КСРО халық депутаттарының I съезiнде (1989 ж.) Қазақ КСР-ның өкiлдерi тұжырымдағандай, Қазақстанда орналасқан өнеркәсiптiң 93% -ы одаққа бағынды, республика өзiнiң бюджетiне олардан түсетiн пайданың 1% -ын ғана пайдаланды. 2) Қазақстанға металл кесетiн станоктар, жол құрылысы жабдықтары, электровоздар, электр тауарлары, жиһаз, киiм - кешек, тамақ өнiмдерi әкелiндi, ал бұларды өзiмiзде молынан шығаруға болатын едi. 3) Республика басшылығы өндiрiстiк құрылыста гигантомандықты кеңiнен қолдады. Мифологиялық ойлау социалистiк құрылыс қуатының жаңа символдарын талап еттi. Сөйтiп, 70 - жылдардың басында iрi территориялық - өндiрiстiк кешендер құрылды: Павлодар – Екiбастұз, Маңғыстау, Қаратау – Жамбыл, Шымкент – Кентау.
4) Жоспарда белгiленген жылдық, тоқсандық, айлық тапсырмаларға өзгерiстер енгiзу әдеттегi iске айналды. Тек 1981-1985 жылдары әр түрлi министрлер мен ведомстволардың жоспарлары 300 - ге жуық өзгерiске түстi.