Андроново мәдениеті шартты түрде үш кезеңге бөлінеді.Ерте қола б.з.д.
XVIII-XVI ғғ,орта қола б.з.д. XV-XII ғғ.,кейінгі қола б.з.д. XII-VIII ғғ.
Андроново мәдениеті 8-9 ғасырға созылады (б.з.д. 17-9 ғасырлар).
Андроново мәдениетінің алғашқы ескерткіштерін 1914 жылы А.Я.
Тугаринов ашты. Содан бері өткен уақыттың ішінде орасан көп
археологиялық материал жиналды. Бұл мәдениеттің ескерткіштерін
кезеңдерге бөліп, топтастыруды бастаған С.А. Теплоухов болды. Әсіресе
М.П. Грязновтың сіңірген еңбегі зор. Ол 30-жылдарда-ақ Андроново
мәдениетінің тарихи құбылыс ретіндегі суреттемесін жасап берді және
далалық қола дәуірінің хронологиялық үш кезеңін: алдыңғы, ортаңғы және
соңғы кезендерін саралап берді. Кейін К.В. Сальников Орал сыртының
Андроново мәдениетіне хронологиялық топтама жасады; оны бірінің
орнын бірі басқан үш кезеңге бөліп, оларға шартты түрде мынадай аттар
берді: Федоров кезеңі - б. з. б. XVIII - XVI ғасырлар,Алакөл кезеңі-б. з. б.
XV - XII ғасырлар,Замараев кезеңі -б. з. б. XII -VIII ғасырлар. Андроново
мәдениетін К.В. Сальниковтың кезеңдерге бөлуі тарих ғылымында дұрыс
деп танылды және далалық қола дәуірінің ескерткіштерін зерттегенде осы
мәдениеттің тараған аудандарының бәрінде қолданылды. Қазақстанның
Андроново мәдениетін кезеңдерге бөлу мәселесін Ә. X.Марғұлан, К.А.
Ақышев, А.Г. Максимова, С.С. Черников, A.M. Оразбаевтар айналысты.
Қазіргі кезде К.В. Сальниковтың кезеңдерге бөлуі қайта қаралып, Э.А.
Федорова-Давыдованың, B.C. Стоколостың, Г.Б. Зданович пен басқа да
зерттеушілердің еңбектерінде нақтылана түсті. Зерттеушілердің көпшілігі
Андроново мәдениеті неолит пен энеолит дәуірлеріндегі Қазақстан
даласының солтүстік аймағының және Орал сырты мен Батыс Сібірдің
іргелес аудандарының мәдениет жағынан, әрі, шыққан тегі жағынан туыс
тайпаларының табиғи дамуы негізінде кұрылған деп есептейді. Сол кездің
өзінде-ақ мал өсіру, қарапайым егіншілік және кен кәсібінің бастамасы
мәлім болатын. Үй жанында мал бағу мен жайылмада кетпенмен егін
салудың одан әрі дамуы отырықшылықтың ұлғаюына, үй
кәсіпшіліктерінің шығуына, металлургияның дамуына жеткізді. Ұлан-
ғайыр далалық аймақта осы материалдық игіліктерді шығаратын негізгі
өндірістер прогресінің шамамен бір деңгейлес болуы Андроново
мәдениетінің өзіне тән ерекшеліктерінің қалыптасуына, қоғамның
әлеуметтік жағдайына жақын түрлеріне жеткізді.
Достарыңызбен бөлісу: