1. ҚАзақстан республикасында шағын жинақты мектептердің даму жолдары



бет11/42
Дата06.02.2022
өлшемі246,85 Kb.
#80315
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   42
Байланысты:
ДӘРІС.

6. ШАҒЫН ЖИНАҚТЫ МЕКТЕПТЕРДЕ
БІЛІМ МАЗМҰНЫН ЖЕТІЛДІРУ ЖОЛДАРЫ

Қоғамымызда болып жатқан саяси және әлеуметтік өзгерістер білім берудің негізгі сатысы ретінде бастауыш мектепке аса зор мән беріп отыр. Өйткені, бастауыш оқытудың негізгі көздейтін мақсаты – оқушыларды үздіксіз білім берудің мемлекеттік жүйесінің талаптарына сай жоғарғы сыныптарда ғылым негіздерін терең игеруге дайындығын мүмкіндігінше көтере түсу. Осыған орай, бастауыш мектептегі білім мазмұнын жетілдіре түсудің басты бағыттары айқындала түсуде. Сол бағыттардың бірі бастауыш буында орындалатын әртүрлі ғылым негіздерінің арасындағы үйлесімді жолдарын анықтауға келіп саяды. «Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысындағы білім мазмұны тұжырымдамасында» осы мәселеге, яғни «бір пәннен алған білім, білік, дағдыны екінші пәнді оқытуға тірек ету» керектігіне ерекше мән берілген. Әр пәннен оқу барысын жоспарлау оқу жоспары, оқу бағдарламасы, күнтізбелік жоспар және оқулықтарда көрсетілген пәндік бағдарламалық материалдардың мазмұнымен анықталады. Оқу жоспары негізінде күнтізбелік-тақырыптық жоспар жасалады, онымен толық сәйкестікте белгілі бір тақырып бойынша пәннің әр сабағының жоспары дайындалады. Мұғалімнің сабаққа дайындалуы төмендегідей болуы мүмкін:


1. Сабақтың тақырыбы мен типіне, сондай-ақ сол сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне қарай сабақтың төмендегідей мақсаты мен міндеттері анықталады:

    • білімділік міндеттері: жаңа білімді меңгеру, білік және дағды қалыптастыру, бастауыш пән курсының материалдарын игеруге арналған өткенді қайталау, жүйелеу, жетілдіру, тереңдету, кеңейту және тиянақтау;

    • дамытушылық міндеттері: балалардың танымдық қабілеттерін, зейіндерін, есін, логикалық ойын; өзіндік, шығармашылық белсенділігін дамыту; бақылау, салыстыру, ұқсастық пен айырмашылықты бөліп көрсете алу, талдау, жинақтау, жалпылау, абстрактілеу сияқты ой операцияларын орындай алу біліктерін, дұрыс, нақты, логикалық ойлау қабілетін дамыту;

    • тәрбиелік міндеттері: оқытудың өмірмен, ғылымның практикамен байланысын нығайтуға мүмкіндік туғызатын ғылыми диалектикалық көзқарасты тәрбиелеу; пәнді оқып-үйренуге қызығушылықты арттыру, пәнге сүйіспеншілікке тәрбиелеу; Отанына – Қазақстан Республикасына, туған жерге, туған өлкеге сүйіспеншілікке; Қазақстан Республикасында тұратын халықтарды құрметтеу және сүюге тәрбиелеу; халқымыздың салтын, дәстүрін және мәдениетін құрметтеу; дәптермен жұмыс, практикалық жұмысты орындау кезінде ұқыптылыққа тәрбиелеу; әдемілікті (әдемі көрнекілік, мұғалімнің сырт көрінісі) көре және сезіне білу; жолдастық өзара көмек, жәрдемдесу, қиындыққа ортақтасу сезімі (топтық, жұптық жұмыс, жарыс); еңбек етуге, еңбексүйгіштікке, тәртіптілікке, еңбекті дәл ұйымдастыруға баулу; дербестікке, ұқыптылыққа, ден қоюшылыққа, шыдамдылыққа тәрбиелеу, істі аяғына дейін жеткізе білуге үйрету және т.б.

    • практикалық мақсаттары: алынған теориялық білімді практикада, пән тақырыптары бойынша білімді келесі сыныптарда және басқа пәндерді оқуда қолдана алу; оқулықты, оқу құралдарын, кестелерді, өлшеу және сызба құралдары мен аспаптарын қолдана алуға үйрету; оқу және қосымша әдебиеттерден өз бетінше білім алу біліктеріне дағдыландыру.

Сабақтың құрылымын анықтау: әр кезеңге бөлінетін уақыт пен сабақтың барлық кезеңдері: алдыңғы және кейінгі сабақтар арасындағы байланысты ескере отырып, әр кезеңдегі жұмыс мазмұнын іріктеу. Мұндайда мұғалім: оқу-әдістемелік топтаманы (ОӘТ); сабақтың жоспарын шығармашылық тұрғыдан дайындауды жүзеге асыру үшін қосымша әдебиетті пайдалануы тиіс. Сабақта оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыруды, яғни оқушылармен жұмыс формасын ойластыру. Ұйымдастырудың негізгі формаларына сынып жұмысы, сыныптан тыс жұмыс, үй жұмысы жатады. Ұйымдастырудың қосымша формаларына ұжымдық жұмыс, жаппай жұмыс, топтық жұмыс, жұптық жұмыс, жеке-дара жұмыс, өзіндік жұмыс, практикалық жұмыс, бақылау жұмысы жатады. Сонымен бірге, жұмыс дербес, өзіндік, практикалық та болуы мүмкін. Сабақ мазмұнына сай бір уақытта карточка бойынша дербес жұмысты, тақтада өзіндік жұмысты және барлық сыныппен жаппай жұмысты өткізуге болады. Оқу үдерісінің мазмұнында бір уақытта қандай жұмыс атқаруға болатындығы жан-жақты ойластырылуы қажет. Әсіресе өзіндік жұмысты өткізу және оны тексеруде: өзара тексеру, өзін-өзі тексеру, шапшаң тексеру және т.б. жұмысқа ерекше назар аударылады. Сабақтың әрбір кезеңдеріндегі жұмыстың әдістемесін анықтау барысында оқушының білім, білік, дағдыны өз бетімен алуына, өзін көрсете білуіне, сондай-ақ оқыту мазмұнына сай субъективті қатынастарды жүзеге асыруға себепші болатын қазіргі заман оқыту әдістерін қолдануды; кіші жастағы оқушылардың зейіні 5-7 минут қана тұрақтанатындығын ескеріп, олардың жалығып кетпеуі үшін іс-әрекет түрлерін ауыстырып отыруды жоспарлау; жаңа материалды қарастыру әдістемесін ойластыру: оны түсіндіру, оқулықпен, дәптермен, оқушылардың дара ерекшеліктеріне сай дидактикалық материалдармен жұмыс, сондай-ақ жаңа материалды алғашқы бекіту мақсатында практикалық жұмыс жүргізу; қандай жаттығулар ауызша, ал қандай жаттығулар жазбаша орындалуы қажеттігін шешу қажет. Шағын жинақты мектептерде білім мазмұнын жетілдіруде сабақтың көрнекілігін дайындаудың төмендегідей өзіндік маңызын атауға болады:

  • алдын-ала дайындау, қажет материалдар өз уақытында көрсетіліп, артық зат баланың назарын аудармас үшін уақытында алынуын қадағалап, оларды тиімді орналастыруды ойластыру;

  • тақтаға жазуды ойластыру: қандай жазулар алдын-ала жазылып, жабылады; қандай жазулар сабақ барысында жазыладыжәне оларға арнайы орын қалдыру, тақтадағы артық жазуды өшіру;

  • дидактикалық материалдарды қолдану әдістемесін дайындау және олардың сапасына назар аудару: әдемілігі, ұқыптылығы, көркемдігі, қолжетерлігі, әсерлілігі.

Шағын жинақты мектептерде білім мазмұнын жетілдіруде жұмысты қорытындылау түрлері төмендегідей:

  • сабақтың әр кезеңінің соңында қандай қорытынды (мұғалім өзі қорытындылайды) жасауға болатынын ойластыру;

  • сабақтың соңында қорытынды жасау және жалпылау, мұғалімнің жетекші сұрақтарына жауап бере отырып, оқушылардың қорытынды жасауы: Не білдік? Не үйрендік? Не қайталадық? Не ұнады? Нені естеріңде сақтап қалдыңдар? Шағын жинақты мектептерде білім мазмұнын сабақтың нәтижесін хабарлау да құрайды:

  • қандай оқушылардың жұмыстары бағалануы керектігі алдын-ала ескеріледі;

  • мадақтау түрлерін: мақтау, ұялту, жүлде беру және т.б. анықтау.

Шағын жинақты мектептерде білім мазмұнына үй тапсырмасын ойластыру да қатысады:

  • сабақ тақырыбымен қалай байланысты (өтілетін материалдың күрделілігі мен оны игеру деңгейіне байланысты)?

  • тапсырма қандай мақсатпен беріледі?

  • балаларға қандай нұсқаулар (оны орындауға арналған) беру қажет: нені қайталау керек, кейде оны орындау үлгісін де беруге болады.

Мұғалімнің тәжірибесіне байланысты сабақта жұмыстың жазбаша жоспары жасалады:
а) сабақ жоспары – мұғалімнің сұрақтары және тапсырмаларымен, оқушылардың шамамен беретін жауаптарымен жазылған толық жоспар.
б) ашық жоспар – оқушылардың жауаптарынсыз, әлдеқайда қысқа жоспар.
в) қысқаша жоспар, мұнда мұғалімнің сұрақтары мен оқушылардың жауаптары жоспарланбайды.
Екі сыныппен жүргізілетін жұмыстың сапалы болуы үшін күнұзаққа жүргізілетін жұмыстың дұрыс ұйымдастырылуының да шешуші маңызы бар. Мұғалім күніне сегіз сағат жұмыс істейтін болса, онда ақырғы сабақтарда мұғалім жұмысының сапасы төмендейтіндігі сөзсіз, сабақты бұлай етіп жүргізу көбінесе сабақтың жетілік сағат санын азайтуға әкеліп соғады. Сонымен бірге, ауылдық жерлерде сабақты екіге бөліп жүргізу кейде мектепке 2-3 км қашықтықтан келетін балалар үшін бірқатар қолайсыздық туғызады.Шағын жинақты мектептің оқу-тәрбие ісінде уақытты дұрыс пайдалану − ең маңызды мәселелердің бірі.
Уақытты дұрыс пайдалану үшін мұғалім ең алдымен, орындалатын жұмыс түрлерін: мазмұндама, шығарма жоспарын, қазақ тілі, дүниетану, орыс тілі, сурет, еңбек сабағына керекті сызбалар, лото, түрлі-түсті суреттер сериясын күні бұрын даярлап алудан бастайды. Бұл жерде уақытты үнемдеудің оқушылардың сабаққа деген ынтасына да елеулі ықпалы барын ескерген жөн. Мысалы, балалар бірден жұмысқа кірісіп кету үшін 5-10 минут шамасында тапсырма берілді. Бұл кезде басқа сынып оқушылары өздігінен орындайтын жұмыстармен айналысады, өздігінен орындалатын тапсырманың мақсаты айқын болуы тиіс. Екі немесе үш сыныппен өткізілетін сабақты ұйымдастырғанда оқушының білімін бағалау, жеке жұмыс жүргізу, тапсырманы өздігінен қалай орындағандықтарын бақылап, жұмыстарын тексеріп отыру да педагогикалық шеберлікті, жете мән беруді талап етеді. Яғни, 45 минуттық бір сабақтың ішінде шағын жинақты мектеп мұғалімі үш тіпті кейде төрт сабақ өткізіп, 3-сыныппен 4-сынып оқушыларын қатар оқытуға әрі әрбір «кіші сабақтың» білімділік, тәрбиелік, дамытушылық мақсаттарының орындалуын қадағалауға мәжбүр болады. Осыған орай сабақтың құрылымы да өзгереді. Бүгінгі күнге дейін сабақтың екі кезеңі анықталған болатын: мұғалім басшылығымен жұмыс және өздігінен орындалатын жұмыс. Бұл екі кезең «үлкен сабақтың» өн бойында бірнеше рет қайталанып отырады. Енді осы сабақтардың ұйымдастыру барысына тоқталайық: ортақ тақырыптық қағиданы ұстанғандықтан белгілі бір тақырыпты барлық сыныпқа бір мезгілде өткізуге болады. Ал, жаңа сабаққа байланысты жаттығулар мен тапсырмаларды жас ерекшеліктеріне қарай әрбір сыныпқа лайықтап, саралап, әрқайсысына жеке орындатуға болады. Мұнда сабақ екі кезеңнен: біріктірілген (ортақ) бөлімнен және сараланған (дифференцияланған) бөлімнен тұрады. Психологиялық еңбектерде бастауыш сынып оқушыларының жаңа материалды шамамен сабақтың алғашқы 10-15 минутында ғана жақсы қабылдайтыны туралы пікірлерді кездестіреміз. Сондықтан сабақты бұл жолмен жоспарлау көп қиындық туғызатыны сөзсіз.Екінші жағдайға келсек, мазмұны, идеясы жақын тақырыптарды алдын-ала іріктеп, оны барлық сыныпта бір мезгілде өту барысында мұғалім жаңа материал жайлы кіріспе әңгімесін, тіпті материалдың өзін барлығына бірдей түсіндіре алады және оқушыларды қатыстыра отырып, сұрай алады.Мұғалім бір сыныпта сабақты түсіндірген кезде, екінші бір сыныптың балалары мұғалім басшылығымен жүргізілетін жұмысқа өз бетімен әзірленеді. Төменгі сыныпта да, жоғары сыныптарда да жаңа материалды түсіндіру балаларға өздігінен істейтін жұмыстарды тапсырумен аяқталады. Балалар өздігінен істейтін жұмыстарды, алдымен мұғалімнің жетекшілігімен орындайды. Бұл үшін жаңа сабақты түсіндіруге арналған уақыттың бірнеше минуты бөлінеді. Содан кейін балалар өздігінен жұмыс істеуге көшеді. Олар уақытқа байланысты тапсырманың біразын сыныпта орындайды, біразын үйде орындайды. Мұғалім сабақтың екінші жартысында жаңа материалды түсіндірген сыныптың балалары сыныпта өздігінен орындайтын жұмыстың аз ғана бөлігін орындайды, жұмысты сыныпта бастап, үйде аяқтайды.Бір сыныпта жаңа материалды түсіндіру, ал екінші сыныпта өткенді пысықтау немесе қайталау, оқушылардың білімін есепке алу сабағын жоспарлағанда жұмыстың барысы жаңа материалдың қай сыныпта түсіндірілетініне қарай анықталады.
Сабақ төменгі сыныптарда мұғалімнің басшылығымен істелетін жұмыстан және жоғары сыныптарда балалардың өздігінен істелетін жұмысынан басталады. Бір сыныпта жаңа материалды түсіндіру, екінші бір сыныпта өткенді пысықтау, қайталау немесе балалардың білімін есепке алудан басталатын сабақтың бұл түрі, әдетте көп кездеседі. Егер өткен сабақты пысықтау немесе қайталау жүргізетін сынып өткен сабақта өздігінен жұмыс істеуге тапсырма алған болса немесе балалар осы сабақта үйде орындалған тапсырманы әрі қарай орындайтын болса ғана мұғалім екінші бір сыныпта сабақты балалармен тікелей жұмыс істеуден бастай алады. Осыған байланысты әрбір сыныптағы балалардың сабақта өздігінен істейтін жұмыстарын бөлу де өзгереді. Дегенмен, мұғалім көбінесе мына тәртіпті басшылыққа алуы керек: бұл тәрізді сабақтарды өткенді пысықтау немесе қайталау, оқушылардың білімін жазба жұмыстары арқылы тексеру, белгіленген сыныптарға тапсырма беруден бастау керек. Бұл мұғалімге келесі сыныпқа жаңа материалды түсіндіруге уақытты молырақ қалдыруға мүмкіншілік береді. Дегенмен өткенді пысықтау немесе қайталау болатын сыныпта, балалардың өздігінен істейтін жұмыстарынан кейін, мұғалімнің басшылығымен істейтін жұмыстар үшін 10-15 минут шамасында уақыт қалдыру қажет екендігін естен шығармау керек. Осылай жасағанда ғана өткен материалды пысықтау және қайталау ойдағыдай болады.
Мұғалім мұндай сабақтарда балалармен тікелей жұмыс істеуді өздігінен жұмыс істеу оңайыраққа түсетін сыныптан бастайды немесе балалардың өздігінен орындайтын жұмысы үшін алдын ала ауызша жаттығулар мен әңгімелерді қажет ететін сыныптардан бастайды. Егер де осы айтылған сыныптардың бірінде жазбаша бақылау жұмыстарын өткізу белгіленсе, онда мұғалім жұмысты сол сыныптан бастайды. Мұғалім бақылау жұмысын алғаннан кейін, балалар сол сағат бойына өздігінен жұмыс істей алады.Ал екі сыныптың екеуінде де өткенді пысықтау немесе қайталау жұмысы жүргізілетін болса, онда мұғалім екі сыныптың екеуімен де тікелей жұмыстар жүргізеді не балалардың өздігінен жұмыс істеуі арқылы жүзеге асырылады. Жоғарыда келтірілген сызбада төменгі сыныптарда мұғалімнің басшылығымен тікелей істелетін жұмыстар сабақтың алдында, жоғары сыныпқа беретін тапсырмадан кейін басталады. Ал жоғары сыныптарда мұғалімнің басшылығымен өткенді қайталау немесе пысықтау бойынша балалармен жүргізетін тікелей жұмыстары балалардың өз бетінше жұмыс істеуі үшін берілетін тапсырмаларды түсіндіруге байланысты сабақтың алдында, одан кейін балалардың өздігінен істеген жұмыстарының нәтижесіне байланысты сабақтың соңында жүргізіледі.
Мұғалім екі-үш және төрт сыныпты қатар оқытудың сабағын жоспарлағанда уақытты бөлу ең алдымен жеке сыныптарда істелетін жұмыстардың күрделілігіне байланысты болады. Сабақтың материалы қиындау болған сыныпта балалармен тікелей жұмыс істеуге мұғалімнің көбірек уақыт бөлетіні өзінен өзі түсінікті. Жаңа материалды түсіндіру, әдетте, өткен сабақты пысықтауға немесе қайталауға қарағанда мұғалімнің балалармен көбірек тікелей жұмыстар жүргізуін талап етеді. Мұғалімнің бұрын даярлап берген материалдары бойынша өздігінен жұмыс істейтін сыныптарда, өздік жұмыс көп уақытты алатындықтан, мұғалімнің басшылығымен тікелей жүргізілетін жұмыстардың шамасы ол сыныптарда 5-10 минуттан аспайды. Балалардың орындаған жұмыстарына қарап шығуға қажетті нұсқаулар беруге, болмаса тапсырманың сипатын өзгертуге бұл уақыт толығынан жетіп жатыр.
Бірнеше сыныппен жүргізілетін сабақ жоспарының құрылымын төмендегідей жасауға болады: 1) мұғалімнің алдымен өткізетін сыныбына өздігінен орындауы үшін аздаған тапсырмалар беру; 2) қалған сыныптардың әрқайсысына бұрынғы бастап қойған жаттығуларды әрі қарай жүргізу үшін немесе бұрын даярланып қойылған жұмыстарды балалардың өздігінен орындауы үшін тапсырма беру; 3) мұғалімнің сабақты бастаған сыныбындағы балалардың өздігінен орындаған жұмыстарын тексеру. Осы сыныпта жаңа материалды түсіндіру немесе мұғалімнің тікелей басшылығымен жаттығу жұмыстарын жүргізу. Мұның екеуінде де мұғалімнің басшылығымен тікелей жүргізілетін жұмыстар балалардың сыныпта және үйде өздігінен орындаулары үшін тапсырма берумен аяқталады; 4) мұның алдындағы сыныпта мұғалімнің тікелей жүргізген жұмыстарының уақытына оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстарының уақыты сай келетін сыныпқа ауысады, мұғалім бұл сыныпта балалардың өздігінен орындаған жұмыстарын көз жүгіртіп қарап шығады және оны әрі қарай жүргізе беруге нұсқау береді немесе 10-15 минуттан артық уақыт алмайтын жаңа материалды түсіндіреді, осыдан кейін балалардың өздігінен сыныпта және үйде орындауы үшін тапсырма береді немесе жаттығу жұмыстарын жүргізеді де, оны балалардың өздігінен жұмыс істеуімен жалғастырады; 5) қалған уақытта басқа сыныптармен де тікелей жұмыс істеу үшін дәл жоғарыдағыдай жолдармен ауысып отыру керек. Егер уақыт шектеулі болса (10-15 мин), екі сыныптың екеуінде де балалардың өздігінен істеген жұмыстарына көз жүгіртіп қарап өтіп, үйге тапсырма беру керек. Ал уақыт жеткілікті болған жағдайда (20-25 мин), балалардың өздігінен істеген жұмыстарын тексеріп оны әрі қарай жүргізе беру жөнінде нұсқаулар береді. Ал, басқа сыныпта жаңа материалды түсіндіреді немесе сабақтың ақырына дейін жаттығу жұмысын жүргізеді.
Қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге сәйкес білім беру мақсаты мен міндеттері оқушыларды әлемдік даму деңгейіне сәйкес келетін белгілі бір біліммен қаруландыруды көздейді. Осы орайда шағын жинақты мектеп мұғалімдері оқушылардың жеке ерекшеліктері мен қабілеттерін ескере отырып, оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерінің бар мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Ол үшін бір сабақтың үстінде мұғалім әртүрлі жастағы, ойөрісі мен білім дәрежесі әртүрлі оқушылармен жұмыс жүргізеді, сондықтан ол балалардың психологиясын жақсы білуі тиіс.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   42




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет