1 тақырып. Қазақ тілін оқыту әдістемесі пәнінің мәні мен міндеттері



бет5/39
Дата20.01.2023
өлшемі1,08 Mb.
#165977
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39
Байланысты:
Ана тілін дебат технологиясы арқылы оқытудың ерекшелігі

Философия ұлттық тілмен байланыс­ты. Классикалық философия нақты өмір сүріп отырған тілдерді философияның пайымдау объектісі ретінде танудан бас тарта отырып, өзінің тілдердің ізімен жүретіндігін байқамай қалды. Мысалы, категориялардың Аристотель жасаған жіктемесі көне грек тілімен бай­­ланысты, Гегель өзінің философиясын неміс тілінде ғана баяндауға болатынына сенімді еді. Қазіргі заманғы фило­софиялық бағыттарды талдасақ, ана­­литикалық философия негізінен ағылшынтілді, герменевтика – немістілді, струк­турализм мен постструктурализм – французтілді, орыс философиясының да тек өзіне тән тақырыптары, басқа тілге аударғанда түсініксіз болып, мағынасын жоғалтатын терминдері бар. Осы тұрғыдан қарастырғанда, қазақ философиясына да таза қазақ тілімен байланысты, тек қазақ тілін меңгерген адамға түсінікті ұғым-категориялар тән деп айта аламыз (оларға кейінірек тоқталамыз). Сондықтан да, қазақ тілі қазіргі философияның объектісі бола алады және мемлекеттік тілді оқытуда жалпы философияға, соның ішінде қазақ философиясына, тіл мен философияның интеграциясына сүйену бұл істі табыс­ты етері сөзсіз. Кез-келген ғылым белгілі бір әдістемеге негізделген. Әдістеме деп танымның ғылыми әдісі туралы ілімді, жос­парланып отырған қызметке оның барлық сатыларында бірдей байқалатын белгілі бір көзқарасты, ғалым басшылыққа алатын бастапқы принциптер жиынтығын, теориялық және практикалық қызметті ұйымдастыру тәсілдерін айтуға болады.
Әдістемеде үш деңгейді бөліп көрсетуге болады: жалпы философиялық әдістеме, жалпығылымдық әдістеме және бір ғылымға ғана тән жеке әдістеме. Осы тұрғыдан алғанда тілді лингвистиканың объектісі ғана деп қарастыруға болмайды, міндетті түрде оның философиялық негізін талдау қажет. Себебі, тіл – материалдық пен идеалдылық тығыз байланысып, күрделі астасып жатқан нақты құбылыс және пәнаралық зерттеу объектісі. 
Тілді зерттеуде және меңгеруде басты ұстаным-әдіс ретінде қандай филосо­фиялық тұжырымдарды ұсынған дұрыс?
1) Дүниенің материалдылығы және материалды идеалдыдан алғашқы, дүниені танып-білу мүмкіндігі материалды мен идеалдының өзара әсерінің шарттарының бірі. Бұл тұжырымнан тілді оның материалды жағы алғашқы негіз болып табылатын құбылыс ретінде қарастыру қажеттігі туралы әдістемелік принцип шығады. Әрбір тіл сол тілдің иесі болып табылатын халықтың материалдық болмысымен тығыз байланысты. Сондықтан, қазақ тілін оқыту барысында тілді үйрену ең әуелі қазақ халқының өмір сүру тәсілімен, шаруашылығымен терең танысудан басталуы тиіс. Қазақ халқының дүниетанымы, тілі көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты. Ғылыми әдебиетте көшпелі өркениет туралы ортақ түйін-тұжырым жоқ. Европоцентризм көшпелі мәдениет туралы жағымсыз пікір қалыптастырғаны белгілі. Шындығында, салмақты сараптау жүргізсек, көшпелі өмір салтының ерекшеліктері, мәдени-шығармашылық потенциалы өте мықты екендігін және оның қазақ дүниетанымының басты ұғымдарының, ұлттық тілінің қалып­тасуына негіз болғанын көреміз. Философия ғылымдарының докторы, профессор Б.Ғ.Нұржановтың пікірлеріне сүйене отырып, қазақ халқының көшпелі өмір салтының мынадай сипаттарын атап көрсетуге болады:
1. Көшпелі қазақ халқы табиғат­пен біртұтас, «адам-дүние» парадигмасын ұстанып өмір кешті және осы ерекшелік айқындаушы болды.
2. Көшпелілік қозғалыспен тығыз бай­­ланысты, ал, қозғалыс жетілгендікке, жаңаруға үздіксіз ұмтылыс.
3. Көшпелілік өмір салтына прак­тикалық сипат береді.
4. Көшіп-қону, ұзақ жол қазақ­тар­дың бойында шыдамдылық, өзара түсі­ністік, қамқорлық,  ұйымшылдық, тәр­тіптілік және тағы басқа адамгершіліктік қасиеттерді тәрбиеледі.
5. Отырықшылықта билік, еркін­дікке ұмтылу мәселесі туындайды, ал, көш­пелі қоғамда адамдардың арасындағы қаты­настар салт-дәстүрлер арқылы басқа­рылып, реттеліп отырды.
6. Көшпелі өмір кеңістігінің шек­сіздігі ерекше мәдениеттің, өнердің, шығар­машылық шабыттың шарықтауына негіз болды.
Қазақ халқының көшпелі өмір салты оның дүниетанымы мен тілінің негізі болғандығын белгілі неміс философы Мартин Хайдеггердің «Тіл – болмыстың үйі» деген тұжырымы да дәлелдей түседі. Оның тіл философиясын қазақ тілімен байланыс­тырып зерттеуді әлі де болса қолға алмай жат­қанымыз жасырын емес. Хайдеггердің тіл ту­ралы ойлары халқымыздың сөз өнерінің керемет құндылықтарын тереңірек ашуға жақсы негіз болар еді. Мысалы, Хайдеггер болмыс тек тілде ғана беріледі деп есептейді және қарапайым, күнделікті тілде емес, поэзия тілі мен философия тілінде. Оның пікірінше, тіл адамнан күшті, тіл – сөйлеуге мәжбүрлеу. Ақын емес, музалар ол арқылы сөйлейді, ойшыл өзінің ойы арқылы емес, болмыстың естілген даусы оның ойын бағыттап отырады (бұл ой қазақтың «арқасы бар» деген сөзін есімізге салады – Г.Н.). Тіл кеңістікке жол ашады, бұл кеңістіктің ішінде адам болмыс пен оның талаптарына сай келуге қабілетті. Осындай философиялық ұстанымдар қазақ тілін үйренуге ниеттенген адамды қазақ халқының және оның өмір салтының қайталанбас ерекшеліктерін түсінуге бағытталған ынтасын арттырып, оның санасында «болмысы ерекше халықтың тілі де ерекше болады» деген ойды қалыптастыратыны күмәнсіз деп ойлаймыз. Осы тұжырымға байланысты екінші бір атап көрсететін нәрсе – қазақ тілінің дамуы оған сәйкес болмыстың қалыптасуымен тығыз байланысты. Өкі­нішке орай, біз қазір осындай толық қазақы болмысты жасай алмай отырмыз. Қазақ тілі биліктен бастап күнделікті ортада оған сәйкес болмыс пен сана қалыптасқанда мүлдем басқаша өркендер еді...
Адам тілді табиғи немесе тікелей және логикалық жолдар (оқу, сөздіктер, грамма­тика, тілашарлар және басқа көмекші құралдар) арқылы игеретіні белгілі. Бірінші жол 12 жаспен шектеледі, бұл кезеңде тілді игеру оңайырақ. Жоғары оқу орнының студенті қазақ тілін логикалық жол арқылы игеруге мәжбүр болатындықтан, міндет қиындай түседі. Сондықтан да, тілді меңгеруге ықпал ететін мүмкіндігінше толыққанды орта қалыптастыру аса маңызды. Дүниенің танымдылығы туралы философиялық тұжы­рым тілді зерттеудің нәтижесі ылғи да салыстырмалы екендігін, тілді танып-білу және меңгеру үрдісі шексіз болатындығын көрсетеді. Бұл тұжырымның маңызы туралы оқытушы өзінің студенттеріне үнемі айтып отырғаны дұрыс. Таным үрдісі – шексіз. Танымның объектісі туралы білім өмір бойы толықтырылып, дамып отырады. Қазақ тілін толық меңгерген адамның өзін оның ғажайып қырлары мен бай табиғаты таң қалдырып, тілді тереңірек игеруге және зерттеуге жетелеп отырады. 
2) Тілді философиямен байланысты зерт­теуде тілдің материалды және идеалды салаларының арақатынасын талдап алу маңызды.
Материалды объективті және нақты, санадан тәуелсіз және тыс өмір сүреді. Идеалды материалдының санада бейнеленуінің әртүрлі формаларынан тұрады. Идеалды – адам санасында көрініс тапқан және онда өзгерілген материалды (ештеңеден ештеңе туындамайды). Материалдыдан туындай отырып, идеалды материалдыға белсенді кері әсер ете алады және бұл кері әсер жағымды да, теріс те болады. Яғни, материалды мен идеалды бір-бірімен диалектикалық тығыз байланыста. Мысалы, кез-келген объективті өмір сүруші зат түсініктер мен ұғымдар түрінде түсініледі. Идеалды – сананың жемісі, сана адамның миында, материалдық субстанцияда орналасқан. Тіл сананың идеалды қызметінің көрінісі. Ол қоршаған ортаның санада бейнеленген нақты заттарын және осы бейнелеулердің негізінде немесе субъективтік қажеттіліктер мен эмоциялық күйлерді түйсінуден туындайтын бар­лық идеалды туындыларын белгілеу мүмкіндігін береді. Яғни, тіл мен сананың, тіл мен ойлаудың арақатынасы – материалды мен идеалдының философиялық мағынадағы арақатынасының жақсы мысалы. Бұл тұжырымды схема түрінде бейнелесек, материалдық субстанция (ми) – сана (идеалды құбылыс) – тіл (материалды форма, онда сананың жұмысы мен ойлау операцияларының нәтижелері көрініс табады). Сана мен тіл бір нәрсе емес, бірақ біртұтас, себебі өзара байланысты және бір-бірімен шарттас.
3) Тілді оқыту барысында филосо­фияның негізгі заңдары мен ғылыми принцип­терді ескеру қажет. 
Құбылыстардың жалпы байланысы және өзара шарттастығы заңы бойынша, тілді оның әлеуметтік өмірдің әртүрлі құбылыстарымен – қоғаммен, мәдениетпен, этноспен, ойлаумен маңызды байланыстары арқылы оқыту қажет. Қозғалыстың материяның өмір сүру тәсілі екендігі заңы тарихилық принципінің негізін қалайды. Тарихилық принципі тілді эволюциялық түрде, тарихи дамып отыратын құбылыс ретінде түсінуге мүмкіндік береді. Осы арқылы тілдің тарихи дамуы кезеңдерін салыстырмалылық принципіне сүйене отырып талдауға болады.
Тарихилық принципі қарама-қарсылық­тардың бірлігі және күресі заңымен тікелей байланысты. Бұл заң тіл жүйесінің тарихи өзгерулерінің себептеріне үңілуге жол ашады. Сандық өзгерістердің сапалық өзгерістерге ауысуы заңы тілдік өзгерістердің біркелкі болмауына байланысты сапалық өзгерістердің тіл жүйесінің белгілі бір бөлімдерінде ғана болып, жалпы тіл жүйесінің тұтастығын сақтап қалуының себептерін түсіндіре алады. Мысалы, тарихи даму барысындағы көптеген қиындықтарға, өзгерістерге қарамастан, қазақ тілінің тілдік тұтастығының бұзылмауы аталған заңның жақсы дәлелі. 
Ойымызды қорыта келсек, мемлекеттік тілді оқыту барысында философия ғылымының негізгі тұжырымдары мен заңдарына сүйену аса маңызды. Себебі, тілдің қолданбалылық қызметімен шектелуге болмайды, ол таным үрдісімен, халықтың өмір сүру салтымен, рухани энергиясымен, ақылымен және жанымен, философиялық пайымдауымен тығыз байланысты. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет