1 Қазіргі қазақ тілі лексикасының лексика-семантикалық табиғаты мен сөздік құрамы


Дәріс тақырыбы: Қазіргі қазақ тілі лексикологиясына кіріспе



бет2/53
Дата28.11.2022
өлшемі0,62 Mb.
#160087
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53
Байланысты:
лекция
Лаура 04
Дәріс тақырыбы: Қазіргі қазақ тілі лексикологиясына кіріспе


Дәріс жоспары:
1. Қазақ тілінің шыққан тегі мен даму кезеңдеріне қысқаша шолу.
2. Лексикологияның мақсаты мен зерттеу обьектісі.
3. Тіл білімінің лексикологиямен шектес салалары.


Дәріс мазмұны
Қазақ тілі шығу тегі мен құрылымы жағынан түркі тілдері семьясына жатады. Қазақ тілінің түпкі шығу тегі түркі тілдері дамуындағы ең көне Алтай дәуірінен (хронологиялық шегі анықталмаған), ғұн дәуірінен (б.з.б. ІҮ-ІІІ ғ және б.Ү ғ.) және одан бергі көне түркі дәуірінен (б.з.Ү-Х ғ.) бастау алады.
Алтай дәуірінде негізі бір ата тілден тараған түркі, монғол және тұңғыс-маньчжур тілдері бір-бірінен ажырай бастаған. Ал ғұн дәуірінде монғол, тұңғыс-маньчжур тілдерінен түгелдей ажырап, түркі тілдері екі үлкен топқа бөлінеді: батыс ғұн және шығыс ғұн тобы. Қазақ тарихындағы алғашқы тайпалы одақтар осы кезеңнен белгілі (үйсін, қаңлы, алан). Көне түркі дәуірінде қазақ халқынынң негізін құраған тайпалық одақтар айқындала түседі. ҮІІ-ІХ ғасырларда қазақтың ірі тайпалық одақтарының негізі салынды деген пікір бар (1).
Тіл жағынан алғанда тайпалық одақтар түркі тілдес диалектілерде сөйлеген, сонымен қатар бұл тайпалық одақтар көне түркілік негізден бөліне бастаған. Сөйтіп ҮІІ ғасырдан бастап ру-тайпа тілдерінің диалектілік сипатының дамуы негізінде жергілікті сипаты бар диалектілер қалыптаса бастайды. Ү-Х ғасырдағы көне түркі тілдері жайында мәлімет беретін Орхон-Енисей, Іле, Талас бойындағы өзендерден табылған жазба ескерткіштерде қазақ тайпаларының көне замандағы тілдік құрылымы жайында ақпарат береді.
Түркі тілдерінің ортағасырлық дәуірінде жергілікті сипат алған диалектілердің бәріне ортақ тілдік белгілер жетіле түсті. Мұның өзі қазақ халық тілінің жасалуына үлкен септігін тигізді. Қазақ тілдерінің құрылымы туралы мәліметтерді М.Қашқаридің (Диуани лұғат әт‐түрк), Ю.Баласағұнның (Құтты білік), А.Яссауидің (Диуани хикмет), хандар жарлығынан алуға болады. Бұл ескерткіштер сол замандағы жазба әдебиетінің дәстүрі бойынша шағатай, көне түркі кітаби элементтері де кездесіп отырады. Бұлар ортағасырлық дәуірдегі жазба әдеби тілінің үлгісі ретінде танылуға тиіс.
Түркі тілдері дамуының жаңа дәуірінде (ХҮ-ХІХ) қазақтың тайпалық одақтары қыпшақ қауымынан, ноғай ордасынан бөлініп, өз алдына халық болып қалыптасу үстінде еді. Тайпалық одақтар тіліндегі ортақ тілдік көрсеткіштер бірыңғай халық тілінің қалыптасуына әсер етті. Қазақтың халық тілінің қалыптасуы ХҮ-ХҮІ ғасырдан бастап ХІХ ғасырдың ІІ жарт. дейін созылды (2 ).
ХІХ ғ. ІІ жарт. бастап түркі тілдес ұлттар пайда болды. Бұл түркі халықтары дамуындағы ең жаңа дәуір болып табылады. Қазақ тілінің ұлт тілі болып қалыптаса бастауы осы дәуірге сәйкес келеді. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың ІІ жарт. бастап қазақ тілінің ұлт тілі болу процесі ХХ ғасырда одан ары қарай дамып жетілді. Ұлт тілі – ауызекі және жазба түрде ұлттық қарым-қатынас құралы қызметін атқарушы тілді білдіретін әлеуметтік-тарихи категория. Тіл білімінде ұлттық тілдің үш түрлі негізден туатыны көрсетілген:
‐ тілдік белгілері бірыңғай, құрылымында айырмашылық жоқ бір диалект негізінде;
‐ бірнеше диалектінің шоғырланып бірігуі негізінде;
‐ диалектілердің ауыса отырып, өзара шоғырлануы негізінде.
Қазақ тілінің фактілері осы күнгі ұлттық дамуында үш негізгі тармақ бар екендігін көрсетеді:
‐ әртүрлі стильдік салада қолданылатын жазба және ауызша түрлері бар әдеби тіл;
‐ жергілікті және әлеуметтік сипаты бар тіл ерекшеліктерінен тұратын диалектілер мен сөйленістер;
‐ жалпыхалықтық сипаттағы ауызекі сөйлеу тілі (2)
Бір тілде қанша сөз болса, солардың тұтас жиынтығын тіл ғылымында лексика немесе сөздік құрам деп атайды. Сөздердің лексикалық жүйеде алатын орнын, шығу төркінін, күнделікті қарым-қатынастағы қолданылу қабілетін, стильдік мәні мен сипатын тексеретін ғылым лексикология болып табылады. Лексикология ғылымы сөз ұғымымен үйлес келетін тұрақты сөз тіркестерін зерттейтін фразеологияны да төл объекті ретінде қарастырады.
Тілдің қаншалықты дамып жетілгендігі сөздік құрамдағы сөздердің санымен ғана емес, ұғымдық мазмұнымен де өлшенеді. Бұл жағынан лексикология сөздік жүйенің семантикалық құрылымын зерттейтін семасиология ғылымымен тікелей байланысты. Бұл ғылымның мәні түсіндірме сөздіктерді жасау барысында айқындалады. Өйткені мұнда сөздің негізгі, туынды және ауыс мағыналары даму тұрғысынан сараланып талданады.
Сөздердің қалыптасуына, өзгеруі мен дамуына қатысты тарихи заңдылықтарын тарихи лексикология зерттейді. Тарихи лексикологияның бір саласы – этимология. Этимология сөздің шығу төркінін, алғашқы тұлғасы мен түпкі мағынасын айқындайды. Этимологиялық зерттеулер арқылы қазақ халқының бұрынғы өмірінен мәлімет алуға, қандай халықтармен қарым-қатынаста болғандығын байқауға болады.
Тілдегі жалқы есімдерді зерттейтін ономастика ғылымымен лексикология тығыз байланысты. Ономастика өзі іштей антропонимика және топонимика болып жіктеледі. Антропонимика кісі есімдерін зерттеу нысаны етіп алса, топонимика жер-су атауларын жеке нысан ретінде қарастырады.
Лексикология тіл ғылымының грамматика саласымен де тығыз байланысты.
Тілдегі сөздердің номинативтік қызметімен қатар грамматикалық қызметі бар. Тілдердің тарихи дамуы барысында сөздердің бір-бірімен әрдайым грамматикалық байланыс жасауы арқылы бір жағынан лексикалық бірліктердің грамматикалану процесі жүріп жатса, екінші жағынан, сөз тіркестерінің бір бүтін лексикалық бірлікке ауысу процесі жүріп жататындығы белгілі. Бұл құбылысты сөзжасам үрдісінен айқын байқауға болады.
Лексикология тіл ғылымының фонетика саласымен де тығыз байланыста. Сөздер көбінесе бірнеше дыбыстың қалыптасқан тіркесімен айтылғанда ғана белгілі бір мағынаны білдіре алады. Тілдегі сөздердің дыбыстық құрамының өзгеруі сөз семантикасының өзгеруіне әкеледі. Бұдан біз тіл ғылымының әрбір саласы өзінің дербестігі мен даралығын сақтай отырып, өзара бір-бірімен құрылымдық қатынаста екендігін байқаймыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   53




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет