2. Қарым-қатынастың перцептивті механизмдері: эмпатия, идентификация, децентрация, аттракция, толеранттылық, рефлексия, кері байланыс. Адамды адамның қабылдауы мен түсінуінің механизмдеріне: идентификация, эмпатия, рефлексия, аттракция, атрибуцияны жатқызуға болады
Идентификация дегеніміз – бұл басқа адамды сол субьектінің өзінің ерекшеліктеріне саналы немесе санасыз ұқсастыру арқылы түсіну тәсілі.Идентификация, қазақша «теңестіру», «ұқсастыру» ұғымдарына жақын, яғни өзіңді басқа адаммен теңестіру, өзіңді сол адамның орнына қою. Идентификацияда басқа адамның құндылықтар нормасы, мінез-құлқы, талғамдары игеріледі. Әсіресе, жеткіншектік кезеңде оның мәні зор. Көптеген зерттеулерде идентификацияның оған жақын ұғым эмпатиямен тығыз байланысты. Қарым-қатынас жағдайында адамдар өзін сол адамның орнына қою әрекеті негізінде басқа адамның ішкі қалпы, ой ниеті, мотивтері мен сезімдері туралы болжамдар жасайды.
Эмпатия – басқаның қуаныш-сүйініштерін дұрыс сезіне білу қасиеті. Қарым-қатынас жасаудағы эмпатияның болуы психолог, педагог, әлеуметтік қызметкердің кәсіби маңызды қасиеттерінің бірі. Эмпатияны басқа адамды сезіну, оның тебіреністеріне бой ұсына білу деп анықтауға болады, оның эмоциялық жағы басым, егер идентификацияда басқаның «проблемасы» «ойланылса», эмпатияда «сезініледі». Екеуінде де басқаның орнына қоя білу көрінеді, бірақ бастапқысында өзін партнермен теңестіру механизмі, ал соңғысында басқамен теңестіру қажет емес, өз пікірі болуы мүмкін, дегенмен басқаның проблемасын сезіну іске асырылады.
Стереотипизация – қарым-қатынас кезінде адамның жасына, жынысына, ұлтына, бет әлпетіне, дене бітіміне, т.б. қатысты адекватты емес қорытынды жасау.
Децентрация – қарым-қатынасқа түсуші адамның позициясын қабылдай алу.
Субьектінің қарым-қатынас серіктесінің оны қалай қабылдайтынын түсіну рефлексия деп аталады. Рефлексия басқа адамды қабылдау құрамына жатады. Сонымен, адамды адамның қабылдауын екі еселенген айналы бейнеленуге ұқсастыруға болады. Адам басқа адамды бейнелегенде, өзін де сол басқаның қабылдау айнасында бейнелейді. Қарым-қатынас процестерінде идентификация мен рефлексия бірігіп әрекет етеді. Егер де әрбір адам басқа адамдар туралы ғылыми негізделген толық хабарлармен қамтамасыз етілген болса, онда ол олармен өзара әрекет ету жолын қатесіз құрастырған болар еді. Алайда күнделікті өмірде субьект нақты хабармен қамтамасыз етілмеген болғандықтан басқаларға олардың әрекеті мен қылықтарының себептерін есептеуге мәжбүр болады. Рефлексияны әлеуметтік психологияда зерттегендер: Дж. Холмс, Г. Гибш пен М. Форберг.
Қабылданатын адамға деген эмоциялық көзқарастардың пайда болу механизмдерін анықтаумен байланысты зерттеу аймағы – аттракция деп аталады. Аттракциның қазақша мағынасы – тартымдылық дегенге жақын. Аттракция, бір жағынан, қабылдаушы үшін басқа адамның тартымдылығының қалыптасу процесі, екіншіден, осы процесс өнімі, яғни көзқарастардың біршама сапасы. Қарым-қатынастың перцептивті жағын зерттегенде осыны есте тұтқан жөн, себебі, бір жағынан, адамдар арасында бір-бірін ұнатушылық, достқ сезімдері немесе, керісінше, жақтырмау сезімдерінің қалыптасуы, екіншіден, бұл құбылыстың қарым-қатынастағы маңызы қандай деген мәселелер туындайды. Аттракцияны бір адамның екінші адамға деген әлеуметтік бағдары және сол жағдайда эмоциялық компоненті басым деп қарастыруға болады. Аттракцияның түрлі деңгешйлері анықталған: ұнатушылық, достық, сүйіспеншілік. Кеңестік әлеуметтік психологияда аттракция көп зерттелінбеген. Қазіргі кезде топтық іс-әрекетте аттракцияны зерттеу қолға алына бастады.
Әлеуметтік психологияның ерекше саласы – каузалды атрибуция деп аталады. Зерттегендер: Г. Келли, Э. Джонс, К. Дэвис, Д. Кенноуз, Р. Нисбет, Л. Стрикленд. Атрибуцияның аудармасы, телу, есептеу дегенге келеді. Латын тілінен аударғанда «causa» - себеп, яғни каузалды атрибуцияны – себепті телу деп түсінуге болады. Каузалды атрибуция адамдар туралы алынған мәлімет жеткіліксіз болғанда, оның мүмкін әрекеттері мен қасиеттерін тауып, сол обьектіге телу жағдайы. Г. Келли атрибуцияның үш түрін қарастырады: жеке тұлғалық атрибуция, обьектілік атрибуция және жағдайлық атрибуция. Бақылаушы көбіне жеке тұлғалық атрибуцияны пайдаланады, ал қатысушы көбінесе жағдайлық атрибуцияны. Мұндай жағдайлар, әсіресе табысқа жету мен сәтсіздік себептерін телігенде айқын көрінеді. Әлеуметтік психологияға енгізген Ф. Хайдердің идеясы бойынша, адамдар негізінде былай ойлайды: «жаман адамға жаман қасиеттер тән», «жақсыға – жақсы қасиеттер», яғни «жаман» адамдарға әрқашан жаман істер телінеді, ал «жақсыларға» - жақсы істер телінеді. Сонымен қатар каузалды атрибуция теориясында «жаман» адамға теріс істер телінгенімен, қабылдаушы өзін тек оң әрекеттер жасаушы деп бағалауы да қарастырылады. Көптеген эксперименттердің нәтижелері адам қабылдауында маңызды рол атқаратын бағдар (установка) мәселесіне келіп тіреледі, әсіресе, оның маңызы таныс емес адам туралы алғашқы ой қалыптасуында ерекше екенімен анықталады.