міндет мақсаты екеу емес, біреу ғана: ол – бір-біріне балама сөз ретінде қоланылады.



Ашық хат

(Қазақ тілін мәһкәмаларда жүргізу туралы)

Қазақстанның губірналық һәм ояздық

сәуәт комитеттерінің төрағаларына
Қазақстанда мәһкәмаларда қазақ тілін жүргізуге екпіндеп кірісіп жатырмыз. Бірақ бұл істі көңілдегідей қылып тез бітіріп тастауға болмайды. «Қазақ тілін жүргізу керек» деп құр бұйрық жазып қана қоюмен іс бітпейді. Бұл істі жүргізу жолында көп бөгет бар.

Кей қызметтегі адамдар сыртынан «Әй, әбден қазақ тілін кіргізу керек» десе де, бұл іске шындап күш жұмсамайды.

Кей қызметтегі адам «қазақ тілін кіргізуге не қылып жатырсың?» десең, «ақша керек, ақша» дейді. Ал кейбір қызметтегі адамға «қазақ тілін неге кіргізбейсің?» десең, «қазақша һәм орысша жүргізуді жақсы білетін кісі болса екен, сонда қазақ тілін кіргізер едік», «мен қазақ тілін жүргізуге құмар-ақпын, бірақ іс білетін қазақ жоқ, бір іс білетін қазақ тауып берсеңші» дейді. Қысқасы, сылтаудың саны көп. Сөйлете кетсең, қызмет басқарып отырған адамдардың, мәһкәманы билеп отырған адамдардың ешбірі «қазақ тілін мәһкәмаға кіргізбеймін» дейтіні жоқ.

Бірақ кейбір азғантай жерлерде болмаса, қазақ тілі әлі де қазақтың өз аузында. Кей жерлерде тілін кеңеске кіргізбек түгілі, қазақ азаматы аузын ашатын емес. Тіл жұмған ауыздың ішінде.

Рас, шынында, бұл істің өзі оңай да емес. Бірақ қазіргі Қазақстанда әрбір мәһкәмада қызмет қылып жүрген азаматтар һәм қызметтен тыс адамдар жалпы жұмыла бұл іске кіріссе, бұрынғы патшалардың замандарынан бері жұмылған ауызда буылып келген қазақ тілі сәует мәһкәмасына кіруі хақ.

Жалпы жігер керек, жалпы ынта керек. Коммунист партиясы һәм сәует һүкіматы азаматтарды осыған шақырып отыр.


Жолдастарыңыз – Сәкен,

«Еңбекші қазақ» газеті,

1924 ж., 17 наурыз.
Жүз жыл бұрын жазылған құзырхат
... 3. Қазақ халқының ағымдағы мұқтаждарын айқындау үшін қазақ тілінде газет шығару керек, ол үшін газет шығаруды алдын ала тексерусіз (цензурасыз) жүзеге асыру және баспахана ашу мәселелерін тікелей шешу тәртібін орнату қажет болады.

... 7. Болыс кеңселерінде іс қағаздары орысша жүргізіледі. Бұл көрініс, өз кезегінде, халық тарапынан бақылау қойылмағандықтан болыс басқарушысы (болыс старшын) писірінің өзімбілемдігіне жағдай туғызады. Дала бас губернаторының айрықша өкіміне сәйкес халық соттарының съездерінде үкімдер мен шешімдер орыс тілінде жазылып жүр, содан келіп сот пен екі жақтың бақылауы болмағандықтан писарлер (екі жерде екі түрлі жазылып жүр – Д.Д.) әдетінше ойларына келгенін істейді. Қолданылып жүрген «Дала ережесі» ұсынған штат бойынша уездер мен облыстық басқармаларда қазақ тілінің тілмаштары болуға тиісті, соған қарамастан жергілікті әкімшілік тілмаштыққа қазақша сауаты жоқ, кейде тіл білмейтін шенеуніктерді алып жүр. Қажеттік туа қалған жағдайда оның көлденең біреулерден көмек сұрауға мәжбүр болып жүргені. Ал қайсыбір крестьян бастықтары (қоныстанушылардың көбеюіне байланысты селоларды топтастырып басқаратын шинеуниктер. Әр уезде төртеуден болған. Бұлар – негізінен жергілікті жерде орыс мәселелерін жүргізетін лауазым иелері) қазақ тілінде жазылған хат-шағымдарды қабылдамайды да. Соның салдарынан қазақтар өз шаруасына пәлендей пайдасы болмаса да астыртын атбекеттерге (қорғаушыларға) ділгір болды.

Қазақтар мүддесіне қарай мыналардың жүзеге асырылуы қажет: болыс кеңселері мен халық соттарына іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді енгізу, тілмаштық қызметке қазақша сауатты, тіл білетін адамдар алыну керек, қазақтардың аяқасты етілген құқықтары қалпына келтіріліп, олардың хат-шағымды өз ана тілінде беруіне жағдай жасалуы керек.

8. Әділеттілікті жүзеге асырудың ең қажетті шарты – соттың өз арасында қызмет етіп отырған халқының тілін білуі. Соған қарамастан қазақ даласында қазақтың тілін білмейтін орыстар сот және тергеуші болып істеп жүр. Ал заңгер қазақтар, неге екені белгісіз, қазақтар көп тұратын уездерде қызметке тағайындалмайды, соның салдарынан Дала өлкесінде сот әділеттілігіне нұқсан келуде.

Сондықтан соттардың қазақ тілін білгені жөн және қазақ даласында присяжный сот енгізілуі қажет...
1905 жылғы 26 маусым,

Қоянды жәрмеңкесі.

Түпнұсқасына 12767 адам қол қойған.
Кеңсе тілі

(Қарқаралы қазақтарының құзырхаттары (петициялары),

жазушы Қ.Исабайдың жазбасынан)
Жергілікті қызметкерлердің болсын, жалпы шаруалардың болсын. Осы күнгі бір айтып жүргені – кеңсе тілін шын түрде қазақыландыру. Кеңсе тілін қазақыландыру мәселесі қолға алынғалы бірталай уақыт болса да, әлі күнге көңілдегідей өріс ала алмай отыр. Ауылдық, болыстық кеңес орындарының істері тегіс қазақ тілінде жүріп жатыр десек те, ел арасында іс жүргізудің жөнін білетін адамдардың жоқтығынан жұмыстары ақсаумен келеді. Болыстық, ауылдық кеңес орындарымен тура қатынас қылатын уездік, губірнелік мекемелер де қазақыландыру жұмысында міндетін толық атқарып отырған жоқ. Кеңселеріне бір-екі жүргізуші отырғызып, шала перуатшік (аудармашы – Д.Д.) арқылы бұйрық-жарлықтарын елге былықтырып жіберіп отыр.

Ел арасында ашылып жатқан түрлі кәперетіп үйлері бар. Бұлардың істері орысша жүргізіліп жатыр, деп ел арасындағы тілшілер екі күннің бірінде қақсап отыр. Кәперетіп үйлерінің уставы да қазақ тілінде басылмаған көрінеді.

Қысқасы, кеңсені қазақыландыру жөніндегі қолданылған шаралардан көзге көрінген жеміс әзір аз. Кеңсе жұмысын қазақ тілінде жүргізіп кететін мамандар әлі шығарылмай келеді.

Бұл мәселе болып өткен Қазақстандағы 5 партия кәнперенсиесі де тоқталып, тиісті қаулысын шығарды. «Кеңестендіру жөнінде айрықша орын алатын нәрсе – қазақыландыру мәселесі. Қазақ елінің ұлттық автономия мәселесін шешу тілегінің жүзеге асуының – тек ауыл (қазақ) тілінде ғана ауылдан шыққан адамдармен ғана болады» деді.

Партия кәнперенсиесінің бұл қаулысын жүзеге асыру жөнінде алдымен істелетін шаруа – жергілікті елден іс мамандарын шығаратын курс, мектептер ашу. Бұл курс, мектептерде оқып шыққан жастар кеңсе жұмысын өз беттерімен жүргізіп кетерлік болсын.

Губірнелік, уездік қалалардағы бұл уақытқа шейін болып келген курстердің бір кемшілігі – мерзім өте қысқа болып, оқушылар керекті мағлұматтарды толық ала алмай жүрді. Содан барып істе шалалық туады.

5 партия кәнперенсиесі қазақыландыру мәселесі туралы жол сызып берді. Ендігі міндет – партия кәнперенсиесінің қаулысын жүзеге толық асыруда.
«Еңбекші қазақ» газеті,

1926 ж., 7 қаңтар.

_________________________



ҰЛЫЛАРДАН – ҰЛАҒАТ

Ахмет Байтұрсынұлы:
Қазақ тілі жоғалмас
Бастауыш мектептер жалғыз үкімет пайдасы үшін болмай, халық пайдасы үшін де боларға керек. Хүкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп, әуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір-суық қолдан тыныш боларға керек.

Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деу құр әурешілік. Қазақты дінінен айыру, болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс.

Араб әрпі Ислам дінімен бірге келіп қазаққа орнаған. Дінмен байланысқан жазу дін жоғалмай, жоғалмайды. Қазақта газет, журнал, кітаптар жоқ кезінде жоғалмаған тіл газет, журналы шығып, кітаптары басылып, жылдан-жылға ілгері басып келе жатқанда, қазақ тілі жоғалмас.

Міржақып Дулатұлы:



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет