Бақылау сұрақтары:
Саңырауқұлақтар қоздыратын пиязда қандай аурулар кездеседі, Пиязшық мойынының сұр шірігінің даму ерекшеліктеріне тоқтал.
Көкөніс дақылдар ауруларының таралуы мен дамуын шектеуде ауыспалы дақыл, органикалық және минералды тыңайтқыштар қандай рөл атқарады ?
Топырақтағы саңырауқұлақтар инфекциясынан қорғау үшінкөкөніс дақылдарының өскіндері мен көшеттерін қандай препараттар қолданылады?
Пияздың пероноспороз және басқа ауруларына қарсы қандай фунгицидтер қолданылады?
8-ДӘРІС
Тақырыбы: Ауыл шаруашылық дақылдарының егістігін залалдайтын арамшөптер. Арамшөптердің жіктелуі. Гербицидтер. Арамшөптердің агробиологиялық топтары және олардың сипаттамасы. Арамшөптермен күрес шараларының ғылыми негіздері.
Сабақтың мақсаты: Арамшөптердің жіктелуімен танысу. Гербицидтердің жіктелуін оқып білу. .Арамшөптердің агробиологиялық топтары және олардың сипаттамасы. Арамшөптермен күрес шараларының ғылыми негіздерін меңгеру.
Қарастырылатын сұрақтар:
Арамшөптердің жіктелуі.
Гербицидтердің жіктелуі
Арамшөптердің агробиологиялық топтары және олардың сипаттамасы.
Күрес шараларын ұйымдастыру
Тақырыптың мазмұны. Гербология ( латынша: herba - шөп, өсімдік; logos - ғылым) – арамшөптердің биологиялық ерекшеліктерін, олардың таралуын, агрофитоценоздағы түрлік құрамын, көлемін зерттейтін және мәдени дақылдарға тигізетін зияндылық деңгейін төмендететін әдістерді (агротехникалық, химиялық және биологиялық) құрастыратын, жетілдіретін ғылымның жас саласы.
Гербология басқа ғылым салаларымен тығыз байланысты, олар:
1. Ботаника
2. Агрофитоценология
3. Егіншілік
4. Өсімдік шаруашылығы
5. Көкөніс шаруашылығы
Гербологияның зерттеу объектісі: сегетальды және рудеральды өсімдіктер түрлері және олардың мәдени дақылдар фитоценозындағы көлемін реттейтін іс-шаралар жүйесі.
Сегетальды өсімдіктер (латынша: segetalis - дәнді дақылдар арасында өсетін) – мәдени дақылдар танаптарында өсуге бейімделген арамшөптер түрлері.
Рудеральды (латынша: ruderis — қоқыс, ұсақ тастар) – құрылыс қоқыстарының арасында және жол жиектерінде өсетін, қорғаныштық қасиетке ие (тікендері, улы заттары, ашытатын түктері бар) арамшөптер түрлері.
Арамшөптер деп мәдени өсімдіктердің егiстiктерiнде кездесетiн, сол арқылы олардың өнімінің мөлшерін төмендетiп, сапасын нашарлататын өсімдіктердi атайды. Егер бiр дәндi дақылдың егiсiнде екiншi дәндi дақыл кездессе, оны ластаушы деп атайды.
Сонымен қатар көптеген арамшөптердің егiстiктерден басқа жерлерде өскенде мал азығына, дәрi-дәрмек дайындауға, бал жинауға пайдалануға болатынын есте сақтау керек. Шабындықта өскен жатаған бидайықтан сапалы шөп дайындалса, салалы қарашағыр – жайылымдық өсімдік болып табылады. ғара сұлы мен тауық тарысын гүлдегенге дейiн малдар сүйсiне жейдi. Бақ-бақтан, еңкiш түйетiкеннен, далалық қалуеннен, түйе жоңышқадан бал жинауға болады. Ал, аралар ащы жусанның, кенепшөптiң, кәдiмгi гүлтәжiнiң, алабұтаның тозаңын жинайды.
Қара меңдуана, қызыл таспа таран, дәрiлiк бақ-бақ, үлкен бақажапырақ, ащы жусан, кәдiмгi жұмыршақ т.б. дәрi-дәрмек жинауға пайдаланылады
Арамшөптер – егiншiнiң әрқашандағы және қауiптi жауы. Мәдени дақылдардың арасында өсiп, олар су, қоректiк зат үшiн алғашқылармен күреске түседi. Осындай қатар өсу өнімнің әр түрлi мөлшерде төмендеуіне – 10-30%-тен бастап мәдени өсімдіктердің толық өлуiне дейiн, әкеп соғады.
Достарыңызбен бөлісу: |