Ата-аналардың шектен тыс қамқорлығы балалардың эмоционалдық ахуалы мен мінез-құлқына кері әсер етуі мүмкін.
Америкалық психологиялық қауымдастық жариялаған жаңа зерттеу нәтижелеріне сәйкес, ата-аналар балаларының қауіпсіздігі мен амандығы үшін барлығын жасауы керек, дегенмен анасы мен әкесінің қамқорлығынсыз, өз бетінше оқып-үйренуі және өсуі үшін балаларға кеңістік қажет. Зерттеулер көрсеткендей, шектен тыс ата-ана бақылауы баланың өз эмоциялары мен іс-әрекетін басқарып үйренуіне кері әсерін тигізуі мүмкін.
«Біздің зерттеулеріміз ата-анасының шектен тыс қамқорлығындағы балалардың есею кезеңінде, әсіресе, мектептегі күрделі ортада кездесетін қиындықтарды еңсеруге сәтсіздіктерге ұшырауы мүмкін екендігін көрсетті», – деді Доктор Перри (зерттеудің жетекші авторы). «Өз эмоциялары мен мінез-құлқын тиімді реттей алмайтын балалар көп жағдайда сыныпта өтірік түр жасауы мүмкін, оларға дос табу қиынға соғады, олар мектепте жанжалға ұрынып жүруі мүмкін».
Балалар өздерінің эмоцияларын түсіну және басқаруда тәрбиешілерге сенім артады. Оларға ата-аналарының өз қажеттіліктеріне түсіністікпен қарауы, балалар үшін тым күрделі эмоционалдық жағдайларда жетекшілік жасай алуы керек. Бұл балаларға күрделі мәселелерді өз бетінше шеше білу қабілетін дамытуға мүмкіндік береді және психикалық және физикалық ахуалын жақсартуға, салауатты әлеуметтік қарым-қатынастарға және оқуда табыстарға жетуіне оң ықпал етеді. Перридің тұжырымдауы бойынша, өз эмоциясы мен мінез-құлқын басқара алу – барлық балалар үйренуі тиіс негізгі дағдылар, ал шектен тыс ата-ана бақылауы бұл мүмкіндіктерді шектеуі мүмкін.
Зерттеу аясында жүргізілген бақылау барысында зерттеу тобы балалардан өз үйлерінде қалай ойнайтынын көрсетуді сұраған.
«Біз бақылау барысында ата-аналардың шектен тыс бақылауын көрдік: ата-аналар баласына кіммен ойнауды, ойыншықпен қалай ойнау керектігін, ойнап болған соң ойыншықты қалай жинау керектігін айтып, үнемі бағыттап отырады, балаға тым қатал болатынын немесе тым көп талаптар қоятынын байқадық», – деді Перри. «Балалар әртүрлі жауап берді. Кейбіреулері көрер көзге бағынбайтын түр көрсетті, енді біреулері енжарлық көрсетті, ал енді бір балалар ренжіген түр көрсетті».
Зерттеушілер 2 жастағы балаға ата-ана тарапынан шектен тыс қамқорлық кейін бала 5 жасқа келгенде өз эмоциялары мен мінез-құлқын реттеу дағдыларының төмен болуына алып келетінін анықтады. Керісінше, 5 жастағы баланың өз эмоцияларын реттеу дағдысы неғұрлым жоғары болса, 10 жасқа келгенде оның эмоционалдық қиындықтарға кездесу ықтималдығы азырақ болады, әрі мектептегі оқуы табыстырақ болып, әлеуметтік дағдылары жоғарырақ болады. Осы сияқты өзін-өзі жақсы бақылауды үйренген 10 жастағы баланың эмоционалдық және әлеуметтік проблемаларға кездесу ықтималдығы азырақ болып, жоғары сыныптарға келгенде жоғарырақ табыстарға қол жеткізу мүмкіндігі молырақ болады.
Перридің болжамы бойынша, ата-аналар балаларына өз эмоциялары мен мінез-құлқын бақылай білуге көмектесе алады, бұл үшін балаларға өз сезімдерін қалай түсіну керек, белгілі бір эмоциялар қандай мінез-құлыққа түрткі болуы мүмкін екенін, сондай-ақ әртүрлі реакцияның салдарлары қандай болуы мүмкін екенін түсіндіруі керек. Сонымен қатар ата-аналар балаларын қиындықтарды еңсерудің оңтайлы стратегияларымен таныстыра алады: терең тыныс алу, музыка тыңдау, түрлі-түсті бояумен суретті бояу, тыныш жерде отыру және т.б.
«Ата-аналар сондай-ақ өздері ренжіген не уайымдаған кезде өз эмоцияларын басқару стратегияларын қолданып, балаларына жақсы үлгі көрсете алады» деген тұжырым жасайды Перри.
Достарыңызбен бөлісу: |