“Түсінбейтін бала жоқ, түсіндіре алмайтын мұғалім бар”.
Аңыз немесе шындық.
Ақтөбе Сана ББО математика пәні мұғалімі:
Исаков Адхамжан Шухратұлы
Кіріспе
«Ұстаз тумысынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселерінің бәрін жадында сақтайтын, олардың ешбірін ұмытпайтын, алғыр да зерек ақыл иесі, өте шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны таза және әділ, жұртқа жақсылық жасап, үлгі көрсететін, қорқу мен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» — деп, шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл Фараби ұстаз болмысын айқындаған екен. Мұғалім сөзімен, ісімен, мәдениетімен, білікті білімімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, балалармен тіл табысудағы қасиетімен асқақ, өз кәсібін қадірлеген ұстаз ғана педагогтік мәртебесін биік ұстай алады
“Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс”.
Ы.Алтынсари
“Мұғалім-өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімділігі де тоқтайды”
К.Ушинский
Мектеп мұғалімі, Math for Love жобасының жетекшісі Дэн Финкель айтуынша, мұғалім оқушыларға математиканы оқытқанда, ата-аналар үй жұмысына көмектескенде есепті тез шығаруға мәжбүрлейді. Осылайша оқушының математикаға деген қызығушылығы жоғалуы мүмкін. Бірақ бәрін түзеуге болады. Дэн Финкельдің оқушының математикаға деген құштарлығын оятуға арналған 5 кеңесі:
1.Сұрақтан бастаңыз. "Мынау көбейту. Қайталаймыз. Мынау бөлу. Қайталаймыз. Материал оқылды, келесі тақырыпқа көшеміз". Бұл үлгінің ерекшелігі неде? Ешқандай ерекшелік жоқ, тек құрғақ жаттау. Онда бірдеңені елестетуге, күмән келтіруге, яғни ойлануға мүмкіндік жоқ.
2. Оқушыға уақыт беріңіз. Қазіргі мектеп оқушыларының ойынша, егер есеп шешу процесі 30 секундтан асып кетсе, онда ол математика үшін жаралмаған. Бұл білім беру жүйесіндегі індет. Біз оқушыларды шешім табу жолында табанды болуға баулуымыз керек. Оның жалғыз тәсілі бар – оқушылардың ойлануына уақыт беру.
3. Дұрыс жауап қайнары болмаңыз "Дұрыс" немесе "дұрыс емес" деп айтпауға тырысыңыз. Басқаша жауап беріп көріңіз: "Білмеймін, бәріміз бірге ойланып көрейік". Есеп осылайша бәріне ортақ тапсырмаға айналады. Ата-аналар, бұл сіздерге де қатысты. Баламен үй жұмысын орындарда бірден жауапқа ұмтылмаңыз. Одан не білетінін, не үйренгенін сұраңыз, балаңыз уақытша сіздің ұстазыңыз болсын. Оқушы мұғалімнің немесе ата-анасының дұрыс жауап қайнары еместігіне көзі жеткенде, тапсырманы шын беріліп орындайды, күмән келтіріп, өз ойын ашық айта бастайды. "Мен мұғаліммін және мен әрдайым дұрыс жауап пен шешімді білемін" деген позициядан бас тарта отырып, сіз оқушылардың математикалық ой жүйесін кеңейте түсесіз, ғылыми пікірталас тудырасыз.
4. Оқушылардың идеясын қолдап отырыңыз. Егер оқушы сізге келіп "2+2=12 болады" десе, бетін қайтарып, "жоқ, дұрыс емес" деуге асықпаңыз. Өйткені қатені тікелей көрсетіп, жауабын айта салу тапсырманы күшінен айырады. Мұғалім кез келген идеяны, тіпті қателерді ойландыруға себеп қылуы тиіс. Ойлап көрейік, егер біз 2+2=12 дегенді қабылдасақ, онда 2+1=11, 2+0=10 болады, бірақ бұл жай ғана 2 деген сан. Ал егер 2=10 болса, 1=9, 0=8 болғаны ғой? Біз математиканы бүлдіріп тастаған сияқтымыз, есесіне бұл пайымның дұрыс емес екенін түсіндік. Иә, біз балаларға 2+2=4 екенін үйретуіміз керек. Бірақ біз тәжірибелер мен ізденіске апаратын идеяларға да ашық болуымыз керек. "2+2=12 болса ше?" деп айтуға батылдық керек. Сол сияқты "Бір үшбұрыш ішіндегі бұрыштар 180 градусты құраса ше?" немесе "Кез келген санның нөл дәрежесі 1-ге тең болса қалай?" деуге де үлкен тәуекел керек. Мұндай сұрақтар ғылым тарихында үлкен жаңалықтарға әкелген. Біз тек түрлі идеяны қабылдап, онымен ойнауға дайын болсақ болғаны.
5. Ойнаңыз! Математика белгілі бір ережелер арқылы үйретілмеуі тиіс. Математика ойын, күрес, мәселенің кілтін табуға деген ұмтылыспен меңгеріледі. Эйнштейн айтқан: "Ойын – танымның ең биік формасы". Сондықтан, ұстаз оқушыларына математиканы ойнап оқуды үйретсе, дұрыс болмақ. Математиканы оқушыға да, өзімізге де қиындатпауымыз керек. Егер біз оқушыға математикалық ой жүйесін дарыта білсек, "Мен математиканы жақсы көремін" деген сөз бізге тым оғаш көрінбес еді.
Мұғалім жеке көзқарасы бар, соны қорғай білетін жігерлі тұлға, зерттеушілік, ойшылдық қасиеті бар маман, білімді де білікті, көп оқитын, білімін күнделікті ісіне шебер қолдана білетін, өзінің оқушысын өз бетінше білім алуға үйрете алатын болу керек. Мұғалімде ұйымдастырушылық, құрылымдық, бейімділік, сараптамалық қабілеті болу шарт. Белгілі ағартушы педагог ғалымдар: С.Қалиев, Ә.Нысанбаев, Ш.Т.Таубаева, Қ.Жарықбаев, Б.Барсай тағы басқа ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, мұғалімнің мәдениеті мен шеберлігін, интеллектуалдығын бірнеше бөліктермен анықтауға болады.
1. Мұғалімнің сыртқы келбетінің мәдениеті
2. Мұғалімнің өзін-өзі басқару шеберлігі
3. Мұғалімнің кәсіби мәдениеті, әдебі, сөйлеу шеберлігі, шешендік қасиеті, демалуы, дауыс ырғағы, сазы
4. Ілтипаттылығы, сенімі, әділдігі, төзіммен сабыр сақтауы
Мұғалімнің оқыту әрекеті саналы болуы үшін ол педагогика ғылымының заңдылықтарын, тәрбие міндетінің қоғамның мақсаты мен талап – тілегінен туындайтын, теория мен тәжірибенің бірлігін, әрекет – дамытудың көзі екендігін, қарама – қайшылықсыз дамудың жоқтығын, оқытудың білімдік, дамытушылық, тәрбиелік сипатын, оқыту мазмұны мен жоспар бағдарларының оқу – тәрбие мақсатымен сәйкестігін, т.б нақты білуі керек. Бұл білімдер мұғалімнің педагогикалық процесте қателіксіз еңбек етуіне мүмкіндік жасайды.
Мұғалім қолданған әр түрлі әдіс – тәсілмен, тынымсыз еңбектің арқасында баланың белсенділігі артып, дербестігі қалыптаса бастайды беделі артып, танымдық қызығушылығы бекиді.
Мұндай толық дербестікке жеткеннің өзінде де мұғалім әлі де болса оқушының танымдық қызығушылығын бағыттап отырады, себебі ол терең білімнің шешендіктің оқу әрекетін ұйымдастырудың үлгісі ретінде танылады.
Мұғалім мен оқушы бір – бірінің әрекеттерін толықтырып, байытып отырады. Оқушылардың белсенділігі мен дербестігіне сүйеніп, мұғалім олардың шығармашылық мүмкіндіктеріне сенім артады, нәтежесін болжайды. Оқушыда оқуға талпыныс күшейеді, белгілі бір стандартқа сүйенбей-ақ өз тәжірибесін енгізіп шешім табуға тырысады. Бұған, сөз жоқ оқу үрдісінде енгізілген әртүрлі әдіс - тәсілдер себебін тигізеді: еңбек, ойын, таным, көркемдік және қоғамдық іс - әрекеттер.
Оқытуда қолданылатын педагогикалық әдіс – тәсілдерді ғылыми негізінде меңгерту және терең білімді, ұлтжандылық ұрпақ тәрбиелеу мәселесін өз жұмысына арқау ету мұғалімнің мақсаты.
Жаңаша әдістерді жаңа педагогикалық технологияны ұтымды енгізу, оларды пайдаланудың жолдарын үйрету. Бүгінгі жаңа технология бойынша оқып үйрету, меңгеру, өмірге ендіру, дамыта оқыту.
Сабақта жаңаша үрдіспен өткізу оқушылардың білім сапасын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық және ойлау қабілеттерін дамытып педагогтердің кәсіби шеберліктерінің өсуіне жәрдемдеседі.
|
Достарыңызбен бөлісу: |