Аэробты төзімділікті дамытудың амалдары мен әдістері
Аэробты төзімділіктің физиологиялық негізі – ол оттегіні жұмыс күшіне сәйкес пайдалану немесе «дем жетімсіздігінің пайда болмауы». Аэробты төзімділікті дамытқанда үш негізгі міндетті орындаймыз:
- ауаны үлкен көлемде пайдалану мүмкіншілігін дамыту;
- сол деңгейді ұзақ уақыт ұстау қабілеттілігін дамыту;
- тез тыныс алу үрдістерін үлкен шамаға жоғарылату.
Қалыпты күшпен ұзақ уақыт орындалған циклді (жүгіру, ескек есу т.б.) және ациклді (күрестегі лақтырулар т.б.) жаттығулар аэробты төзімділікті дамыту амалдары болып табылады. Аэробты төзімділікті дамыту үшін бірқалыпты, үздіксіз және аралық жүктемесімен төменде көрсетілген, уақыт тәртібі қатаң шектелген жаттығулардың әдістері қолданылады.
Бірқалыпты, үздіксіз жаттығулар әдісі. Жаттығуды орындау уақыты 10-нан 30 минөтқа дейін, жүрек соғу жиілігі жұмыс кезінде – 150–170 соғу/минөт. Осындай жаттығуларды орындау тәртібі жүрек бұлшық еттерін нығайтады, тыныс алу деңгейін жақсартады. Бұл әдіс төзімділікті дамытудың бастапқы кезеңдерінде пайдаланылады.
Аралық жаттығу орындау әдістері. Бұл әдіспен жаттықтыруды жүргізу, жүрек қызметі мүмкіншіліктерін арттыруға бағытталған. Аралық жаттығу әдісін қолданған кезде жұмыс ұзақтығы 1-ден 3 минөтқа дейін, жүктеме қарқыны минөтына 170-180 соғу/рет, тынығу ұзақтығы 45-90 секөнд ЖСЖ 120-130 соғу/минөтқа дейін созылады. Жаттығуды орындау ұзақтығы оқушының дайындығына байланысты беріледі.
Анаэробты төзімділікті дамытудың амалдары мен әдістері
Анаэробты төзімділікті дамыту, анаэробты жағдайдағы жұмысты энергиямен қамтамасыз етудің ең негізгі – алактатты және лактатты жолмен жұмыс қуатының деңгейін көтеруге бағытталған. Шегіне дейін және шегіне жақын күшпен орындалған, циклді немесе ациклді спорттық жаттығулар қолданылады. Алактатты төзімділік кезінде спортшы ағзасында креатинфосфаттың азаю үрдісі дамиды.
Алактаттық төзімділікті арттыру үшін ұзақтығы 5-тен 10 секөндқа дейінгі уақытта қатты қарқында, жұмыс шегі 100%-ға дейін орындалатын жаттығулар қолданылады. Мысалы, 30-70 метрге жүгіру, 25 м суда жүзу т.б. жаттығулар. Тынығу аралығы – 2-3 минөт. Креатинфосфаттың қоры бұлшық еттерде өте аз, 3-4 әрекетке ғана жетеді, сонан соң 7-10 минөт тынығу қажет. Бір сабақта 4-5 тізбек орындалады.
Қарқыны, жұмыс шегіне 85-95 пайызға жетпей, ұзақтығы 20 секөндтан 2 минөтқа дейінгі ( мысалы, 200-600 метр жүгіру) жаттығуларды орындау кезінде лактатты төзімділік дамиды. Қайталау арасындағы тынығу – 20-40 секөнд. Тез арада болдыру өрістейтіндіктен тізбектегі қайталау саны 3-5 реттен аспайды. Орындайтын тізбек саны жаттығушының функционалдық дайындығына байланысты 4-тен 10-ға дейін орындалады. Тізбек арасындағы тынығу – 15-20 минөт.
№ 8 ДӘРІС.Мектеп жасына келмеген сәбилердің дене тәрбиесі (жалпы негіздері). Балабақшадағы сәбилердің дене тәрбиесін ұйыдастыру
Жоспар:
1. Мектеп жасына келмеген сәбилер дене тәрбиесі: мақсаты, міндеттері.
2. Негізгі құралдары және үйрету тәсілдері. Сәбилердің жастары бойынша белгіленген дене тәрбиесінің мазмұндық негіздері.
3. «Дене тәрбиесі» сабағын ұйымдастрыу негіздері.
4. Сәбилер тобының жастары бойынша қимыл сапалықтарын дамыту (мазмұндық негіздері).
№ 8.1. Адам баласының өмірге келуі мен мектепке оқуға баруы арасындағы алғашқы жеті жыл уақыты оның келешек өмірінде өте үлкен маңызы бар. Өйткені осы кезеңде адамның денсаулығы, әр түрлі қабілеттері, адамгершілік қасиеттері, мінез-құлқы қалыптаса бастайды. Баланың денесін шынықтыру, өмірге керек қозғалыс шеберлігін қалыптастыру, гигиеналық әдеттерді бойларына сіңіру үшін осы бір балалық балғын шақ өте бір қолайлы кезең.
Баланың ағзасының жан-жақты дамуының негізі, тәрбие көзі дене тәрбиесі болып табылады. Табиғи, дұрыс өсіп келе жатқан бала тұрақты түрде қозғалғысы келіп тұрады. Оның осы қозғалыс әрекетін жанұяда, бала бақшасында дұрыс ұйымдастыру оның жүрек-қан тамырлары, дем алу, жүйке жүйесі, зат алмасу жүйесі қызметтерін жақсартады, қозғалыс-тірек аппараттарын нығайтады. Баланың ауруға қарсылық күшін, ағзаның қорғаныс күшін күшейтеді. Қозғалыс арқылы бала өмірді, табиғатты тани бастайды, оның психологиясы, ерік-күші, өзіндік қасиеттері дамиды. Бала көбірек қозғалыстарды білген сайын оның таным, түйсік, қабылдау, сезім, қабілет және басқа да әр түрлі психикалық мүмкіншіліктері кең көлемде дамиды. Сондықтан да осы кезеңде дене тәрбиесі сауатты, дұрыс жүргізілмесе, өткізіп алған уақытты қуып жету, жіберілген қателіктерді түзету қиын болады.
Мектепке дейінгі жастағы балалардың негізгі міндеттері үш үлкен топқа бөлінеді:
Сауықтыру міндеттері:
1. Бала ағзасын шынықтыру арқылы, сыртқы ортаның зиянды әсерлеріне қарсы тұра алу қабілеттіктерін жетілдіру. Табиғаттың табиғи күштерін, ауаны, суды, күн қызуын дұрыс пайдалану арқылы бала денесі шынығады. Оның әр түрлі суық тию арқылы болатын тұмау, жөтелу, тамақ ауруларына қарсылық күштері көбейеді.
2. Қозғалыс тірек аппараттарын нығайту және дұрыс мүсінді қалыптастыру. Қозғалыс белсенділігі көлеміне әсер ететін жалпақ табан болмауы үшін, табан және сирақ бұлшық еттеріне арналған жаттығуларға көңіл бөлу. Бала денесі үйлесімді дамуы үшін денесінің екі жағындағы бұлшық еттерге бірдей мөлшерде жаттығулар беру. Күнделікті өмірде аз жұмыс істейтін бұлшық еттер топтарына көбірек жаттығулар беру.
Жас кезінен балаға дұрыс мүсін туралы мағлұмат беру қажет. Еңкіштік, бір иықтың екіншісінен биіктігі, омыртқаның қисаюы және т.б. мүсін қисаюларын дұрыстаудың ең бір әрекетті амалы дене жаттығулары екені олардың әрқашанда ойларында болу керек.
3. Вегетативтік мүшелердің қызмет мүмкіншіліктерін жоғарылату. Баланың белсенді қозғалыстары жүрек-қан тамыры және тыныс алу жүйелерінің, тамақ қорыту, дене температурасын реттеу жүйелерінің, ағзадағы зат алмасу үрдістерінің қызметтерін жақсартады. Зәр шығару органдарында зәр шықпай қалу үрдістерін болдырмайды.
4. Жылдамдық, үйлесімділік, төзімділік секілді дене қуаты қасиеттерін тәрбиелеу. Мектепке дейінгі жастарда дене мүмкіншіліктерінің бірін ғана және дамытуға арнайы көңіл бөлуге болмайды. Қозғалыстарды әр түрлі етіп құрастыру, амалдарын ауыстыру, әр түрлі бағыттау арқылы дене қасиеттерін кешенді, үйлесімді дамытуға көп көңіл бөлген дұрыс.
Білім беру міндеттері:
1. Өмірге керек негізгі қозғалыс ептілігі мен дағдыларын қалыптастыру.
Жүйке жүйесінің икемділігі арқасында мектеп жасына дейінгі балалар жаңа қозғалыс түрлерін тез және оңай үйреніп алады. Дене өсуімен бірге олардың қозғалыс ептіліктері де қалыптаса бастайды: үш айда олар басын көтеріп, ұстап тұра алады; алты айлықтарында қолдарын қозғалтады, еңбектейді, шалқадан жатқан күйден ішіне аударыла, ішіне жатқан күйде қолымен тіреле кеудесін көтере алады; он бір айлығында отыруды, жатуды, заттарға тіреле тұруды, жүруді үйрету, бір жылда міндетті түрде жүруге үйрету қажет; үш жасында бала жүру, жүгіру, әр түрлі нәрселерге өрмелеу қозғалыстарын меңгеруі; төрт жасында әр түрлі заттарды лақтыру, биік жерлерден секіру, заттарды қағып алу, үш дөңгелекті велосипедті тебе алу; алты-жеті жасында өмірде, тұрмыс жағдайында кездесетін қозғалыстардың көпшілігін: жүгіру, жүзу, шаңғы тебу, басқышпен жоғары өрмелеу, кедергілерден асып өтулер және т.б. орындай алулары керек.
2. Дене тәрбиесі сабақтарына деген тұрақты қызығушылықтарын қалыптастыру.
Балалардың дене тәрбиесі жаттығуларына деген тұрақты қызығушылықтарын қалыптастыруға ең қолайлы уақыт – мектепке дейінгі балалық кезең. Ол үшін балалар орындай алатын, орындаған жаттығулардан олар қанағат алып, ары қарайғы әрекеттерге ынтықтыратын тапсырмалар берілуі қажет. Орындалған тапсырмаларды бағалау, көңіл бөлу, мадақтау арқылы дене тәрбиесіне деген жақсы көзқарас қалыптастырылады, баланың дене жаттығуларымен тұрақты айналысуға ұмтылуына себеп болады.
Балалардың ақылдылықтарын, дүниетанымдарын, көзқарастарын кең дамыту үшін, оларға жаттығулар жасау кездерінде дене тәрбиесі, спорт саласындағы қарапайым білім негіздерінен мағлұматтар беріліп отырылуы керек.
Тәрбиелік міндеттері:
1. Балаларды моральді – жігерлік қасиеттерге тәрбиелеу. Ол қасиеттер: адалдық, батылдылық, тәуекелшілдік, қайсарлылық, табандылық т.с.с.
2. Дене тәрбиесі арқылы балалардың ақылдылық, өнегелік, эстетикалық, еңбек тәрбиелеріне әсер ету, көмектесу.
Осы баяндалған сауықтыру, білім беру, тәрбиелеу міндеттері жеке-жеке қарастырылса да, олар бір-бірлерімен тығыз байланысты. Сондықтан балалармен жұмыс істегенде осы міндеттерді кешенді түрде орындаған дұрыс болады. Сонда ғана бала денесі дене дайындығы жағынан ғана емес, рухани жағынан да дамиды.
Достарыңызбен бөлісу: |