Шартты рай тұлғасының сөз тіркесін түзудегі қызметі.
Шартты рай тұлғасының керек сөзімен тіркесі Абай тіліндегі аса бір қызғылықты морфологиялық тәсілдердің бірі. Р.Сыздық «Жұрт айтқан сол ант мезгіл келсе керек. Мен де, сен де амалсыз көнсем керек» мысалдарын талдау арқылы -са, -се керек тұлғаларына біраз тоқталған.
Қ.Есенов «Шартты рай тұлғалы сөздердің жай сөйлемдегі кейбір қолдану ерекшеліктері» еңбегінде шартты рай тұлғалы сөздердің шартты бағыныңқы сабақтас сөйлемнің баяндауышы болу қызметімен қоса, олардың қыстырма сөз ретінде (мен білсем), тұрақты тіркес ретінде (айтса айтар, айтпаса қояр), түйдекті тіркестер ретінде (Базаралы болса) жұмсалатынын да айтады. Шартты рай жұрнақтарының сөз тіркесін құраудағы қызметін алғаш рет профессор Т.Сайрамбаев сөз етті. Ғалым: «Етістіктер етістіктермен мағыналық жағынан үйлесімді келе отырып, олармен іргелес тұруы арқылы байланысады» [18, 128-б.], - дейді.
-са жұрнақты шартты райдың керек деген модальдық сөзімен тіркесі өзге кейбір түркі тілдеріндегідей, бір нәрсенің болу-болмауы, іс-әрекеттің орындалу-орындалмауын шамалау, тұспалдау мағынасын береді де, осы күнгі -у, Абай тіліндегі -у және -мақ жұрнақты қимыл есімімен қызметтес болып келеді. Абай прозасында да, поэзиясында да бұл тіркесті жиі қолданған. Барлығында да топшылау, шамалау реңкі сақталып, -у (-мақ) жұрнақты тұлғалардың дублеті ретінде берілген.
Өзіне һәм өзгелерге не пайдалы, жақсы іс болса, соны қылса керек.
9-сөзде: Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уә әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді [22, 25-б.].
13-сөзде: Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел - испат қыларға жараса, мұны якини иман десек керек [22, 31-б.].
Бұл келтірілген мысалдардың барлығында да іс-әрекет шақ категориясынан тыс ұғымда. Ал кейде Абайда бұл конструкцияның өткен шақтық ұғымда жұмсалғаны да байқалады, онда да шамалау, тұспалдау мәні сақталады.
Керек сөзінің орнына Абайда кейде бол, жарайды сөздері алмасып келе береді: Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады – оқу керек. Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды – болуы керек.
Шартты рай тұлғалы сөз тіркестері көп жағдайда болжалды, күмәнді, айғақсыз мағыналарды білдіреді.
Сөз тіркестерін құрауда грамматикалық формалардың қызмет жағынан бір-бірімен келуінің себептері өте көп. Оның бір себебі – грамматикалық формалардың даму процестері біртіндеп алшақ жатқан формалардың өзін бір тұста жуықтастырады: таза оқыса болады – оқу керек, әмірші жүрек болса жарайды – болуы керек.
Сөз тіркестерін құрауда түрлі құбылыстар, тұрақты ережелерден ауытқулар болып тұрады. Соның бірі, негізінен, жұрнақтар арқылы байланысып, түрлі қатынасты білдіретін сөз тіркестерінің жасалуы.
Достарыңызбен бөлісу: |