«ІЛИЯС МҰРАСЫ ЖӘНЕ АЛАШТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ»
атты республикалық ғылыми-тәжірибелік студент жастар конференциясының материалдары
110
де (көркем мәтіннен тыс), көркем мәтін құрылымында да белгілі бір тарихи-мәдени
стереотип құрады немесе сол стереотипке негізделеді. Жалқы есімнің сондай ұлттық-мәдени,
ұлттық-тарихи стереотипке негізделген тарихи-мәдени семантикасы (коннотациясы) тіл
иелерінің аялық білімінде (фоновые знания) сақталады.
Орыс ғалымы О.И.Фонякованың пікірінше, жалқы есімнің мағыналық құрылымына
грамматикалық (категориялық), лексикалық, “психикалық” семантика, сонымен бірге түрлі
тілдік коннотациялар (стилистикалық, эмоционалдық, экспрессивтік т.б. реңктері) енеді.
Жалқы есімдердің осы мағыналық өрісіне және де мәдени-тарихи семантика кіреді, оның
әлеуметтік және энциклопедиялық сипаты болады – басқа сөзбен айтқанда, жалқы есімнің
семантикасының бұл түрін, О.И.Фонякованың пікірінше, аялық білім (фоновые знания) деп
те атауға болады [3, 23 б.].
Мәдени-тарихи семантикаға ие, қазақ тілі иелеріне (сөйлеушілерге) танымал, яғни
аялық білімінде бар топонимдер қатарына “Үркер”, “Елең-алаң” романдарында қолданылған
Мәртөбе, Алатау, Қаратау, Сайрам, Түркістан, Сарыарқа, Ұлытау, Жиделі Байсын т.б.
географиялық есімдер жатады.
Аталған топонимдерге қатысты қазақ ұлты өкілдерінің аялық білімінде тарихи-мәдени
ақпараттар (әртүрлі деңгейде) бар деп айтуымызға болады. Осы географиялық атаулардың
мәдени-тарихи семантикасына байланысты ақпараттар мен мәліметтерді Ә.Кекілбаев
“Үркер”, “Елең-алаң” романдарының көркем мәтіндерінде де берген.
Мәселен, қазақ хандықтарының тарихында бүкіл қазақ еліне қатысты үлкен тарихи-
мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдау үшін үш жүздің өкілдік-билері, батырлары,
хандары т.б. әдетте Сайрам маңындағы Мәртөбеге, Түркістан тұсындағы Күлтөбеге жиналатын.
Демек, Мәртөбе, Күлтөбе топонимдерінің мәдени-тарихи семантикасы осы дәстүрмен
байланысты деп айтуымызға болады және олардың аталған семантикасы әр қазақтың аялық
білімінде өткен тарихи кезеңдерде бар болған деп топшылауымызға негіз бар.
Мәртөбенің ұлттық-мәдени сипатын, мәдени-тарихи семантикасын Ә.Кекілбаев
“Үркер” романында толығымен, кең әрі көркем күйінде аша білген. “Бұрын үш жүздің
дастарқаны бірге жайылып, қамшысы қатар жатар мұндай жиындар Сайрам шаһарының көк
желкесіндегі Мәртөбеде өтуші еді,”- деп баяндай бастаған Ә.Кекілбаев Мәртөбе басындағы
үш жүз жиналыс-мәслихаты жайында жалпы Мәртөбеге қатысты тарихи-мәдени
ақпараттарды романның жеті бетіне тарқатып, кең көлемде суреттейді. Мәртөбе топониміне
қатысты мәдени-тарихи ақпараттардың бір шетін көрсету үшін “Үркер” романынан мына бір
үзіндіні келтірейік: “Көк аспанға елу мың түтін сылаңдап жарыса көтерілген ызғындай
шаһардың қыр арқасында шөккен нардай боп оқшау төбе тұрар-ды. Бұл құдірет осы жерге
қолмен қондырғандай, терістікке сауырын, күнгейге маңдайын төсей жығылған, ұзындығы
бес жүз қадам, ені отыз-қырық қадам бар биік төбенің басына шығып қараған кісінің көз
алдына қазақ өлкесінің біраз торабы түгел сайрап келе қалар-ды.
Күн шығыста қысы-жазы барыстың жонындай шұбарытып Алатау бұлдырар-ды.
Одан күнгейге қарай сәл еңкейе сол бір алыстағы ала шабыр ұзын шұбақ көштің
алдына түсіп, көші-қон барлап келе жатқан көсем көшбасшыдай болып оқшау қарауытқан
оңаша тау Қазықұрт тұрар-ды.
Теріскей батыстан көк пен жердің арасын тұтастыра мұнартып ұланғайыр Қарату
жатар-ды.
Бір-біріне тұмсық тірестіре жалғасып жатқан осы бір үш биік бір-біріне сонадайдан
омырауын ашып, құшағын жайып, ентелей ұмтылысқан бір белден жаратылып, бір көкіректі
емген үш бауыр жігіт секілді еді.
Осынау іргесі ажырамас үш бауыр таудың ту сырттарында үш бауыр ел жатар-ды.
Мәртөбедегі жиынға Алатаудың қойнау-қойнауынан саулай төгіліп, топан судай
қаптап ұлан-асыр Ұлы жүз тобы келер-ді.
Қаратауды теріскей айналып, сонау Торғай мен Ертіс арасындағы салқын белдер мен
саумал көлдерді сайрандай көшкен жойқын орда-ормандай қалың Орта жүздің қара құрым
тобы қаптағайлар-ды.
|