«Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» пәнінен дәрістер 1 дәріс Түркі тілдерінің салыстырмалыграмматикасы курсының мақсаты мен міндеті, нысаны. Түркі тілдерінің зерттелу тарихы
«Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» пәні барлық түркі тілдеріне тән ортақ заңдылықтарды айқындап, түп негізін тануға, түркі тілдерінің даму жолдары мен жүйесін анықтауға бағытталады, түркі тілдерінің фонетикасы мен грамматикалық құрылысын, олардың тектестігін дәлелдейтін ұқсастығы мен даму процесінде пайда болған өзгешеліктерін, әр түркі тілінің өзіндік тілдік туысқандық, фонетикалық-грамматикалық ортақ заңдылықтарымен бірге, оларды басқа тілдік жүйедегі тілдерден ерекшелейтін белгілерін, бір тілмен екінші тілді салыстыра зерттей отырып кешенді түрде оқыту болып табылады.
Пәннің міндеттері:
түркі тілдерінің тектестігін дәлелдейтін ұқсастық пен даму процесіндегі пайда болған өзгешелігін айырып көрсету;
түркі тілдерінің зерттелу тарихы, олардың топтастырылуы, жүйесі, өз алдына жеке топтастыру ретінде ерекшелейтін белгілерін үйрету;
түркі тілдерінің негізгі ерекшелігі – жалғамалы тілдерге жататын айырмашылықтар мен ұқсастықтарын меңгерту;
түркі тілдерінің фонетикалық жүйесі, вокализмдер мен консонантизмдердің фонетикалық құрамын салыстырып зерттей білу;
түркі тілдерінің грамматикалық құрылысы жөнінде мағлұмат беру.
«Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» пәні қазіргі түркі тілдерін бір-бірімен өзара салыстырумен қатар ескі жазба мұралардағы ерекшеліктерді, түркі тілдерінің грамматикалық құрылысын бір-бірімен салыстырып қарастырады және соңғы кездері жарық көрген ғылыми зерттеулердің жаңа теориялық қорытындылары мен тұжырымдары, практикалық еңбектер барынша кеңінен қолданылды.
«Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» пәнінің басты міндеті – студенттерге түркі тілдерінің зерттелу, топтастырылу принциптері, әр түркі тілінің өзіндік ерекшеліктерінен мәлімет беру, оларды бір-бірінен ажырата білуге үйрету.
Түркі тілдерін ХІХ ғасырдың 2-жартысынан бастап орыс зерттеушілері Н.И. Ильминский, М.А. Терентьев, П.М. Мелиоранский, В.В. Катаринскийлер жан-жақты зерттей бастады. Бұл ғасыр түркі тілдері үшін «алтын ғасыр» болып тарихта қалды: орыс түркологиясы әлемдік шығыстану ғылымының алдыңғы сапынан көрінді. Барлық түркі тілдері сол кезеңде орыс ғалымдарының ғылыми-зерттеу нысанына айналды. Патшалық Ресей қол астындағы шығыс халықтарын орыстандыру арқылы өз үстемдігін жүргізбекші болды, оларды ортақ бір тілде сөйлету жолында миссионерлік саясатты жүзеге асыруға бар күш-жігерін салып бақты: бұл саясат орыс түркітанушылары арқылы жүзеге асырылды. Олардың алдына үлкен міндеттер жүктелді, яғни өз еңбектерін түрік грамматикасымен байланыстыра зерттеу басты нысанға алынды. Орыс және Батыс Еуропа ғалымдары түркі тілдерін тарихи және ғылыми тұрғыдан зерттеуді осы кезеңнен бастап нақты қолға алды.