2. Қытай тарихы; Нұржамал Алдабек; 337 бет/146-218 беттер
Солтүстік Қытайда ұзаққа созылған күрестен кейін ғана, жерге мемлекеттің меншік ету құқы беки бастады. Бұл өлкенің қаңырап босаған жерлері мен көптеген ірі жер иелерінің жойылып кетуі, жерге мемлекеттік меншіктің орнауына мүмкіндік туғызады. Оған мысал ретінде 477 жəне 485 жылдардағы жарияланған император жарлықтарын айтуға болады. Тоба Хун император тұсында мемлекеттің жерге билік ету құқын бекіту шараларын мықтап қолға алады. 485 жылы ірі жер иелерінің өсуін біршама тежейтін императорлық жарлықтың шығуы аграрлық қайта өзгерістерге жол ашып, ІІІ ғ. Цзинь мемлекеті тұсындағы үлестік жүйесін еске салатын бірқатар шараларды жүзеге асыра бастайды. Бұл заң тəртіптері бойынша «цзюнь тянь фа» немесе «тең егістік жерлер» деп аталған жер иеленудің үлестік жүйесінің енгізілуі жерге мемлекеттік меншікті күшейту мақсатынан туындаған еді. 485 жылғы заң бойынша шаруаның қазыналық үлеске құқығы белгіленіп, оның көлемі мен жалға алушының міндеттері айқындалды. 15 жастан 70 жасқа дейінгі шаруалар егістік жерлерден үлес алуға құқылы болды. Жер үлесін алуға құқылы еркек шаруа – дин деп аталды. Əйелдер еркектерге қарағанда екі есе аз мөлшерде жер үлесін ала алатын еді.
Мемлекеттік үлестік жер үшке бөлінді: жыртылатын егістік жер, өндірістік мақсаттағы жер жəне үй төңірегіндегі бау-бақша жері. Жыртылатын егістік жерлерде дəнді дақылдар егуге, əсіресе бидай егу міндеттелді. Бұндай жер үлесіне ие болған адам кəртайған кезде немесе қайтыс болған жағдайда, оның үлесі еңбекке жарамды басқа біреуге берілетін. Егістік жерлер тек уақытша пайдалануға берілетін жəне бұндай жерлерді сатуға, сатып алуға тиым салынды, бірақ оны көп жағдайда сақтамаушылық орын алып отырды. Ал үй маңындағы қосалқы шаруашылықтағы бау-бақша жерінде тұт ағаштары, кендір жəне жеміс-жидек өсіруге арналды. Бау-бақшалық жерлерді сатуға, сатып алуға рұқсат етіліп, ол мұрагерлік құқыққа ие болды. Мұрагерлік құқы бар жер иелігіне тұрғын үйлер мен үй маңындағы қоралар мен қамбалар тұрған жерлер жатты.
Үлестік жерді иемденуші шаруа мемлекет алдында үш таған міндеткерлік атқаруы тиіс болды. Үлескер шаруа егістік жерінен алынған өнімнің бір мөлшерін мемлекетке өнім түрінде, яғни астық өнімі – цзу, үй шаруашылығынан алынатын салық - тяо жəне еңбекпен өтеу салығы - юн деп аталатын міндеткерліктерді өтеуі тиіс болды. Мемлекеттік жерден басқа феодалдық жеке иеліктегі жер де болды. Олардың жер иеліктерінде тəуелді шаруалар еңбек етті. Заң бойынша ірі жер иелерінің осындай тəуелді шаруалар мен құлдарды ұстауына жəне олармен қоса қосымша мал жəне үлестік жер алуына рұқсат етілді. Ірі жер иеліктері мен тəуелді шаруаларды иемденушілер əртүрлі атаулы дəрежеге ие болатын. Сонымен қатар дін иелері мен діни орындарға берілген жерлер де болды. Мысалы - монастырь жері. Бұндай жерлерге мемлекет салық салмайтын.
Жерге мемлекеттік меншіктің орнатылуы орталықтанған империяның күшеюіне əкелді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өркендеп, егістік жерлер көбейді, астық өндіру ұлғайды. Елдің тұрмыс жағдайы түзеліп, қалалар салына бастайды, онда сауда мен қолөнер өркендеп дамиды. Қалалар экономикалық даму мен мəдениеттің орталығына айнала бастайды.
Суй
V-VІ ғғ. аралығында Қытайда саяси жəне экономикалық тұрақтану үрдісін байқауға болатын еді. Ішкі өзара қырқысулар біртіндеп тоқтап, көшпелілердің жаңа шабуылдары да сезіле қоймады. Солтүстікте де, оңтүстікте де билеуші өкіметтердің күшеюі байқалып, халық саны өседі, үлестік жүйенің ұлғаюы нəтижесінде шаруашылық бірқалыпты дамуға бет бұрады, мемлекеттің қазынасына қайтадан қаржы құйыла бастайды. Үлестік жүйе жекелеген феодалдық бай топтардың дербестігіне тежеу салатын құрал қызметін атқарды. Үлестік-бенефициялық жер иелігіне қожалық етуші феодалдар императорға тікелей тəуелді
болды. Суй империясында үлестік жүйе шеңберінде «қызметтік жерлер» (гуань-тянь) қалпына келтіріліп, олардан түсетін табыс əкімдерді ұстаудың шығынына жұмсалатын. Сонымен қатар, қазыналық қордан император отбасының мүшелерінің ішіндегі уаң титулына ие болғандарға 10 мың му жер иелігі берілді. Яң Гуаң дəрежелі əкімдердің дəреже деңгейін 9-дан 3-ке дейін қысқартып, бұндай иеліктердің санын азайтуға тырысты.
Тан
Елді біріктіру жолындағы қарулы күрес жəне Таң əулетінің өте икемді саясаты 628 жылы оларды толық жеңіске жеткізді. Бұл жеңіске жетудің ең маңызды жолы Ли Юаннің 624 жылы дəстүрлі үлестік жүйені қалпына келтіруіне тікелей байланысты еді. Ұзақ уақыт бойы жүргізілген соғыстар жəне ішкі қырқысулар елді күйзелтіп, егістік жерлердің игерілмей, қаңырап бос қалуына, халықтың жаппай қырғынға ұшырауына əкелді. Таң билеушілері асақуатты бəсекелестерімен аяусыз күрес жүргізе отырып, үлестік жүйеге қайтып оралды.
624 жылғы император жарлығы бойынша əрбір еңбекке жарамды ересек адам 80 му мөлшерінде егістік жер мен бау-бақша жерін алуға құқылы болды. Бірақ бұл үлестік жерлер, оны иеленушілердің жасы мен отбасы мүшелерінің санының өзгерісіне орай, жыл сайын қайта бөлініп отыратын болды. Таң дəуірінде саудагерлер мен қолөнершілер де жартылай үлестік жер алатын болған. Үлестік жүйе елдің гүлденіп дамуына негіз болды. Бірнеше жылдар бойғы бəсекелестерімен күрес жүргізудің нəтижесінде, таң билеушілері елдің жағдайын тұрақтандырды.
VІІ-VШ ғғ. Таң империясында экономикалық жəне саяси дағдарыстың туып келе жатқандығы байқалады. Бұл дағдарыстың мəні мемлекеттік үлестік жүйенің өз мəнін жойып, ірі жер иелерінің жекеменшік шаруашылығының өсе түсуі болды. Қытайда сөйтіп, ірі жер иеленушілік күшейді. Қауым ішінде мүліктік жіктеліс күшейді. Біреулері байып, екіншісі кедейленді. Бұның бəрі үлестік жүйені ыдыратты. Жерге мемлекеттік меншіктің құлдырауы елді орталықтан басқарудың экономикалық негізгі бола отырып, мемлекеттің əлсіреуіне əкелді.
711 жылы цзедуши – генерал-губернаторлық билік ұйымын құрған болатын. Цзедушилер жергілікті билікке бағынбай, тікелей император алдында есеп беретін. Таң императорлары елдің шекаралық аймақтарын сыртқы төніп келе жатқан шабуылдардан қорғау мақсатында көптеген əскери күштерін шекара бойына шоғырландырып, оны басқаратын цзедушилерге берілетін билік өкілеттігі өте жоғары болатын. Цзедушилерге берілген – фаньчжень деп аталған жерлерден түсетін салықтар біртіндеп азая бастады. Олар салық төлеуден бас тарта отырып, кейін қуатты күшке айналып, үлестік жүйенің əлсіреуіне себепкер болады. VІІІ ғ. ортасынан бастап, Ань-Лушаньның көтерлісінен кейін Тан əулетінің билігі əлсірей бастайды жəне дағдарыс тереңдей түседі. Таң империясының дағдарысының алдында, салыққа барлық қолында жері бар адамдар, соның ішінде ірі жер иелері де тартылған болатын. Осылайша, ірі бай топтардың жерге меншік ету құқы ресми түрде танылған еді. Үлестік жүйе біртіндеп жұтылып кетіп, жерге жеке меншік күшейе түседі. Сондықтан бұл əрекетке қарсы тұрудың мағынасыз екендігін түсінген таң үкіметі 780 жылы үкіметтің бірінші министрі Ян Яннің атынан жарлық шығарып, үлестік жүйе бойынша орындалатын «үштік міндеткерлікті» жойды. Сөйтіп ресми түрде үлестік жүйе өмір сүруін тоқтатты.
Достарыңызбен бөлісу: |