түтіктікке (еншілікке) бөлді, оның әрқайсысының 7 мыңнан әскері болды.
Үш-еліг-қаған Қытай империясымен және Согда мемлекетімен саяси
бірлестік құрып, арабтарға қарсы күреседі.
Түргеш қағанатында Үш-елігтен кейін оның мұрагері болып, баласы
Сақал-қаған (706-711) таққа отырады. Оның кезіңде Түргеш мемлекетінде
ішкі бірлік болмайды және қағанат үнемі арабтармен, қытайлармен күрес
жүргізіп отырды. Түргеш қағанаты Сулық қаған (715-738) тұсында
күшейді. Оның тұсында түргештер екі майданда күрес жүргізді. Батыстан
арабтар, шығыстан Тан әулеті кұш көрсетті. Елшілік жолымен (неке
байланысы) және әскери шаралар арқылы Сулық шығыстан келетін
қатерді болдырмады. Бұл жағдай түргештердің батыста белсенді әрекет
етуіне мүмкіндік туғызды. 723 жылы Ферғана қарлұқтарымен және Шаш
тұрғындарымен тізе қосып, түргештер арабтарды жеңеді. Сулықты
арабтар Абу Мұзахим (Сүзеген) деп атайды. 737 жылы Сулықты өз
қолбасшысы Баға-Тархан өлтіреді.
Оның қазасынан кейін "сары" түргештер мен "қара" түргештер арасында
өкімет билігін алу үшін күрес басталды. 746 жылы Жетісуға Алтай мен
Тарбағатайдан қарлұқтар келіп қоныстанады. Арабтармен, сондай-ақ өзара
қырқыстардан әлсіреген түргештер қарлұқтарға белсенді қарсылық
көрсете алмайды. Мұны Қытай империясы пайдаланды. Оның Шығыс
Түркістандағы уәлилері 748 жылы өз әскерін Суяб қаласына аттандырады
да, оны басып алады. Шаштың иесі дарға асылады. Оның баласы
арабтардан көмек сұрап келеді. 751 ж. Тараз жанындағы Атлах қаласы
маңында арабтар мен қытай әскері арасында зор шайқас болады. Шайқас
бес күнге созылады. Шешуші сәтте қытайлардың ту сыртындағы
қарлұқтар көтеріліс жасап, арабтар жағына шығады. Қытайлар толық
жеңіледі. Тан әскері Жетісуды, Шығыс Түркістанды тастап кейін шегініп
кетеді. Арабтар Шашқа қарай кетеді. Бірақ ішкі қырқыс Түргеш
мемлекетін әбден тұралатып тастады. 756 жылы түрік тілді қарлұқ
тайпаларының әрекетінен түргеш мемлекеті құлады.
Достарыңызбен бөлісу: