10-дәріс. Білім беру үдерісіндегі ойын технологиясы
Жоспары
1. Ойын арқылы оқыту техналогиясының мәні.
2. Іскерлік ойынының жүргізілу технологиясы
Ойын арқылы оқыту техналогиясының мәні - дидактикалық, тәрбиелік, дамытушылық, әлеуметтендірушілік мақсатқа жету. Ойындық іс-әрекеттің психологиялық механизмі жеке бастың өзіндік талап-талғамдарына сүйенеді. Баланың бойындағы білімдік, танымдық, шығармашылық қасиеттерін аша түсуді көздейді.
Адамның жан дүниесінің дамып жетілуі, әлеуметтік өмірге бейімделіп тіршілік етуі әр түрлі іс-әрекеттермен шынығу барысында қалыптасады. Сондай іс-әрекеттің бір саласы - ойын әрекеті. Жоғары сатыда дамып жетілген сана-сезім мен ақыл-ой иесі — адам баласының ойын әрекеті бір жағынан, тіршілік етудің негізгі формасы болып саналатын болса, екінші жағынан ұрпақтан ұрпаққа берілген өмір тәжірибесінің нәтижесі болып саналады. Міне, осы тұрғыдан алғанда адам баласының ойын әрекеті, негізінен балдырған кезінде кеңінен дамып, баланың өсіп жетілуіндегі басты және жетекші факторға айналады.
Ойынды психологиялық дамудың әр жағдайында коррекциялық бағытта қолдану мәселесінің теориялық және әдістемелік негіздері Н.Фрейд, К.Роджерс, Д.Леви, Д.Торф және т.б. еңбектерінде ғылыми позицияларға байланысты әрқилы сипатталады. Ойынның бала өмірінде үлкен орын алатынын ертеден-ақ дәлелденген, тіпті, 18 ғасырда Ж.Ж.Руссо былай деп жазған: «Баланы жақсы тану және түсіну үшін, оны ойын кезінде бақылау керек.»- деген.
Ойын әрекетінің бала психологиясының дамуында шешуші қызмет атқаратындығы жайында Ж.Аймауытов, Т.Тәжібаев, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, Ш.Құдайбердіұлы т.б. қоғам қайраткерлерінің бізге мұра болып қалған еңбектерінде айрықша орын алады. Кеңестер одағында жалпы ойын теориясы Г.В.Плеханов, Н.К.Крупская, А.С.Макаренко сынды, атақты ғалымдардың есімдерімен тығыз байланысты. Дидактикалық ойындарды ғылыми түрде зерттеу ісіне П.П.Блонский, С.П.Шацкий, В.Г.Марц, А.В.Сухомлинский, В.Г.Яковлев, Т.Е.Каликова, Э.В.Янковскаялар сияқты ғалымдар да назар аударды.
Мектепке дейінгі балалардың ойындарына да көптеген еңбектер бағытталған. Соның бір тобы рөлдік, творчестволық ойындардың теориясын зерттеген С.Л.Рубинштейн, А.Н.Леонтьев, И.А.Фраукина, А.П.Усова, Д.Б.Эльконин, Р.И.Жуковская, Т.А.Маркова т.б. келесілері педагогикалық процестерде дидактикалық және қозғалыс ойындарының ерекшеліктеріне, алатын орнына жэне маңызына тоқталды.
Ғалымдар: Е.А.Радина, А.И.Сорокина, Е.И.Удальцова, Э.М.Богусловская, В.Н.Афанасова т.б. ал үшінші бір тобы мектеп алды даярлық тобындағы балалардың ойынның маңызын анықтауға бағытталған еңбектер Н.А.Ветлугина, Н.П.Сакулина, Н.В.Аванцова және т.б.
Тәрбиелік үрдістегі ойынның маңызы туралы кеңес педагогтары А.С.Макаренко, Н.К.Крупская және т.б. арнайы зерттеу еңбектерінде терең де жан-жақты айқын талдау жасаған.
А.С.Макаренконың айтуынша: «Үлкендер өмірі үшін жүмыс, қызмет істеу, әрекет ету қандай орын алатын болса, балалар өмірінде ойын да сондай үлкен маңызды рөл атқарады. Ойында бала қандай болса, өскенде жұмыста көбінесе сондай болады. Сондықтан келешекте адамды тәрбиелеу бәрінен бұрын ойын арқылы болады.»-деп жазды.
Ал Қазақстан зерттеушілерінің ішінде дидактикалық ойынды зерттеген ғалымдар Н.К.Ахметов, Ж.С.Хайдаров болды.Ойын арқылы бала өздігінен жұмыс істеуге үйренеді, ойлау қабілеті дамиды, сөздік қоры баийды. Ойынның негізгі мақсаты - баланы қызықтыра отырып, лексико-фонетикалық материалды берік меңгерту. Сондай-ақ ойын үстінде балалардың тілін дамытып, ойын жүйелі айта беруге үйрету – мұғалімнің басты парызы. Көрнекті педагог Мағжан Жұмабаев: «Бала еш уақытта іссіз отыра алмайтын болғандықтан, балаға ылғи пайдалы іс беріп отыру керек. Сыныпта отырғанда балалардың тез шаршауы, оның ақылының жұмыссыз қалуынан, әсіресе, тек отыруда ауаның бұзылуынан. Сондықтан сабақ уақытында сабақты дидактикалық жарыс-ойын түрінде өткізсе, балалар сергіп өздерін еркін ұстайды»-деп ойынның, қызықты жаттығудың балалардың оқу әрекетін жандандырып оқуға деген ынтасын арттыратын маңызды құрал екенін атап көрсетеді.
Ойын – адамның өмір танымының алғашқы қадамы. Ойын арқылы балалар өмірден көптеген мәліметтер алып, білімін жетілдіреді. Ойын – бір қарағанда қарапайым құбылыс не әрекет іспетті. Ол міндетті түрде ұжымдық әрекет. Ойынның ережелері ойнаушылардың қисынды ой қабілетінің дамуы, сөздік қорының молаюы, бір – біріне деген сыйластық қажеттіліктерімен санасуы әр ойыншының жеке әрекеттерінен туындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |