Шуро-и-Улема”,Ғұламалар қоғамы, Ғұламалар кеңесі – қоғамдық-саяси ұйым. 1917 жылы 10 шілдеде Ташкентте көрнекті қазақ қайраткері Серәлі Мұңайтпасұлы Лапиннің жетекшілік етуімен құрылған.“Шуро-и-Улема” ұйымы Түркістан өлкесінің жергілікті халқының мүддесін қорғау ислам діні қағидаларымен ұштастырылғанда ғана жүзеге асады деп санады. Соған орай Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінен мұндай ұстанымның жүзеге асуын талап етті. Түркістан өлкесіне Ресей Федерациясы құрамында аумақтық автономия берілуін жақтай отырып, олар ұлттық-діни ой-пікірлерді мерзімді баспасөз арқылы насихаттау күнделікті өмірде талас тудыратын мәселелерді Шариғат арқылы шешу керектігін өз ұйымдарының жарғысына негіз етіп алды. Жергілікті зиялы қауым өкілдерінің біраз бөлігі “Шуро-и-Улема”ұйымының бой көтеріп, қоғамдық өмірге араласуын Уақытша үкімет жағдайында өлкедегі түркі-мұсылман халықтарының талап-тілектерін жүзеге асыруда кедергі келтіреді, осы мақсат жолында ұлттық саяси күштердің бірлесе әрекет етуге деген талпынысының тежелуіне, олардың ара-жігінің ажырай түсуіне әкеліп соқтырады деп санады. 1917 жылы 2 қазанда Түркістан қаласында съезд өткізіп, онда Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына өз алдына бөлек депутаттыққа кандидаттар тізімін жасады. 14 адамнан тұратын бұл кандидаттар тізімі қатарында Лапин, С.Мақмұдқожа, С.Алдабергенов, С.Нұрмұхамедов, Садыққожа ишан, Х.Ибрагимов, Т.Ғалым, О.Мерейов, М.Мабирхан, Ә.Топчибашев, І.Бұралқиев, С.Юсупов, С.Наргелов, Ғ.Махдум болды. 1917 жылы күзде Ташкенттегі жұмысшы-солдат депутаттары кеңесі революциялық комитеттер құруға кірісіп, бар билікті өз қолдарына алуға ұмтылғанда оған “Шуро-и-Улема” ұйымы табанды қарсылық көрсетті. “Шуро-и-Улема” ұйымының мұндай ұсынысына кеңес өкіметі құлақ аспайтындығын 1918 жылы ақпанда Түркістан автономиясын қару күшімен талқандау арқылы көрсетіп берді.