Білім беру жүйесіндегі барлық жұмыс мынандай нәтижелерге қол жеткізуге бағытталуы тиіс.
Мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиемен қамтылған балалардың үлесі 2015 жылға қарай 74 пайызды, 2020 жылға қарай 100 пайызды құрайтын болады.
Менің тапсырмам бойынша қабылданған «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде тек 2010 жылы ғана 35 балабақша, 1534 мини-орталық, 137 жекеменшік балабақшалар салынды.
Бұрын жекешелендіріліп кеткен мектеп жасына дейінгі мекемелерді қайтару есебінен 172 балабақша ашылды.
Балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 30-дан 55 пайызға дейін өсті.
2020 жылға қарай біз оқытудың 12 жылдық моделіне толықтай көшетін боламыз. Ол үшін біз 2015 жылға қарай республикалық бюджет қаржысы есебінен кемінде екі жүз мектеп салып, осынша мектепті жергілікті бюджет есебінен тұрғызамыз.
2015 жылға қарай білім беру ұйымдарының 50 пайызы электронды оқытуды пайдаланып, 2020 жылға қарай оның саны 90 пайызға дейін артады.
2020 жылға қарай халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз ұлттық аккредитациялаудан өткен жоо-лар үлесі 30 пайызды құрайтын болады.
Инновациялық қызметті жүзеге асыратын және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізетін жоо-лардың үлесі 5 пайызға дейін артады.
Кемінде 2 жоғары оқу орны үздік әлемдік университеттер рейтингінде аталатын болады.
Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс.
2.2. Денсаулық сақтау
Осы жылдар бойына біз қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту үшін қажет нәрсенің бәрін жасадық.
Денсаулық сақтауды қаржыландыру 2002 жылғы ІЖӨ-нің 1,9 пайызынан 2010 жылы 3,2 пайызына дейін ұлғайды.
Достарыңызбен бөлісу: |