Бүгінгі таңда біз тәуелсіз, егеменді мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан біздің мейрамдардың Кеңес уақытындағы мейрамдардан айырмашылығы бар. Қазір біз жаңа мерекелер мен бірге бұрынғы ұмытылған мерекелерді де тойлаймыз. Мәселен, Қазақстан конституциясы азаматтарына құдайға құлшылық етуге еркін екеніне кепілдік бергендіктен, еліміздің мұсылмандары Ораза айтты, Құрбан айтты, ал христиандары Рождество, Пасханы тойлайды. Басқа да діндегі өзге ұлттар өздерінің мейрамдары мен еске алу күндерін ашық түрде атап өтеді.
Әрине, кеңес дәуірінің кейбір мейрамдары осы кезге дейін ұмытылмай тойланып келе жатыр. Олар – 1 қаңтарда болатын Жаңа жыл мерекесі, 8 наурыздағы Әйелдер күні және 9 мамырда атап өтілетін Жеңіс күні. Себебі бұл мейрамдар барлық елдерге ортақ.
Ал жаңа мерекелер Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері пайда болды. Олар – үкіметіміз ресми түрде бекіткен тойлар: Наурыз мейрамы, Қазақстан халықтарының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні, Конституция күні, Республика күні және Тәуелсіздік күні. Қысқа мерзімде бұл мерекелер салтанатты, қуанышты әрі жалпы қазақстандық мейрамдарға айналды.
*
- Мәтіннің мазмұнына қарай сұраулы сөйлемдер құрастырыңыз.
- Мәтін бойынша өзара сұхбат құрыңыздар.
- Отбасыңыздың мерекелері туралы әңгіме құрыңыз.
- Мәтін бойынша қандай әсер алғаныңыз жөніндегі өз пікіріңізді ортаға салыңыз.
- Өзіңіздің сүйікті мерекеңіз туралы айтып беріңіз.
Жаңа жыл
Жаңа жылды біздің елімізде екі рет тойлайды. Біріншісінде жаңа жылды қыс ортасында, қатты аязды кезде тойлайды. Бұл кезде үйлер, ағаштар, жер ақ қар жамылады. Ауа райы аязды болса, қар жауса, адамдар қуанады.
Көшелерге, алаңдарға, үйлерге, дүкендерге, саябақтарға, спорт кешендеріне шыршалар орнатылады. Оларға түрлі-түсті ойыншықтар ілінеді. Жаңа жылды, әсіресе, балалар асыға күтеді. Себебі ата-аналары осы мейрамда оларға сан алуан сыйлықтар береді. Бұл күнді адамдар өз отбасыларында немесе достарымен, туыстарымен бірге мерекелейді. Үй иелері көп қонақ шақырады, дастарқанға түрлі тағамдар, жеміс, шырын, шараптар қояды. Балалар үлкендермен бірге шыршаны айнала би билеп, өлең айтып, ән салып, көңілді демалады. Біріне-бірі жаңа жылда жұмыста табыс, өмірде бақыт және денсаулық тілейді. Жаңа жылды қарсы алғаннан кейін адамдар көңілденіп далаға шығады, қыдырады немесе теледидардан концерт көреді.
Наурыз
Екіншісі – көктем айының басы, күн мен түннің теңелген күні, наурыздың 22-сінде тойланады. Бұл күнді дүние жүзіндегі мұсылмандар «Жыл басы, Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні» деп атайды. Күн жылынып, қар еріп, адамзат, жан-жануар, өсімдіктер жаздың жақындағаның сезеді. Наурыз тойында жақсы киініп, жақын адамдар бірін-бірі құттықтайды. Бұл күні әр үйдің дастарқанында жеті түрлі тағам болу керек.Солардың ең бастысы – наурыз көже.
Наурыз көже су мен тұздан басқа жеті түрлі азық қосып пісіреледі. Олар: ет (қысқы соғымнан қалған қазы, қарта, шұжық, жал-жая, бас), қамыр, сүт, айран, құрт, тары, бидай. Наурыз көжеге ауылдағы туған-туысқандардың бәрін де шақырады. Тамақ ішкен соң: «Ұлыс оң, ақ мол болсын! Дастарқаның бай болсын!» - деп үлкендер бата береді.
Наурыз – жыл басы. Бұл – салт-дәстүрлерімізді еске алатын күн.
Мәтін тапсырмалары
Мәтінді оқып, орыс тіліне аударыңыз
Халқымызда «үш», жеті, «тоғыз» сөздерімен байланысты айтылатын сөздерге мысал келтіріңіз.
Мәтінді ауызша әңгімелеп беріңіз.
ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ
Тоғызқұмалақ- қазақтың ерте заманнан келе жатқан ұлттық спорт ойындарының бірі. Бұл ойынды қазақтардан басқа қырғыздар, қарақалпақтар, алтайлықтар да ойнайды.Тоғызқұмалақ ойынын «қойшылар алгебрасы» деп те жүр. Оның себебі де жоқ емес. Тоғызқұмалақты тұңғыш рет қойшылар ойлап шығарған және бұл есеп ойыны. Ертеде қатар қонған ауыл қойшылары жайлауда қойды қапатата жайып барып жусатқан соң, бір төбенің басына жиналып, жақ- жақ болып тоғызқұмалақ ойнайтын болса керек.
Алайда тоғызқұмалақ ойыны ол кезде қойдың құмалақтарымен ойналушы еді. Бұған онша күрделі жабдықтардың да қажеті болмады. Екі жақ ойыншыға тоғыз- тоғыздан шұңқыр (отау), бір- бірден қазан (құмалақ жинайтын үлкен ұя) жасап, әр ойыншы 81- ден, барлығы 162 құмалақ пайдаланды. Қойшылар тоғыз құмалақты жерді қазып алып, жүрелеп немесе малдас құрып отырып ойнай беретін болған. Бертін келе ойын халық арасына кеңінен тарап, қалың бұқараның мәдени қажетіне айналған. Әншіл, сауықшыл қазақ халқы адамның ой өрісін кеңейтетін, өмірге қажетті ауызекі есепке төселдіретін, ұстамдылықққа, творчестволық еңбек сүйгіштікке дағдыландыратын тамаша спорттық ойынға бос уақыттарын бөліп, ұрпақтан- ұрпаққа жеткізіп келген.
Есте сақтайтын сөздер
Тұңғыш рет
Ойлап шығарған
Есеп ойыны
Жайлауда
Ойыншы
Жүрелеп немесе малдас құрып
Ұстамдылыққа
Ұрпақтан- ұрпаққа
13-ТАҚЫРЫП.
Мәтін: Мемлекеттік және халықаралық сыйлықтар мен стипендиялар.
Қайталау. Мақсат бағыныңқылы сабақтас. Көп бағыныңқылы сабақтас. Көп басыныңқы сабақтас.
|
Мәтін: Мемлекеттік және халықаралық сыйлықтар мен стипендиялар.
Мемлекеттік және халықаралық сыйлықтар мен стипендиялар
Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаттары — Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік, қоғамдық істегі қызметі, еңбектегі жетістіктері мен жауынгерлік ерліктері үшін марапатталады. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларымен Қазақстан Республикасына еңбек сiңiрген шет ел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың да наградталуы мүмкiн. Мемлекеттiк наградалармен наградтауды Қазақстан Республикасының Президентi жүзеге асырады.
Ең жоғары дәрежелi ерекшелiк белгiлерi - "Алтын Қыран" орденi, "Халық қаhарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да ордендерi, медальдары, құрметтi атақтары және Құрмет грамотасы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары болып табылады.
Қазақстан Республикасы мемлекеттiк наградаларының атаулары мемлекеттiк тiлде белгiленедi. Мемлекеттiк наградалардың сипаттамасын, "Алтын Қыран" орденi, "Халық қаhарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" кiтапшаларының, орден кiтапшаларының, медальдарға куәлiктердiң және құрметтi атақтар берiлгенi туралы куәлiктердiң үлгiлерiн, мемлекеттiк наградаларға ұсыну және оларды тапсыру тәртiбiн, басқа да құжаттар мен ережелердi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi."Алтын Қыран" орденiмен наградтау үшiн кандидатураларды Қазақстан Республикасының Президентi анықтайды. Өзге мемлекеттiк наградалармен наградтауға ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Президентiне Қазақстан Республикасының Парламентi, Үкiметi, министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер, басқа орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, шығармашылық одақтар мен басқа да ұйымдар енгiзедi. Наградтау үшiн кандидатураларды еңбек ұжымдары қарап, ұсынуы мүмкiн. Шет ел азаматтары наградтауға ұсынуды жалпы негiздерде Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi, басқа министрлiктер мен мемлекеттiк комитеттерi, өзге де орталық атқарушы органдары жүргiзедi. Азаматтарды кезектi наградаға ұсыну, көп балалы аналарды наградтауға және қаhармандық ерлiк жасауға, қиын-қыстау жағдаяттарға байланысты ерекше реттердi қоспағанда, осының алдындағы наградтау сәтiнен бастап бес жыл өткен соң жүргiзiледi.
Бір адам дәрежелері бар наградалардан басқа ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгілерімен, сол орденмен немесе медальмен екі мәрте наградталмайды. Құрметті атақтар қайталап берілмейді. Еліміздің мүддесін қорғау үстінде көрсеткен батылдығы, ерлігі, қаһармандығы үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау қайтыс болғаннан кейін де жүргізілуі мүмкін.
Наградалар жөнiндегi ұсыныстарды алдын ала қарап, дайындау үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанынан Мемлекеттiк наградалар жөнiндегi комиссия құрылады. Комиссияның құрамын және оның қызметi туралы Ереженi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
Мәтін тапсырмалары
Мәтін бойынша екі адамның сөйлесуін құрыңыз.
Мәтіннен 5 сұраулы сөйлем жасаңыз.
Мәтіннің ауызша әңгімелеп беріңіз.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СПОРТ
Қазақстанда спортқа әрқашан зор көңіл бөлінетін. 1991 жылдан бастап, Қазақстан халықаралық спорт жарыстарына тәуеліз мемлекет ретінде қатынасып жүр. Республикада олимпиада қозғалысын дамыту үшін Ұлттық олимпиада комитеті құрылды. 1994 Лиллехаммерде өткен ХVІІ қысқы олимпиада ойындарына алғаш рет қатынасты. Елде халықаралық дәрежедегі спортшылар көп. Елдің ұлттық құрама командалары үшін резерв дайындау ісіне көп көңіл бөлінеді. Петропавл, Шымкент, Қызылорда, Степногорск қалаларында дарынды балалар үшін мектеп-интернаттары құрылған. Түрлі спорт құрылыстары салынуда. Астанада спорт сарайы, теннис корттары, стадион жұмыс істейді. Республикада жоғары дәрежелі спортшылар даярлау жүйесі жұмыс істейді. 291 спорт мектебі, 6 спорт шеберлігі мектебі жұмыс істейді. Онда 140 мыңға жуық балалар, жасөспірімдер және жастар жаттығады.
Қазақстан спортшылары Азиядағы күштілердің бірінен саналады. Олар Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея спортшыларына қуатты бәсекелестік танытады. Қазақстанның құрама командалары Азия орындарында табысқа жетуде. Әсіресе, боксшылардың жетістіктері байқалуда. Олимпиада жеңімпаздары Василий Жировты, Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибраимовты кім білмейді?! Жеңіл атлетикада, грек-рим күресі, шахматта да жетістіктер бар. 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарының қорытындылары бойынша Қазақстанның спорттық делегациясы 199 қатынасушы елдердің арасында 22-ші орынды иеленді.
Тәуелсіздік алғаннан бері елде ұлттық спорт түрлерін жандандыру және дамыту жөнінде шаралар қабылданды. Бұл шаралардың нәтижелері кезек күттірген жоқ. Қазір ұлттық қазақша күреспен 20 мыңнан астам адам айналысады. Халық арасында көне тоғыз құмалақ ойыны танымал болып алды. Ұлттық ат ойыны көкпармен 2 мыңнан астам адам айналысуда. Бәйге, жорға жарыс, теңге алу, қыз қуу сияқты спорт түрлерінің бас июшілері де бар. Жыл сайын ұлттық спорт түрлерінің көпшілігі бойынша ресми чемпионаттар және республикалық турнирлер өткізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |