8. «Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – еліміздегі аса құнды жәдігер, сәулет өнерінің керемет туындысы» тақырыбында ұлттық сәулет өнеріне тән белгілерді сипаттай отырып, эссе жазыңыз. ЖМ Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі - Орта Азия мен Қазақстандағы теңдесіз тарихи жәдігер. Бұл ғажайып сәулет өнерінің туындысы өз бойына ертеден келе жатқан жергілікті және Шығыс мұсылман құрылыс тәжірибесін жинақтаған бірегей ғимарат. Бұл ғажайып ғимарат Әулиелердің Сұлтаны Құл Қожа Ахмет Ясауиге зор құрмет ретінде, оған деген халықтың шексіз сүйіспеншілігіне орай, Әмір Темірдің бұйрығымен 1397 жылы салына бастаған. Қ.А. Ясауи сәулет ғимараты айқын, дәл әрі үйлесімді жоспармен салынған. Деректерде Әмір Темір кесененің салынуына бұйрық беріп, әрі жобасын жасауға да тікелей қатысқан. Қожа Ахмет Ясауи сәулет ғимараты - аса үлкен порталды-күмбезді құрылыс.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесi тек ортағасырлық сәулет өнерiнiң керемет туындысы ғана емес, сол сияқты ортағасырлардан сақталған бай тарихи мұраларды сақтап отырған киелi орын ретiнде де тарихта белгiлi орны бар ескерткiш. 1978 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі республикалық музей ретінде ашылып халыққа қызмет көрсете бастаған кезде музей қорында 300-ден аса жәдігер болған. Музей қорына қабылданған алғашқы жәдігерлер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ХIV ғасырдан сақталған, Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған қола және ағаш бұйымдар.
Қ.А. Ясауи кесенесі жамағатхана, қабірхана, мешіт, кітапхана, үлкен ақсарай, кіші ақсарай, асхана, құдықхана және бірнеше құжыра бөлмелерден тұратын, діни-ғұрыптық, діни-ағартушылық, тұрмыс-салттық қызмет түрлерін атқаруға арналған аса күрделі, аса зор кешенді құрылыс болуымен ерекшеленеді. Сонымен қатар, музей экспозициясы ескерткіштің құрылымы мен безендірілу ерекшеліктермен, ежелгі Түркістан қала құрылысымен, Қазақстан жеріндегі жазба мәдениетінің тарихымен, қазақ халқының қол-өнерімен таныстырады.
Қожа Ахмет Яссауи Кесенесінде көптеген құпия жасырынған. Ғалымдар бұрыннан-ақ не себепті бұл ғимараттың сол уақыттағы барлық діни ғимараттар секілді Меккеге бағытталмағанына бас қатырауда. Ал келесі құпия кесененің іргетасында жатыр, себебі ол мүлде жоқ! Іргетастың орнын қалыңдығы бір жарым метр болатын, көп қабатты балшықты негіз қойған. Соған қарамастан, мұражай көптеген соғыстар мен жер сілкіністерін басынан өткеріп, алты ғасыр бойы құламай келген. Іргетастың болмауын балшықты-дәкелі негіздің өзі жеткілікті деп түсіндірген. Аңызға сүйенсек, кесененің құрылысы кезінде мыңдаған өгіздерді айдап әкеліп, болашақ ғимараттың платформасын таптату үшін, шеңбер бойымен жүргізген деседі. Ал келесі тарихшылар Темірланның тұсында да ниеті таза емес, өз ісін шала істейтін жалдамалы жұмыскерлер болған дегенді алға тартады... 2000 жылдың басында кесененің көне қабырғаларының астына бетонды іргетас жүргізіліп шықты. Кесене 1723 жылы жоңғар шапқыншылығы кезінде, 1846 жылдары қоқандардың шабуылында, сондай-ақ 1856 жылы патша әскерінің соңғы шабуылы тұсында зақымданған болатын. Ескерткіштің он бір жерінде зеңбірек оқтарының іздері сақталған. Кесененің келесі құпиясы – қаптайтын тақталарды сырлаған көне жылтырақтар мен бояуларды қалай өндіргендері. Жаңа технологиялар бұрынғы шеберлердің нәтижесін қайта жаңғыртуға көмектесе алмады. Күмбездің қаптамасын заманауи тақталармен жаңартқан кезде бір жыл өте салысымен қаптаманы шешу керек болатын, себебі күмбез судың салдарынан ісіне бастаған. Ал ежелгі құрылысшылар су өткізбей ғана қоймай, сонымен қатар күмбездің табиғи жолмен ауа алмастырып тұруына қол жеткізген. Түркістанға жол тартқан кез келген құлшылық етуші адам, түркі елдерінің рухани тәлімгері, артында қалған ұрпағы «Далаға Ислам жарығын әкелуші» деп бағалайтын, танымал Әзірет Сұлтан жерленген, Әмір Темірдің бұйрығымен бой көтерген күмбезге бас сұқпай кетуі мүмкін емес деседі.
Қорытындылай келе, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, һәм діни һәм бағалы сәулет туындысы ретінде дүниенің төрт бұрышынан келген саяхатшылар мен зияратшылардың үзіліссіз бас сұғатын орнына айналды.