Мәтінді оқу
Мәтінді оқу- дұрыс қабылдауға байланысты жүргізілетін жұмыс түрі. Мұнда түрлі тәсілдерді қолдануға болады. Көпшілік мұғалімдер, егер шығарманың мазмұны күрделі, көлемі ұзақ болмаса, оны өзі дауыстап оқып шығады немесе балаларға оқытады.Шығарма бірінші рет оқылғанда, оқушылар ондағы кейіпкерлердің істерімен танысуға тиіс. Сондықтан шығарма әуелі тұтас оқылғаны тиімді. Өйткені бөлініп оқылса, балалар оның мазмұнын толық ұғына алмайды. Шығарманың мазмұнын бір оқығанда-ақ оқушылардың көкейіне қондырып, санасына жеткізу үшін ол нақышына келтіре мәнерлеп оқылуға тиіс. Шығарма алғаш оқылғанда нашар оқитын оқушыларға оқытылмауы керек. Мұғалім шығарманы әуелі өзі оқып көрсеткені дұрыс. Кейде оқу техникасын меңгерген мәнерлеп, жақсы оқитын оқушыларға да оқытуға болады.Бірақ, әсіресе, ырғағы қиын немесе жолдары ұзақ, баланың демі жетіңкіремейтін өлеңдер, көркем фразалар мен сөз өрнектері кездесетін шығармаларды мұғалімнің өзі оқығаны жөн. Шығарманы бір рет тұтас оқып шыққан кезде балалар оның мәнін терең ұғына қоймайды, шығарма туралы оларда жалпы ұғым ғана қалыптасады. Енді осы тұтас қабылдаудан бірте-бірте оның жеке бөлімдерін талдауға көшу керек. Бірақ қайталап оқуға кіріспес бұрын оқушылардың мәтінді алғашқы қабылдау дәрежесін тексеру қажет. Мұғалім мәтіннің мазмұнын балалардың дұрыс түсінген- түсінбегенін, әңгіменің қай жері ерекше әсер еткенін біліп, ойларына бағыт беру үшін екі-үш сұрақ қояды. Сұрақ көбінесе негізгі фактіні анықтау үшін қойылады.
Достарыңызбен бөлісу: |