Педагогикалық процестің мәні, оның құрылымдылық компоненттері Қазіргі қайта құру кезеңінде тұтас педагогикалық процестің мәні өте зор, өйткені осы кездегі қоғамдық-өндірістік қатынастың дамуы оқыту мен тәрбие бірлестігі принципінің толық іске асуын талап етеді.
Орта, жоғары оқу орындары мен мектептен тыс мекемелер жүйесінде білім беру және тәрбие мақсатын жүзеге асыру процесін тұтас педагогикалық процесі деп атайды. Білім беру мен тәрбие міндеттерін толық шешу үшін сабақ үстінде әрбір тақырып бойынша оқуды тәрбиемен үйлестіріп өткізу – оқу-тәрбие процесінің басты шарты.
Педагогикалық процесті ұйымдастыру барысында оқушы және оқушылар коллективі бір жағынан тәрбие обьектісі, екінші жағынан тәрбие субъектісі болады. Осыған орай, оқу тәрбие процесінде мұғалімдер мен балалар ынтымақтастығы, олардың творчестволық еңбек етулеріне зор сүйеніш болады. Тәрбиенің субьектілері мен обьектілері арасында әр түрлі байланыстар пайда болады. Мысалы, тәрбиешілер мен оқушылар арасындағы қарым-қатынас арқылы ақпарат алмасуы, ынтымақтастық немесе бірлестік іс-әрекеті т.б. Мұндай байланыстар педагогикалық процестің табысты болуына игі әсер етеді.
Тұтас педагогикалық процестің өзіне тән компоненттері бар. Олар оқыту мен тәрбиенің мақсаты, мазмұны, формалары мен әдістері, сонымен қатар нәтижесі. Бұл компоненттер бір-бірімен тікелей байланысты түрде іске асырылады, демек, педагогикалық процесс сонда ғана оң нәтиже береді.
Тәрбие мен оқыту процестері бірте-бірте өзін-өзі тәрбиелеу және өз бетімен білім алу процестеріне ұласады. Сондықтан тұтас педагогикалық процесті оқыту, тәрбие, білім беру және даму процестерінің табиғи бірлігі деп қарастырған жөн.
Оқушы – педагогикалық процестің субъектісі. Педагогикалық процестің негізгі белгілері.
Педагогикалық процесте педагог – объект және субъект.
Объект ретінде – тәрбиелік әсерлерге түседі және өзін жетілдіріп отырады.
Бұл үшін оған өзінің диалектикалық ойлауын дамыту, өзіне және тәрбиеленушілерге эмоционалдық қатынас жасай білу қабілеттілігі, өз іс-әрекетіне сынай қарай білу қабілеттілігі қалыптасуы керек.
Субъект ретінде – арнайы педагогикалық білім алады, адам тәрбиесіне қатысты жауапкершілікті мойнына ала алады, дүниетанымы, рухани-құлықтық белсенді қарым-қатынасқа түсу қабілеттілігін дамытады.
Оқушы да педагогикалық процесте – объект және субъект.
Объект ретінде – педагогикалық мақсаттарға сәйкес түрленетін дербестігі бар.
Субъект ретінде – табиғи қажеттіліктері, нышандары, өз қажеттіліктерін, қабілеттіліктерін, қызығушылықтарын, ұмтылуларын түрлендіруге, өзгертуге педагогикалық әсерлерді белсенді меңгеруге немесе қарсы тұруға мүмкіндігі бар.
Бұл жерде ескеретін нәрсе, оқу-тәрбие үдерісінің негізі ретінде оқытуда да, тәрбиелеуде де тұлғаның дамуы жүзеге асырылуы қажет. Демек, педагогикалық процесс оқыту тәрбиелеу тұтастығы негізінде тұлғаның дамуын жүзеге асыру болып табылады.
Педагогикалық процестің құбылыс ретіндегі бірқатар маңызды белгілері бар. Педагогикалық процестің негізгі белгілері:
1) қос жақты іс-әрекет;
2) өзара байланысты жүреді;
3) мақсатты, мазмұнды ұйымдасқан түрде жүреді;
4) мақсатқа қол жеткізу формалары мен әдістері арқылы сипатталады.
Қосжақтылық белгісі бойынша:
1- жағы: арнайы дайындалған маман жүргізетін мақсатты педагогикалық іс-әрекет;
2- жағы: тәрбиеленушінің дамуын, өзгеруін негіздейтін белсенді іс-әрекет, яғни оқу немесе оқу-танымдық іс-әрекет.