1 глоссарий 1 Стилистика



бет6/8
Дата08.11.2019
өлшемі163,94 Kb.
#51425
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
59d5cdc5-6cfc-11e5-9d50-f6d299da70eeУМКД Стилистика мәтін-1


Бақылау сұрақтары:

1. Морфологиялық құрылыстың негізгі стильдік белгілері қандай?

2. Морфологиялық тұлғалардың жеке стиль түрлеріне қатысы?

Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі:

1. Балақаев М. Томанов М. Жанпейісов Е. Манасбаев Т. Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 1974, 264 б.

2. С.Хасанова, Ғ.Жексембаева Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 1999

3. Мұсабекова Ф. Қазақ тілінің практикалық стилистикасы. Алматы, 1982

4. Е.Жұбанов Қазақтың ауызекі көркем тілі, Алматы, 1996

5. Балақаев М. Қазақ әдеби тілі және оның нормалары. А, 1984

6. Серғалиев М. Стилистика негіздері. Астана, 2006.
11-дәріс. Сөз таптарының стилистикасы.
Дәріс сабағының мазмұны:


  1. Сөз таптарының экспрессивтік стилистикалық ерекшелігі

  2. Синтаксистің экспрессивтік стилистикалық қызметі

  3. Қайталау және оның экспрессивтік стилистикалық қызметі


Сөз таптарының экспрессивтік стилистикалық ерекшелігі. Сөз таптарының экспрессивтік стилистикалық ерекшелігін зерттеуде олардың түрлі стильдердегі қолданысы басты назарда тұрады да, зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, еліктеу сөздердің т.б. лексика-грамматикалық категориялардың стилистикалық белсенділігі мен мүмкіншілігін анықтау көзделеді.

Сөз таптарының экспрессивтік стилистикалық ерекшелігін зерттеудің тағы бір маңызды тұсы – сөз таптары мен түрлі морфологиялық формалардың экспрессивтік қызметін талдау. Грамматиканың көркемдегіш-мәнерлегіштік қасиет-сапасы мен мүмкіндіктерін, олардың көркем, публицистикалық шығармалардағы шығармашылық тұрғыдан игерілу тетіктерін анықтау экспрессивтік стилистиканың міндеті болып табылады.

Сөз таптарының стилистикасы сөз таптарын және сөз семантикасын зерттеу аясында да кеңінен дамыды. Ш.Сарыбаев еліктеуіш сөздердің лексика-грамматикалық сипатын талдай келе, оның стилистикалық мүмкіншілігі жоғары екенін айтады. Ә.Болғанбаев, Б.Сағындықұлы, Ф.Оразбаеваның зерттеулерінде сын есімдердің стилистикалық вариациясы мен синонимиясы зерттелді.

Сөз таптарының ішінде функционалдық және экспрессивтік тұрғыдан өзгермелі, қолданылу белсенділігімен танылатын сөздердің бір тобын зат есімдер мен етістіктер құрайды. Ғылыми зерттеулерде айтылып жүргендей, зат есімдердің стилистикалық қасиеті әсіресе кітаби стильдерде ерекше көрінеді, тек публицистиканың кейбір жанрларында және ресми іс-қағаздар стилінде ғана зат есімге қарағанда етістіктер көп қолданылып жатады. Сөз таптарының стилистикалық тұрғыдан кітаби тілдерде қолданысын анықтау арнайы статистикалық талдаулар жүргізіп, терең зерттеуді қажет ететін мәселе. Алдыңғы бөлімдерде жүргізілген талдаулардан байқалғандай, зат есімдер метафора, метонимия, антономазия, синекдоха, теңеу болу мүмкіндігі өте жоғары сөз табы болып табылады.

Адамның психологиялық жай-күйінің етістіктер арқылы суреттелуі оның процессуалдық қырын басты назарға алса, еліктеуіш сөздердің етістіктелуі адамның, табиғат, құбылыстың бір сәттік сезімдік суреттерін (қимылды) детальдап, неғұрлық айқын бейнелеуін көрсетеді. Көсемше тұлғасының әр өлең жолында қайталанып келіп, қысқа үзіліп отыруы автордың сол бір табиғаттың тамаша көркіне тамсанған сезім ырғағымен сәйкес өріліп отырады. Етістіктің -й көсемше тұлғасы да Абай шығармаларында экспрессияны жеткізуде пайдаланылған: Жайнаған туың жығылмай, Жасқанып жаудан тығылмай, Жасаулы жаудан бұрылмай, Жау жүрек жомарт құбылмай, Жақсы өмірің бұзылмай, Жас қуатың тозылмай... Жақсы өліпсің, япырмай! (Абай). Інісі Оспанның өліміне «аһ» ұрған ақынның күрсініс ырғағымен орайлас шыққан й қосымша ерекше экспрессия құралына айналған. Осы сияқты -мақ, -мек тұлғаларының да стильдік қолданысы әр контексте түрлі мақсатта жұмсалып отырады. Етістік сөз табына тән категориялардың экспрессивтік қызметі сан алуан болып келеді.

Шақ транспозициясы – көптеген басқа лингвистикалық құбылыстармен тығыз байланыста танылатын, тілдің табиғи мәселелерін білдіретін феномен деп ойлаймыз. Етістіктің шақ формасының қызметі басқа мағынаны білдіруде бәрінен бұрын ауызекі сөйлесуге тән, ол хабарламаны вербальды және вербальды емес құралдар арқылы жеткізуде жан-жақты қолданылуымен ерекшеленеді. Әртүрлі шақтардың түрлерін бір оқиғаның тізбегінде параллель қолдану мүмкіндігі де бар. Өткен шақтың жоспарына сәйкес, өткен және жалпы шақ етістіктерінің тұлғаларындағы анық контраст келесі өлең үзіндісінен байқалады: «Бұл сөзді біреу алмас, біреу алар, Құлағын біреу салмас, біреу салар». Лексикалық және грамматикалық өзара байланысу арқылы жасалған образ – поэтикалық экспрессияның қайнар көзі.

Осы шақ өткен шақтың мағынасында (оқиға, хабарлау) сипаттап отырған оқиғаны сөйлеу алдында психологиялық тұрғыдан жақындатады. Бұл – ауызекі тілде жиі кездесетін қарапайым құбылыс. Мысалы: «Кеше көршіме кіріп шыққанмын. Байқаймын, өткендегі оқиғадан ба, ауыр ойдан әлі де арыла алмай жүр».

«Синтаксистің экспрессивтік стилистикалық қызметі». Сөздер, элементтік номинация құралы болуымен байланысты ауыспалы мағынада қолданылатыны сияқты, айтылымдар да (сөйлемдер) күрделі түрдегі номинация бірлігі бола отырып, екінші қабаттағы мағынаға ие бола алады. Мұнда «тіл тұтастығына сай келетін форма мен мазмұн арасындағы қозғалысты қатынас орын алады». Ойдың күшейтіліп, мәнерлі түрде айтылуы сөйлемнің экспрессивтілігі деп аталады. Сөйлем-айтылымдардағы экспрессивтіліктің мынадай синтаксистік берілу жолдары бар: сөйлеу тілінде және жазғанды оқығанда, дауыс ырғағын құбылту арқылы сөйлемге экспрессивтік мағына беру; бір ойды білдіретін болымды сөйлемнің орнына болымсыз сөйлемді жұмсау арқылы оған экспрессивті мағына қосу; баяндауыштың І жақтық жіктік жалғауын -мен, -бен, -пен түрінде жұмсау арқылы сөйлемнің мағынасын экспрессивті ету; сөйлемнің баяндауышын, кейде сөйлемнің түрін мәндес басқа сөздермен не басқа сөйлем түрімен ауыстырып айту арқылы экспрессивті мағына үстеу; сөйлемнің етістік баяндауышын қайталап екі рет айту да немесе есім, етістік баяндауыштардың алды-артына олардың мағыналарын күшейтетін сөз қою арқылы экспресивтікті күшейту.

Синтаксистік құрылымдардың синонимиясына трансформациялану құбылысы негіз болады. М.Серғалиев синтаксистегі «трансформациялық дегеніміз – белгілі бір морфологиялық құрылымда келген конструкцияны өзімен мазмұндас екінші бір конструкцияға айналдыру»,- деп тұжырымдайды. Грамматикалық стилистиканың экспрессивтік стилистикалық құрылымдары сөздердің лексика-грамматикалық сипаты мен синтаксистік тіркесімдік қасиет-сапаларының сөйлеудегі қолданымдық ерекшеліктеріне байланысты анықталады. Эллипсис – сөйлеу үстінде түсіріліп айтылатын, бірақ мәтін арқылы қалпына келтіруге болатын элемент. Эллипс сөйлемнің ықшамдылығын, әсерлілігін арттыратын стилистикалық тәсіл ретінде қолданылады.

Синтаксистің стилистикаға байланысты қарастырылатын маңызды мәселелердің бір шоғырын парентеза құрайды. Ғылымда парентезаны қыстырма сөйлем, қосымша сөйлем, парентетикалық қосылымдар деп анықтайды. Тіл білімі терминдерінің сөздігінде «сөйлемнің құрамына енгізілген, бірақ онымен грамматикалық байланысқа түспейтін, сөз, сөз тіркесі, сөйлемдер» айтылады. Синтаксистік, ырғақтық, әуезділік тәрізді мәнерлілік белгілері поэтикалық экспрессивтілік туғызады. Парантеза ассоциативті негізде синтаксистік сөздер тізбегіне қосымша ақпарат қосады. Парентетикалық құрылымдар атқаратын қызметінің байлығына қарай экспрессивті стилистиканың өзге құбылыстарынан кем емес. Солардың кейбіреулері мыналар: айтылымның қандай да бір бөлігінің мәнін күшейту, идеяны айқындау, бағалау хабарламаның әсер ету күшін көбейту т.б.

Осы сияқты лепті сөйлем, қаратпа, сұраулы, атаулы сөйлемдердің де өзіндік экспрессивтік стилистикалық ерекшеліктерін айтуға болады. Грамматикалық стилистикадағы біртұтас сөйлем аясындағы экспрессивті құрылымдар, инверсия мен жалпылау да өзіндік сипатқа ие. Сегментацияның экспрессивті құрылымдары – парцелляция мен антиципация синтагмалық тізбектің мүшеленуінен жасалады. Қос мүшелі бірлестік болатын сегменттелген құрылымдар, бірінші бөлігі жеке позицияға шығады, ал айтылымның «темасы» деп аталатын екіншісі біріншісі туралы ақпаратқа ие («атаулы тема» немесе «атаулы көрініс» атауы осыдан шығады). Бұл Н.Х.Демисинованың монографиясында, Л.П.Борисованың жұмысында қарастырылған. Атаулы тақырып пен атаулы көріністің экспрессивтік синтаксистік құбылысы Л.Е.Майорованың зерттеу жұмысының нысаны болған.

Қайталау және оның экспрессивтік стилистикалық қызметі. Әрбір сөйлеу мәнісі өзіндік қайталау элементімен жан-жақты таныла алады. Бірақ кез келген қайталама стилистиканың негізі болып есептелмейді. Тек берілетін, алынатын ақпараттың эмоционалды, экспрессивті және көркем-эстетикалық ерекшелігін жеткізудегі қайталама түрі ғана стилистиканың ерекшелігі бола алады.Жұмыста қайталамалардың түрлері, олардың экспрессивтік стилистикалық қызметі кең түрде талданды.
Бақылау сұрақтары:


  1. Зат есім, сын есім, сан есім, етістік, үстеу, шылау, одағай сөздердің стилистикалық қызметіне мысалдар келтіріңіз

  2. Жай және құрмалас сөйлем синтаксисінің стилистикасы.

  3. Есімдіктердің, етістік тұлғаларының қолданылуы?

Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі:

1. Балақаев М. Томанов М. Жанпейісов Е. Манасбаев Т. Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 1974, 264 б.

2. С.Хасанова, Ғ.Жексембаева Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 1999

3. Мұсабекова Ф. Қазақ тілінің практикалық стилистикасы. Алматы, 1982

4. Е.Жұбанов Қазақтың ауызекі көркем тілі, Алматы, 1996

5. Балақаев М. Қазақ әдеби тілі және оның нормалары. А, 1984

6. Серғалиев М. Стилистика негіздері. Астана, 2006.
12-дәріс. Синтаксистік стилистика. Сөз тіркестері және олардың стилистикалық ерекшеліктері
Дәріс сабағының мазмұны:
1. Синтасистік стилистикаға тән ерекшелік жайлы.

2. Синтаксистік құрылыс және стильдер жүйесі.

3.Синтасистік стилистика қарастыратын мәселелер жайлы.

4. Сөздердің сөз тіркесі мен сөйлемдерде қолданылу ерекшеліктері, грамматикалық норма.


Синтаксис — сөз тіркесінің, сөйлемнің құрылысын зерттейтін грамматиканың бір бөлімі. Бұл бөлімде сөздердід тіркесу қабілет-тілігі, байланысы, сөз тіркестері мен сөйлемдердің түр-түрі, құрамы қарастырылады. Сонымен қоса тілдін синтаксистік ережелері мен синтаксистік заңдылықтарын айқындау мақсаты көзделеді, тілдің синтаксистік тұлғалары мен синтаксистік құбылыстарын айқындау мен олардың мағыналық ерекшеліктері де сөз болады.

Көркем шығарманың стильдік даралығын ұйымдастырып белгілеуде тілдің құрылымдық, синтаксистік құралдарының қызметі ерекше. Жазушы үшін оның сөйлемдерінің құрылысы мен көлемі, байланысу тәсілдері мен бір-біріне орналасу реттері бәрібір емес. Сондай-ақ сөйлем ішіндегі сөздердің орын тәртібі, айтылу ырғағы, керек десеңіз, тыныс белгілеріне дейін белгілі бір жүк арқалап, стильдік көркемдік қызмет атқарып тұрады».

Әр жазушының өзіне тән сөз қолдану тәсілі оның суреткерлік шеберлігіне байланысты. Көркем шығармада кейіпкер бейнесін беруде кейіпкер тілінде қолданылған қаратпа, қыстырма сөздердің де өзіндік қызметі бар. Синтаксистік стилистикада синонимдердің орны ерекше. Синтаксистік синоним болу үшін мынадай шарттардың орындалуы қажет: синтаксистік қатынас болуы қажет, құрылымдардың лексикалық құрамы бірдей болуы тиіс, мағыналық жақындық болуы тиіс. Синтаксистік құрылымдардың синонимдік қатар түзуінің тағы бір шарты – олардың арасында мағыналық, тұлғалық айырмашалақтың болуы. Бұл арада синтаксистік құрылымдар синонимдік қатарға түсу үшін мағыналық жақындықтары болуымен қатар, олардың мағыналары арасында сәл де болса айырмашылық та болуы тиіс. Синтаксистік синонимдерге тән тағы бір белгі – экспрессивтілік пен модальділік.

Синтаксистік сионимге тән белгілер қатарына трансформациялықты да жатқызуға болады.



«Екі не одан көп сөз тіркестері немесе сөйлемдер бір-бірімен синоним болу үшін, алдымен олар параллелизм болулары керек. Параллелизм болмаған конструкциялардың синоним құрулары мүмкін емес. Демек, синоним – параллелизмнің бір түрі. Синонимдердің кезкелгені параллелизм болады да, кез келген параллелизм синоним болмауы – табиғи құбылыс».

Сөздердің сөз тіркесі мен сөйлемдерде қолданылу ерекшеліктері, грамматикалық норма. Әдеби тілдің нормалану нысаналары. Әдеби тіл дамыған жайын оның грамматикалық құрылысында біркелкілік, бірізділік үстем бола береді де, оның сымбаттылық қасиеті арта түседі. Бұл жағынан да қазақ тілін кемсіте алмаймыз. Қазақ тілінің грамматикалық амал-тәсілдері, тұлғалары, құралу тәртібі белгілі қалыпқа түсіп, жұртқа әбден дағдылы болған: сөз таптарының, сөз тұлғаларының, сөйлем құрылысының алуан түрлі бөлшектері қиюын тауып қалыптасып кетті. Грамматикалық құрылыстың сол қалпын – грамматикалық норма дейміз. Грамматикалық нормалар грамматикалық ережелер негізінде, әдеби тілдің қалыптасу барысында жасалады. Әдеби тілде бардың бәрі бірдей норма бола бермейді. Мысалы, Абай тұсында, Абай шығармаларында, ауыз әдебиетінде «бармаққа керек», «айтарға керек» тәрізділер кездеседі, ондайды бұл күнде «бару керек», «айту керек» деп жазамыз. Немесе 1963 жылғы «Жұлдыз» журналында Рамазан Тоқтаров туындайды, туындап деген сөздер қолданған. Әдеби тіл де қыранды, жымыңда, сусылда тәрізділерден қырандайды (қырындап), жымыңдайды (жымыңдап), сусылдайды (сусылдап) деген жаңа сөз тудыруға болады. Ал, «туынды» сөзінен «туындайды», «туындап» деген сөздер тудырту тілге зорлық, нормаға жатпайды. Тілдегі жекелеген қосымшалар көптеген сөзге жалғап айтуға болғанымен, солардың көбінің шегі бар, мысалы, қолданды, көздеді, бұзаулауды, сүйемелдеді деп айтуға болады, ал кітаптарды, жүректеді, бөлтіріктерді, тартыстарды деп айтылмайды. Р.Тоқтаровқа ұқсап біреу солай жазып қойса да, әдеби нормаға айнала қоймайды. Ғасырлар бойы жасалған грамматикалық ережелердің, грамматикалық категориялардың жұмсалу аясы қаншалықты кең, бір беткей отырып, стилистика мен грамматиканың байланыстылығына ерекше назар аударады. Тұжырымдағанда, оқушылардың тіл мәдениетін жетілдіру ана тіліміздің нормасындағы тілдің жаттықтығын, мәнерлілігін, әсерлілігін, тазалығы сияқты тіл сапаларын игеріп, қатенің не үшін қате екендігін үйрету бағытында жүргізіледі. Тіл мәдениеті тек жеке сөздерді немесе сөз тіркестері мен сөйлемді ойына байланысты таңдап, қолдану ғана емес, жалпы өзінің айтайын деген ойын, пікірін жүйелі, мазмұнды айтып, не жазып бере білуін де қарастырады. Осы тұрғыдан эскперимент жұмысында оқушылардың жазбаша (мазмұнддама, шығарма т.б.) бақылағанымызда оларда негізінен мынадай қателер жіберетіндігі байқалады. Атап айтқанда, сөзді дұрыс өз ойына орай қолдана алмай, лексикалық қателер, өз ой-пікіріне сай сөздерді байланыстыра алмай, сөйлем құрастырудан, яғни грамматикалық қателер, мәтіндік мазмұнды жүйелілігін сақтамай, логикалық қателер жазбаша сауаттылығы жөнінде орфографиялық қателер жібереді. Мысалы, жалпы ереже бойынша зат есімдерге жалғанатын көпті тәуелдік жалғауларының орналасу тәртібі былай болады: түбір сөз, алдымен көптік, оның үстіне тәуелдік жалғауы жалғанады; жолда тарым, терезелерің, жиналыстары, ата-бабаларымыз т.б. Осы бір тиянақты-ақ деген ережеге бағынбайтын, одан ауытқы айтылатын мынадай сөздер бар: апаларым- апамдар, әкелерің- әкеңдер, жезделерім-жездемдер. Бұлардың екеуі де тілге жатық, ойға қонымды екеуі де әдеби. Солай екен деп зат есімдерге көптік, тәуелді, жалғауларын жалғауда орнықты тәртіп жоқ деуге болмайды. Болмайтын себебі – кез келген зат есімге жоғарыдағыдай көптік пен тәуелдікті орын ауыстырып жалғай бермейміз. Тек қадірмен туысқандық қатынасты білдіретін – ата, әке, көке, аға, әже, апа сияқты зат есімдерге ғана ол жалғауларыды шәлкес орналастыруға болады. Сонда олардың мағыналары бірдей болмай, екі түрлі болады: апаларым, аталарым... дегенде, көптік жалғау сол сөзі жалғанған заттың көптігін білдірсе, апамдар, атамдар... дегенде, ол бір кісінің қасындағыларды да қоса қамтып, солардың да көптігін білдіреді. Бұл жағынан соңғылар Амантайлар, Досандар дегенмен бірдей. Осы арадағы бір қызық нәрсе мынау: қайын, іні, балдыз деген зат есімдер де туысқандық қатынасты білдіретін топқа жатады, бірақ оларды қайындарым – қайынымдар, інілерім – інімдер, балдыздарым – балдызымдар деп жарастыра, екінші сыңарын айтпаймыз. Оның да себебі бар: апамдар, әжемдер, әкемдер Абылайлар, Сырымдар сияқты біреуді ұлық тұтқанда айтылады да, іні, балдыз, қарындас тәрізді кішігірімдер ол топқа жатпайды. Грамматикалық нормалардан ауытқулар. Мағыналық, стильдік қызметі бар ерекшеліктерді пайдалану нормадан жөнімен ауытқу болады. Мұндайға тағы бірнеше мысал келтірейік: Болымсыз етістің келер шақтық тұлғасының бірі -жақта –ма-й-мын... болуы – грамматикалық норма. Сонымен қатар ол ауытқып-ман... түрінде жұмсалады: Ескі бише отырман бос мақалдап, Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап (Абай) Алдыңа келіп тұрмын деп, Ар- намысым қашырман! Бұлтқа жетпей шарт сынсаң! Айта келген сөзім бар, Не қылсаң да жасырман! (Махамбет) Ашу – бөрі, ақыл қой, Аралас бағып тұра алман, Көз – төреші, көңіл хақ! Өмірін екі қыла алман! -Жібермен, жібермен, қызыл түлкі!. Алдымда тау тұса да тайынбан! (Мұстафин). Грамматикалық тұлғалардың негізгі нормадан өзгеше болып ауытқуы арада заңды: -ман (басқа нұсқалары да бар) тұлғасы осындайда май+мын қосымшалары орнына жұмсалғанда, ерекше стильдік қызмет атқарады: егер бармаймын, айтпаймын жай болымсыздық хабар болса, барман, айтпан деген, істі істеуден қарсылықпен, үзілді-кесілді бас тартқандықты білдіреді. Мұны нормадан жөнімен ауытқу деп тауып, сондайды дұрыс қолданған кісілерді қоштап отыру керек. Қазақ тілінде қалау райдың 1-жақ көпшесінің үш түрлі қосымшасы бар: негізгі тұлға –йық//-йік: барайық, келейік, білейік. Сонымен тар әдебиетте кейде –лық// -лік және –лы//-лі тұлғалары қолданылады: Кел балалар, оқылық! Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық. (Алтынсарин) Мекен іздеп жігіттер, кел-кетелі, Ортасында Көктөбе белгі етелі, Азаматтар, жалықпай тыңдасаңыз, Қозы Көрпеш Баянды сөз етеді. («Қозы Көрпештің» Жанақ нұсқасы) Бұл екі мысалдағы тұлғалардың екеуі де негізгі қосымша ретінде оқта-текте кездеседі. Оның алдыңғысы (-лық) бір іске шақыру, үндеу мағынасында айтылса, соңғысы, барсана, келсана, есіткіл сөздеріндегі қосымшалар сияқты, ескірген тұлға. Мұндайлар тарихи кеіпкердің сөзінде жұмсалса бір сәрі, бірақ қазіргі әдеби тіл үшін оларды қолдану дұрыс болмайды. Сондықтан оқиықтың орнына оқылық деп айту жөнімен ауытқу болады. Жіктік жалғауының ІІ жағының жекеше тұлғасы да екі түрлі нұсқада айтылады: -сын// -сін, -сың// -сің: Неге колхоз болмайсың? Неге ортаға салмайсың? Берекеге қол сұғып, Неге ауыл қонбайсың! (Б.Майлин) Ертеде, осы мысалдардағыдай, -сын//-сін,-нің орнына сөйлеу тілінің; -сың//-сің тұлғасы қолданан беретін. Жарыса айтылып келген осы екі тұлғаның соңғысы әдебиетте жалпылама жақты сөйлем құрудың ерекше стильдік амалы болып барады: Не ексең, соны орарсың. Ұяда не көрсең, ұщқанда соны аларсың (мақал). Кіп-кішкентай, қап-қарағанды шахтаға беліңе арқан байлай; түсесің де кетесің (газеттен). Биік толқынның қыр арқасына шыққанда артта келе жатқандары бір көріп қаласың (Е:Мүсірепов). Осылай болатындықтан жарыса қолданылатын бұл екі тұлғаның екеуі де әдеби. Ал, барасыз, келесіз дегендерді – барасыңыз, келесің деп айту, аласым, бересім дегендерді – алажағым, бережағым деп айту, баратын, келетін деген сияқтыларды – баратұғын, келетұғын не барулы, келулі деп айту, жиырманшы деудің орнына – жиырмасыншы деу, мектепте оқыдым демей, мектептен оқыдым деу, - әрине, нормадан жөнсіз ауытқулар. Бұлар тілде бар, бірақ әдеби емес. Мұндайға тағы бір-екі мысал келтірейік: Бәріңіз бір-бір бедеу мініпсіңіз, Ойын-күлкі сәулетпен жүріпсіңіз, Жібек сұлу дегеннің аулы жақын, Бар еді, балам қандай жұмысыңыз? Мұндайды диалогта, халық әдебиетінде қолдануға болар, ал автор сөзінде, қазіргі әдебиетте қолдану барып тұрған дөрекілік болады. Дегенмен, ондай нормадан жөнсіз ауытқуларды да қазіргі әдебиеттен көп кездестіреміз. Оның екі себебі бар: біріншісі – тілдегінің бәрін «алтын» деп тану болса, екіншісі – кейбір ақын-жазушылар, журналистер әдеби тілдің нормасы болатынын, оны сақтау керек екенін елемейді. Сондайға тағы бірр мысал: - Ой, пима шешуді ұмытып барамын екен ғой... Сен өзің жар сағына білмейсің екен ғой. (Ж:Тілеков). Мұндағы ұнамсыздық- баяндауышқа жалғанған жіктік қосымшаның «екен» көмекшісіне жалғанбай, одан бұрынғы етістікке жалғануында. Дұрысы - ...ұмытып барады екенмін ғой... Сағына білмейді екенсің ғой. Бұл –норма. Ж:Тілеков жолдастың кейіпкерінің аузына салғаны –нормадан ауытқу. Сөйлеу тілінде ол бар. Сондықтан қарапайым кісінің аузынан бұзылып шыққан ондай сөз саптау да, әлгідей орайы келгенде, жөнімен ауытқу болады. Ондайды автор баяндауында, ертеректе, әдеби тілдің онша қалыптаспаған кезеңінде, елеусіз кемшілік деп қарайтын болсақ, енді таңырқай қарауға тиістіміз. Грамматикалық тұлғалардың кейбірі әдеби тілдің нормалану үдерісінде жұмсалудан қалып қояды, не болмаса өзгеріске ұшырап барып тұрақтайды. Тіл шеберлігін сөз еткен Р:Тоқтаровтың «Жазушы парызы» деген мақаласындағы мына тіркестерді қалай түсінуге болады? «Ондай жазушы... өзі моральдық биік тұрғыдан, азаматтық үлкен айбыннан табылады». «...қазақ әдебиетінің көрігі мен берігі осы аталған есімдер...». «...табиғи ана сүтімен құрылған осы сөйлемдерде серпілген күшті динамика жатыр». Автордың сондағы таңдай қағып, «серпілген күшті динамикаң тапқан сөйлемі мынау: «Жаза тынымсыз. Тепкі, қамшы, боқтық пен зорлық бар қорлыған етіп жатыр...». егер бір сөйлемді кім жазғанын айтпай, білмей, шынына көшкенде, «ана сүтімен құрылған», «серпілген күшті динамиканы» көре алмайсың. Сонда да жастардың, осындай грамматикалық норманың белінен басқа сөйлемдерді таңсақ көріп тамсанғанына таң қаласың! Қазақ тіліндегі сөйлем мүшелерінің, құрмалас сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібі бар. Сол тәртіпті сақтамай, сөйлемнің аяғын аспаннан келтіріп құрау да жиі кездеседі. Мысалы: «Керіп келдім кеше малшыларды». «Түсті ол атынан». «Келмеді ол, мен шақырғанда». Бұлай сөйлеу онша жарасымды болмаса да, қарапайым кісіге ерсі көрінбеуі мүмкін, бірақ әдеби тілде сөйлейтін, әдеби тілмен жазатын мәдениетті, сауатты адамдар грамматикалық норманың өңін айналдырып жіберудің өте өрескел қате екенін білуге тиіс. Ертеректе, «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты» газеттері шығып тұрған кезде де, сөйлем құрылысының әдеби нормалары берік болмайтын. Әдеби тіл грамматикалық кейбір құбылыстарды нормаға айналдырып, кейбірін одан шығарып отырады. Мысалы, бұдан 10-15 жыл бұрын ілік жалғауда айтылып біріне-бірі анықтауыш болатын сөздерді құрастыруда тиянақ болмады. Осы күндері «Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының Ботаника институтының директорының орынбасары» сияқтылардың ілік жалғауларын ықшамдап, түсіріп айтатын болмақ: ҚР Ғылым академиясы Ботаника институты директорының орынбасары. Қазір осы норма. Тілдің нормалану үдерісі үздіксіз болып отырады. Сол үдерісті тездету үшін де әдеби тілдің өзіндік өзгешеліктерін дамыта түсу керек. Бір грамматикалық тұлғаның сөйлеу тілінде түрліше айтылуы әдеби тілдің де байлығы, нормасы болуы шарт емес. Мысалы, етістіктің өткен шақ бірінші жақ формасы ел аузында барғам, барғамын, барғанмын деп, келер шақ формасы барам, барам шығар, барамын деп айтыла береді. Мұндайлардың нормативті түрлерін (барғанмын, барамын) жөнсіз өзгертіп жаза беру тіл мәдениетіне қиянат болады. Морфологиялық тұлғаларды сұрыптап қолдану. Грамматикалық тұлға дегеніміз – сөздің құрылысы, сөзге жалғанатын қосымшалар. Қосымшалар сөзден сөз тудыру үшін, сөз мағынасын түрлендіру үшін, сөз бен сөзді байланыстыру үшін жұмсалады. Олардың да орнықтылары бар, әдеби тілдің дамуында өзгеріске ұшырап, қосымша қызметке ие болу жағдайы әлі тұрақталмағандары бар. Мысалы, осы күні барынша көп жұмсалатын қосымшаның бірі –лық//лік (-тық)//тік, -дық//(дік). Осы қосымшаның әдеби тілде сараланған қызметі бола тұрса да, баспасөзде оны жұмсауда көптеген қате кездеседі, мысалы: «Әңгіме үстінде Я:Феликсованың сөзінен....керемет ойшыл, өз елінің тіршілік-тынысын мүлт жібермей аңдап, отыратын білімдарлық та аңғарылады». Әдеби тілімізде «білімдарлық» деген сөз жоқ. Дұрысы – білімділік не білімпаздылық. «Ертеңгілік құлағыма бір әйелдің даусы шалынды». Дұрысы – ертеңгілікте не таңертең. «Ертеңгілік» деген «утренник» (балалар ертеңгілігі) сөзінің орнына айтылып жүр. «...ойына секем алдырған осынау жігіт бойындағы бей-жайлық еді». Біз мұнда жаңалықта ғана келдік. Дұрысы – жаңа ғана келдік. Бұл істі асығыссыз жүйеге асыру керек. Дұрысы – бұл істі асықпай іс жүзіне асыру. Ертеде –лық,-тық..... жұрнағы жақсылық, үлкендік, алматылық, туысқандық, әурегершілік, ауызбірлік сияқты азын-аулақ сөздің құрамында айтылса, 1930 жылдардан кейін оның сөз тудыру қызметі әлдеқайда кеңейді: әрі абстракты зат есім, әрі сын есім тудыратын аса өнімді қосымша болды: мысалы: бостандық, шаруашылық, қамқорлық, бесжылдық, сембілік, шеберлік, халықаралық, отаршылдық, облыстық. Мұндай туынды жаңа сөздердің саны көп-ақ. Солардың қатарына кейде білімдарлық, бейдалық, сібірлік үйеңкі, семейлік Ертіс, республикалық біріншілік тәрізділер қосылып, тіліміз тықылдайды да тұрады. Әрине, соңғыларды мақтаныш етуге болмайды. Әсіресе, -лық,-тық... қосымшасындағы екі сөздің қатар тұруы ұнамсыз-ақ. Мұндайлар газет тілінде орысшаны қазақша дұрыс айта алмаудың, сол сияқты мағынаны басқа да амалдармен беруге болатынын елемегендіктен жиі кездеседі; мысалы, кеңес шахтерлері, партия комитеті дегендер «советские шахтеры», «партийный комитет» баламасы болып жүр. Ал баспасөзде «городские гости» дегенді «қала қонақтары» демей, «қалалық қонақтар» деп жазады. Мұнда қандай принцип бар? Бара-бара «қазақ халқы», «қала тұрғыны» дегендерді «қазақтық халық», «қалалық тұрғын» деміске кім кепіл? -сыз//-сіз – сын есім, кейде үстеу тудыратын қосымша. Бірақ кез келген есімге бірдей жалғана бермейді. Мысалы, есепсіз көп, сансыз көп деуге болады, санаусыз көп деуге болмайды; сөзсіз орынды дейміз де, асығыссыз орында демейміз. Сонда да баспасөзде мынандай мысалдар кездеседі: бұл істі асығыссыз жүзеге асыру керек (дұрысы – асықпай, не даурықпай). -гер//-кер қосымшасы қазақ тілінде «саудагер», «іскер», мұрагер», «айлакер» сияқты сөздер құамында айтылады. Соңғы жылдары баспасөз бетінде осы қосымшаны теріс қолдану көбейді; мысалы: Ертеңіне қылмысына мәз болған жазагерлер қорғансыз ауылды қалай қорлағанына қарқ-қарақ күлісті: Бірде Үбенбай жер ауып бара жатқан саяси қылмыскерді қымызбен сыйлады. Мұндағы «жазагерлердің» дұрысы- жазалаушылар, «қылмыскердің» дұрысы- қылмыстылар. Бір уақытта біздің баспасөзіміз «рабочии» дегенді – «жұмыскер» түрінде жазатын. 15-20 жылдан бері оны «жұмысшы» деп жазып, солай айтатын болдық. Ертеде еңбекші-еңбекшіл, капиталист-капиталшы түрінде қолданылады. Оны мысалы, Сәбит Дөнентаевтың 20-30 жылдары жазғандарынан көруге болады. Кейін жаңа сөз жасау тәжірибесінде бұрынғылардың біразы өзгертіліп, жаңаша аталып, осы күнде олар қалыптасып кетті. Әдеби тілдің нормалану процесінде болатын осындай өзгерістерге жазушылар да ілесіп отыруға тиіс. Жаңа сөз тудыру әрекеті әлі де бар. Бірақ ол тәжірибенің қонымды, ұтымды, әдеби тілге еніп, жалпыға ортақ байлық болып кететін дұрысы да, әдеби тілге енбейтініде болады. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» газетінде пайда болған «балмұздақ», «аялдама», «туынды» әдеби тілге еніп кетті де, «көрермен», «оқырман», «тыңдарман» солармен бір кезде пайда болғанымен жұртшылық оларды тез қабылдай қоймайды, сонда да олар оқта-текте бой көрсетіп қалады. Мұндай сөз жасаудың принципі –оқушы- ученик, оқырман-читатель, көруші-смотритель, көрермен-зритель... болсын деу ғой. Егер сол ізбен кете берсек, бастаушы, қостаушы, жазушы, ойнаушы сияқты көптеген сөздердің аяғы ұсқынсыз-ман, -мен... болар еді де, жаңа сөз жасауды күлкіге айналдырар едік. «Ұра берсе, құдай да өледі» дегендей, айта берсе, «оқырман....» «тыңдармандарға да» құлақ үйреніп, жүре-бра әдеби нормаға айналып кетуі мүмкін. бірақ мен ол үшін жерден жеті қоян тапқандай бола алмаймын. Жұртшылыққа бірден ұнамсыз көрінген ол жаңа сөздерге әуесқойлар да аз емес. Мүмкін, келешекте солардың ұсынысы қабыл болар. Қазақ тіліне шешім, тоқтам, құрылыс, оқулық тәрізді жүздеген неологизмдерді ендірдік. Соларды неге ешкім тосырқамады. Себебі олардың іштей де, сырттай да басқа сөздермен ұқсастығында. «Оқырмандар» өлермендерге сырттай ұқсайды, іштей ұқсамайды. Сөздерге тиісті қосымшлардың нормаға айналған түрлерін жалғамай, басқа түрлерін орынсыз жалғап, қателесу жиі кездеседі. Мысалы: Дәрменсіз жүрек кезігу сағатын асыға күтті. Дұрысы- кездесу. Уәкіл оған түсініс беріп жатыр. Дұрысы – түсінік. Торф ұнтатыла-ды. Дұрысы – ұнтақталады. Жазба бұл жерде ыссы болады. Дұрысы –ыстық. Монографиялық еңбектердің жазылуы бізді қатты сүйіндірді. Дұрысы- сүйсіндірді. Таңғы самал дала төсін күн ұзағына желпіп тұрады. Дұрысы – таңертеңгі самал дала төсін күн ұзаққа (ұзақ күнге) желпіп тұрады. Шешесі ауызғы бөлмеге шықты да, төсектегі жатқан жиеннің жанына келді. Дұрысы – шешесі ауыз бөлмеге шықты да, төсекте жатқан жиенінің жанына келді. Бізде –шы//ші қосымшасын жұмсауда да бірізділік жоқ. Әсіресе орыс тілінен енген тракторист, машинист, фудболист, комбайнер сияқты қазақша жұмсауда ала-құлалақ күшті: қазақ баспасөзінде трактористе те, тракторшы да, фотболист те, фудболшы да, комбайнер де, комбайыншы да кездеседі. Бұл жақсылық емес. Дұрысы қайсы екенін білу үшін әлгі қосымшаның жұмсалуында бірізділік бар, жоқ екенін білу керек. Ист- ке біткен терминдердің көпшілігі –ақ қазақ тілінде сол орысша қалпында алынып жүр. Мысалы: футурист, атеист, журналист, машинист, штангист, телефонист, артист. Осылардың қатарында аздаған сөздер: фудболист-фудболшы, тракторист-тракторшы болып айтылады. Мұны құп көре алмаймыз. Бұлар да бұрынғылардың ізімен фудболист, тракторист болғаны дұрыс. Бұлсыз да –шы жұрнағының жұмсалатын жері көп (мысалы: малшы, темірші, басшы, жазушы). Көркем әдебиетте кейбір қосымшалар авторлық қолданудың ырқына көніп айтыла салып, әдеби тілге енбей қалып қоюы да мүмкін. Осындайлық бейуақ шағын Абай әрқашан үнсіз, жым-жырт қана өткереді (М:Әуезов). Балаға деген мейірменшілік Есімбекке мұны да еріксіз істетпек болды (Б:Майлин). Стильдік қателердің біразы бір жалғаудың орнына басқа жалғау қолданудан шығады. Мысалы: -дар: -Қанат бер талмайтұғын, күнді асайын. Дұрысы күнге асайын. Абай жасында молдаға оқыды. Дұрысы –молдадан оқыды. Екі бала ауылдан айнала шапты (ауылды айнала шапты). Мұнысы -кентті еліктегендік (мұнысы қалаға еліктегендік). Рабиға баласының бетін сүйді (Рабиға баласының бетінен сүйді). Баспасөзде, әсіресе публицистикалық әдебиетте, қазақ тілінің көптік жалғауын қолдануда қате көп кездеседі. Мысалы: отыз шақты танк, 40-50 самолет деп жазудың орнына отыз шақты танкілер, 40-50 самолеттер деп жазу да кездеседі. Мұндай қателер орысша мәтінге сүйенгендіктен болар. Орыс тілінде жекеше айтылмайтын, тек көпше тұлғада жұмсалатын да зат есімдер бар ғой. Мысалы, часы, ножницы. Осыларды қосып орысша ремонт часов, стоймости ножницы деп жазса, қазақша да сағаттар жөндеу, қайшылар бағасы деп жазу шарт емес. Орысша пальто сөзі септелмейді, қазақшада септеле береді, орыс тілінде «род» категориясы бар, қазақ тілінде ол жоқ. Осылардай әр тілдің өзіндік ерекшеліктері аударма да сақталуы тиіс. Грамматикалық құрылыстың тіл мәдениетіне қатысы. Адам сөйлескенде, әр алуан мәселелер жайында баспасөз, радио, теледидар арқылы ой –пікірді баяндағанда, алдымен айтатын ойын түсінікті болуын көздейді. Оның ар жағында ойдың белгілі мақсатқа лайық әрі әсерлі болуы көзделеді. Мақсатты ойды түсінікті әрі әсерлі етіп айту үшін тілде барды дәл тауып, өз орында дұрыс пайдалану оңай міндет емес. Адам ойының ұшы-қиыры жоқ. Сондай-ақ тіл байлықтары да ұшан-теңіз. Сол теңіз дүниесіне сүңгіп, ой өрнектеріне керекті тілдік материалдар мен грамматикалық тәсілдерді дұрыс пайдалана білу үлкен шеберлікті керек етеді. Грамматика мәселелерін екі түрлі ыңғайда қарастыруға болады: біріншіден, тілдің грамматикалық ережелері мен заңдарын айқындау мақсатымен, екіншіден, грамматикалық тұлғалар мен грамматикалық тәсілдерді қалай пайдаланғанда, ойымыз дұрыс шығады деген тұрғыдан. Бұл екеуі өзара тығыз байланысты болғанмен, алдыңғы-грамматика, соңғы-стилистика ғылымының үлесіне берілуге тиіс. Тіл мәдениетінің табысы стилистика ғылымының талаптарымен ұштасып жататындықтан, бұл екеуінің де арасында жақындық күшті. Сондықтан, грамматикалық тұлғалар мен грамматикалық тәсілдердің стильдік қызметтерін айқындаудың керегі осы арада да бір байқалып қалады. Әдетте стилистика ғылымы грамматикалық тұлғалар мен категориялардың мәндестігін, олардың әдеби тіл стиліне қатысын қарастырады. Біз де осыларды негізге алып, олардан басқа мәселелер де тіл мәдениеті тұрғысынан сөз етуге тиіспіз. Адам ойын айтудың негізгі формасы – сөйлем. Жеке сөйлем арқылы біршама аяқталған ойды білдіріп, оны екінші, үшінші....сөйлемдермен ұластырып, ұзын-ұрғалы мақсатты ойды жетер жеріне жеткізіп айтуға тиіспіз. Мұндайда әр сөйлемді қалай құру, қандай-қандай сөздерді пайдалану, ол сөздерді қай тұлғада жұмсау, қай сөзді қай сөзбен байланыстыру, қалай байланыстыру керек деген сияқты сұрақтар туады. Тілді жақсы білетін кісілер бұл сұрақтарға жауап іздемей-ақ дұрыс сөйлеп, дұрыс жазуы мүмкін. Әрине, олардың да белгілі дағдысы, тіл мүмкіншілігі жайында түсінігі, оқымай-ақ үйренген білімі болады. Оның үстіне олар әлгілердің ғылыми негіздерін түсініп, біліп пайдаланса, тіл жұмсауда қате-кемшілік аз болмақ. Мақсат – тілде барды жойып, жаңалық орнату емес, барды дұрыс пайдалану. Жазушы Зейін Шашкин марқұм «Роман және дәуіртынысы» деген мақаласында «жатыр», «отыр» етістіктері «тілімізді онша көркейтіп тұрған жоқ. Біз осыдан құтылу әдісін іздеуіміз керек», - деп еді. Одан кейін «құрмалас, сабақтас сөйлемдер құрудың жаңа әдісін табуымыз керек» -деген-ді. Бұл қазақ тіліндегі күрделі етістіктер құрамының кейде шұбалыңқы болатынын ұнатпағандықтан болар, бірақ бұл біздіңше ұшқары пікір. Сөйтіп, стилистика мәндес және мәндес емес те грамматикалық тұлғалардың, синтаксистік құрылыстардың тиімділерін пайдалана білуді үйретеді.қазақ тілі грамматика жүйесінің де сильдік мүмкіншіліктері мол. Жақсы стилист болу – сөз зергері болу деген сөз.Әдетте жазуы жатық, тілі бай стилист кісілер тілде барды, оның өте нәзік мәнін, өзгелерге еленбейтін, иненің жасуындай қылаң еткен стильдік қызметін шебер түсінеді. Сөйтеді де тіл байлықтарын, әсіресе тілдің грамматикалық мүмкіншіліктерін жақсы біліп, керегіне жаратып отырады. Мысалы, тілге деген талабы, сезімі, білігі мол жазушы еш уақытта «Ақ ат мінген қыз қойларды жамыратты», «Ол белін арқанға буды» демейді. Себебі: аттың түсі ақ болса да, қазақ «ақ ат» демейді «боз ат», «ақбоз ат» дейді, әдетте қой жамырамайды, қозы жамырайды, белін арқанға бумайды, белін арқанмен буады.

Бақылау сұрақтары:



  1. Стилистика ғылымының синтаксисті зерттеуінің мақсаты не?

  2. Синтаксистік ережелер мен синтаксистік заңдылықтарды қадағалаудың стильдік ерекшеліктері.

  3. Синтаксистік құрылыс және стиль түрлері.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет