Мұхиттық ортаңғы жоталар – дүниежүзілік мұхит табанындағы тау жоталарының тізбегі. Олар жер геотектурасының жеке түрі ретінде қарастырылады. Жалпы ұзындығы 75000 км-ге жуық, ені 2000 км-дей, орташа биікт. 1000 – 3000 м, ең биік жерлері 6000 м-ге жетеді. Күрделі құрылымды жоталар тізбегінің биік бөліктерінде терең тектоникалық жарықтар жүйесі орналасқан. Су асты жоталарын кейде рифт белдемі деп атайды. Рифт белдемінде Жер шарындағы литосфералық тақталардың ажырау шекарасы (спрединг) орналасқан. Су асты жоталары Солтүстік Мұзды мұхит табанындағы Гаккель, Книпович, Мон жоталарынан басталып, Атлант мұхитындағы Орта Атлант жотасына (Солтүстік Атлант және Оңтүстік Атлант) ұласады. Ол Буве аралына дейін созылып, одан әрі Африка – Антарктида жотасы арқылы Үнді мұхиты табанындағы Батыс Үнді жотасына жалғасады. Одан солтүстік-батысқа қарай Арабия – Үнді, оңтүстік-шығысқа қарай Орталық Үнді жотасы Амстердам жарылымына дейін жетіп, әрі қарай ендік бағыттағы Австралия-Антарктида көтеріліміне жалғасады. Бұл жоталар тізбегі Оңтүстік Тынық мұхиттық көтерілімге, одан әрі Шығыс мұхиттық көтерілімге жалғасады. Су асты жоталарының ортатық бөлігіндегі рифт аңғарлары көлденең жарықтар жүйесімен тілімденген. Олар өте терең болғандықтан дүниежүз. мұхит табанындағы терең шұңғымаларға сәйкес келеді. Сондай жарықтардың бірінде Солтүстік және Оңтүстік Атлант жоталарын бөліп жатқанРоманш шұңғымасы (7856 м) орналасқан. Рифт белдемі дүниежүз. мұхиттағы жер сілкіну мен жанартау орталығы болып саналады. Осы қозғалыстар әсерінен су асты жоталары біртіндеп биіктеп, жанартаулық аралдарға айналады. Оларға Исландия, Буве, Тристан-да-Кунья, т.б. (Атлант мұхитында), Пасха, Скотт (Тынық мұхитында),Амстердам, Сен-Поль (Үнді мұхитында) аралдары жатады. Су асты жотары қазіргі тау жасалудың аса ірі ауданы. Мұхиттық жер қыртысы өте жоғары тығыздық көрсеткіші және мантиялық базальтты ультранегіздік (протрузия) жыныстардың көп болуымен ерекшеленеді. Сондықтан су асты жоталарында ірі лавалы үстірттер жиі кездеседі. Жинақталған базальтты лавалардың қалыңд. 300 м-ден 10 км-ге дейін жетеді.
Белес — жазық жердегі ұсақ шоқылар мен төбелердің тізбегі. Белес (Вал) - геоморфологияда - енсіз, ұзын және аласа жер бедерінің пішіні. Толқын, өзен, мұздық, жанартау және сел әсерінен пайда болады. Жағалық, сағалық, мореналық, шеңберлі және селдік болып бөлінеді.