«Құзырлық» ұғымының білім жүйесіндегі алатын орны мен ролі Ерімбетова Ж. А. Абай атындағы ҚазҰПУ



Дата15.09.2017
өлшемі164,34 Kb.
#32604
«Құзырлық» ұғымының білім жүйесіндегі алатын орны мен ролі

Ерімбетова Ж.А.

Абай атындағы ҚазҰПУ

Резюме


Формирование социальной компетентности молодого поколения должна стать специализированной и профессионализируемой деятельностью, потому, что, стихийная социализация уже не обеспечивает необходимые параметры, нужные для самосохранения и воспроизводства общества.

Системно-целостный подход, используемый в исследовании, объединяет все звенья образования, социального компетентного становления личности в единую «цепь». Это способствует максимальному стимулированию активного состояния всех основных структурных компонентов личности в их взаимодополнении и сочетании.


Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Әлемдік білім кеңістігіне толығымен кірігу білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеруді талап ететіні сөзсіз. Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен анықталады» деген еді. Осы мақсатта болашақ мамандардың сапалы білім алып, әлемдік білім кеңістігіне өз деңгейінде кірігіп кетуі үшін әлеуметтік ойлау мен әлеуметтік құзырлықтың, әлеуметтік интеллектінің, қарым-қатынас мәдениетінің жоғары болуын өмірдің өзі талап етуде.

Осыған орай, қазіргі мектеп алдында қоғамдық бейімділігі бар, өзін-өзі жүзеге асыра алатын, қарым-қатынас жасай білетін жастарды жаңа әлеуметтік құзырлық парадигмасы негізінде қалыптастыру міндеті тұр. Сондықтан жастардың әлеуметтік құзырлығын қалыптастыру бүгінгі таңдағы педагогика ғылымының ең көкейкесті мәселесі болып отыр.

Оқушылардың әлеуметтік құзырлығын қалыптастырудың негізгі бағыты – оларды бүгінгі қоғамның ең маңызды құндылығы ретінде танып, өз еркімен шешім қабылдай алатын жеке тұлға ретінде қалыптастыру. Жасөспірімдердің әлеуметтік құзырлығын қалыптастыру мен дамыту бағытында мектептегі оқу-тәрбие үрдісінің маңызы өте зор. Мұндай жағдайда тәрбиені оқушылардың әлеуметтік құзырлығын қалыптастыру мақсатына бағыттау қажеттігі айқындала түседі. Бұл тек орта және жоғары оқу орындарында білім сапасын әлеуметтік құзырлық негізінде арттырумен қатар әлемдік білім кеңістігінің тәжірибелерін игеру арқылы ғана жүзеге асатындығы белгілі. Осы ретте орта оқу орындарының бағдарламалары қазіргі кезде белгілі дәрежеде халықаралық талаптарға сәйкестендіріліп, білім берудің мемлекеттік стандарттары оқытудың жобалау жүйесіне бағытталынып жасалынуда.

Соның дәлелі ретінде Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасында құзыретті орта білім берудің мақсаты ретінде «... терең білім мен кәсіби дағдылар негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан шешім қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» деп көрсетілген. Жалпы орта білім беру мектебінің жоғарғы сатысы, қазіргі білім жүйесінің негізі бола отырып, кәсіби білім жүйесі мен жастардың сапалы кәсіби іс-әрекетін анықтайды, яғни білім кеңістігінде тұлғаның әлеуметтілігі, кәсіпшілігі, азаматтылығы, өзін-өзі анықтау қабілеттілігін айқындайды[1].

«Құзырлық» сөзі «құзыр» сөзінен алынған туынды сөз екендігіне баса назар аударамыз. Бұл туралы қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде: «құзыр (компетенция) – жалпы алғанда қайсыбір тапсырманы орындауға қабілеттілік немесе бір нәрсені жасау» деп берілген. Ал Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында «құзырет (компетенция)» – нақты органның не лауазымды тұлғаның заң жүзінде белгіленген өкілеттіліктерінің, құқықтары мен міндеттерінің жиынтығы деп көрсетілген. Латын тілінен аударғанда (competentia – әділ, дұрыс қорытынды; competere – дегеніне жету, сәйкес келу, жақын келу) «құзырлық – өз ісін жетік білу, танымы мол, тәжірибелі» деген мағынаны білдіреді. Белгілі бір саладағы құзырлықты меңгерген тұлға өз саласына сәйкес білім мен біліктілікпен қаруланған қандай да бір негізі бар ой-тұжырым жасайтын және тиімді әрекет ете алатын адамды есептеуге болады. Енді осы ұғымдардың мәнін тереңірек талдайтын болсақ, онда «құзыр» – тұлғаның белгілі бір пәндер шеңберіне қатысты білімі, біліктілігі, дағдысы мен іс-әрекеттері тәсілінің өзара байланысқан сапаларының жиынтығы, ал «құзырлық»–адамның іс-әрекеті саласына сай құзырлықтарды меңгеруі. Бұл екі ұғымды керек болған жағдайда бөліп қарастырады. Мысалы, құзырлық оқушылар дайындығына алдын-ала қойылатын талаптарды, ал құзыреттілік олардың қалыптасқан тұлғалық сапасын және белгілі бір саладағы іс-әрекетке қатысты жинақталған тәжірибесін айтады.

Қазақ тілі сөздігінде «құзыр (компетенция)» ұғымының мән-мағынасын анықтауға бағытталған мәселелер ғылыми-әдістемелік басылымдарда, білім саясатын анықтайтын құжаттарда және әлеуметтік, философиялық, психологиялық, педагогикалық әдебиеттерде жиі қолданылатынына көзіміз жетті. Бұл осы ұғымның жалпы білім берудегі жүйелілік-практикалық қызметімен байланысты. Дәстүрлі оқыту әдістемесінде «құзырлық» жаңа ұғым емес. Мәселен, лингвистикалық құзырлықты орыс тілін оқыту әдістемесінің мамандары пайдаланса, ал филология мен информатика сабақтарында «коммуникативтік құзырлық» ұғымы жиі қолданылады.

Егер отандық әдебиеттерде құзырлық ұғымы жоғарыдағыдай тұжырымдалса, «Ресейдің мектептегі білімді модернизациялау стратегиясында» білім мазмұны – құрылымы бойынша адамның мәдениетіне теңестірілген, изоморфты, педагогикалық тұрғыдан бейімделген, адамзаттың әлеуметтік тәжірибесі ретінде қарастырылады. Ол негізгі төрт элементтен тұрады: танымдық қызмет тәжірибесі, қызметтің белгілі амалдарын жүзеге асыру тәжірибесі, шығармашылық қызмет тәжірибесі, эмоциялық-құндылық қатынастар жасау тәжірибесі. Осы төрт тұрпатты тәжірибені меңгеру оқушыларда әрекет етудің күрделі мәдениеттілікке сиымды қабілеттерін қалыптастырады. Бұл қабілеттер құзыреттілік деп аталады.

Соңғы жылдары білім берудің жаңа бағытына қатысты Еуропа Кеңесінің ұсыныстарына сәйкес құзыр ұғымына көп мән беріліп жүр. Соған сәйкес ғылыми әдебиеттерде құзырлық түсінігіне әртүрлі бағытта анықтамалар берілген. Шетел тілінің сөздігінде «құзыр», «құзырет» (XVIII ғас. соңында) – «қандай да бір мекеме, мемлекет органының немесе лауазымды тұлғаның құзырындағы іс-әрекеттері. Сот құзырлығы. Шығындарды бақылау менің құзырыма жатады. Бұл шешім әкімшіліктің құзырында» деп түсінік берген. Ал XIX ғасыр ортасында «құзырет» – адамның жақсы ақпараттандырылған, кәсіби талғамы бар, істің мәнісін білетін сұрақтардан тұрады. Біреудің құзырында болу. Бұл оның құзырында. Шешімді жылдам қабылдауда оның бұл мәселедегі құзыреттілігі қатты әсер етті.

Мысалы, философиялық энциклопедиялық сөздігінде құзырлық «компетенция»- сөзінің француз (competence –құзыретті, хабардар), латын (competentia – әділ, дұрыс қорытынды; competere – дегеніне жету, сәйкес келу, жақын келу) тілінен келгендігін, әмбебаптық тұрғыда қолданылатын термин екендігі көрсетілген. Өз саласына сәйкес білім мен біліктілікпен қаруланған, негізді ой-тұжырым жасайтын және тиімді әрекет ете алатын адамды белгілі бір саладағы құзыреттіліктерді меңгерген деп есептеуге болады.

«Құзыреттілік (XIX ғасыр ортасында) – құзырлығы қалыптасқан – біреуге қатысты немесе қандай да бір істерге байланысты белгіленген өкілеттіліктерінің құқықтары мен міндеттерін жетік біледі. Құзырлы органдар. Құзырлы органдарды хабардар ету. «Біз мұражайдың құзырлы сарапшыларын шақыруға тырыстық».

«Құзырлық» және «құзыр» ұғымдары абстрактілік пен нақтылық диалектикалық категорияларының арақатынасы, яғни құзыр – бұл жүзеге асырылған құзырлық, іс-әрекеттегі құзырлығы. Осылайша түсіндірілетін құзырлықтар негізгі немесе тұғырлық және қосымша немесе кәсіби болып бөлінуі мүмкін. Білім беруде тұлғаның негізгі құзырлықтарын қалыптастыруға және дамытуға бағытталуы оны ұйымдастырудағы құзырлық бағытын айқындады және ол қазіргі білім жүйесінің әдіснамасында нақты білімділік технологияларының негізі ретінде танылып отыр. Бұл айтылған Ресейлік «тұжырымдамаға» В.В. Краевский мен И.Я. Лернер және басқа зерттеушілер қорытып шығарған тұжырымдар негіз болғанын көреміз.

Құзырлықты ғылыми-теориялық негізде зерттеу жұмыстары Л.А.Петровскаядан, ал жалпы білім беру саласын құзырлық тұрғыдан зерттеу И.А. Зимняя еңбектерінен басталғаны белгілі.

Білімдік парадигманы өзгертудің немесе одан шығудың жаңа моделдерін В.С. Леднев пен М.С. Каган ұсынады. Олардың пікірінше білім мазмұнының негізі ғылыми пәндік сала емес, адам қызметі болуы тиіс. Оның түрлеріне тәжірибелік қайта құрушылық, танымдық, коммуникативтік, құндылық бағдарлық және көркемдік-эстетикалық құзырлықтарды жатқызуға болады.

Құзырлық тұрғыда қарастыру дегенде, бірінші орынға оқушылардың алған ғылыми хабардарлығы емес, мәселені шешудегі біліктілігі тұруы тиіс. Мұндай жағдайлар: біріншіден, қоршаған ортадағы құбылыстарды танып білу мен түсіндіруде; екіншіден, қазіргі заманғы техника мен технологияларды меңгеруде; үшіншіден, адамдармен қарым-қатынаста, этикалық нормаларда, өзінің іс-әрекетін бағалауда; төртіншіден, отбасы мүшесі, сатып алушы, көрермен, қала тұрғыны сияқты күнделікті өмірде кездесетін әлеуметтік рөлдерін орындауда; бесіншіден, құқықтық және әкімшілік құрылымдарда, талап-тілегін білдіруде және эстетикалық тұрғыда баға беруде; алтыншыдан, мамандық таңдауда, өзінің кәсіптік оқу орнына түсуге дайындығын анықтауда, еңбек рыногын бағдарлауда, өзінің өмірдегі орнын, өмір сүру мұраты мен стилін, келіспеушілікті шешу амалдарын табу сияқты көптеген тікелей өзіне байланысты мәселелерді шешуде пайда болады. Осы тұрғыдан қарағанда құзырлық ұғымын кезеңдік сол заманғы оқу парадигмасы мен әлеуметтік тапсырысына сәйкес қолданғанын көреміз. Ұқсас ұғымдардың өзара байланысқан дамуын 1-кесте арқылы жіктеуге болады.

Кесте 1 – Құзырлық ұғымына ұқсас ұғымдардың өзара байланысқан дамуы


Ұғымдар

Ұғымдарға түсініктеме

Зерттеуші

Іскерлік

Білімді практикада қолдану, саналы түрде белгілі бір іс-әрекетті орындау қабілеті

К.Д. Ушинский (1824-1870)

Білімділік

Әр түрлі тіршілік әрекетіндегі мәселелерді шешуде өзінің қабылдаған әлеуметтік тәжірибесін пайдалана білу қабілеттілігі.

Еріктілікті, қылықтар мен әрекеттерді белгілейді, тұтас тұлғаның моралдық бейнесін айқындайтын мінез-құлық принципіне айналады



Б.Г. Ананьев

(1907-1972)


О.Е. Лебедев

(1938-2004)



Бәсекелестік

Өзара жарыс; біреуден озу мақсаты көзделген талас, тайталасу, ерегісу, бәсекелесу.

Ю. Бабанский (1927-1987)

Құзырлық

Білімнің интеллектуалды және дағдылық құрамын біріктіреді; табиғи интегративке ие нәтижеден құрастырылған; білімнің мазмұнды түсіндіру идеологиясы орныққан когнитивті, операциялы-технологиялы, мотивациялы, этикалық, әлеуметтік және тәртіптік құрамасы.

А.А. Пинский (1956-2006)


Толерант-

тылық


Әлеуметтік инстинктің ең жоғарғы деңгейі, төзімділік – адамның әлеуметтік өмірдегі, тұрмыс тіршілігіндегі әр түрлі процестерге, қоғамдағы әр түрлі қайшылықтарға барынша сабырлы және орнықты қарым-қатынасы. Кез-келген қоғамдағы терең мағынадағы Толеранттылық ішкі тұтастықты нығайта түсетін маңызды құбылыстардың қатарына жатады.

Л.И. Комарова


Қазақстандық ғалымдар құзырлық ұғымына ұқсас ұғымдарға өздерінің түсінігін береді. С.М. Құдайқұлов «қабілеттілік – белгілі бір қарекетті нәтижелі орындайтындай тұлғаның жеке дара ерекшелігі. Ол қарекетті жылдам, тұрақты, сапалы орындаудың әдіс-тәсілдерімен сипатталады [5]. Оның жоғары деңгейі-творчествалық, таланттық, дарындылық, данышпандықпен және бәсекелестікпен ерекшеленеді» десе, М.М. Жадрина «біліктілік – білім жүйесінің соңғы нәтижесі оқушының жеке пәндер бойынша алған білім, білік дағдылары емес, оларды пайдалану арқылы қалыптасып, дамитын өмірлік дағдылар, құзырлықтар» деп, ал Л.Т. Қожамқұлова «әлеуметтік икемділік – әлеуметтік мәртебелер жүйесінде адамның жағдайының өзгеруіне байланысты әлеуметтік стратификациялар механизмі» деп икемділікті құзырлық ұғымына жақын тұлғаның іс-әрекеті ретінде қарастырады.

А.В. Хуторскойдің пікіріне сүйенсек «құзыр – тұлғаның өзара байланысты сапаларының жиынтығы (білімдер, біліктер, дағдылар, әрекет қабілеттері). Ал құзырлық – адамның іс-әрекет пәні мен өзіне қатысты құзыреттіліктерді меңгеруі, игеруі» – дейді. Ол сонымен қатар білімділік құзыретін оқушының шынайы өмірдегі нысандарға қатысты жеке тұлғалық және әлеуметтік-маңызды да өнімді қызметтерін жүзеге асыру үшін қажетті мәндік бағдарлардың, білімдердің, біліктердің, дағдылар мен іс-әрекет тәжірибелерінің жиынтығы деп қорытындылайды [6].

Демек, құзырлық ұғымы білім, біліктілік, дағдының жай жиынтығы емес, оқу нәтижелерімен қатар, оқушылардың шығармашылық іс-әрекеттері мен құндылық бағдарларының жүйесін де көрсетеді. Құзырлық оқушының алған білімі мен дағдыларын тәжірибеде, күнделікті өмірде қандай да бір практикалық және теориялық мәселелерді шешу үшін қолдана алу қабілеттілігін сипаттайды. Бұл, ең әуелі, мектепте оқыту үрдісі кезінде қалыптасады. Оқушылардың құзырлығы оқу үрдісінің негізгі сапа көрсеткіші, оның жетістігі қойылған педагогикалық мақсатқа жету болып табылады. Жоғарыдағы айтылған теориялық идеяларға сүйене отырып, құзырлық ұғымына өз анықтамамызды береміз: құзырлық – алған білімін пайдалана білу қабілеті; болашақ таңдайтын мамандығына қатысты қабілеттер мен шеберліктерін меңгере білу; әлеуметтік даму деңгейіне сәйкес келетін және қоршаған ортаның әсер ету факторларына төтеп бере алатын тұлғаның интегративті қасиеттер жиынтығы.

Бүгінгі таңда «құзырлық» ұғымымен қатар «тұғырлы құзырлықтар» ұғымы да кеңінен қолданылуда. Ол «Еуропаға арналған түйінді құзырлықтар» бағытын ұстанатын Еуропа Кеңесі көлемінде айқындалған стратегиядан бастау алады. Бұл түйінді құзырлықтар саны жағынан да, мазмұны жағынан да (құндылықтық мәндік, жалпы мәдени, оқу-танымдық, ақпараттық құзырлық, т.б.) әркелкі. Бұл құзырлықтардың жастарды әлеуметтендіруде маңыздылығы артып отыр.

Әлеуметтік тапсырыс – бұл қоғамның мүдделері мен қажеттіліктерінің жиынтығы. Әр түрлі типтер мен деңгейдегі оқу орындары әлеуметтік тапсырыстың үш негізгі компоненттер құрылымына бағытталуы керек: мәдени-тарихи (тапсырысты орындаудағы алынатын нәтижесі - мәдениетті, білімді адам; әлеуметтік-жағдайы (тапсырыстың орындалу нәтижесінде – әлеуметтік құзырлы, әлеуметтік дағдыланған, қабілетті, шебер адам); тұлғалық-дара (тапсырысты орындаудағы басты нәтижесі – ерікті, азат адам).

Әлеуметтік сұраныс қазіргі заман жағдайында оқушыларға мынадай: творчестволық рухани әлеуетін дамыту; жалпы адамзаттық және гуманистік құндылықтар түсінігін тереңдету; әлеуметтік дамудың табиғи-ғылыми, техникалық және гуманистік аспектілерінің тұтастығын сезіну; ғылыми дүние танымын қалыптастыру талабын қойып отыр. Нәтижесінде оқушы тұлғасы келесі әлеуметтік маңызы бар параметрлерді, яғни өзін-өзі бағалау мен рефлексияға, қарым-қатынас қабілеттілігі, шыдамдылық, мейірімділік, адамгершілік көрсету; өзін-өзі реттеуші; әлемге және сол әлемдегі өзін шынайы қабылдау; мақсатқа талпынушылық; қалыптасқан дүние танымы мен құндылықтар жүйесін бойына сіңіреді.

Жоғарыдағы айтылған құзырлықтардың жоғары сынып оқушыларының әлеуметтену үрдісінде алатын орны ерекше. Ғылыми әдебиеттерге сараптама жасау барысында, жеке адам әлеуметтік тұлға ретінде қарастырылады, яғни ол өз елінің өркендеп дамуына іскерлікпен, саналылықпен қарайтын, білімді, мәдениетті, әлеуметтік құзырлы азамат. Әлеуметтік тұлғаның қалыптасу үрдісі оның қоғамдағы тұлғалық сана-сезімінің болмысына байланысты. Бұл үрдіс білім мен өзін-өзі тәрбиелеу, алдына мақсат қоя білу және оны жүзеге асыру, өз қадірін сезіну, қоғамда өз орнының бар екендігіне сенімді болғанда жүзеге асады.



Жеке тұлға туралы Г.К. Селевко өз ойын былай көрсетеді: «Жеке адам филологиялық және психологиялық мазмұн жиынтығын (шартты түрде) иемденеді. Арнайы әлеуметтік және тұрмыстық ортада өмір сүріп, қоршаған орта және адамдармен өзара әрекеттесе отырып, қоғамдық өндіріске қатыса келе адам өзіне әр түрлі сапа мен қасиеттердің күрделі өзіндік басқару жүйесін қалыптастырады. Бұл жүйе жеке тұлға деп аталады» [7].

Демек, тұлғаның әлеуметтенуі оның ана тіліне, күнделікті тұрмыс жағдайындағы мінез-құлқына, шығармашылыққа деген ынтасы мен өз халқының мәдениетін қабылдау қабілетіне байланысты. Оқушының қалыптасуы қоршаған ортасын танумен, өмір сүру барысында кездесетін жақсылық пен жамандықтардан тұрады. Сондықтан, сыртқы орта – жоғары сынып оқушысының әлеуметтік тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін басты фактор.

1878 жылы американдық әлеуметтанушы Ф.Г. Гидденс «Әлеуметтендіру теориясы» атты кітабында алғашқылардың бірі болып, «әлеуметтену» терминін пайдалана бастады. «Әлеуметтену» сөзінің синонимі «адамзаттандыру», ал әлеуметтендіруге тепе-тең «мәдениеттендіру», яғни балаға сыртқы ортаның әсері арқылы әлеуметтік тәжірибесін меншіктеу. Әлеуметтік қатынастар арқылы оқушы әлеуметтену жолынан өтіп, өмірлік тәжірибесі арқылы қоғамдағы бәсекеге қабілетті әрекет иесіне айналады. Ал бұл тәжірибе оның жеке дамуына айналып өңделеді, толықтыралады және қандай да бір уақыт өткеннен соң белгілі бір жеке тұлғалық жетістіктері есебінде қоғамдық мәдениетке қайтып оралады.

«Педагогика» терминологиялық қазақша түсіндірме сөздігінде «қалыптасу – жеке тұлғаның, оның нақты шынайылықпен ықпалдасуы барысында өзгеру процесі, физикалық және әлеуметтік-психологиялық жаңашылдықтың жеке тұлға құрылымында пайда болуы. Тұқымқуалаушылықтың, ортаның, тәрбиелеудің және жеке тұлғаның өзінің белсенділігі, объективті ықпалының нәтижесінде адамның қалыптасу үрдісі» деп көрсетілген.Сыртқы орта – оқушының әлеуметтік тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін басты фактор. Әлеуметтік қатынастар арқылы оқушының табиғи құрылымы әлеуметтену жолынан өтіп, қоғамдағы индивидуалды әрекет иесіне айналады. Жеке адамның нақты қоғамға, әлеуметтік топқа тән құндылықтарды, шамаларды, мінез-құлық үлгілерін игеріп, тұлғаға айналу үрдісі жүзеге асады.

Әлеуметтену – жеке адамның әлеуметтік тәжірибені белсенді меңгеру үрдісі және нәтижесі. Адамның түрлі әлеуметтік қоғамдарға, әлеуметтік қатынастық жүйелерге бірігуі, өзінің тұлғалық қасиеттерінің дамуына ықпал ететін мәдениетті, әлеуметтік шамалар мен бағалылықтарды меңгеруі.

Әлеуметтендіру (лат. sosialis – қоғамдық) – қоғам мәдениетін шығару мен меңгеру барысындағы тұтас өмір кезеңіндегі адамның дамуы мен өзін-өзі жетілдіруі. Әлеуметтендіру термині жердің, өндіріс жабдықтарының қоғамға ортақтануын білдіретін саяси экономика саласынан алынады.

Педагогика ғылымының «әлеуметтену» ұғымы аясындағы міндеттері алуан түрлі әлеуметтендіруші әсерлерді (ұйымдастырылған және өздігінен орын алған) анықтау мен негіздеуді және оларды мақсатты түрдегі педагогикалық ықпалға айналдыруды көздейді. Бұл жағдайда жас ұрпақты мақсатты түрде әлеуметтендірудің негізгі ортасы мектеп болуы тиіс, өйткені, отбасы немесе басқа да әлеуметтік институт жастарды осы заманғы өркениет қиындықтарына даярлауға қабілетсіз.

Американың белгілі социологі әрі психологі Джордж Герберт Мид (1863-1931) әлеуметтендірудің рөлдік тұжырымдамасын жақтайды. Ол өзінің «әлеуметтік бихевиоризм» деп аталған теориясында адамды белсенді әлеуметтік тіршілік иесі ретінде қарастырады. Бұл белсенділік тұлғаның ерекше ішкі психологиялық жүйесінен туындайды.

Әлеуметтену барысында бала әлеуметтік рөлдердің атқарушысы болу үшін оларды бойына «өлшеп көріп», жай ғана игеріп қоймай, нақты әлеуметтік жағдаятты интерпретациялайды, себебі, ол өзгенің рөлін ала отырып, өзіне деген жаңа қарым-қатынас пен көзқарасқа ие болады. Осылайша, әлеуметтенуші бала өзіне қоғамның берген рөлдерін қабылдап, оларды өзі меңгереді.

XX ғасырдың 70-жылдарының соңы мен 80-жылдарының басында батыстық социология мен психологияда әлеуметтену мәселесін зерттеу жаңадан жандана түсті, әлеуметтенудің сыншылдық тұжырымдамасы бірінші кезекке шыға бастады.

Бұл бағыттың теоретиктері тұлғаның қоғамда орын алған тәртіпке саналы және тіпті сыни тұрғыда қарауын қалыптастыру, қоғамда өз орнын табуға ұмтылуын дамыту міндеттерін алға қойды. Әлеуметтенудің сыншылдық тұжырымдамасын жақтаушылар теориялық жұмыстарында «өзін-өзі басқару», «өз мүмкіндігін іске асыру», «өз орнын табу», «өзін-өзі анықтау», «өзін рухани шоғырландыру», «қаржылық әлеуеті», т.б. ұғымдарды белсенді пайдаланады.

Карл Роджерс өз еңбектерінде «әлеуметтендіру – тіпті де баладан жасанды түрде тұлға «құрастыру» дегендік емес. Оны іс жүзінде адамның өзі ғана істей алады әрі өзі ғана істеуі тиіс» деп қорытады. Ол әлеуметтендіру барысында тұлғаның бойында өзін-өзі бағалауға икемділікті бұрын қалыптасқан құндылықтар жүйесін тәжірибе нәтижесінде қайта қарай білу қасиеттерін қалыптастыру маңызды деп есептейді. «Адам ұзақ уақыт бойы өзін өмірде экономикалық күштер, санасыз күштер немесе қоршаған орта шаблон бойынша жасаған қуыршақтай сезінді. Бірақ ол біртіндеп жаңа тәуелсіздік декларациясын жасап келеді. Ол қолайлы кіріптарлықтан бас тартуда. Ол өзін-өзі таңдап, ең күрделі әрі көбінесе қасіретті әлемде қуыршақ та, құлтемір де, машина да емес, өзімен-өзі болуға, тамаша, дербес «Мен» болуға ұмтылады.

У. Бронфенбреннер өз еңбектерінде әлеуметтенуді орта мен өмір жағдайларының әлеуметтік ықпалдарының жиынтығы ретінде бірден төрт деңгейде қарастырады:


  • микрожүйе деңгейі (отбасының, құрбы-құрдастар тобының, мектептегі достардың, кейде діни қауымның әлеуметтік ортасы);

  • мезожүйе деңгейі (әлеуметтік институттардың өзара әрекетінен туындайтын ықпалдар, мысалы, отбасы мен мектеп, отбасы және діни қауым);

  • экзожүйе деңгейі, «кеңейген отбасы» (отбасының достары, көршілер, қоғамдық ұйымдар, қалалық билік органдары, бұқаралық ақпарат құралдары тигізетін ықпал);

  • макрожүйе деңгейі (сол ортадағы мәдениеттің қағидалары мен идеологиясы, қандайда бір субмәдениеттегі әлеуметтік ұғымдар мен нормалар) [8].

Ғалымның айтуынша, тұлға әлеуметтену үрдісінде әлеуметтің өзара байланысты деңгейлерінің барлығының ықпалын бастан кешеді және өзінің өмірлік ортасын көп деңгейлі етіп құрады.

Қорыта айтқанда, әлеуметтену дегеніміз – адам дамуының әлеуметтік кезеңдерін қамтитын және оның әрбір кезеңі белгілі бір анықталған мәселелерді шешу мақсатына жауап беретін, өмір бойы созылатын үздіксіз үрдіс. Осы тұрғыдан қарастырғанда аталмыш үрдіс бала дамуының әлеуметтік кезеңдерін қамтиды және оның әрбір кезеңі белгілі бір анықталған мәселелерді шешу мақсатына жауап береді. Егер адам балалық шағында әлеуметтік нормалармен қаруланған болса, есейген шағында оның сана-сезімі жоғарылап, тұлға болуға деген қажеттілігі дамиды. Ал жасөспірім шақта өзінің қажеттіліктері мен қоғамдық даму талаптарына жауап беретін тұлғаға тән қасиеттері қалыптаса бастайды.



Тәрбиелеудің түрлі аспектілеріне қатысты құзырлықтар қызметін оқушы тұлғасына, білім, біліктілік пен дағдыға, тәрбие берудің мазмұны мен құрылымына, іс-әрекет тәсілдеріне қарай топтап қарастыруға болады. Соның ішінде оқушы тұлғасына қатысты:

  • оқушының зерделенетін объектілерге қатысты жеке дара ойын бейнелейді және дамытады;

  • оқушының білім алудағы іс-әрекеттік біліктілігін, олардың қабілеттілік дәрежесі мен практикалық дайындығын сипаттайды;

  • пәндік іс-әрекет тәжірибесін белгілейді;

  • күнделікті өмірдегі тұрмыстық мәселелерді ғана емес, өндірістік және әлеуметтік мәселелерді де шешу мүмкіндіктерін дамытады;

  • оқушының дамитын сапаларының барлық негізгі топтарын қамтиды;

  • оқушының дайындық сапасының кіріктірілген сипаттамасын көрсетеді. Осы айтылған жиынтық оқушының әлеуметтік құзырлығын анықтау үшін негіз болуы тиіс.




  1. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы // Егеменді Қазақстан. – 2003. – 13 сәуір.

  2. Қазақстан Ұлттық энциклопедия / Бас. ред. Ә. Нысанбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2001. – 6 т. – 720 б.

  3. Құдайқұлов С.М., Құдайқұлов М.Ә. Творчестволық және бәсекелестік қабілеттілік. – Алматы: Школа ХХІ века, 2006. – 82 б.

  4. Хуторской А.В. Ключевые компетенции.Технологияконструирования // Народное образование. – 2003. – №3. – С.55-64.

  5. Селевко Г.К. Современные образовательные технологии. – М.: Народное образование. – 1998. – 11 с.

  6. Бронфенбреннер У. Два мира детства. Дети в США и СССР. – М.: Просвещение, – 1976. – 165 с.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет