Қ 17 Шәкенұлы. Ж к – Ақ балапан: Өлеңдер мен мысал әңгімелер, Алматы: «Мерей» баспасы, 2015. – 167 б



бет4/7
Дата25.12.2016
өлшемі1,38 Mb.
#4895
1   2   3   4   5   6   7

ТАУЫҚТАРДЫҢ САУДАСЫ
Бір аулада бес мекиен мен бір әтеш бар еді де, олар шарбақ торда қамалып ұсталатын.

Күндердің бірінде сары мойын мекиен ауыр күрсініп:

– Біз байқұстардың күні қандай десеңші, кешке дейін шарбақ торда боламыз, не сыртқа серуендей алмаймыз, бүйтіп көрген күніміз құрысын, анау суық торғайларды қарасаңшы, еркін ұшып-қонады, – деді. Оны құптаған шұбар мекиен де:

– Рас-ау, адамдар бізді қашанғы қамайды? – деп аспанға қарады. Бұлардың сөзін үнсіз тыңдап тұрған кәрі мекиен бір күрсініп алып былай деді:

– Е, біз бен торғайларды қалай салыстыруға болсын, олар еркін жүргенімен, адамзаттың жауы, әрі пайдасы аз, ал біз болсақ, адамзаттың досымыз, адамдарға пайдалымыз, біз оларға пайда жаратып бермесек, бүгінгідей ырғын тұрмысыз да болмас еді, мәселен біздің етіміз, жұмыртқамыз оларға табылмайтын азықтық. Қазір адамдардың тұтыну бағасы өсті, біз күніне бір жұмыртқа тапсақ, олардың есебімен он теңге құн жаратамыз, бұл біздің еңбегіміз, есесіне тамағымыз тояды.

Кәрі мекиеннің сөзі басқаларды мойындатқандай болды.

– Рас, рас, мұның өзі сауда екен ғой. Біз жұмыртқаны көптеп табуымыз керек екен, – деді бұрыштағы екі мекиен.

Бұлардың сөзін естіп:

– Мен адамдарды ертемен оятып қолғабыс етемін, – деді қораз.

– Көрінген жерден ұрлық қылып жан баққанша, тауықтардың саудасын үйренсек жөн екен ғой, – депті мұны естіп қалған бірнеше суық торғай, нағыз қорлықпен өткен өмір біздікі екен, біз де адалдықпен сауда қылсақ, тамағымыз тояды екен-ау! – деп күбірлесіп кетті олар.



ШЫРАҚ ПЕН БАЛАУЫЗ ШАМ
Асылып тұрған шырақ терезе жақтауындағы балауыз шамды қағытып:

– Балауыз шам – ау, мен тұрғанда босағадан сығалап неғып жүрсің?! – деп мырс етті. Оны кәперіне де алмаған балауыз шам:

– Мәселе, сенің де, менің де халыққа қажеттілігімізде ғой, екеуіміз де тұрсақ болмай ма? – деді. Шырақ жағымсыз қарқылдап күлді:

– Ха-ха-ха, сен де қажетсің бе, нұрың менің нұрыма жетпесе, адамдар сығырайтып не қылады, ха-ха-ха.

Осы кезде белгілі себеппен ток желісі үзілді де, барлық үйдің шырағы сөнді. Үй иесі сіріңке тауып балауыз шамды жақты. Төмен қараған бойы басын көтермеген шырақтың екі беті қып-қызыл болып ұялып кетті. Балауыз шамның әлсіз сәулесі үй ішін жарықтандырып, оның бетін де айқын көрсетіп тұрды. Балауыз шам оған күлімсірей басын изеп қойды.
ҚАРА НАР МЕН АҚ ЕШКІ
Ерте, ерте, ертеде қара нар мен ақ ешкі дос болыпты.

Қара нар болса қашанда жүктің ауырын таңдап көтеріп, ешкі досына көмектесуден жалықпайды екен. Ал ақ ешкі болса ыстық болса тасқа секейіп шығып алып, суық болса қораға тығылып, қиындықтан қашып жүреді екен.

Бір күні қара нар ешкі досының жалтақойлығын жақатпай:

– Досым өмірге келген ссоң ыстықты да, суықты да. ауырлықты да, жеңілдікті де көресің. Бәріне көне білуің керек, – деп ақыл айтыпты. Мұны елемеген ақ ешкі:

– Мен болсам биік жартасқа шығып аламын. Шөптің Сонысын жеп, судың тұнығын ішемін. Қой екеш қой да маған ілесе алмайды. Жүнім де аппақ, – деп нардың ақылын тыңдамапты.

Күндердің күнінде бұлар алыс сапарға шығыпты. Жол бойы күн қатты ысыпты. Жазық даласа көлеңке боларлық бір тал ағаш жоқ. Су екеш су да кезікпепті. Күннің ыстығына шыдамаған ешкі жон терісі өртенердей болыпты. Тілі ауызына симай шөлдепті. Жүруге дәрмені қалмай қалған ешкіге нар өз көлеңкесін сыйлап:

– Менің көлеңкеме келіп, ақырын ілесіп отыр, деп бауырмалық білдіріпті.

Енді бірде күннің көзіне бұлт ілініп, жаңбыр жауып боран соғыпты. Жауын аяғы бұошақ араласқан нөсерге ұласыпты. Кірерге тесік таппаған ешкі:

– Мә, мә, енді қайттым?! – деп жылап жіберіпті. Нар болса маң-маң басқан маңғаз қалпынан жазбай нөсерлі дауылға қарсы жүре беріпті. Нарға ілесе алмаған ақ ешкі ақырында құлап түсіпті. Ес-түссіз жатқан ешкіні арқасына көтерген қара нар ауылға аман-есен оралыпты.

Нардың жұмсақ шудасының жылуынан жаны қалған ақ ешкі есін жиған соң одан кешірім сұрап:

– Сіздің ыстыққа да, суыққа да төзе білу керек деген ақылыңызды тыңдамап ем. Соның кесірінен өлім ауызына барып қайттым. Кешіріңіз мені, – деп аяғына жығылыпты.

“Нардай төзімді бол” деген қазақ сөзі содан қалыпты.


БАЛ АРАСЫ МЕН ҚАРА ҚОҢЫЗ
Ұшып бара жатқан бал арасы малдың жас тезегін домалатып бара жатқан бір топ қара қоңыздың:

“Дайын тамақ табамыз,

Үйімізге барамыз” – деген әнін естіп қалыпты. Сосын ара оларға:

– Сендердің де мен сияқты ұша алатын қанаттарың бар. Денелерің менен үлкен болмаса, кіші емес. Кешке дейін тезекпен айналысқанша гүлдің шырынын, шөптің нілін сорып неген өмір сүрмейсіңдер? – деп ақыл айтыпты.

Сонда қоңыздар:

– Ой, сен сияқты тау – тасты кезіп қиналғанша, кез келген жерге жапалап кеткен малдың жас тезегімен қоректену бізге әлде-қайда оңай емес пе! – деп шулап қоя беріпті. Олардың өзінің сөзіне иланбасын білген ара жасыл беткейге ұшып барып, алуан гүлдерден шырын жия беріпті. Әрі әр күн сайын жол бойынан ұшып өткенде жас тезекті домалатқан қоңыздарды көріп іштей қорланады екен.

Сонан, қоңыздарға құрғақ ақылдың өтпесін білген бал арасы күндердің бірінде оларды қонаққа шақырыпты. Алдарына қойылған дәмді балдан бас алмаған қоңыздар арадан мұндай тәтті нәрсені қалай жинағанын сұрапты. Ара оларға:

– Мен жерге жарық түскеннен қара кешке дейін ұшып гүлдерді аралаймын. Олардың тәтті шырынын жинап, осы балды жасаймын. Адал еңбектің жемісі қашан да дәмді болады ғой, - депді.

Қоңыздар қонақ асыдан шыққан соң екі жақ болып төбелесіпті. Бір тобы: “Біз де ара сияқты еңбектеніп тәтті бал жинайық” – десе, енді бір тобы: “Өйтіп жанды қинағанша өзіміздің дайын тезегіміз әлде қайда артық емес пе!” дейді екен.

Сөйтіп қоңыздар тобы екіге бөлініпті. Ал бұл күндері әдемі бақтар мен жасыл жайлауда гүлге қонып жүрген қоңыздарды көреміз. Олар әлгі араның ақылын алып, адал еңбек қуғандар екен. Ал одардың бір тобы сол баяғысынша малдың жас тезегін домалатып ата кәсібімен айналыса беріпті.

Гүлдің шырыны мен шөптің нілін сорған сайын тамсанған қоңыздар:

– Адал еңбектің жемісі шынында тәтті болады екен ғой, – деседі екен.


ЕРІНШЕК МЫСЫҚ
Бұрынғы заманда бір еріншек мысық болыпты. Ол күн бойы ұйықтап, ұйқысы әбден қанғанда далаға шығады екен. Бір күні оны есік алдында жолдықтырған күшік:

– Достым-ау, жаңа тұрдың ба? Күн болса түс болды ғой, – депті. Сонда мысық:

– Ұйқым әлі қанған жоқ. Қарыным ашып ояндым. Қарыным тойса қайта ұйқтаймын, – депті. Күшік оған:

– Достым, ұйқыдан не түседі, онан да орманға барып бой жазып келмейміз бе? – депті. Ал мысық болса, алдынғы аяғын сілекейлеп, онымен көзін сүртіп тұрып:

– Шаршап тұрмын, – деп жауап қайтарыпты.

– Орманға бармасаң да бірімізді біріміз қуалап, жасырынбақ ойнасақ қайтеді? – деп жабысыпты күшік оған. Ал мысық болса:

– Аяғым ауырып тұр, – деп үйге қарай бұрылыпты.

– Осылайша неге болса да еріншектік етіп, әбден жалқауланған мысық иесінің берген тамағына тойып алып ұйықтағаннан басқаны білмейтін болыпты. Мұны көрген иесі күндердің бірінде оның көзін таңып, торбаға салыпты да иен орманға апарын тастады.

Ұйқтап жатып өзінің қайда апарылғанын білмеген мысық қарны ашып оянғанда қалың ағаштың арасында жатқанын көріпті. “Мияу, мияу” деп қанша бақырғанымен оған ешкім келе қоймапты.

Орман іші қарауытып кеш болыпты. Екі көзі шоқтай жайнаған үкі оған тап беріпті. Ажал аранындай барбита жайылған тегеуіріннен зорға құтылған оның алдынан қасқыр ұлыпты.

Енді бірде тасыр-тұсыр еткен дыбыстар шығып, үріккен арқарлар табанының астына жаншып кете жаздапты.

Әбден қалжыраған мысық таң ата қалғып-шұлғып келе жатса, алдынан әлде не қатты ысылдапты. Қараса оны жұтқалы тұрған айдаһар жылан екен. Өлдім-талдым дегенде зорға құтылған мысық енді ағаштың басына шығып алыпты. Бірақ, кезқұйрық қанатымен соғып жерге домалатып жіберіпті. Түні бойы ұйықтамаған ол қарны әбден ашып, торғай, тышқан тектес бірдеме ұстап жейін десе оның амалын да білмейтін болып шығыпты.

«Бүріскен мысыққа бүрге үйір» дегендей оның өн бойына бит-бүрге жабысыпты. Маса-шіркей көзін аштырмай қанын сорыпты.

Анда-санда құрғақ су ішіп, аң құстың жемтігімен ғана өлместің күнін көрген мысық енді бірде орманға бет бұрып келе жатқан аншыларды көріпті.

Жерді иіскеп, айналасын тіміскілеген жүйрік тазы мұны көріп қалып тап беріпті. Жандәрмен қашқан мысықты тазы ілесімге қуып жетіпті. “Өлдім” деп көзін тас жұмған мысық талып қалыпты.

Ол көзін ашқанда өзіне қарай шоқиып отырған тазыны көріпті. Тағы қашпақ болған мысыққа тазы:

– Достым-ау, мен сені танымай қалыппын, – деп тіл қатыпты. Сөйтсе ол өзінің баяғы күшік досы екен. Оның бетіне тура қарай алмаған мысық жылап жіберіпті. Өзінің еріншектігінен, жалқаулығының кесірінен тартқан азабын айтып, көз жасын көл қылыпты. Оны жұбатқан тазы:

– Өткен іс өтті. Ол енді қайта оралмайды. Бұдан былай жан бағуды жақсылап үйрен. Сен басқалар үшін еңбек етсең олар да сені сыйлайды. Бейнеттің де зейнеті бар, – деп ақыл айтыпты. Әрі тазы мысық досына бір қоян ұстап беріпті. Қоянның етіне тойып, есін жиған мысық орманнан шығып адамдар отырақтанған ауылдарға қарай беттеген екен.


АҚЫЛДЫ ҚАРЛЫҒАШ
Үйдің дөдегесіне балшықтан ұя жасап жатқан қарлығашқа суық торғай:

– Сонша әуреленіп балшық тасығанша біз сияқты қораның қуысына неге жұмыртқаламайсың? – депті. Сонда қарлығаш:

– Досым-ау, еңбегің ауыр болса жұмысың тәуір болады. Қораның қуысына салған ұяңа жылан шығады. Балалар қолын созады. Одан да үйдің мәтшәсіна жапсырып салсаң жақсы ғой... – деп ақыл айтыпты. Торғай болса:

– Әй, ақымағым-ай, – деп сөздің соңын күтпей ұшып кетіпті.

Күндердің күнінде қарлығаш өзінің сүйкімді балапандарына жем тасып жүріп, қораның төбесінен шыр-шыр етіп зар илеген торғайды көреді. Қарлығашты көрген торғай онан бетер шырылдап:

– Құтқарыңдар, құтқарыңдыр! – деп зар илейді. Сөйтсе шұбар жылан торғайдың балапандарына қарай өрмелеп ұяның аузына таяп қалыпты. Сол кезде қарлығаш қас пен көздің арасында көгалды төске қарай ұша жөнеледі. Мұны көрген торғай қарлығашты қашып кетті деп ойлап, онан бетер шырылдайды. Жылан ұяға таяп қалады. Ілезімде оралған қарлығаш ауызына тістеген тәуетті торғайдың ұясының ауызына жеткізеді.

Сол – ақ екен тәует пен жыланның айқасы басталады. Кіп-кішкентай тәуетті менсінбеген жылан оның қылғи салмақ болады. Ал тәует тікесінен тік тұрып оған бетпе бет келеді. Ысылдап тура ұмтылған жылан кенеттен жерге құлап түседі. Қылыштай ұзын сирағын сер ұстаған тәует оның екі көзін ағызып жіберген екен. Жерге домалап түсіп аунақшып жатқан жыланды қарлығаш шоқып – шоқып өлтіреді.

Қас пен көздің арасында болған айқасқа таң тамаша болған суық торғай қарлығаштың ақылы мен ерлігіне қатты ыразы болады. Ол:

– Қарлығаш досым – ау, бір кезде сені мазақтап, ақылыңды тыңдамап едім. Сен болмағанда көген көз балапандарым сұм жыланға жем болатын еді. Сен нағыз адал дос екенсің, – деп қарлығаштың алдында зар илеп жылапты.
ҚҰМЫРЫСҚАЛАРДЫҢ ЕҢБЕГІ
Өмірге жаңадан келіп, аяғын енді-енді басқан кішкентай құмырысқа өзінен әлдле қайда үлкен шырпыны көтермекші болады. Бірақ, қанша тырбынса да көтере алмайды. Оның қылығын көрген анасы:

– Балам, өте ауыр шырпыны жалғыз көтергенше, ағайынды бірнешеуің бірлікте көтерсеңдер болмай ма? – деп ақыл айтады. Ал кішкентай құмырысқа болса анасының тілін алмай тағы бір үлкен шырпыны көтермекші болады. Бәрі бір көтере алмайды. Осы кезде оның қасына жетіп келген ағасы шырпының бір басын көтереді. Сөйтіп, ағайынды екеуі әлгі шырпының екі басынан көтеріп, илеуге әкеледі. Мұны көрген анасы:

– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген осы. Әр қандай істі бірігіп тындырсыңдар тасты да, тауды да көтеретін үлкен азамат боласыңдар, – деп мадақтайды.


ҚҰСТАРДЫҢ БАҒАЛАУЫ
Ерте, ерте, ертеде құс патшасы құстардың тәртібін, берекесін, тазалығын тексеру жарысын оздырады.

Жарысқа мың бұралған тоты құс, аппақ болып таранған аққу құс, қанатынан гүл өрген тоты құс, ұзын мойын тырна, ең аяғы қарға-құзғын, торғайларға дейін бәрі жиналады.

Жұрт таза құс ретінде аққуды таңдайды. Себебін сұраған патшаға олар:

– Аққу әдеміліктің көркі ғана емес, айдын көлдің тұнығында жүреді. Момын құстарға жауыздығы жоқ. Өмірге ақ күйінше келіп, ақ күйінше кетеді. Сырты қандай ақ болса, іші де сондай ақ, – деп жауап береді.

Патша басын изейді. Жұрт ендігі жерде тәртіпті құс ретінде тырнаны көрсететі. Себебін сұраған патшаға олар:

– Тырнаның сырты аса көрікті болмаса да, ол тәртіпке үйренген құс. Балапаны жұмыртқаны жарып шыққан күнінен бастап, оны жүріс-тұрысқа, тәртіпті ұшуға баулиды. Тырналар қанша көп болса да бір ғана басшыға бағынады. Оның бастаған бағытымен аспанның өзінде тізіліп ұшады. Дауыл соғып, нөсер жауса да олар қиындықты бірге көріп, қатарын бұзбайды, – дейді.

Патша бұған да басын изейді.

Жұрт ендігі жерде береке ұйтқысы ретінді көгершінді көрсетеді. Себебін сұраған патшаға олар:

– Көгершіндер бірінің ауызындағы дәнді екіншісіне бөліп беретін берекелі де, момындығымен ерекшеленеді. Олардың бір-бірін қанға бояп, таласқанын ешуақытта көрмейсіз. Қайта өздері түгілі, өзгелерге де көмектесетін таза табиғаты бар, – дейді.

Патша мұны да жөн көреді. Осылайша, аққу, тырна, көгершін осы реткі бағалаудың бас жүлдесін жеңіп алады. Осыдан бастап, қаз бен үйрек аққуды ұстаз тұтады. Саралақаз бен қоңырқаз тырналардан үйренетіндерін білдіреді. Қарлығаш болса көгершінге шәкірт болады. Бұл күндері олар әр күні таң болзынан оянып, келесі сайлауды асыға күтеді екен.



БҰЗАУ МЕН ҚҰЛЫН
Бұзаудың арқасы қатты қышып, оны енесіне айтады. Енесі бұзаудың арқасын тілімен жалап, оған көмектеседі. Мұны көрген құлын енесіне шапқылап келіп:

– Мама, мама, сиыр өзінің бұзауының арқасын тілімен жалайды екен. Сіз де менің арқамды жалап беріңізші, – дейді.

Мамасы оған күліп:

– Құлыным-ау, әр жануардың өз ерекшелігі болады. Сиырлар мөңірейді, түйе боздайды, қой маңырайды, жылқы кісінейді. Сол секілді олардың әдеттері де ұқсамайды. Сиырда мүйіз бар, бізде жал бар. Сиыр тілімен жалайды. Біз иегімізбен қасимыз. Келеғой арқаңды қасып берейін, –дейді. Әрі жанына келегн құлынның арқасына иегін салып, еппен үйкей бастайды. Рахаттанған құлыны:

– Қандай рахат, қандай әдемі! – деп кісінеп жібереді.

Бұларды көрген бір топ торғай:

– Неткен керемет бауырмалдық, – деп өз ұялары жаққа қарай ұшы жөнеледі.
ТЕНТЕК ҚОШАҚАН
Қошақан аса тентек болды. Ол лақтармен бірге тастан тасқа секіріп, жар басында ойнақ салатын еді. Енесі оған:

– Айналайын қозым-ау, тентек болма, - деп үнемі ақыл айтатын. Ал қошақан болса:

– Қозы емеспін қошқармын,

Биік таудай асқармын, – деп әндетіп өз бетінше кететенді тапты.

Ол кейде қойлардын оза жайылып кетсе, кейде ойын қуып топтан бөлініп қалатын.

Күндердің бірінде қатты жаңбыр жауып, даланы тұман басты. Қошақанның енесі:

– Мәһа, мә,мә, қошақаным. Мәһа, мә, мә, – деп іздесе қошақан да оған:

– Мәһа, мә,мә, адаспаймын мама, – деп жауап беретін. Бірақ, қалың тұман ештеңені көрсетпей, ол өзінің адасып қалғанын білмейді. Кенет, бұталардың арасынан жылтыраған шырақтар көрінгендей болады. Қошақан соған қарай жүгіреді.

Мәссаған! Алдынан қасқыр көрінеді. Қошақан тұра қашады. Қасқыр қуады.

– Мама, мә,мә, мама, – деп жылап келеді. Қашып келеді. Қошақанды қуып жеткен қасқыр оның бір сирағынан тістеп лақтырып жібереді. Осы кезде қасқырдың алдынан мүйізі шаңырақтай екі қошқар шығады. Қошқарлар қасқырға тап береді. Қасқыр қашып кетеді.

Қошқарлардың қасына қошақанның енесі де келеді. Олар талып жатқан қошақанды зорға тұрғызады. Қошақанның бір аяғы ақсақ болып қалады. Қошақан анасынан кешірім сұрап жылайды:

Мама, енді ешқайда кетпеймін. Мә, мә! – дейді.

Сөйтіп, осыдан бастап, «бөлінгенді бөрі жейді» деген мәтел тарапты.

ТОРҒАЙЛАРДЫҢ ДАУЫ
Үйдің жанындағы бәйтерекке қонған торғайлар бір-біріне есе бермей әңгіме дүкен құрады.

– Осы біздер неткен шешенбіз, – дейді біреу.

– Бізге Алла Тағала тіл мен жақты берген ғой. Күні бойы сөйлесек те жағымыз талмайды, – дейді екіншісі. Тағы біреуі:

– Тауықтарды айтам-ау, күні кешке дейін үндемей қалай жүреді екен, – деп таңдай қағады.

– Тауықтардың төресі қораз таң атар атпас елді ұйқысынан шошытып, бір екі айқайлағаны болмаса ол да белгілі ғой, – дейді тағы бір торғай.

Осылайша олар күні бойы дауласады. Дауды естіген қарлығаш торғайлардың қасына ұшып келеді. Әрі олардың неге дауласқанын біледі. Сонда қарлығаш оларға:

– Көп сөйлеген сөздің дәмі аз болады. Таңертеңнен кешке дейін сөйледіңдер, сонда не бітірдіңдер? Ана қоразды қараңдаршы, олар тәңертең ерте бар әлемді ұйқысынан ояту үшін бір-ақ рет шақырады. Оның дауысын тыңдаған бүкіл тіршілік оянады. “Таң атты” деген жалғыз ауыз сөздің өзі ат басындай алтынға бергісіз, – дейді.

Торғайлар ұялып жерге қарайды. Қораз болса шашақты айдары нұрланып қарлығашқа:

– Рахмет, рахмет. Қо,қо,қо, – деген екен.

ӘТЕШ ПЕН БҰЛБҰЛ
Ерте, ерте, ертеде әтеш пен бұлбұл араларынан қыл өтпейтін тату дос болыпты. Ол кезде екеуінің дене-тұрқы да ұқсас екен. Күндердің күнінде тау қойнауындағы ұяларының қасынан өтіп бара жатқан аспан перизаты әтеш пен бұлбұлдың:

– Біз әнші болсақ қандай жақсы болар еді? – деп армандап отырғандарын естіп қалыпты. Ол мұны естігеннен кейін олардың қасына келіп әнші болуды қаласа, үйрететіндігін айтыпты. Әтеш пен бұлбұл қуана келісіпті. Сонымен олар әнші перизаттан өнер үйрене бастапты. Бұлбұл орнынан таң сәріде тұрып, өнерге жаттығумен айналысады екен де, әтеш ұйқышылдау болып, кеш тұрады екен. Оның үстіне ол өзінің қызыл айдарын мақтан көріп, өзін бұлбұлдан артық санап жүріпті. Екеуіне бір жыл өнер үйреткен әнші перизат оларға:

– Сендер көп өнер үйрендіңдер, ендігі мәселе, сол өнерлеріңді өздерің дамытуларың керек, үзбей жаттықсаңдар өрелі өнерге ие боласыңдар, мен енді бір жылдан кейін келіп, екеуіңнен сынақ аламын, – депті де көзден ғайып болыпты.

Әтеш пен бұлбұл ақылдасып, екеуі екі тауда тұрып,өнерлерін жетілдіруге келісіпті. Бұлбұл таңнан жағы талғанша сайрайтын болыпты, тіпті оның үнін ормандағы аңдар мен құстар да қызыға тыңдайды екен, ал әтеш болса өзінің дауысының зорлығына сеніп, күні бойы ұясына кіріп, ұйықтаумен болыпты. Ол үнемі ұйықтағандықтан, боғағы салақтап, семіре бастапты. Әрі құйрығы да ұяда үнемі жатқандықтан, қайырыла-қайырыла қайқая дөңгеленіпті. Сөйтіп ол бір жылдың өткенін де сезбей қалыпты. Уағдалы уақытта бұлбұл мен әнші перизат оны іздеп келіпті. Ұйықтап жатқан жерінен оятып алса да, әтешті әзер таныпты. Әтеш болса ерекше семіргендіктен, әуелгідей ұзаққа ұша алмайтын болыпты.

Әнші перизат бұлбұл мен әтешті қатар тұрғызып, жеке-жеке сынақ алыпты. Бұлбұл құйқылжыта сайрағанда, әтеш шаңына да ілесе алмай қалыпты. Бұлбұлдың соншама өнер үйренгеніне қайран қалумен бірге өзінің күні бой ұйқымен болғанын ойлап қатты ұялыпты. Ол іштей ұйқысын азайтуға ант етіпті. Әрі содан бастап әр күні ертемен тұрып өзінің зор дауысы арқылы басқаларды оятып, ізгілікті іс істеу байламына келіпті. Сөйтіп өз кінәсін мойнына алуды ойлапты.

Сол күннен бастап әтеш ұша алмайтын болып қалыпты да, оның есесіне таңнан тұрып шақыратын болыпты. Ал бұлбұл өзінің өнерін қанағат тұтпай, күні бүгінге дейін жаттығады екен.



ӘДІЛЕТШІЛ БАҚА
Бақа кезінде өте әділетшіл болыпты. Ол әрі сол шақта аңдардың тобында екен де, әдемі қызыл қоңыр жүні, ебедейлі төрт аяғы бар екен.

Күндердің бірінде бақа арыстан мен жолбарыстың үстінен аң-құс тәңіріне шағым беріпті. Олардың бейуаз аңдарды қалағанынша қырып-жойғаны мен зорлық-зобалаңын мейілінше әшкерелепті. Мұны естіген аң-құс тәңірі арыстан мен жолбарысты алдырып, оларды тергеуге алыпты, әрі жолбарысқа жүз дүре, арыстанға жүз күндік құрсау жазасын кесіпті. Ол кезде жолбарыс біріңғай қызыл сары өңді екен, дүре аямай соғылғандықтан, оның денесіне оса тиген қамшы қара теңбіл дақ салыпты. Осы күнгі жолбарыстағы белдеу теңбіл сол дүренің ізі екен. Ал арыстанның денесі құрсауға салынып жүз күн қысылғандықтан, оның басы бұрынғы қалпын сақтап жуан болып қалғанымен, дене-тұрқы одан жіңішкеріп кетіпті. Осындай ауыр жазаға ұшыраған арыстан мен жолбарыс бақаға қатты өшігіпті. Одан кек алудың орайын қарастырыпты. Сөйтіп, олар бақаның таудың етегінде жайылып жүрген орайында үйдей тас домалатып, оны бастырып тастапты. Бірақ, әділетшіл бақа бұған өле қоймапты де, “бақ-бақ-бақ” деп зарланып жата беріпті. Бақаның мүшкіл халін көрген жан-жануарлар оның әділет жолында жолыққан қиындығына жандары ашып, оған тамақ, дәрі шөп әкеліп беріпті. Бірақ тасты аударып оны құтқара алмапты. Арыстан мен жолбарыс аң-құс тәңіріне бақаны шағып:

– Бақа құстардың жұмыртқасын қидай сыпырып жүріп, тастың жақпарын қазып жатқанда, тас домалап жазым болды, – дейді. Әрі оны аң-құстар тізімінен өшіртеді.

Бақаның халін көрген жан-жануарлар оны құтқарудың жолын қарастырып бас қатырады. Сонда су тышқан орнынан секіріп тұрып:

– Таптым, таптым, – деп алақайлайды. Ол соны айтып бақа жатқан жердің қасындағы қара судан бақаға қарай ін қазады, іннің аузын бақаның астынан шығарады, әрі ауызды кеңіте қазып, бақаны жерасты жолымен қара суға алып түседі. Бұл кезде тасқа ұзақ басылып жатқан бақаның басы жалпайып, аяқтары да жазылмай бүгіліп қалған еді. Ол енді аң-құстар арасында жасай алмайтынына көзі жетіп, қара судағы тышқанмен достасады. Ол кезде су тышқанның үстінде жүн жоқ, балық тектес жылтыр қара еді, оның өзінің жүніне қызыға қарай бергенін сезген бақа:

– Мен енді аңдардың арасында жасай алмайтын болдым, әрі денем де сиықсызданып кетті, сен мені ажалдан арашаладың, жүнімді саған берейін,–деп жүнін су тышқанға береді. Содан бастап су тышқанның үстінде қызыл қоңыр жүн пайда болады да, бақа су мен құрлықта жасайтын қос мекенді жануарға айналады. Жазықсыз қорланғанына ашынған бақа көл бойларында түнімен айғайлап:



  • Бақ, бақ, бақ,

Ісім менің ақ, ақ,

Бақ, бақ, бақ,

Ісім менің ақ, ақ,

Бақ, бақ, бақ, бақ! – дейді. Осы күнгі біз естіген бақалардың бақылдағаны, әне, сол әділетті бақаның өзін ақтаған жан айғайы екен.


ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ТӨРЕЛІГІ
Күндердің бірінде төрт түліктің арасында “ мінез-құлық бағалауы болады екен ” деген сөз тарапты. Мұны естіген барлығы да өз жақсылықтарын ауыз жаппай мақтай бастапты. Түйе:

– Қара жердің қайығы менмін, бойым еңгезердей, күшім баршылық, шудам жібек, шұбатым тамақ, – деп мақтанады екен.

Жылқы:

– Мінсе көлік, шапса жүйрік, қымызым – дәрі, жал-құйрығым бағалы, жал-жая, қазы-қарта, еттерім дәмді, – деп бөсетін болыпты.



Сиыр:

– Бағым талғамаймын, етім дәмді, артса, жексе көлікпін, сүтім балбұлақ, – дейді екен.

Қой:

– Етім жұмсақ, терім киім, сүтім кәусар, – деп қатардан қалмайтын ыңғай танытады екен.



Ақыры олар күткен бағалау да келіпті. Бағалау кең қорада өткізілетін болыпты да, бас бағалаушы адам екен. Бірақ олар қораға жиналып ұзақ тұрса да, бағалау басталмапты, тек адам оларға көз салып қана біреуді тосқандай отыра беріпті. Бұл күйден жалыққан төрт түлік өзара әңгіме қозғап, әркім өзінің бағалауда ұтатындығын көлденең тартып керіске түсіпті. Түйе басқаларды кеудесімен соғып, маңына жынын шашып бақырыпты. Жылқы маңындағыларды теуіп тістепті. Сиыр басқаларды мүйізімен іреп сүзіпті. Тек қой ғана бұрышқа тығылып тыныш тұра беріпті.

Бір кезде адам бағалаудың аяқталғандығын жариялапты. Бұған аң-таң болған төрт түлік “Бұл қалай болды?” деп шұрқырасыпты. Сонда адам:

– Біз мінез-құлықтарыңды бағалауды сіздердің іс-жүзіндік жағдайларыңыздан іздедік. Түйе бақырауық екен, жылқы тебеген екен, сиыр сүзеген екен, ал қой бұл жолғы бағалаудың жүлдегері болды, – деген екен.
ЖЫЛАН МЕН ШӨЖЕЛЕР
Бір топ шөженің алаңсыз жайылып жүргенін көрген жалпақ басы шұбар жылан оның бірін қылғуды ойлады. Ол осы ойын жүзеге асыру үшін кенеттен шабуылға өтіп, шөжелерге ұмтылды. Тұтқиыл шабуылға өтіп, шөжелерге ұмтылды. Тұтқиыл шабуылдан ес-ақылдарынан адасқан шөжелер бей-берекет бытырай қашты. Жылан соңында қалған бір шөжені қылғып тыныш болды.

Үрейленген шөжелер қашқан бойы ұясына келіп, қызыл қоразға шағынды. Қызыл қораз оларға:

Сендер жылан ұмтылғанда, өзіне қарсы шабуылдасаңдар жеңіске жетесіңдер, берекесіздік түптеріңе жетеді,–деп кеңес береді. Бұл кеңестен кейін өзара ақылдасқан шөжелер ендігі жерде жыланға төтеп берудің қамын жасайды.

Ертеңінде жайылып жүрген шөжелерге дәндеген жылан тағы да ұмтылады. Бұл жолы ол барлық шөженің біреуі алдымен жыланның бір көзін шоқып жібереді, енді біреуі және бір көзін шығарады, тағы біреуі құйрығынан тартып сілкілейді, біреуі төбесін тоқылдата шоқиды. Ары-бері арпалысқан жылан көзінен де, әл-қуатынан да айырылды, шөжелер оны шоқып өлтіреді. Өздерінің жыланды өлтіргеніне мәз болған шөжелер:

– Күш бірлікте екен ғой, – деседі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет