Проблемалық оқыту — мәні проблемалық ситуация туғызу мен оқушылардың оқу проблемасын дербес шешулері бойынша іс-әрекеттерін басқару болып табылатын оқыту түрі. Проблема деп шешілуі оқушылардан білім алу үшін белгілі әрекеттерді талап егетін есептердің, тапсырмаларын, теориялық немесе тәжірибелік мәселелердің әртүрлілігін түсінуге болады.
Проблемалық оқытудың ерекшелігі — мұнда мұғалім білімді дайын түрде баяндап бермейді, оқушылардың алдына проблемалық міндет қояды. Шешімді және шешу құралдарын оқушы өзі іздестіруі тиіс.
Проблемалық оқытудың негізгі психологиялық және педагогикалық мақсаттары:
Оқушылардың шығармашылық ойлау қабілеттері мен дағдыларын дамыту;
Оқушылардың белсенді ізденіс нәтижесінде игерген білімдері мен дағдылары дәстүрлі оқыту әдістеріне қарағанда есте тез және берік сақталады.
Түрлі проблемаларды көріп, қойып, шеше білетін белсенді оқушы тұлғасын қалыптастыру.
Проблемалап оқыту әдісін жүргізу дидактиканың заңдылықтарына байланысты мынадай кезеңдерге бөлінеді:
1.Проблемалық ахуалдар туғызу жолын алдын ала дайындау.
2.Проблемалық сұрақтарды грамматикалық және стилистикалық жағынан дұрыс құру.
3.Проблемалық мәселелерді шешу амалдарын күні бұрын дәл белгілеу.
4.Проблемалық сұрақтардың теориялық анықтамасын заңды түрде дәлелдеу.