«Құз басындағы аңшының зары» мәтінін оқып келу
Мәтінді оқып, сұрақтарға жауап беріңіздер.
Құз басындағы аңшының зары
(Үзінді)
Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Шаханов
... Естеліктерге құлақ ассақ, Қажымұқан – алып күштің ғана емес, биік адамгершіліктің де иесі.
Шіке, Қожамқұл сынды қырғыздың алыбымен Қажекең кездескен
деген әңгіме бар...
Ш. Айтматов. Ол рас. Жастайынан жоқ-жітіктеу өскен Қожамқұл ер жете келе, күрес өнерінің нағыз майталманына айналады. Бойының биіктігі сондай, қатарласқанда, түйелі адамның иығынан келіп тұратын деседі көзін көргендер. Қоңқақ мұрынды, ат жақты, қара сұр келбетіне қыран қабағы сұс беріп тұрғандай. Ғасыр басында Бішкекте ұлы жиын өтіп, соңы палуан күресіне, ат бәйгесіне ұласқан. Қытайлар өздерінің өгіз палуанын әкеліпті. Әлгі палуанның үстін жабулап, басын ноқталап, төрт тағандатып, айналасына топырақты уыстап шаштырып, өкіртіпбақыртып, ортаға алып шығыпты. (Ертеде палуандардың айбарын асыру үшін, әрқайсысын дене бітіміне қарай түйе, өгіз, қошқар палуан атандырып, үстін соған сай жабулап, ноқталап, ортаға жетелеп алып шығатын дәстүр болған). Мына психологиялық шабуылға шыдамаған қырғыздың небір апайтөс алыптары халық қолқалағанмен, жүректері дауламай, топқа түспей, сырт айналып қашыпты. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген ел аң-таң болып, абдырап, не істерін білмей, сасады. Бас жүлдені алыстан келген әлдекімге байлап жіберу – елге сын. Әр рудың аты аталып, қайта-қайта ұран шақырылады.
Осы кезде ортаға жардай боп Қожамқұл алып шықты дейді. Үстіндегі
жабуы мен басындағы ноқтасын сыпырып тастаған қытайдың өгіз палуаны да өкіріп, тіке ұмтылыпты. Айласы басым қарсыласына бой бермей, арпалысқан Қожамқұл сүт пісірім уақыттан кейін әлгіні «ап» деп ақырып қалып, тас төбесіне көтеріп алған. Демдерін ішке бүгіп, тырп етпей тұрған қырғыздар да «уа, аруақ» десіп, шуласып қоя беріпті. Айғайға арқаланған Қожекең қарсыласын айналдыра үйіріп әкеліп, жерге бір-ақ соққан...
Көзі тірісінде жауырыны жерге тимеген палуанның даңқы осы белдесуден соң-ақ, күллі елге тегіс мәлім болған. Палуандарды замандастары мен кейінгі ұрпақ әрқашанда мифологияға бөлеп, дәріптеп отырған.
Қажымұқан мен Қожамқұлдың кездескені жайлы көне-көз қариялар қызықты баяндайды. Циркте өнер көрсетіп, бетіне жан қаратпай жүрген Қажымұқан бір сапарында Бішкектің мал базарына соқса керек.
Ойдан-қырдан жиналған елжұрт палуанды орталарына алып, жібермей, серіппедей шиыршық атып тұрған бұлшық еттерін тамашалап, оңаша үй тігіп, бие сойып, қымыз сапырыпты. Африкада қара зәңгімен белдесіп
жыққанын, жапон палуаны Сар-Ки-Киді қалай жеңгенін тыңдап, айыздары қанып, желпінген топ тыныш тұра ма, Қажымұқанды Қожамқұлмен күрестіріп, қызыққа батайық деседі. Орталарынан шығарып, үш тоғыз жүлде де тігеді. Ат шаптырып, аулынан алдырылған Қожамқұл алдымен аға палуанға барып, ізетпен көріседі.
Тамашаға жиналған көпшілік екі жаққа бөлініп, бұрын-соңды көз көрмеген үлкен күрестен дәмелі көңілмен қызыл өңеш боп жатады.
– Қажеке, – дейді осы кезде қырғыз палуаны. – Бір бастың екі көзіндей бауырлас егіз елдің азаматымыз. Сіз – аға, мен – інімін. Біріміз жығып, мақталып, екіншіміз жығылып, тапталып жатқанымыз жараспас. Әрі бізге меймансыз. Беліңізге жармассам, аруақ кешірмес. Жүлде сіздікі болсын!
Осыны айтып, Қожамқұл ұстаспай-ақ, кісілікпен жолын берген екен.
– Қайтер екен деп, сын көзіммен қарап тұр едім. Көрген-түйгенің көп, қырғыз елінің абыройына туған ұл екенсің. Жұлдызың жансын! – деп, Қажекең інісін құшақтап, бетінен сүйіпті. Жүлдеге алған үш тоғызын сол маңдағы жетімжесірге түгелдей таратып беріпті.
М. Шаханов. Мәселен, Қажымұқан мен Қожамқұлды қазіргі әлемді шулатып жүрген спорт жұлдыздарының көпшілігімен қатар қоюға бола ма? Бұлар – тек алып күш иесі ғана емес, сонымен қатар зор адамдық парасат иелері. Туған топыраққа тамырын терең жіберген, халықтың салт-дәстүрін, ибасын, рухани қазынасын бойына жинаған бірегей тұлғалар. Осы қымбат қасиеттердің арқасында олар қалың елдің сүйіспеншілігіне бөленді.
Ш. Айтматов. Иә, жер шары атақтыларға кенде емес. Олардың денін спорт және эстрада тарландары құрайды. Доп теуіп, ұлы атанғандарға, бокс пен күрестің төселген шеберіне немесе сахна сәні аталған әншілерге теңеу таба алмай, қиналып жатамыз. Кейде олардың сайыс алаңына, не сахнаға жалт етіп бір шығуының өзі миллиондаған долларға бағаланып жатады. Мүмкін, бұл уақыттың, дәуірдің үрдісі шығар. Бірақ елдің қолпашына семіріп, жердің тіреуішіне айналғандай боп өрекпіген, атағы жер жарған осындай жұлдыздардың кейбірімен әңгімелесе қалсаң, рухани саяздығына қайран қалып, жағанды ұстайсың. Шіркін, адамның жан байлығы, ақыл-парасаты қай кезде модаға айналар екен?
• Екі палуан (Қажымұқан мен Қожамқұл) неліктен белдесуден бас тартты?
• Қажымұқан мен Қожамқұл палуанның іс-әрекетінен қандай қасиеттерді аңғаруға болады?
• Палуандар өз сезімін ақылға қалай жеңдіре алды? Олардың ісәрекетінен қанадай үйлесімділікті байқадыңыздар?
• Өздеріңіздің сезімдеріңізді ақылға жеңдірген кездеріңіз естеріңізде ме? Сол кезде қандай күйде болдыңыздар?
• Мәтіндегі Шыңғыс Айтматовтың «Шіркін, адамның жан байлығы, ақыл-парасаты қай кезде модаға айналар екен?» деген сұрағына қалай жауап берер едіңіздер?
Достарыңызбен бөлісу: |