Ұлттық киім. Қазақтардың ұлттық киімінде өздеріне тән этнографиялық белгілер сақталып қалды. Киім-кешек үшін малдың жүні мен терісі негізгі материалдар болды. Киімнің едәуір бөлігі мақта-мата, жібек және басқа маталардан тігілді. Ұлттық киімнің пішіні мен түріне өзгерістер енді. Еркектер бітеу пішілген кеудесінде тік өңір-қақпағы бар, жалпақ қайырма жағалы, етегі біршама ұзын көйлек киетін болды. Сонымен бірге жаздыгүні олар ешкі терісінен иленген күдері шалбар киіп жүрді; шалбардың балақтарына төменгі жағынан тілік тасталып, ол кестемен сәнделетін.
Қазақтар әдемі «мәуіті шапан» мен «мәуіті шекпен» де дайындады. Сырт киетін қысқы киімнің қадірлілерінің қатарына аң және үй жануарларының терілерінен тігілетін ішік жатады. Өте кең таралған және бәрінің қолы жететін қысқы киім түрі қой терісінен өңделіп, жүні ішіне қаратып тігілген тон болды. Қазақтардың негізгі аяқ киімі былғары етік, кебісті мәсілер болды. Барлық жастағы еркектердің қыста киетін аяқ киімі ішінде киіз байпағы бар, аласа да жалпақ өкшелі, ұзын қонышты саптама етік болды. Ересек еркектердің бәрі шашын тықырлап алдырған, басына тақия, тебетей киетін. Қазақстанның бүкіл аумағында қазақтардың ең көп таралған қыстық бас киімі «тымақ» болды.
Әйелдердің көйлегі иығына тігіс түспейтін етіп пішіліп, жалпақ қайырма жағалы, жеңдері ұзын етіп тігілген. Кеуде тұсындағы өңір қақпағына кесте төгілген. Қыздардың немесе жас келіншектердің көйлектері пішімі жөнінен де, матасы жағынан да жасы үлкен әйелдердің көйлектерінен өзгеше болған. Ол етегі бүрмеленіп, түймеленетін қатырма жағалы етіп тігілді. Жеңі жең ұшына қарай тарыла берді. Әйелдердің былғарыдан жасалатын жалпақ кемер белдіктері күміспен күптеліп, алтынмен апталып, қымбат бағалы тастармен және түсті шынылармен мол әсем әшекейленіп отырды. Барлық жастағы әйелдердің аяқ киімі мәсі және кебіс болатын. Әйелдің жасына және оның отбасындағы жағдайына қарай олардың бас киімдері де ерекшеленіп отырды. Жаз кезінде қыздар түрлі-түсті мақпалдан, жібек пен барқыттан тігілген, төбесі жайпақ дөңгелек тебетей киіп жүрген, ол зеркестемен әсем нақышталатын еді. Бай нақышты үкілі тебетей — «қасаба» деп аталды. Күйеуге шыққан әйелдің бас киімі – кимешек ақ мақта-матадан дайындалған.
Қазақ әдебиеті. XIX ғасырда орыс ғалымдары мен қазақ зиялыларының жекелеген өкілдері ақындар, суырыпсалма жыршылар, жыраулар туралы мәліметтер жинап, тіпті олар шығарған әндер мен жырлардың мәтіндерін жазып ала бастады. Ақындар мен жыршылардың кейбіреулері өз туындыларын жазып отырды. Соның арқасында олардың өлеңдерінің түпнұсқа мәтіні сақталып қалған. XIX ғасырдың ортасынан бастап жекелеген ақындардың өлеңдері мен жырлары жариялана бастады. Бұл жекелей поэзиялық шығармашылықтың айқын көрініс тапқан және дами бастаған дәуірі болды.
XIX ғасырдың басында өмір сүрген Шал, Көтеш, Жанкісі жыраулар өз толғауларында әлеуметтік теңсіздікті, хандардың халыққа жасаған зорлық-зомбылығын әшкерелеген.
Кедей ортадан шыққан Көтеш ақын (1745–1818) өмір бойы жоқшылық тауқыметін тартты. Оның шығармашылығының басты сарыны – кедейдің азапты өмірін көрсету, әділетсіздікті әшкерелеу.
Шал ақынның (1748–1819) шығармашылығы болған оқиғаға ақындық шабытпен сол сәтте үн қосуымен сипатталады. Олар қазақ халқының тарихындағы жекелеген оқиғалармен байланысты. Онда арнау өлеңдер мен мысқыл өлеңдері көп. Шал шығармашылығының негізгі тақырыбы – адам өмірі оның мәні, мораль, этика, дін мәселелері.
Музыка өнері. Қазақ халқының тұрмысы мен қоғамдық өмірі және еңбек әрекетімен біте қайнасқан рухани мәдениетінің етене саласы музыка болды. Дәстүрлі орныдаушылық – жеке ән салу мен аспапты жеке тарту кең тараған, әнді қосылып айту сирегірек; шығармалардың негізгі түрлері — ән мен күй. Жиырмадан аса әр түрлі музыкалық аспаптар болған, олардың бір сарынды ғана дыбыс шығаратын кейбіреулері – шертер, жетіген, саз сырнай, кепшік, шаңқобыз, даңғыра, асатаяқ және басқалары музыка өнерінің кәсіби талаптарына сай келмей, біртіндеп құри берген. Ал дыбыстық сапаларын жетілдіруге келетін басқалары музыкалық аспаптар тобын құрады. Олар: домбыра – ағаштан жасалған, шертіп ойналатын екі ішекті аспап, шанағы сопақша, кейде жазық формалы болып келеді; қобыз немесе қылқобыз – тостақ тәрізді толық ағаш шанақты және мойыны ішіне қарай иілген ыспалы қос ішекті аспап; сыбызғы – ағаштан, іші қуыс қамыс-қурайдан немесе металл түтіктен жасалған, 4–6 саусақ басар ойыңы бар ұзынша үрмелі аспап; дауылпаз – сырты тері жарғақпен қапталған ағаштан немесе металдан жасалған кішкене қазан түріндегі соқпа аспап.
XIX ғасырдың бірінші жартысындағы музыка өнері өткен замандар туындыларының таңдаулы үлгілерін сақтау және олармен сабақтас халықтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты жаңа шығармалар жасау негізінде дамыды. XIX ғасырдың музыкалық мәдениетінде 1836–1837 жылдардағы феодализм мен отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов пен оның ең жақын серігі, ақын әрі жыршы Махамбет Өтемісов бастаған көтеріліс елеулі із қалдырды.
Шығармашылық жолын сол жылдары бастаған болашақ халық композиторы Құрманғазы Сағырбаев (1806–1879) өзінің алғашқы шығармаларының бірі — «Кішкентай» күйін Исатай Тайманов көтерілісіне арнады. Көтеріліске қатысқан ол бұл күйінде халықтың отаршылдық бұғауынан азат болуға деген тегеурінді талпынысын көрсетті. Одан халық қайғысының, жеңіліс күйінішінің үні естіледі. «Кішкентай» күйінің музыкасы өзінің тебірентетін тегеурінді бейнелілігімен, композициясының айқындығымен, көркемдік техникасының күрделілігімен тамаша таланттың өсіп келе жатқанын көрсетті. Ол халықтың қалың ортасында өсті және қажырлы еңбегімен кейіннен халықтың кәсіби музыкалық мәдениетінің классикалық шыңына көтерілді.
55)Қазақ ғалымдары мен ағартушылар
Білім алуға деген жаппай ұмтылыс пен ықылас жағдайында Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин бастаған қазақ ағартушыларының тобы қалыптасты
Шоқан Уәлиханов (1835–1865). Аса көрнекті ағартушы, ғалым және зерттеуші Ш. Уәлиханов Құсмұрын бекінісінде туған. 12 жасына дейін Шоқан Құсмұрындағы жеке меншік мектепте оқып, мұсылман діні ілімімен танысты. 1847 жылдың күзінде Шоқан Омбы кадет корпусына оқуға түсті. Кадет корпусында Шоқан Уәлиханов белгілі ғалым, географ және Азияны зерттеуші Г. Н. Потанинмен бірге оқып, достасып кетті. Ол орыс тілін тамаша меңгерді. Достоевский мен Ш. Уәлихановтың достық қарым-қатынастарын олардың түрлі уақытта жазысқан хаттары дәлелдейді. Ф. М. Достоевский өзінің хаттарында дос ретінде Шоқанға пайдалы кеңестер беріп, рухын көтеріп, оның алдына аса зор игі міндеттер қояды. 1853 жылы Шоқан кадет корпусын бітіргеннен кейін Сібір казак әскеріне қызметке жіберіледі. Көп ұзамай Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорт оның қабілеттілігіне назар аударып, 1854 жылы Шоқан оған адъютант болып тағайындалды. 1855 жылы Ш. Уәлиханов Гасфорттың Омбыдан Іле Алатауына дейінгі сапарына қатысады.
Абай Құнанбаев (1845–1904). Абай Құнанбаев 1845 жылы 10 тамызда Семей облысының Шыңғыс тауында туған. Абайдың әкесі Құнанбай тобықты руының старшыны болды. Алғашында ауыл молдасынан сабақ алған Абайды әкесі Семейдегі имам Ахмет-Риза медресесіне оқуға жіберді. АлайдаАбайдың қаладағы оқуын бітіртпей, әкесі оны қайтадан ауылға шақыртып алып, бірте-бірте дау-шарды тексеріп төрелік айтуға, келешектегі рубасының әкімшілік қызметіне үйрете бастады. Абай шешендік өнерінің түрлі тәсілдерін шебер меңгерді. Сот ісі қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан дағдылы құқығы негізінде жүргізілді. Ру тартысына еріксіз араласқан Абай даулы мәселелерді шешу барысында жөнсіздікке, әділетсіздікке және қатыгездікке, билеуші топ пайдасын көздеген талап, мүддеге қарсылық білдіріп отырды. 1886 жыл Абайдың өміріне үлкен өзгеріс әкелген жыл болды. Ол алғаш рет өлеңіне («Жаз») өз атын жазып, көркем шығармашылыққа толығымен ден қояды. Абай қаламынан өлеңдермен қатар, қара сөзбен жазылған ғибраттар, «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» дастандары дүниеге келді. Абайдың мол әдеби мұрасында аудармалары елеулі орын алады.
Ыбырай Алтынсарин (1841–1889). Аса көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда Қостанай облысында туған. Әкесі ертерек қайтыс болып, атасы – Орынбор шекаралық комиссиясының әскери старшинасы Балғожа (Жаңбыршин) бидің қолында тәрбиеленді. Алтынсарин көзінің тірі кезінде төрт екі сыныптық орталық «орыс-қазақ» училищесін, бір қыздар училищесін, бес болыстық училище, орыс шаруаларының балаларына арналған екі училище аштырды. Ол орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арнап «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» және «Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық» атты екі оқу құралын жазды, оларды Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалғаннан көп бұрын бастап, 1869 жылы аяқтады
56) Бірінші дүние жүзілік соғыс және Қазақстан. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс.
Бірінші дүние жүзілік соғыс. Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылғы 19 шілдеде (1 тамызда) басталды.Оған 38 мемлекет тартылды. Соғысқа қатысушы басты елдер (одақтар): Үштік одақ (Германия, Австрия-Венгрия, Италия). Антанта (Англия, Франция, Россия). Соғыстың сипаты-басқыншылық, агрессиялық, империалистік соғыс болды.
Соғыстың себептері: Империализмнің барлық қайшылықтарының күрт шиеленісуі. Капиталистік өндіріс тәсілінің әркелкі және секірмелі болуы. Империалистік державалардың бөлініп қойған дүние жүзінің шекараларын қайтадан бөлуге тырысуы. Бірінші дүниежүзілік соғысқа Россия дайындықсыз, әскери - өнеркәсіптік әлеуеті (потенциал) төмен, көлігі нашар дамыған жағдайда кірісті, армия әскери-техникалық жағынан нашар қамтамасыз етілген еді. Бұл соғыс (империалистік) барлық халықтарға, соның ішінде Қазақстанға да аса ауыр зардаптарын тигізді. Қазақстан майданды шикізатпен қамтамасыз ететін ірі өңірлердің біріне айналды. Соғыс қажетіне жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді. Россияның дүниежүзілік империалистік соғысқа кірісуі Қазақстанды тонауды күшейтті. Жетісудан 34 млн. сом мөлшерінде мал және мал өнімдері 1917 жылы шаңырақ салығы 100209 сом болды. Осының бәрі егістік жердің қысқаруына, ірі қара мал басының азаюына әкеп соқты. Осы жылдары (соғыс жылдары) жұмысшылардың жағдайы өте ауыр болды. Бір күндік орташа жалақы – 20 тиын. Жұмыс күнінің ұзақтығы – 12-14 сағат. Қымбатшылық артты: ұн-70%, қант-50%, сабын-200%-ға өсті. Кен өндіру, мұнай, көмір өндіру құлдырады. Өндірістегі мамандығы бар жұмысшылар үлесі күрт азайды. Елдің өнеркәсібіндегі жалпы күйзеліс пен ауыл шаруашылығының құлдырап күйзелуі Қазақстан экономикасын құлдыратты, өндіргіш күштердің даму деңгейі бірте-бірте кеми берді. Сонымен қатар Қазақстан жеріне Үштік Одақтың әскери тұтқындары орналастырылды. Олар, негізінен, Павлодар, Семей, Ақмола қаларына орналастырылды. Мысалы, Омбыда- 20000 әскери тұтқын, Ақмолада 8612 тұтқын, ал Түркістан өлкесінде 200 мың-ға жуық әскери тұтқын болған. Соғыс жылдары Австрия-Венгрия, Германия тұтқындарының қазақ жеріне әкелінуі өлкенің қоғамдық – саяси жағдайына әсер етті. Қазақ өлкесінде ерлердің майданға шақырылуы шаруашылық жағдайы дағдарысқа үшыратты. Мысалы, Семей, Ақмола облыстарында жұмысшылардың 50%-ы, Орынборда 40%-ы, Жетісуда-үштен бірі шақырылды. Сондықтан патша үкіметі әскери тұтқындарды жұмысқа пайдалана бастады. Қазақстан жерінде болған әскери тұтқындардың жағдайы қиын болды. 1915 жылы Риддерде ауыр тұрмыстық жағдайға байланысты әскери тұтқындардың ереуілі болды. Соғыс жылдарында әскери тұтқындарға арналған Челябі мен Қостанай аралығында орналасқан Троицк лагері «Өлілер лагері» деп атанды. Сөйтіп, соғыс елдегі жалпы ұлттық дағдарысты тереңдетіп, 1916 жылғы көтеріліске алып келді.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс.
Қазақстан мен Орта Азиядағы азаттық қозғалысын XIX ғасырдың аяғындағы - XX ғасырдың басындағы көп ұлтты Россия тарихының бүкіл барысы әзірлеген болатын. Мұның өзі патша өкіметі дағдарысының нәтижесі еді.
Көтерілістің сипаты. Көтеріліс отаршылдыққа қарсы сипатта болды. Қазақстандағы көтеріліс патша әкімшілігі үшін де, сөндай-ақ жергілікті үстем феодалдар тобы үшін де күтпеген жерден басталды.
Көтерілістің негізгі себептері: 1.Жердіңтартыпалынуы(қоныстандырусаясаты); 2.Салықтарменалымдардыңкобеюі; 3.Еңбекшілердіүстемфеодал-байлартобыныңқанауыныңкүшеюі;
4.Ұлттықараздықтыңөршітілуі;
5.Соғысқабайланыстыбұқаражағдайыныңкүртнашарлауы; 6. Орыстандыру саясаты.Көтерілістің қозғаушы күші - өлкенің жекелеген жерлерінде ғана феодалдар мен клерикалық элементтер көтеріліске басшылықты өз қолдарына түсіріп алды. Тұтас алғанда Қазақстандағы 1916 жылғы көтерілістің қозғаушы күші ауылдың еңбекшілер бұқарасы жұмысшылар, кол-онершілер болды.
Көтерілістің барысы. 1916 жылғы 25 маусымдағы патша үкіметінің «Түркістан мен Дала өлкесінен 19-43 жас аралығындағы 500 мың адамды қара жұмысқа алу туралы» жарлығы халықтың шыдамын тауысып, оларды отарлау езгісі мен ортағасырлық қанауға қарсы көтерілуіне түрткі болды.
Қазақ даласында патша жарлығына көзқарас әртурлі болды:1.Феодалдықбасшытоптар және жергілікті әкімшілік жарлықты қолдады.
2. Революцияшыл топ өкілдері - Ә.Жангелдин, Ә.Иманов, Т.Бокин, Б.Әшекеев, Ж.Мәмбетов қара жұмысқа барудан бас тартып, халықты көтеріліске шақырды.
3. Либералдық-демократиялық зиялылар - Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов патша үкіметімен келісімпаздық (компромистік) бағыт ұстанды.
Көтеріліске қатысушы революцияшыл – демократияшыл зиялылар өкілдері: 1.Жетісуда –Т.Рысқулов,.Бокин,Б.Әшекеев,Ұ.Саурықов,К.Мәмбетов,А.Қосаков. 2.Төрғайда -Ә.Жангельдин,А.Иманов. 3.Орал облысымен БөкейОрдасында –С.МендешевӘ.Әйтиев. 4Маңғыстауда –Ж.Мыңбаев. 5. Ақтөбеде - Ә. Майкотов.Майдан жұмысына қазақ жастарын алу туралы жарлық қазақ халқының зор наразылығын тудырды. Елде болыстық басқармаларды талқандау, ауыл старшындарын, қатыгез, жағымсыз байларды өлтеру, ірі феодалдардың неліктеріне шабуыл жасау, жер сату жөніндегі құжаттарды, алымсалық қағаздарын жою, патша әскерімен қақтығыс сияқты ашу-ыза әрекеттері кең орын алды. Сөйыл, кетпен, шалғы, орақ, мылтық, қылышпен қаруланған ел адамдары байлардың ауылдарын өртеп, малдарын айдап әкетуі жиілей тусті.Төрғайдағы көтеріліс. Төрғай облысындағы көтеріліс ең бұқаралық, ең ұзаққа созылған, ең табанды және билік бір орталықтан жүргізіліп, ұйымдасқан көтеріліс болды. Бұл Төрғайдағы көтерілісінің ерекшелігі еді. Көтеріліс барлық уездерді: Төрғай, Ырғыз, Ақтөбе, Қостанай уездерін қамтыды. Облыста көтеріліс қамтымаған ауыл немесе елді мекен болмады. Қөтеріліске, сондай-ақ Сырдария, Ақмола, Семей болыстарының көтерілісшілері де қатысты.Төрғай облысының әскери губернаторы М.М.Эверсманға қазақ еңбекшілерінің қару алып, жаппай көтерілгендігі туралы хабарлар күнбе-күн түсіп жатты. Көтерілісшілер почтаға шабуыл жасады, темір жол табанын бұзып, болыс басқармаларын ойрандады, боластарды өлтірді. Көтеріліс бүкіл облысты қамтыды. 1916 жылы Төрғайда болған көтеріліске жүрт арасында танымал халық батыры Аманкелді Иманов басшылық етті. Ол 1873 жылы Төрғай уезінің Қайдауыл болысындағы ауылдардың бірінде кедей шаруаның отбасында тұған еді. Әкесінен ерте айрылған Аманкелді байлардың есігінде жүріп, бала күнінен – ақ жоқшылық пен мұқтаждық көріп өсті.Аманкелді Имановтың ұйымдастырушылық қабілеті халық көтерілісінің алғашқы күндерінен бастап-ақ айқын көрінді. Оған Төрғай облысындағы уездерден ғана емес, сонымен бірге Сырдары, Ақмола, Семей облыстарынан көтерілісшілер ағылып келіп жатты. Егер 1916 жылы қыркүйекте көтерілісшілер саны – 20 мыңға жетсе, ал 26 қарашада – 50 мыңға жетті.
1916 жылы 22 қазанда Аманкелді басшылығымен 15 мың көтерілісші Төрғай қаласын қоршады. Оған қарсы генерал А.Д.Лаврентьевтің 9 мың адамдық жазалаушы тобы жіберілді. Корпустың келе жатқаны туралы деректер алғаннан кейін көтерілісшілер Төрғайды қоршауды қойып, қарашада Түнқойма почта станциясының маңында подполковник Катоминнің отрядына шабуыл жасады. Көтерілісшілердің негізгі бөлігі Амангелдінің штабына орналасқан Батысқара жазығы мен Аққұм құмының маңына шоғырланып, партизандық күрес әдісіне көшті. 1916 жылғы қарашасы – 1917 жылғы ақпаны аралығында, Аманкелдінің серігі, атақты мерген Кейкі батыр жасағы ерекше ерлік көрсетті. Төрғай даласында А.Имановпен бірге көтеріліске басшылық етіп, оның дүниетанымен қалыптастыруға зор ықпал еткен большевик Әліби Жангелдин (1884-1953 жж.) болды.
Негізгі шайқастар – Татыр, Шошқалы қопа, Күйік қопа, Доғал – Үрпек, Ақшығын маңында болды. Татыр шайқасында 300 көтерілісші, 3 жазалаушы қаза тапты. Жазушы Л.Соболев: «Бұл аңыздар мен ертегілерден шыққандай ғажап әскер еді...Аманкелді ортағасырлық жасақтарымен зеңбіректер мен оққа толы винтовкалары бар жазалаушыларға қарсы шықты» деп жазды. Төрғай көтерілісі Ақпан төңкерісіне дейін созылды. 1917 жылы Төрғай көтерілісі талқандалды.Салдары: . 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс империяға қарсы көтерілістердің ішіндегі ең ірісі болды. Көтеріліс революцияға алғышарт қалыптастырды.
57)Қазақ зиялыларының қызметі. Қазақ,Айқап журналдары
Қазақ зиялыларының атқарған қызметі және олардың көрнекті өкілдері
Ұлттық-отаршылдық езгінің күшеюі, өлкеге капиталистік қатынастардың енуі, патша өкіметінің қоныстандыру саясаты қазақ халқының ұлттық сана-сезімін өсірді. Қазақ халқының отарлық езгіге қарсы белсенді әрекеттері күшейе түсті.
Қазақ зиялылары қазақ халқының империя құрамында өзгелермен тең құқықты болуына қол жеткізу жолында күресті. Олар қазақ мемлекеттілігін қалпына келтірудің әдіс-амалдарын қарастырды, өз халқының отаршылдық езгіден азаттық алу жолындағы күресіне көмектесуге ұмтылды. XX ғасырдың басындағы қазақ зиялылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Тынышбаев, М. Шоқай, X. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, Ә. Ермеков, Ж. Ақбаев, О. Әлжанов, т.б. танымал тұлғалар ұлтты басқа халықтармен терезесі тең даму жолына бастай білді. Ұлт зиялылары қазақ қоғамының оянуына жәрдемдесіп, халықтың құкықтық, эстетикалық санасы мен өнегелі ой-өрісіне зор ықпал етті. Олар өз үлгі өнегесімен қазақтың болашақ қоғам қайраткерлері М. Жұмабаев, С. Сәдуақасов, Қ. Кемеңгеров, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, А. Сейітов, X. Болғанбаев сияқты көптеген жас ұрпақты тәрбиелеп өсірді.
Қазақ зиялылары өздерінің мақалалары мен шығармаларын Қырым татарларының «Тәржіман», Еділ бойы татарларының «Ихтисад», «Шора», «Уақыт» және «Жұлдыз» сияқты басылымдарында жариялады. Онда патша үкіметі әкімшілігінің қазақтардың ежелгі заманнан бергі ата қонысын тартып алып, оларды жаппай қуып шығу саясатын сынады. Мақала авторлары сонымен қатар қазақ халқына христиан дінін күштеп таңып, оларды шоқындыруға, қазақтардың ана тілін қолданыстан ығыстырып шығаруға тырысқан келеңсіз әрекеттерге қарсы күресті.
«Айқап» журналы. 1911 жылғы 10 қаңтарда Троицкіде қазақ халқының тарихындағы тұңғыш «Айқап» ұлттық журналының бірінші нөмірі шықты. Ұйымдастырушы және баспагер, идеялық басшысы және редакторы М. Сералин (1872–1929) бұрын педагогтік және журналистік қызметпен айналысқан, сол кезге қарай белгілі ақын, әдебиетші, қоғам қайраткері болған
«Айқап» журналы 1911 жылғы қаңтардан 1915 жылғы қыркүйекке дейін әуелгіде айына бір рет, ал сонан соң екі рет шығып тұрды. Барлығы 88 нөмірі шықты, таралымы 1000 данаға дейін жетті. «Айқап» журналы ағарту ісі мен мәдениеттің жаршысы болды.
М. Сералин «Айқап» беттерінде мұсылмандардың қасиетті кітабының мазмұнын ыңғайлы, түсінікті нысанда баяндауға тырысқын авторлардың мақалаларын жариялап отырды. «Айқап» журналының қазақ фольклорын зерттеудегі, абайтануды қалыптастырудағы, орыс және дүниежүзілік классикалық әдебиетінің рухани мұрасын насихаттауда атқарған рөлі зор.
Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы жағдайында едәуір шиеленіскен зор қаржы қиындықтары, зиялылардың бір бөлігінің сол кезге қарай өзінің көркемдік толысқандығымен, қазақ әдеби тілін түлетуімен, стилінің сындарлылығымен және ең бастысы толғағы жеткен жалпыұлттық проблемаларды қоюымен әйгілі болған «Қазақ» газеті жағына шығуы 1915 жылдың тамызында «Айқап» журналы шығуының тоқтатылуына себеп болды.
«Қазақ» газеті. «Қазақ» газеті апталық басылым болып шықты. 1913 жылғы ақпаннан 1918 жылғы қаңтарға дейінгі кезең ішінде 3000 дана таралыммен 265 нөмірі жарық көрді. Жекелеген нөмірлері 8000 данаға дейін жететін таралыммен шықты. Редакциялық алқа 1914 жылғы жаңа жылдық 45-нөмірінде газетті 10 облыстың қазақтары жаздырып алатынын хабарлаған. Бұған қоса оны Орынбор, Уфа, Қазан, Петербург, Мәскеу, Томск қалаларындағы, басқа да бірқатар қалалардағы, сондай-ақ Түркия мен Қытайдағы оқырмандар алып тұрды.
«Қазақ» газетінің редакторы Орынборда айдауда жүрген кезінде сол кезге қарай ағартушылық қозғалыстың танымал көшбасшысы болған, аса көрнекті ақын, көсемсөзші, түркі тілінің маманы, ой-өрісі кең және ұлт дамуының жолдарын көре білген жалынды қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов болды. 1914 жылғы 19 мамырда Баспасөз істері жөніндегі бас басқарманың кеңсесі М. Дулатовқа «Қазақ» газетінің екінші жауапты редакторы міндетін атқаруға рұқсат етті. «Қазақ» газеті 1918 жылы (№№261 – 265) Жанұзақ Жәнібековтың редакциялауымен шықты.
XX ғасырдың басындағы демократияшыл қазақ зиялыларының бүкіл азаттық қозғалысы сияқты, бұл газеттің де жетекші бағытын белгілеуде қазақ халқының бостандығы жолындағы аса көрнекті күрескер, саясатшы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, статистик-социолог, көсемсөзші, энциклопедиялық тұрғыдағы ғұлама Ә. Бөкейханов зор рөл атқарды.
Біртұтас болып біріккен үштік – А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов қалың қазақ елінің мүддесін білдіріп, оның шамшырағы болған ғасырдың ұлттық газетін құра білді.
Газетті оның негізін қалаушылар «Қазақ» деп атады. Халықтың өз атын қалпына келтіріп, олар сол арқылы отаршылар тарапынан бұратаналарға менсінбей қарауға қарсы наразылық білдірді, қазақтар арасына ұлтжандылық мақтаныш және бірлік идеясын таратты
58 Қазақстанда Кеңестер мен Уақытша үкімет органдарының құрылуы.
1917 жылдың басында Россияда революциялық жаңа толқын көтерілді. Империалистік соғысты азамат соғысына айналдыру ұраны кеңінен насихатталды. Патша өкіметі бұқараның жаппай қарулануынан қатты сескене бастады. Революциялық дағдарыстң пісіп-жетіліп келе жатқандығы ұлт аймақтарында оның ішінде Қазақстанда да сезіне басталды.
1917 жылы 27 ақпанда Россияда Ақпан буржуазиялық – демократиялық революция жеңіске жетті. Монархия құлатылып, Романовтар әулеті биліктен кетті. Бұл жағдайды Қазақстан халқы қуанышпен қабылдады. «Қанқұйлы Николай тақтан құлатылғанын білгеніміздегі біздің қуанышымызды айтып жеткізу қиын», - деп көрнекті мемлекет қайраткері Б.Алманов өз естелігінде айтты.
Ә. Бөкейханов бастаған ұлттық демократия өкілдері буржуазиялық – демократиялық революцияны ұлттық қазақ автономиясын құратын сәт туды деп қуанышпен қарсы алды.
Патша өкіметі құлатылғаннан кейін бүкіл Россиядағы сияқты Қазақстанда да кос (екі) үкімет орнады.Уақытша үкімет (буржуазия үкіметі).Жұмысшы шаруа, солдат депутаттарының Кеңесі (советтер) құрылды.Уақытша үкіметтің ұстаған бағыты-капитализмді дамыту.Жұысшы, шаруа және солдат депутаттары Кеңесі бағыты – социализм құру.
Буржуазиялық – демократиялық Ақпан революциясының жеңіске жетуі өлкендегі еңбекшілердің саяси белсенділігін өсірді.Қазақстанда Кеңестер 1917 жылы наурыз – мамыр айларында Семейде, Әулиеатада, Петропавлда, Көкшетауда, Ақмолада, Павлодарда, Оралда, Өскеменде, Атбасарда, Түркістан өлкесінде және т.б. жерлерде құрыла бастады. Жұмысшы табы мен солдат депутаттарының ізінше сәуір – мамыр айларында шаруа депутаттарының Қеңістері құрылды. Оларда көпшілік орынды меньшевиктер мен эсерлер алды. Уақытша үкіметтің қазақ өлкесіндегі жергілікті органдары 1917 жылы наурыз – сәуірде құрылды. Уақытша үкімет облыстарды басқаруға бұрыңғы патша чиновниктерін және қазақтың ұлттық зиялыларын сайлады. Ә. Бөкейханов Төрғайдағы Уақытша үкімет органдарының комиссары, М.Тынышбаев Жетісудағы Уақытша үкімет органдарының комиссары, М.Шоқай Түркістанның Уақытша үкіметінің комиссары болып қызмет атқарды.
Ақпан революциясынан кейін ұлттық-либералдық қозғалыстың басшылары (Ә. Бөкейханов, М.Тынышбаев, М.Шоқай және т.б.) қоғамдық – саяси дамудың маңызды мәселелері бойынша Уақытша үкімет жағына шықты.
59) Қазан төңкерісі және Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы.
Достарыңызбен бөлісу: |