«ІЛИЯС МҰРАСЫ ЖӘНЕ АЛАШТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ»
атты республикалық ғылыми-тәжірибелік студент жастар конференциясының материалдары
57
бастағаны, жолға салғаны белгілі. Сол зиялы қауым көтерген іргелі мәселенің бірі – тіл
мәселесі.
Алаш зиялылары бастаған рухани мәселелер бүгінгі Қазақстанның тәуелсіздік
мұраттарымен сабақтасып жатыр дегенде, олардың тіл тақырыбы төңірегіндегі ойларының
қазірде де өміршең екендігін аңғаруға болады. Қазақ тіліндегі басылымдар, ана тілінде білім
алу, тілдің қоғамдағы мәртебесі, ана тілінде тәрбие беру, Қазақстандағы қазақ тілінің
басымдығы сияқты мәселелер А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Шоқай, М.Дулатов,
Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Т.Шонанұлы тағы да басқалардың істері мен еңбектерінен көрініс
тауып жатты.
Алаш қайраткерлерінің сонау ХХ ғасырдың басында тіл туралы айтылған ой-
пікірлерінің ХХІ ғасырдың басында өмір сүріп отырған қазақ қоғамы үшін де маңызды болуы
– біздің бұл салада атқарар шаруамыздың көптігін де көрсетеді. Себебі қоғамымыз тіл
саласында әлі де Алаш зиялылары көтерген мәселелер деңгейінде отыр. Сондықтан да
жоғарыда есімдері аталған қайраткерлердің, қаламгерлердің ойларын басшылыққа алып,
бірқатар жұмыстар атқаруға тиістіміз. Айталық, бүгінгі мектеп, ондағы қазақ тілінің жай-күйі,
жас ұрпақтың қазақ бола отырып, Қазақстан мектебінде оқып, орысша білім алуы және ондай
қазақ балаларының мыңдап, тіпті он мыңдап саналуы. Қазақ баласының орысша білім алуы
деген сөз оның орысша тәрбие алуы болып шығады. Осыны ұлттық қадір-қасиетімізді қалпына
келтіру жолында орасан істер атқарған Алаш зиялылары бұдан бір ғасыр бұрын ұғынып,
сөзбен де, іспен де шешуге тырысқан.
Қазіргі кезде Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде қазақ тілі басымдыққа ие бола
алмай отыр. Мынау ақпарат заманында тілдік қолданыстың зор кеңістігі ақпаратпен
байланысты екендігін білесіздер. Телехабарлар, газет-журналдар орыс тілінде болған соң,
үлкен де, кіші де сол тілде сөйлеуді дағдыға айналдырған. Өз тілін біле тұрып, өзге тілге
үйір болудың үлкен бір сыры да осында. Алаш ардақтыларының бірі Жүсіпбек Аймауытов:
«Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып,
орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш» деген еді.
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл қазақ тілі екендігін айта бастасаң,
тілдердің үштұғырлығын алдыға тартатын кейбір әдеттер пайда болды. Әлемдік қарым-
қатынастар мидай араласқан заманда көп тіл білу қажет те болар. Дегенмен алдымен өз
тіліміздің көсегесін көгерткен дұрыс екендігін біразымыз түсінбей жүрміз. Бұл жөнінде
Елбасы шешімді ойын, кесімді пікірін айтты. Ол кісі редакторлармен кездесуінде: «Қазақ тілі
үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола
береді» деп, мемлекеттік тілді елегісі келмей, орыс тілі мен ағылшын тілінің қосағына
көгендеп жібергісі келгендерге түсінікті етіп, мемлекеттік тілдің басымдығын айқындап
берді. Баршамыз, тіл саласының қызметкерлері де, тіл жанашырлары да, жастарымыз да
қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін, яғни еліміздегі басымдығын үнемі насихаттап жүруіміз
қажет.
Ұлттың болмысын, басқалардан ерекшелендіріп тұратын маңызды рухани табиғатын
түсінген Алаш қайраткерлері әрқашан тіл мәселесін ұлттан бөліп қарамаған. Мәселен,
А.Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең
қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын
дегендер, әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егерде біз қазақ деген ұлт болып
тұруды тілесек қарнымыз ашпас қамын ойлағанда, тіліміздің де сақталу қамын қатар
ойлауымыз керек» десе, М.Шоқай «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл», М.Жұмабаев
«Ұлттың ұлт болуына бірінші шарт – тіл. Ұлт үшін тілінен қымбат ешнәрсе жоқ» деп жазған
еді. Ұлы тұлғалардың сөзінде ұлт тілінің маңызымен бірге ескерту, сақтандыру ойлары да
жатыр. Біздің заманымыз үшін бұл пікірлердің бағалылығы да осында. Десек те,
тәуелсіздігіміз ат жалын тартқан азамат жасына жетсе де, осыны көптеген қандастарымыз
түсіне алмай, түйсіне алмай жүргені шындық. Біздің басты шаруамыз, Астананың зиялы
қауымының жұмысы қазаққа қазақша сөйле, балаңды қазақша оқыт, жұмысыңды қазақша
атқар деген сияқты жұмыстармен байланысты болып отыр. Бүгінгі халықаралық басқосудың
|