Мұзафар Әлімбаев ақындық бақыты туралы айтқанда оның қазақ балалар әдебиетіне сіңірген еңбегіне тоқталу шарт. Ұзына тарихы қырық жылға жуықтаған «Балдырған» журналын Мұзафар Әлімбаев қолымен құрып, 25 жыл бас редактор ретінде басқаруы қазақ балалар әдебиеті үшін ырыс-құт болды. «Балдырған» журналы арқылы дүниежүзі балалар әдебиетіндегі бар дәстүрлер мен эксперименттер қазақ топырағына ағытылды. Қазақ топырағында бойындағы бар жұпарын балаларға арнайтын шын мәніндегі балалар қаламгері «Балдырған» арқылы қалыптасты.
М. Әлімбаев қазақ балалар әдебиетінің қатардағы қаламгері ғана емес. Ақын, прозашы, аудармашы, сыншы, жинақшы, ұйымдастырушы. Әдебиетте талант бейімі болмай, ештеңе де өнбейді, әдебиет зорлықпен жасалмайды. Мұзағаңның да балалар поэзиясына туа бітті бейімі болғаны анық. М.Әлімбаев қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп еңбек сіңірді. «Менің ойыншығым», «Отпен ойнама», «Орақ-олақ», «Шынықсаң – шымыр боларсың» тағы басқа кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес болды. «Аспандағы әпке» жинағы үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілген. М.Әлімбаев мақал-мәтелдерді жинау, зерттеу, басқа халықтар мақалдарын қазақ тіліне аудару жұмыстарымен де айналысып келеді. «666 мақал мен мәтел», «Мақал - сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз - ортақ қазына», т.б. жинақтар мен зерттеу еңбектері бар. Сын-зерттеу саласында еңбектері жарық көрді. Әлем әдебиетінің кейбір үздік шығармаларын қазақ тіліне аударды. Жазушының өлеңдері 38 тілге аударылған.
Тапсырма: 1. Бірінші сөйлемге фонетикалық талдау жасау. 2.Мәтінді түсініп оқып, шылаудың түрлеріне талдау жаса. 3.«Айгөлек» балалар журналына байланысты пікірталас ұйымдастыру.