8-дәріс Популяциялар генетикасы
Түрлер және популяциялар туралы түсінік.
Таза линиялар мен популяциялардағы теріп алудың нәтижелігі
Еркін өсіп-өнетін популяциялар құрылымы. Харди-Вайнберг заңы.
4. Популяциялардағы генетикалық эволюцияның негізгі факторлары
5. Инбридинг
Жаңа биологияның басты бағыты — популяциялар мен түрлердің эволюциясын саналы түрде басқару. Эволюция мен селекция өте күрделі факторлардың жиынтығына негізделген, олардың ішінде ең бастылары: табиғи және қолдан сүрыптау.
Мал тұқымын асылдандыру, одан алынған өнімді арттыру үшін тек жеке өкілдердің ғана емес топтық бүкіл тұқымның генотипінің жүйесін білу керек.
Түр дегеніміз морфологиялық жағынан өте ұқсас, шыққан тегі бір және табиғи жағдайда бір-бірімен шағылысатын бір топ организмдерді айтады. Түрлер бір-бірінен оқшауланып жекеленген топтар — популяциялар құруы мүмкін.
Популяция дегеніміз Н.В. Тимофеев-Ресовскийдің анықтауы бойынша өмір сүретін ортақ мекені бар, сол жердің жағдайына бейімделген, туыстас жиынтықтардан оқшауланған (аралық кеңістіктер, мезгілдік, физиологиялык, генетикалық) жөне өзара шағылыса алатын бір түрге енетін организмдердің жиынтығын айтады. Мысалы, Колгуев аралындағы бұғылар Қиыр Солтүстік материктегі бұғылардан теңізбен бөлінген. Осының нәтижесінде колгуев бүғыларының ерекше популяциясы пайда болған, олар осы түрдің қалған бүғыларымен салыстырғанда генотипі де, фенотипі де өзгеше ірі жөне өмір сүргіштігі жоғары. Популяция ретінде "таза күйінде" өсірілетін ауылшаруашылық малдарының тұқымын келтіруге болады. Егер бір шаруашылықта малдың екі түрлі тұқымын бір-бірімен шағылыстырмай жеке өсірсе, онда екі тұқымдағы малдар екі популяцияға жатады. Әдетте популяция тұйық топ. Оған басқа жерден әкелмейді, оның ішінен әкетілмейді, сондықтан популяцияда жұп таңдау өз ішінде жүреді.
Әрбір популяция өзінің белгілі генофондымен, яғни құрамына кіретін ген аллельдерінің жиынтығымен сипатталады. Генофонд деген ұғымды енгізген мал шаруашылығы генетикасының негізін қалаған А.С. Серебровский енгізді. Егер тұқымның генофондында бағалы нәсілдік бастама болмаса; құнды гендер шоғыры аз болса, бұл тұқымды қажетті бағытта жетілдіру қиынға түседі.
Популяциямен қоса генетикада таза линия деген ұғым бар. Таза линия — бір атадан тараған жөне оған генотипі жағынан өте ұқсас ұрпақтар. Малда оны "аталық із" деп атауға болады. Негізінде "таза линия" малда жоқ, ол өз бетімен тозаңданатын бір өсімдіктің ұрпақтары. Қолдан тозаңдандырылатын өсімдіктерде таза линия алу үшін кемінде сегізінші ұрпаққа дейін қолдан өзді өзін тозандандыру керек.
Жануарлар арасында гомозиготалықтың өсу дәрежесі өте төмен. Бір анадан туған жыныс айырымды дарақтарды будандастырып отырғанның өзінде 100% гомозиготалық С. Райт бойынша 30-40 ұрпақта алынуы мүмкін. Таза линияның популяциядан айырмашылығы - толық гомозиготалығында. Осының себебімен онда сұрыптау жүргізілмейді, өйткені таза линияның өкілдерінің гендер құрамы бірдей.
Линия – бір асыл тұқымды аталық малдан тараған организмдердің жинағы, популяциядағы басқа тармақтардан даму ерекшеліктерімен және белгілерінің белгілі қасиеттерімен сипатталады.Таңдап алған аталық организмнің қасиеттерін ұрпақтарда сақтап қалу үшін осы особқа ұқсас қасиеттері бар немесе туған тегі бір, аналық особьтармен шағылыстырылады. Келесі ұрпақта аталық қасиеттін, белгінің сақталуы гомозиготалы генотиптің қалыптасуына байланысты.
Популяциялар эволюцияның қозғаушы үш факторы: тұқым қуушылық, өзгергіштік және сұрыптаудың өзара әрекеттесуі негізінде тіршілік жағдайларының әсерімен қалыптасады.
Достарыңызбен бөлісу: |