3. ХХ ғасыр басындағы мемлекеттілік идеясының жаңғыруының алғышарттарын атаңыз. ХХ ғасырдың басында қазақтың ұлттық идеясы заман талабына сай сапалық тұрғыдан жедел жетілді. Әрі уақыт ағымына орай, саяси тұрғыдан ширығып, Алаш идеясы дүниеге келді. Оны жетілдіруші hәм қозғаушысы Алаш партиясын шынайы қажеттіліктен құрған алаш қайраткерлері тарихи мүмкіндікті мүлт жіберіп алмау жолында жан аянбай еңбек етті. Бұл ел тарихындағы елеулі кезең турасында Президент Н.Назарбаев: «ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстанның қоғамдық саяси өміріндегі Алаш партиясының алатын орны мен қызметін зерттеу Отандық тарихымыздың ең өзекті мәселелерінің бірі. Өйткені кезінде «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған қағидалары күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр» - деп, әділ бағасын берді. [1].
Қазақ бола ма, болмай ма деген сауал талқыға түскен жиырмасыншы жүзжылдықтың басында ғасырдан-ғасырға ұласқан ұлттық идея ширыққан тұста, оның заңды жалғасы Алаш идеясы дер уағында дүниеге келді. Алаш идеясының уағыздаушысы, әрі оны жүзеге асырушы қайраткерлердің ұлт ісіне ерте есейген есті сана - жалындап тұрған жастық жігермен кіріскендіктері алдыңғы кезекте көрініс береді. Басында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатов сынды жол сілтер Алаш көсемдері тұрған алыптар шоғырының абыройлы ісіне тың серпін, жаңа тыныс берген жас шамасы жиырма-жиырма бестің, әрі кетсе отыздың о жақ, бұ жағындағы өрендер еді. Яғни Алаш, идеясы өзінің жас, әрі жасампаз идея екендігімен ерекшеленді. Саралап көрелік.
Алаш қозғалысының көшін бастаған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовтар ол кездері жастары қырықтың қырқасынан енді ғана асып, ақыл тоқтатқан, әрі өздерінен кейінгі толқын ізбасарларына Алаш идеясының өміршеңдігі ұрпақтар жалғастығында екенін ұғындырып, сол идеяны жүзеге асыру жолында қызмет етті.
Мұны жақсы түсінген, Алаш идеясының баянды болуына бар ынты-шынтысымен еңбек еткен, арқалы ақын-жазушылар Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытов Алаш қозғалысы құрылған тұста бірі жиырма төртте болса, бірі жиырма сегізге енді келді.