1-билет. «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәні, мақсаты мен міндеттері, қоғамдық тарихи қалыптастырудағы орны. «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәнінің негізгі мақсаты – отандық тарихтағы негізгі оқиғалардың мазмұны туралы ғылыми дәлелденген фактілер негізінде міндетті толық білім беру, тарихи-мәдени дамудың үздіксіздігі мен сабақтастығын дәлелді көрсету, рухани мұрагерліктің терең тамырларын, бұрынғы ұрпақтың қажырлы еңбегін, халықтың жеке тұлғаларын, тарихи тәжірибені және ұлттық дәстүрлерді құрметтейтін жастардың ұстанымын қалыптастыру. Жалпы жоғары білім беру саласында тарихшы емес мамандыққа оқып жатқан барлық студент Қазақстан тарихын оқып білуі тиіс деген біліми саясат бар. 2016-2017 жылғы оқу жылынан бастап бұрынғыдай көне заманнан бүгінгі кезеңге дейінгі тарихты оқытуды тоқтатып, бір семестр бойында, яғни 15 аптаның ішінде 19 ғ.соңы мен 21 ғасырдың бас кезі аралығындағы күрделі оқиғаларға толы кезеңді оқытуды мақсат тұтты. Мемлекет тарихын білу әрбір маманның міндеті. Қазақстанның қазіргі заман тарихы пәні бүгінгі Ұлы Дала елі аумағындағы тарихи үдерістің бастаулары, негізгі кезеңдері мен ерекшеліктері туралы көптеген мағлұмат бере отырып, Қазақстанда тәуелсіз мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуы, рухани мәдениеті, этногенез сабақтастығы мәселелеріне білім алушының назарын бағыттайды. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы Қазақстан Республикасы аумағында өмір сүрген, қазірде өмір сүріп жатқан қазақ және басқа да халықтардың тарихы және бүкіл адамзат тарихының құрамдас бір бөлімі. Өйткені ол Еуразия және Орталық Азия елдері тарихымен тығыз байланыста ұштасып жатыр. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы – Ұлы Далада ХХ ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейін орын алған тарихи оқиғаларды, құбылыстарды, фактілерді, үдерістерді, тарихи заңдар мен заңдылықтарды аша отырып, оларды тығыз байланыста тұтас қарастыратын пән. ХХ ғасыр қазақ халқының тарихи тағдырында өте маңызды кезеңдердің бірі. Өйткені қазақ қоғамдық саяси ойдың дамуы, Қазақ мемлекеттілігін жаңғырту идеясы сол кезде пайда болды. ХХ ғасыр қайшылықтарға толы көптеген саяси-әлеуметтік бетбұрыстар мен мәдени төңкерістердің, дүниежүзілік соғыстардың, экономикалық өзгерістердің орын алған кезеңі болғандықтан және бүгінгі күнмен етене байланысып жатқандықтан, осы үдерістерді оқытуға аса көңіл бөлініп жатыр. Қазақстан Республикасы егемендік пен тәуелсіздікке ие болғаннан бері «Қазақстан қазіргі заман тарихы» оқу пәнінің маңызы арта түсті, оның негізгі міндеттері: халықтың тарихи жадын қалпына келтіру, ұлттық сана мен бірлікті қалыптастыру, азаматтанушылық пен патриотизмді тәрбиелеу болып табылады.