3. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдағы Қазақстан мәдениеті
Қазақ халқының ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдағы мәдениеті ежелгі қазақ жерінде өмір сүріп, қазақ халқын құраған ұлыстар мен тайпалардың материалдық мәдениеті мен рухани мәдениетінің заңды жалғасы және жаңа заманға сай дамып қалыптасқан түрі болды.
Рухани мәдениеті: Қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетінің маңызды бір саласы - қазақ шежіресі екені анық. Қазақтың байырғы салт-дәстүрі бойынша әрбір қазақ азаматы өзінің жеті атасын білуге тиісті еді. Мұны балаларына үйрету әрбір атаның, отбасы тәрбие-сінің негізі болды. Тек ата-анасынан айырылған жетімдер ғана мұндай тәрбиеден қалған. Соның үшін қазақ қауымы “жеті атасын білмеген жетімдіктің салдары” дейді. Ру, тайпа және жүздің шежіресін таратып айта алатын адамдар халық ішінде құрметтеліп “шежірешілер” деп аталды. Ерте заманда шежіре ауызша түрде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілсе, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда бірсыпыра шежірелік жинақтар таспаға түсірілген. Олар: “Көшен-Қарауыл шежіресі” (ХVІІІ ғ.), “Жәңгір хан шежіресі” (1835), Ш.Уәлиханов жазып алған “Ұлы жүздің шежіресі” және т.б.
Сол сияқты ХVІІІ ғасыр “ақындар поэзиясы ғасыры” деп аталған. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің өте құнды мұралары – ақын-жыраулардың өлең-жырларында халықтың өмір тіршілігі, көңіл-күйі, салт-санасы, өндірісі мен тұрмысы, мінез-құлық өлшемі, сол дәуірдің рухы бейнеленді. Олар халық басына келген қайғыға да, жұрт кенелген мерейге де ортақ болды. Ел басына ауыр күн туғанда шапқыншы жауларға қарсы жан аямай күресіп, елін қорғаған ерлерді дастан етіп жырлап отырды. ХVІІІ ғасырда танымал болған Ақтамберді, Тәттіқара, Үмбетей, Бұқар, Шал, Көтеш секілді жыраулар өз өмірінде ұшан-теңіз жыр шығарды. Қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орын алатын ХVІІІ ғасырдағы атақты жырау Бұқар Қалқаманұлының (1668-1781) бірнеше шығармалары сақталған. Ол тәуелсіздікті сақтау және нығайту идеясын білдірген көрнекті дидактикалық өлең-толғаулар шығарған. Қазақ ханы Абылайды қолдап, әр түрлі даулар мен таластарды шешкен. Жырау қазақтың барлық үш жүзін біріктіріп, бір орталыққа қараған күшті мемлекет болуын армандады. Тәттіқара, Үмбетей, Шал, Көтеш сияқты жыраулардың жырлары халық жадында үзік-үзік сақталған. Үмбетейдің Бөгенбай батырдың қайтыс болуына арналған естірту жыры - жоқтауы белгілі. Үмбетей жоқтауында Бөгенбай - халық қорғаушысының мінсіз бейнесі. Ал Тәттіқара ақын қатардағы жауынгер ретінде көптеген шайқастарға қатысып, жорықта туған толғауларында жауынгерлерді бостандық жолындағы күресте қандай да болсын қиыншылықтың алдында бас имеуге шақырады.
XІX ғасырда қазақ әдебиеті ұлттық дарынды тұлғалардың көптігімен де, бір-біріне ұқсамайтын дара туындылардың сан қырлы сипатымен де ерекшеленді. Бұл дәуірде айтыс өнері дамып, даңқты ақындар Жанақ, Шөже, Орынбай, Түбек, Сүйінбай, Шернияз, Біржан, Бақтыбай, Жамбыл сияқты әйгілі ақындар қатары Сара, Ырысжан, Ұлбике, Тәрбие, Ақбала және басқалар сияқты ақын қыздардың есімдерімен толықты деуге болады. Түрі мен мазмұны жағынан айтыстар бір-біріне ұқсамайды. Олардың кейбіреулерінің негізгі мазмұнында халықтың өмірі, оның шаруашылық-тұрмыстық проблемалары, рулық қоғамдастықтың ерекше-ліктері сөз болса, Біржан мен Сара айтысында қазақ әйелдеріне жеке бостандық беру мәселесі көтеріледі. Мұндай айтыстармен қатар бірін-бірі қалжыңмен қағыту, танысу, амандасу, көңіл көтеретін әзіл-оспаққа құрылған айтыс түрлері де аз кездеспейді.
Осы кезеңнің музыкалық мәдениетінде Махамбет Өтемісұлы (1804-1846) өзіндік даралығымен көрінді. Ол 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы бастаған шаруалар көтерілісінің белсенді қатысушысы ғана емес, көтерілістің “жаны” мен “жылнамашысы” болды. Оның “Исатай көтерілісі”, “Исатайдың өлердегі сөзі” сияқты шығармалары көтерілісті жан-жақты сипаттады.
Сол сияқты Шернияз Жарылғапұлы (1817-1881) Кіші жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресінің жыршысы және ту көтерушісі болды. Жалынды жырларымен халықты күреске үндеді.
Шығармалары қайшылыққа толы, күрделі тұлға саналған зар-заман ақындары да қазақ әдебиетінде өзіндік орын алады. Зар-заман ақын-дарының көрнекті өкілдері - Дулат Бабатайұлы (1802-1874), Шортанбай Қанайұлы (1818-1881), Мұрат Мөңкеұлы (1843-1909). Олар қазақ халқының өмірін ақиқатпен жырлаған ақындар болды. Ахмет Байтұрсыновтың “Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуында” деп тұжырымдағаны сияқты, бұл ақындар да қара басын күйттеген ақын емес, халқының үнімен елдің мұңын жеткізуші болды. Зар-заман ақындары өмір сүрген кезең патшаның отаршылдық саясаты дәуірлеп, қазақ жерінің нағыз талауға түскен кезі еді. Мәселен, Мұрат Мөңкеұлы “Үш қиян”, “Сарыарқа”, “Әттең, бір қатты дүние-ай” сияқты толғау-дастандары арқылы қазақ жерін отарлаушы-ларды батыл әшкерелеп, озбыр саясатқа қарсы тұрса, Дулат Бабатайұлы “Бейшара менің қазағым”, “О, Сарыарқа, Сарыарқа” өлеңдері арқылы қазақтың ауыр тұрмысын бейнелейді.
ХVІІІ-ХІХ ғасырларда ақын-жыраулық поэзиямен қатар шығыстық ақындық дәстүр үлкен орын алды. Қазақтың дастандары араб-парсы әдебиетімен, фольклорымен байланыста болды. Абай қазақтың классикалық әдебиетіне дастандар алып келді. (“Ескендір”, “Масғұт”, “Әзімнің әңгімесі”). Абай (Ибраhим) Құнанбайұлы (1845-1904) өзі туған ортадан шоқтығы биік тұрды. Оның пікірінше, әрбір ойлы адам қоршаған өмір шындығына өзінің саналы көзқарасын қалыптастыруға тиіс. Абайдың бүкіл шығармашылығы әрекетсіздік пен жалған ұятқа деген ымырасыздық идеяларына толы. Ол ел ішінде бірлік пен татулық болғанда ғана қоғамның негізгі күштері - ғылым, алдыңғы қатарлы идеялар, мәдениет толық көлемде дами алады және бүкілхалықтық игілік әкеледі деп санады. Қоғамды алға дамыту жолдарын үнемі іздестіріп отырды. Яғни, бұл даму егіншілікті, қолөнерді, сауданы дамытумен тығыз байланыстырылды. Ұлы ақын:
Егіннің ебін,
Сауданың те гін
Үйреніп, ойлап, мал ізде”
деген болатын. Сол сияқты ақын орыс әдебиеті мен мәдениетімен таныс болды. М.Ю. Лермонтов, А.С.Пушкин, Н.Крылов шығармаларын аударумен шұғылданды. Орыс әдебиеті үлгілерін қазақ халқы арасына тұңғыш таныстырушы болып, олардың өскелең идеяларын насихаттады.
Осы кезеңнің дара тұлғаларының бірі ретінде Ш.Уәлихановты (1835-1865) атаймыз. 1856 жылы Ш.Уәлиханов екі экспедицияға қатысады. Біреуі Орталық Тянь-Шань арқылы Алакөлден Ыстықкөлге дейінгі, екіншісі - дипломатиялық тапсырма бойынша Құлжаға сапар. 1857 жылы Уәлиханов Алатау қырғыздарына тағы да сапар шегіп, қырғыз халқының энциклопедиялық дастаны “Манасты” көшіріп алды. Ыстықкөлге экспедиция кезінде Ш.Уәлиханов тарихи деректермен қатар көненің көзі - ерте заман бұйымдарының құнды үлгілерін жинады. “Ыстықкөлге барған сапардың күнделігі”, “Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы”, “Қырғыздар туралы жазбалар” деген тарихи-этногра-фиялық туындылары жоғарыда аталған сапарларының нәтижесі болатын. Ш.Уәлихановтың ғылыми қызметі Орыс географиялық қоғамының назарын аудартып, 1857 жылдың ақпанында ол қоғамның толық мүшелігіне қабылданады. Оның ғылыми мұрасы Қазақстанның және көп ұлтты Ресейдің, басқа да халықтардың проблемаларының өзекті тұстарын қам-тиды. Шоқан Орта Азия мен оған іргелес жатқан аймақтар халқының гео-графиясын, этнографиясы мен фольклорын зерттеуге де үлкен үлес қосты.
А.Құнанбаев пен Ш.Уәлиханов XІX ғасырдағы екі үлкен білім жүйесінің өкілдері болды: діни (мұсылмандық) және зайырлы (орыстық). Мектеп пен медреселерде діни білім беріліп, молдалар мен мұғалімдер даярланды. Медреселерде теологиялық діни білім философия, тарих, әдебиет, астрономия, медицина, математика, лингвистика пәндерін оқытса, зайырлы оқу орындары қазақтарды Ресейге қызмет ету мен орыс мәдение-тіне қызығушылық жолдарына салды. Олар отарлау аппараттарына шенеуніктер, аудармашылар, оқытушылар, әскерилер, дәрігерлер даярлады.
Орынбордағы зайырлы оқу орындарының бірін 1857 жылы танымал жаңашыл-педагог, ағартушы Ы.Алтынсарин аяқтайды. Ы.Алтынсарин (1841-1889) бастамасымен және тікелей қатысуымен Қазақстанда халықтық азаматтық мектептер желісінің құрылуына қол жеткізілді. Ол, әсіресе, қолөнер және ауылшаруашылығы училищелерін ашуға көп күш-жігер жұмсап, байырғы халық арасынан Қазақстанның экономикалық дамуы үшін қажетті мамандар даярлауға ерекше мән берді. Ы.Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арнап “Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы” және “Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық” атты оқу құралдарын жазды. Орыс кластарына қазақ тілінен сабақ беріп, ол ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамыту, қазақ әдеби тілін қалыптастыру жолында жемісті еңбек етті.
XІX екінші жартысында Қазақстандағы музыка өнерінің дамуына Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Тәттімбет Қазан-ғапұлы, Ықылас Дүкенұлы сияқты композитор-музыканттар үлкен үлес қосты. Домбыра, қобыз, сыбызғы сияқты музыкалық аспаптар арқылы түрлі эпостарды, тарихи дастандарды, аңыз-әңгіме мен жырларды орындап отырды. Аталған композиторлардың дүниетанымы тарихи тұрғыда шектеулі бола тұрса да, олардың шығармаларында әлеуметтік қайшылықтар бейнеленді. Біржан Қожақұлы, Мұхит Мералиев, Ақансері Қорамсаұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы, Құлтума Сармұратұлы сияқты және тағы басқа көптеген ақын, әнші, композиторлардың шығармашылық және орындаушылық шеберлігі арқасында қазақ ән мәдениетінің классикалық үлгілері дамып, жоғары дәрежеге көтерілді.
Достарыңызбен бөлісу: |