Бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) - арнайы техникалық құралдардың көмегімен, кез келген тұлғаларға әртүрлі мәліметтерді ашық жариялауға арналған әлеуметтік мекемелер.Бұқаралық ақпарат құралдарына - мерзiмдi баспасөз басылымы, радио және теледидар бағдарламалары жатады.Тәуелсіздікке қол жеткізу мен қоғамның демократиялануы бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына айтарлықтай әсер етті. Егер 1990 жылы елімізде 500-ге жуық бұқаралық ақпарат құралдары тіркелсе, 1992 жылы олардың саны екі есе өсті. 1995 жылы қысқа мерзімде өз аудиториясын жинай алған «Хабар» мемлекеттік телеарнасы жұмыс істей бастады. «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» беделді күнделікті газеттер ретінде қазақстандықтар үшін сенімді ақпарат көзі болды. Дәл сол кезде «Караван», «Новое поколение», «Экспресс К», «КТК», «31 канал», «Таң» сияқты жеке басылымдар мен телеарналар танымалдыққа ие болды.
Қазақстан Республикасының 1995 жылы қабылданған Конституциясының 18-бабының 3-пункті бойынша азаматтар мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктерден, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарынан еркін ақпарат алуға құқықты. шы жылдардың екінші жартысында бұқаралық ақпарат құралдарының нарығы тұрақталды. Жаңа басылымдар ашылды, кәсіпорындар мен баспаханаларды жекешелендірді. Сол кезде ақпарат нарығында жаңа бағыт – жарнама пайда болды. 1997 жылдан бастап ақпараттық сала мемлекеттік тапсырыстармен жұмыс істеуге тартыла бастады, бұл бұқаралық ақпарат құралдары нарығына оң әсерін тигізді. Мемлекет жүйелі түрде бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе әрекет етіп, БАҚ әр алуандығын, сондай-ақ елдің әлемдік және аймақтық ақпарат кеңістігіне енуіне мүмкіндік беретін дәйекті ақпараттық саясат жүргізе бастады. Технологиялық индустрияны дамыту, өнімі мемлекеттік саясат пен шынайы қоғамдық үдерістермен үндес келетін басылымдар мен телеарналарды құру және қолдау маңызды міндет етіп қойылды. Қазақстандық телевизиялық хабар таратушылардың арасында ең жоғары рейтингтер «Хабар», КТК, «31 арна», НТК телекомпанияларында болды. Оқырмандардың сұранысына ең көп ие болған газеттер – «Караван», «Новое поколение», «Время», «Начнем с понедельника», «Экспресс-К», «Panorama», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Заман-Қазақстан».Ақпараттық дамудың жаңа кеңістіктерін 1995 жылы қабылданған Спутниктік телевизияның мемлекеттік бағдарламасы айқындап берді. 1996 жылдан бастап Қазақстанда спутниктік телевизияның ұлттық жүйесі құрыла бастады. Қалаларда кабельді телевизия жүйесі кең қолданысқа енді. Телекөрермендер ондаған отандық және шетелдік телеарналарды көруге мүмкіндік алды.
1997 жылы «Біртұтас ақпараттық кеңістікті қалыптастыру туралы» Жарлыққа елбасымыз қол қойды. Оның мақсаты – Қазақстанның кез келген азаматының ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз ету болатын. Талантты журналистерді ынталандырып, шығармашылық ізденіске дем беру үшін 1997 жылы БАҚ саласында Қазақстан Республикасы Президентінің сыйақылары мен гранттары тағайындалды. Дәл сол жылы 28 маусымда ел тұңғыш рет Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнін атап өтті. 1999 жылдың 23 шілдесінде қабылданған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» жаңа заң журналистердің құқықтарын қорғап, цензураға, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына мемлекеттің араласуына тыйым салып қана қоймай, олардың жариялаған деректерінің дұрыстығына жауапкершілігін бекітті. 1990-жылдардың ортасы Интернет атанып кеткен бүкіләлемдік компьютер желісінің тез дамыған уақыты болды. Онжылдықтың екінші жартысында Қазақстанда жастар арасында өте көп қолданылған алғашқы интернет-кафелер ашыла бастады. Дүниежүзілік желіде домендік .KZ (Казнет) аймағы пайда болды. Жүздеген сайттар ашылды. Газеттер мен телеарналар өз интернет нұсқаларын құра бастады. Ірі компаниялар, білім беру мекемелері, мемлекеттік органдар дүниежүзілік желіде өз парақшаларын ашты. 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты – Prezident.kz жұмыс істей бастады.2000 жылдары Қазақстан қоғамында БАҚ рөлі күрт өсе түсті. 2001 жылы Қазақстанда 1,4 мың Бұқаралық ақпарат құралдары тіркелсе, 2007 жылы олардың саны 7 мыңнан (79 проценті – мемлекеттік емес, 21 проценті – мемлекеттік) асты. Қоғамдық-саяси және экономикалық үдерістердің факторы ретінде Бұқаралық құралдары рөлінің артуы медиатоптардың пайда болуына жол ашты. 2001 жылы мерзімдік басылымдар қосымша құн салығынан босатылды, ал телерадиокомпаниялардың өз өніміне салық нөлдік мөлшерлемемен салынды. Шетелдік өнімді ретрансляциялауға шек қойылды.