Нерв системасының эмбриогенезі
Нерв системасы ұрықтық даму кезеңінде өте ерте пайда бола бастайды. Екі апталық ұрықтың денесінің, дорзальді (арқа жақ) бөлігінде эктодермадан (сыртқы ұрық жапырақшасынан) ми — нерв пластинкасы қалыптасады. Даму нәтижесіне байланысты пластинканың екі жақ ұзына бой жиегі қалыңдап, бір-бірімен бірігіп, ұзынша келген нерв түтігін түзеді. Нерв түтігі хорданың үстіңгі жағында параллель жатады. Оның алдыңғы бөлігі біртіндеп жуандап ми бөліктеріне айнала бастаса, артқы ұзынша бөлігінен жұлын пайда болады. Ал түтіктің қалыңдап келіп қосылған жиегі ганглиозды пластинкаға айналады. Осы ганглиозды пластинкадан бара-бара омыртқа аралық жұлын түйіндері мен ми нервтерінің түйіндері дамиды.
Нерв түтігінің алдыңғы жақ қуысы кеңейіп, өзгеріп ми қарыншаларын түзсе, артқы бөлігінің қуысы жұлын каналына айналады.
Жүйке жүйесінің даму кезеңдері. 30-күндік кезеңде мидың негізгі бөліктерін тануға болады, бірақ ұрық түрінде. Екі айға қарай қыртыс асты құрылымдарының көп бөлігі де жеткілікті дамыған. Ми қыртысы мен мишықтың дамуы жалғасуда бойы жатырішілік кезеңнің, тіпті кейін туған.
Орталық нерв системасы
Жалпы шолу. Нерв системасының орталық бөліміне филогенетикалық ең ерте бөлігі — жұлын және кеш дамып келе жатқан ми белігі жатады. Бұл екеуі де құрылысы және жұмысы жағынан бір-бірімен өте тығыз байланыста.
ЖҰЛЫН
Жұлын омыртқа каналының ішінде жатады. Оның ұзындығы ересек адамда 45 см, ені 1,5 см, салмағы 80 г.
Жұлын ауыз омыртқасының тұсында сопақша миға жалғасады. Төменгі жағынан соңғы жіпшесі арқылы құйымшақ омыртқасына бекиді. Соңғы жіпшеден айнала жұлынның төменгі сегменттерінен таралған түбіршіктер «ат құйрығын» түзеді. Олардың көбі сегізкөз тесіктері арқылы омыртқа каналынан сыртқа тебеді.
Жұлын жаңа туған балада омыртқа каналын толығымен толтыра жатса, ал бара-бара өсуі баяулап бірінші бел омыртқа тұсында қалады.
Жұлынның көлденең қимасы ұзына бойында бірдей емес, ол жоғарыдан төмен қарай жіңішкере бастайды. Жұлын төменгі мойын омыртқалары мен төменгі көкірек омыртқаларының тұсында екі буылдық түзеді. Оның біреуін мойын буылдығы десе, екіншісін бел буылдығы деп атайды. Осы буылдықтар тұсынан қол мен аяқты нервтендіретін ірі әрі ұзын нервтер басталады. Сол нервтердің клеткалық денелері буылдықтар тұсында шоғырланып жұлын толықтығын түзеді.
Жұлынның алдыңғы және артқы бетімен ұзына бойына алдыңғы орталық сай және артқы орталық сай өтеді. Алдыңғы орталық сай өте терең жатқандықтан, оны кейде алдыңғы орталық саңылау деп те атайды. Осы сайлар арқылы жұлын тең оң және сол екі бөлікке бөлініп тұрады.
Жұлын тізбектеліп жатқан 31 сегменттен түзілген. Оның әрбір сегментінің екі жанынан алдыңғы және артқы жұлын түбіршіктері шығып омыртқааралық тесікке қарай бағытталады. Олар омыртқааралық тесік тұсында бір-бірімен қосылып, 31 пар жұлын нервісін түзеді.
Достарыңызбен бөлісу: |