Сөйлем компоненттерінің орын тәртібі арқылы берілуі.
Инверсия (сөздердің сөйлемдегі орындарын алмастырып қолдану) тәсілі Абай қара сөздерінде мақсатты түрде қолданылған. Мысалы, бірінші сөздегі: Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ. Келтірілген мысалда ой екпініне басымдық беру мақсатында сөйлем мүшелерінің орны ауысып келген. Орын тәртібі тәсілінің сөйлемге экспрессивтік мән беретіндігі туралы көптеген еңбектерде айтылған. Мәселен, М.Балақаев: «Сөйлем мағынасын түрлендіріп, ондағы жеке мүшеге ерекше стильдік қызмет арту үшін, оны басқа сөзбен орын ауыстырып айтуды инверсия дейміз» [34, 208-б.], – дейді. Бұдан сөздердің сөйлемдегі үйреншікті орны ауыстырылып айтылса, сол сөзге ой екпіні түсіп, оған ерекше мән беріліп жұмсалады деген ойды түсінеміз. Мысалы, баяндауыштың қазақ тіліндегі әдеттегі орны – сөйлемнің соңы. Егер оған инверсия жасап, ой екпінін түсірсе, сөйлемге өзгеше мағына беретіні түсінікті. Сол себептен, кейбір ұран мағыналы лепті сөйлемдерде оны бірінші орынға қойып айтамыз. Бұл жөнінде профессор Р.Әміров: «Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері» атты еңбегінде: «сөйлем мүшелерінің орын тәртібінің өзгеруі сөйлемнің ой екпінін түсіру (актуализация) мақсатына байланысты. Актуализация сөйлеу үстінде көп ескерілетін талап болғандықтан, оны жүзеге асырудың тұрақты тілдік амалдары қалыптасқан. Солардың бір амалы – сөйлемнің белгілі позициясы» [35, 90-б.], - деп инверсия жасаудағы сөйлем мүшелерінің орны туралы тың пікір айтады. Яғни, грамматикалық амалдардың да, оның ішінде баяндауыш формасының тигізетін әсері туралы айтып өтеді.
Абай прозасының мәтіндерінде сөйлем ішіндегі сөздердің орын тәртібін ауыстырып келуіндегі тағы бір ерекшеліктерді үш топқа бөліп қарайтын академик Р.Сыздық оларды: «бір тобы деп дәнекерімен келген сөйлемдер, екіншісі – компоненттерінің орны ауысып жүрген сабақтас және кейбір салалас құрмаластар, үшінші тобы – мүшелерінің орны ауысып келген жай сөйлемдер» [36, 304-305-бб.], - деп жіктейді. Ғалым Абай прозасындағы де дәнекерлігімен келген конструкцияның өзін екіге бөліп: біріншісін – жиі кездесетін төл сөз құрылымдас, екіншісін – қарапайым құрмалас сөйлем құрылымдас деп қарастырады.
Шынымен, өзге де көптеген грамматикалық тұлға-тәсілдер сияқты, бұл тәсілдің де түп-төркіні ауызекі сөйлеу нормасынан шығып отыр. Ауыз әдебиетінің прозамен берілгендерінде сөйлемнің деп-ке аяқталуы – қалыпты жүйе екенін аңғартады.
Деп дәнекерінің сөйлем соңында келуі сөйлеу тілінің нормасы дегенді көптеген зерттеушілер атап көрсеткен болатын. Н.Сауранбаев деп-пен келген сөфлемдердегі бағыныңқының басыңқыдан кейін келуі негізгі ой айтылған басыңқыға екпін түсіру үшін қолданылған деген тұжырымға келеді. Төл сөзден жасалған аралас құрмалас сөйлемдердегі «деп, деді, деген еді» көмекшілерінің ерекшеліктерін жан-жақты аша білген профессор С.Аманжолов болатын. Ғалымның айтуынша, мұндағы көмекшілердің атқарар рөлі зор. Ол алдыңғы сөйлемді бірде тиянақсыз, бірде тиянақты етіп тұрса, енді бірде алдыңғы сөйлемдер «соңғы деп еді етістіктердің орауына түсіп, бір-ақ сөйлем есебінде» айтылады.
Академик Р.Сыздық: «деп, депті, деді дәнекерлері сол сөйлем ішінде айтты, ойлады деген сияқты мәнді етістіктердің мағынасын қайталап, сөйлем аяғына тағы бір рет келуі екі ортадағы конструкцияның төл сөз екенін таныстыратын белгі ретінде де қызмет атқаруы мүмкін» [36, 307-б.], - деген орыс ғалымы Н.К.Дмитриевтің пікірін алға тартады. «Бұл тәсілдің ауызекі сөйлеу тілінде пайда болып, түркі тілдерінде (мысалы, қазақ тілінде) көпке дейін жазба үлгілерден орын алып келуі ешбір тыныс белгісі жоқ араб жазуына да байланысты болуы әбден ықтимал» [36, 307-б.], - деп «қазіргі әдеби тілімізде деп дәнекерінің дәнекерленуші компоненттерінің ортасында, яғни сөйлем ортасында келетін тәртібі әбден қалыптасқан норма» [36, 307-б.] екенін мысалдармен дәлелдей түседі.
Бірінші топтағы деп дәнекерімен келген сөйлемдерге мысалдар:
2-қара сөзде: Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы» деп.
Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе: «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы», - деп күлуші еді.
Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе - шаршап, жаяу жүрсе - демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, башалшік ноғай» деп.
Ноғайды көрсе: «түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе - шаршап, жаяу жүрсе - демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, башалшік ноғай», - деп оны да боқтап күлуші еді.
Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп. Орыс ойына келгенін қылады деген... не айтса соған нанады, «ұзын құлақты тауып бер депті» деп.
Достарыңызбен бөлісу: |