27. "Елім-ай"-ел ұраны, тарихы, тағдыры
Елім ай
«Қара таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Ел-жұртынан айрылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.
Мынау заман қай заман — қысқан заман,
Басымыздан бақ құсы ұшқан заман.
Шұбырғанда ізіңнен қар борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.
Мынау заман қай заман — бағы заман,
Баяғыдай болар ма тағы заман!
Қарындас пен қара орман қалғаннан соң,
Көздің жасын көл етіп ағызамын.
Қабырғама қара жер батты, құдай,
Мұнша қысым қылдың ғой, қатты құдай!
Жаяу жүрсем — табаным ауырады,
Тым болмаса бермедің атты, құдай!
Мына заман қай заман — қай-қай заман?
Ұл айрылған атадан — дай-дай заман.
Бауырыңнан айрылған жаман екен,
Күн бар ма екен көрісер, есен-аман?»
Туған жердің қия алмай тау мен тасын,
Біз келеміз тыя алмай көздің жасын,
Не жазып ек, жасаған, таптатардай,
Көрінгенге халқымның алтын басын.
Жыраудың "Елім-ай"эпопеялық жыры қазақ халқының сыртқы жауларға қарсы бағытталған жарты ғасырлық әрі әділетті, әрі азаттық соғысын суреттеуге арналған маңызы кесек тарихи шығарма. Жырдың бірінші бөлімі де, жырмен аттас келетін "Елім ай" әні мен "Елім ай" күйі де 1723 жылғы күзде болған орасан қырғынды ел басына келген ауыртпалықты көпке сол күйінеде жеткізуге бағытталған. Сонымен қатар "Елім айдың" бірінші бөлімін жартылай өмірбаяндық дастан десекте болады. Жырау "Елім ай" хиссасының бірінші бөлімінде тек қана соғыстарды баяндап қана қоймай, туған халқымыздың жер-суларының бұрынғы кездегі атауларын, тұрмыс-салтын, кәсібін, елдің ішкі--сыртқы саяси жағдайларын айқын түрде көрсетіп берген. "Елім-ай" жыры о баста 3683 шумақ, 14732 жол болса, қазіргі күні қолданыста жүрген дастан көлемі 2000 жол. Жыраудың аталмыш дастаны туралы жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы: «Керей Қожаберген жыраудай бұрынғы-соңды өмiр сүрген қазақ ақындарының бiрде-бiреуi қазақ жұрты жерiнiң көлемiн, шекарасын айқындап берген емес. Ол кiсiнiң «Елiм-ай» жыры - әскери дастан! Жас бала кезiмде оны әншiлердiң аузынан талай рет естiп едiм. Шiркiн, сол әскери дастан қайда бар екен?» ? десе, тарих ғылымының докторы, профессор Ермұхан Бекмаханов «Көшебе керей Қожаберген ақын Толыбайсыншыұлының «Елiм-ай» дастаны - тарихи эпопеялық жыр. Әрi сол «Елiм-ай» ерлiк хиссасының бiрiншi бөлiмi - 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған iрi апаттың суретiн ел көзiне елестеткен бiрден-бiр тарихи құжат!» ? деп тұжырымдады.
Достарыңызбен бөлісу: |