12 жылдық білім беру жағдайындағы әдістемелік қызмет моделі



бет1/2
Дата17.02.2017
өлшемі0,61 Mb.
#9689
  1   2
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институт




12 жылдық білім беру жағдайындағы әдістемелік қызмет моделі

(Аудандық, қалалық әдістемелік кабинеттің әдіскерлеріне. Мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасарларына, әдістеме жұмысын үйлестірушілерге арналған көмекші құрал)

Алматы - 2008

Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми –педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институттың Ғылыми кеңесінің шешімі бойынша баспаға ұсынылды.



Жүнісханова Қ.Қ. – ББЖКБАРИ Тілдерді дамыту орталығының меңгерушісі

Пікір жазғандар:

Шаймерденова К.Ш – педагогика ғылымының кандидаты, доцент
Чокушева А.И. – Алматы облыстық мамандар кәсібін дамыту институты директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін әлемдік білім кеңістігіне кіріктіруде әдістемелік қызметті қайта қалыптастырып, оған қойылатын талаптарға сай бағыттауда әдістемелік қызметті үйлестірушілерге зор міндеттер жүктеледі. Әдістемелік қызметтің мазмұнын үнемі жандандырып отыру білім беру ұйымдары қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттырудың негізгі құралы болып табылады.Педагогтардың біліктілігін арттырудың негізгі бағыттарын қамтитын бұл жинақ білім беру жүйесіндегі әдістемелік жұмысты үйлестірушілерге арналған көмекші құрал.

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін әлемдік білім кеңістігіне кіріктіру мақсатында білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты айқындайтын Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы 12 жылдық орта білім беруге көшуді қарастырады. Бұл қазіргі басымдықтарды ескеретін жаңа білім стандартын, 12 жылдық жалпы орта білім беру тұжырымдамасын, оларды жүзеге асырудың бағыттарын айқындайтын әдістемелік қызметті жаңарту қажеттігін анықтады.

Сол себепті Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 19 шілдедегі № 681 қаулысымен бекітілген 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшу жөніндегі іс-шаралар жоспарының оқу-әдістемелік қамтамасыз ету тақырыбындағы бөлімінде 12 жылдық мектептегі оқытудың педагогикалық технологиялары бойынша «Мұғалім портфелі» материалдар пакетін әзірлеу және бекіту, 12 жылдық оқыту жағдайында білім беру ұйымдарында әдістемелік қызметтің моделін әзірлеу міндеттелген.

12 жылдық оқыту жағдайындағы әдістемелік қызметтің моделін жасау үшін біріншіден, ХХI ғасырдағы әлемдік білім беру жүйесі дамуының негізгі басымдықтарын жете зерттеуіміз қажет. Ол басымдықтар:

-білім сапасын арттыру; жаратылыстану-математикалық, техникалық пәндерді, шет тілдерді оқыту сапасын жақсарту;

-білімде ақпараттық- коммуникациялық технологияларды тиімді қолдану, жаңа технологияларды жасау және тарату, инновацияларды өрістету және ынталандыру;

-мұғалімдер мен оқытушылардың білімі мен біліктілігін жетілдіру;

-біліктілікті үздіксіз арттыру және адамның бүкіл өмірінде білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ететін инновациялық қоғам қалыптастыру;

-өмір бойы оқу жүйесін дамыту;

-қоғамдық ресурстарды, сондай-ақ білімдегі инвестицияларды біріктіретін сектораралық қатынастарды тиімді қолдану.

Екіншіден, бұл басымдықтарды жүзеге асыру үшін мектептік білім мына бағыттарда жаңартылмақ:

-өз бетінше білім алуға, оны практикада қолдана білу қажеттілігін тәрбиелеуге бағытталған басты құзырлылықты қалыптастыруға ықпал ететін білім мазмұнын қамтамасыз ету;

-білім мазмұнын оқушыларды өз бетінше зерттеу мен жоба жасауға мақсатты әрі жүйелі түрде бағыттау;

-ЖОО-ң және мектептік білімнің сабақтастығын қамтамасыз ету, жоғарғы сыныптардағы бейіндік пәндер бағдарламаларын жасауда несиелік технология элементтерін енгізу және т.б.

Мектептік білім жаңару үшін жаңа формация мұғалімін қалыптастыру мәселесі туындады. Үшіншіден, жаңа формация мұғалімі қызметінің мақсаты-оқушының өзін-өзі тұлғалық дамытуына жағдай жасау. Жеке тұлғаны дамыту дегеніміз:


  • оқуға үйрету, яғни оқу процесінде туындаған проблемаларды шеше білуге үйрету;

  • қазіргі өмірдегі экологиялық, саяси, ұлтаралық және басқа өзекті проблемаларда бағдарлана білуге үйрету;

  • рухани құндылықтар әлемінде бағдарлана білуге үйрету;

  • әлеуметтік белгілі бір рольдерге(азамат, тұтынушы, ұйымдастырушы, отбасы мүшесі және т.б.) байланысты проблемаларды шешуге үйрету;

  • кәсіби таңдау проблемаларын шешуге үйрету.

Бүгінгі мектеп пен жаңа формация мұғалімінің алдында тұрған негізгі проблема қандай десек, ол:

-оқи білуге қалай үйрету?

-ойлана білуге қалай үйрету?

- өз өмірінің менеджері бола білуге қалай үйрету?

Әдістемелік қызметті қайта құруда білім мазмұнының жаңаруы, білім беру жүйесін дамыту парадигмасының «Баршаға білім беруден –таңдау бойынша білім беруге», «Жалпыға білім беру» қағидасынан «Әр адамға сұранысына қарай білім беру» қағидасына көшкені басшылыққа алынады.12 жылдық жалпы білім беру мектебінің негізгі идеясы - жеке тұлға жетістігі болмақ. Ал оқытудың негізгі әдістерінің ерекшеліктері:

1.Білім алушының жеке бас ерекшеліктерін ескеру;

2.Білім алушының білімге сұранысын ескеру;

3.Ішкі қажеттілігі мен мүмкіндіктерін ескеру;

4. Жеке тұлғаға бағдарлап оқыту;

5. Жеке тұлғаның коммуникативті қасиеттерін тәрбиелеу.



Бүгінгі оқытудың басты мақсаттары:

  • ғаламдану дәуірінде өмір сүруге қабілетті ;

  • өзін-өзі дамыта алатын;

  • өз ойын еркін айта білетін;

  • білімді, шығармашыл;

  • қоғам талабына сай өзін көрсете алатын тұлғаны қалыптастыру.

Білім беруден күтілетін нәтиже:

  • денсаулығы мықты;

  • шығармашыл;

  • мәдениеті зор;

  • кәсіби бағдары айқындалған;

  • әлеуметтік жауапкершілігі бар;

  • өзіндік мақсат айқындап, оған жету жолдарын тауып орындай алатын білім алушыны қалыптастыру.

Жаңа білім мазмұнын жүзеге асырушы мұғалімнің:

-рухани бай;

-жан-жақты дамыған;

-рефлекцияға қабілетті;

-кәсіби білім мен біліктілік иесі;

-психология, физиология, социология негіздерін және өз пәнін жетік меңгерген жаңашыл болуы керек екенін жете меңгерген әрбір әдіскердің өзінің әдістемелік қызметін жаңа мазмұнда құра білетіні даусыз мәселе.

Қазіргі жаңалықтардың көбі –біздің қазақстандық білім беру жүйесі үшін тың дүниелер. Білім берудің мақсатты бағдарларының өзгеруіне орай білім беру жүйесінің басшы және әдістемелік қызмет мамандарына деген талаптар да өзгеруде. Білім берудің жаңа жүйеге көшуі педагогикалық кадрларды кәсіби даярлауды ұйымдастырудың мақсаты, мазмұны мен технологиясы мәселелерін қайта қарауды қажет етеді. Әдіскерлердің, педагогтардың жаңа ұғымдағы білім сапасын жобалау және қамтамасыз ету қабілетін анықтайтын кәсіби- тұлғалық құзыреттілігін қалыптастыру бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің бірі. Құзыретті мұғалімдерді қалыптастыру үшін алдымен басшылар мен әдіскерлердің өздері де белгілі бір құзырлылықтарды меңгеруге ұмтылғаны жөн. Олар қоршаған ортаның талабына сай өздерінің көзқарасын өзгертуі тиіс. Білім мазмұнын жаңартудағы басты мақсат та осыны көздейді. Басшылар мен әдіскерлер қазіргі ақпарат ағымы әр 18 айда еселеніп отырғанына және өмірдің қарқындап өзгеріп жатқанына мән беруі керек. Басқару мен әдістемелік қызмет мемлекеттің даму стратегиясына негізделеді, яғни адамның тұлғалық әлеуетінің дамуына, өзіндік бағдарының айқындалуына септігін тигізуге ұмтылады.. Басқару мен әдістемелік қызмет мұғалім мен оқушы, мектеп басшысы арасында тығыз байланыс орнатуға құрылғаны жөн.

Білім беру ұйымдарындағы қазіргі әдістемелік жұмыстардың ұйымдастырылуында, жүргізілуінде орын алып отырған кемшіліктердің оқу-тәрбие үрдісін жүргізуде нәтижесіздікке соқтыратынын әдістемелік жұмыстарды зерттеуші ғалымдар Б.А. Әлмұқанбетов пен Я.С.Бенцион өздерінің «Педагогикалық кадрлармен әдістемелік жұмыс: келелі мәселелер, тәсілдер, шешімін іздеу» тақырыбындағы еңбектерінде «Кейбір мектеп басшылары тарапынан мұғалімдермен жүргізілетін әдістемелік жұмысты бағаламаушылық кездесетінін айтпауға болмайды, ал осы бағаламаушылықтың өзі көптеген кемшіліктерге алып келді: ол немқұрайлылық, жүйесіздік, кешенсіздік, нақсыздық білім беру мен тәрбие міндеттерінің арасындағы үзіліс, сайып келгенде, төмен тиімділік пен нәтижесіздік », - деген (4).

Біліктілікті арттыру жүйесін ұзақ жылдар басқарып келе жатқан педагогикалық менедмент саласын зерттеуші ғалым Т.М. Баймолдаев:

«... Қоғамдағы болып жатқан өзгерістер мектеп мұғалімінің педагогикалық шығармашылық еркіндігіне мүмкіндік берді. Мектептің дамуы үшін жаңа ұғым, жаңа үлгі, жаңа тәсілдер қажет. Тек сауатты , білімді оқушылар оқытып, тәрбиелеп шығару жеткіліксіз. Мектеп қабырғасынан өз бетінше өмір сүре алатын, адамдар арасындағы қарым-қатынасты меңгерген азамат шығуы қажет. Олар әлемдік ғылым жетістіктеріне сай білім алып, ұлттық дәстүр мен жалпы адамдық мәдениет негізінде тәрбиеленуі керек. Оқу-тәрбие үрдісінің ұйымдастырылу жүйесі өзгертуді қажет етеді», - дейді өзінің «Менеджмент-басқару тәсілі» атты еңбегінде.

Әдістемелік жұмысты инновациялаудың бір түрі – оның мазмұнының логика құрылымдық схемасын жасау. Педагогика саласындағы әдіскер ғалым Г.Қ.Нұрғалиева «Педагогиканың логикалық – құрылымдық курсы» атты әдістемелік нұсқауында әдістемелік жұмыстардың логика- структуралық құрылымын бере отырып, жалпы әдістемелік жұмыс мақсаты педагогика ғылымының жетістіктерін тәжірибеге ендіру болып табылатынын айтқан. Сол себепті ғалымның бұл еңбегі әдістемелік жұмысты инновациялық тұрғыда дамытуға арналған ғылыми сілтеме құжат болып табылады. Өйткені қазіргі кездегі білім берудің нәтижелілігіне қол жеткізетін инновациялық әдістің бір түрі – жұмыс бағытын, анықталған басымдық берілетін түрлерін модельдеу болып табылады.

Тәжірибелі әдіскер, әдістемелік қызмет жайындағы бірнеше мақалалардың авторы А.Қойшыбаева «Әдістемелік жұмыстарды инновациялаудың кәсіби біліктілікті арттырудағы орны» тақырыбындағы мақаласында: «Ғылыми-теориялық модель-іс-әрекеттің бағдаршамы»,- дей келе, әдістемелік жұмыс құрылымының макро- модельдік бағыттарын төмендегідей етіп алуды ұсынады:

-мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартының талаптарын қамтамасыз ететін білім мазмұнын беру, жетілдіру;

-оқытудың, тәжірибе жинақтаудың жаңа педагогикалық, психологиялық, денсаулық сақтайтын оқыту технологияларын енгізу, оқу, практикада қолдану сапасын арттыру;

-оқу-материалдық, нормативтік-құқықтық базаны сауатты қолдануды ұйымдастыру;

-кадрлардың кәсіби, мәдени біліктілігін арттыру;

-ғылыми-шығармашылық жұмысты жандандвру, «Дарын», «Ізденіс» т.б.мектептері;

-әдістемелік кабинет, «Әдістемелік қызмет» мектебі жұмыстарын тиімді жүргізу;

- білімді бақылау мен бағалаудың тиімді жолдарын іздестіру, тәжірибеге ендіру;

- ұжымішілік бақылау және сапаға баға берудің обьективті өлшемдерін жетілдіру;

-кәсіби даярлықтағы ақпараттық-коммуникациялық білім мен мәдениетті жетілдіру.

12 жылдық білім беру жағдайында әдістемелік қызметті ұйымдастырып, жүзеге асыруда әдіскер төмендегі құжаттарды басшылыққа алғаны жөн:

- Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, 11.10.2004 ж,№1459;

- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, 27.07.2007 ж,№ 319-111 ҚРЗ, Астана Ақорда;

- 2007-2024 жылдарға арналған тұрақты даму концепциясы аясында Қазақстан Республикасында білім беру жүйесін реформалау, 14.11.2006 ж, №211;

- 12 жылдық білім берудің тұжырымдамасы мен стандарты;

- Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдаулары;

- Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңы, 11.07.1999 ж,№151-1;

- Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін насихаттау жөніндегі әдістемелік ұсынымдар (Авторлар құрамы: К.Н. Шәмшиденова,А.К.Құсайынов,А.К.Шер,К.Е.Жахина, К.Ж.Қожахметова,М.Е.Демеуова );

-Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде білім беру мониторингін өткізудің әдістемелік ұсыныстары(Астана-2008, 22 сәуір);

- Қазақстан Респубдикасы Білім және ғылым министрлігі 12 жылдық білім беру проблемалары ғылыми-практикалық орталығының «12 жылдық

білім »журналдары және т.б.

Нәтижеге бағдарланған жалпы орта білім берудің жаңа жүйесіне көшу педагогикалық кадрларды кәсіби даярлауды ұйымдастырудың мазмұны мен технологияларын, мақсаттарын өзектендіре түседі

12 жылдық білім берудегі әдістемелік қызметті жоспарлауда тұжырымдаманың мына бағыттарын зерттеу мен зерделеу мақсаты жүзеге асырылуы керек:

- әлемдік тенденциялар мен отандық тәжірибеге сүйене отырып, 12 жылдық жалпы орта білім беруге негіздеме;

- 12 жылдық жалпы орта білім берудің мақсаты мен күтілетін нәтижелері;

- жалпы орта білім беру құрылымы;

- білім беру мазмұнын жаңартудың негізгі бағыттары;

- білім беру үрдісін ұйымдастырудың ерекшеліктері;

- білім берудің күтілетін нәтижелерін бағалау жүйесі;

- жалпы орта білім беру жүйесін басқару;

-12 жылдық жалпы білім беру тұжырымдамасы мен стандартын іске асыру жағдайлары . Бұл бағыттағы мәселелерге кеңінен тоқталу үшін әдістемелік қызмет мұғалімдерге қажетті мотивациялық, мазмұндық және процессуалдық компоненттерді дамытуға бағытталуы керек. Жаңа білім мазмұнына сәйкес ғылыми-әдістемелік жұмысты 4 модульге бөлуге болады:



1) ғылыми зерттеулер мен эксперименттік жұмыстар:

-эксперименттік алаңдар;

-вариативті және авторлық бағдамаларды әзірлеу, сынақтан өткізу;

-рецензиялау;

- зерттеу мәселелеріне сәйкес теориялық мәселелерді талдау;

- ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарларға қатысу;



2) әдістемелік құжаттардың әзірлемесі:

-бағдарламалар мен оқу жоспарлары;

- әдістемелік нұсқаулар;

- сауалнамалар;

-ережелер(байқаулар, конкурстар, көрмелер, шығармашылық жұмыстар және т.б. туралы );

-диагностикалау әдістемесі.



3) мұғалімдердің біліктілігін арттыру :

-әдістемелік тақырыптары бойынша жұмыстары;

-проблемалақ семинарлар;

-біліктілікті арттыру курстары;

-стажировка;

-дөңгелек үстелдер;

-жеке консультациялар;

- авторлық семинарлар;

- ашық сабақтар;

-өзара сабаққа қатысу;

-ғылыми-әдістемелік әдебиеттермен жұмыс;

-педагогикалық шеберлік конкурстарына қатысу («Жыл мұғалімі», «Үздік әдіскер» т.б.)

-тәлімгерлік.



4) инновациялық педагогикалық тәжірибелерді табу, зерттеу, жинақтау және тарату:

-шығармашылық топтардағы жұмыстар;

-шығармашылықпен жұмыс істейтін мамандардың материалдарын немесе ннновациялық қызметіндегі өз тәжірибесін жүйелеу және жинақтау;

-зерттеу нәтижелерін рәсімдеу (баяндама, жинақ, статья, монография, көрнекі материал);

-презентация, оқу үрдісіне инновациялық жаңашылдық ендіру және тарату;

-шеберлік сыныптары;

-педагогикалық шеберхана;

-педагогикалық кеңестерде баяндамалар жасау;

-республиканың қалалары мен аудандарына семинарлар ұйымдастыру;

-педагогикалық лекторийлар;

-әдістемелік күндер өткізу.

Әдістемелік қызмет жұмысының негізгі бағыттарын айқындау үшін әдістемелік күн ұйымдастырғанда мұғалімдердің кәсіби сұраныстарының диагностикасын жүйелі түрде жүргізе отырып, оның нәтижесін талдау арқылы мұғалімдерге қажетті проблемаларды анықтауға болады.

Әдістемелік қызметтің негізгі мақсаты - ғылымилық, кешенділік, нақтылық, жүйелілік, өзектілік, қажеттілік принциптері негізінде білім беру ұйымының білімдік және әдістемелік жүйесінің даму стратегиясын анықтау.

12 жылдық білім беру жағдайындағы әдістемелік қызметтің негізгі бағыттарының сипаттамасы:

1.Білім беру мазмұнын жаңарту:

-оқушылардың біліміне, білігіне, дағдыларына қойылатын талаптарды анықтау, меңгеру сапасының өлшемдерін әзірлеу,

-білім беру сапасын басқару жүйесін құру;

-әр педагогтың жеке оқу бағдарын анықтау арқылы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыруда тұлғалық және практикаға негізделген бағытты жүзеге асыру;

- білім беру мазмұнының аймақтық компонентін әзірлеу ;

- білім берудің әр деңгейіндегі өзара байланыстың мәселелерін шешу жолдары;

-пәнаралық, пәнішілік кіріктіру, білім беру мазмұнына кіріктірушілік бағыт пен ғаламдық тұтастық.



2. Білімдік үрдістерді жетілдіру ( оқыту мен тәрбиенің қазіргі технологиялары, ұйымдастыру формалары, әдіс-тәсілдері, принциптері,түрлері):

-оқытудың белсенді әдістерін ендіру мен әзірлеу;

- мәдени диалог контексінде оқыту,

-сынып-сабақ жүйесін( саяхат-сабақ, диалог-сабақ, сюжетті-рольдік ойын сабақтары және т.б.)және де оқу үрдісін ұйымдастырудың балама түрлерін жетілдіру;

-білім беру үрлісінің психологиялық мазмұны;

-білім берудің мотивациялық (дәлелдемелік) негізінің қалыптасуы;

-білім алушы мұғалім қызметін жобалау технологиясы;

-білім беру үрдісіндегі болжам және диагностика, диагностикалау әдістері, білім мен біліктіліктің, тәрбие мен тәрбиеліліктің өлшемдері мен көрсеткіштері;

-білім берудің даму тенденцияларына сай педагогтардың білімдік сұраныстарын болжамдау, оқытудың әр түрлі мәселелері бойынша гранттық және бастамашылдық, келісім-шарттық зерттеулерді кеңейту;

-педагогикалық ұжым арасында жаңашылдықты ендіру, тарату, меңгертуде оқу-әдістемелік қолдау көрсетудің, оқыту үрдісі нәтижесінің мониторингі;

-мектепішілік бақылаудың тиімділігін арттыру жолдары, оқыту сапасының мониторингі білім беруді басқару құралы ретінде.



3. Педагогикалық қызметті сапалы жетілдіру:

- жаңа формация маманының тұлғалық-қызметтік моделі;

- мұғалімдердің кәсіби, коммуникативтік, ақпараттық т.б. құзіреттіліктерін дамыту мәселелері;

- мұғалімдердің еңбектерін ғылыми ұйымдастыру;

- мұғалімдердің біліктілігін арттырудағы қазіргі ақпараттық педагогикалық технологиялар.



4. Ақпараттық-талдау қызметін жетілдіру:

-білім беру үрдісіне оқыту технологияларын ендіру мен қолдану, бейінді және арнайы сыныптардың, білім беру ұйымдарының қызметтері жайында ақпараттық банк деректерін құру;

-ақпаратттық білім беру ресурстарын құру;

- білім беру үрдісіне телекоммуникациялық жобаларды ендіру;

-қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру;

-интернет- қауымдастығы өзімен сәйкес әртүрлі формаларды береді,олар: виртуалды әдістемелік бірлестік, виртуалды әдістемелік хабаршы, Оп-1іпе конверенция, интернет-семинар, интернет-конкурс, фестиваль, интернет-форумдар өткізу.

Ғылыми-әдістемелік жұмыс шығармашылық сипатта құрылады.Әрбір білім беру ұйымдары өздерінің мақсат , міндеттеріне сәйкес ұжымның шығармашылығын арттыратын, нәтижелілікті қамтамасыз ететін әдіс-тәсілдерді таңдап, әдістемелік қызметтің өзіндік моделін жасайды.

Әдістемелік қызмет республикалық, облыстық, аудандық, мектепішілік деңгейлерде ұйымдастырылады.



Республикалық, облыстық әдістемелік құрылымдардың өзара байланыс жүйесінің мазмұны:

  • біліктілікті арттырудың сұраныстарын зерттеу, оқытудың нәтижесін бағалау;

  • жоспарлау стратегиясы (біліктілікті арттыру жүйесін дамытудың басым бағыттары);

  • консалтингтік қызмет (талдау, кеңес беру, диагностика, даму келешегін негіздеу, білім беру ұйымдарының қажеттіліктеріне сай ғылыми-педагогикалық инновацияны пайдалану);

  • шешім қабылдау үшін нәтижені

Аудандық(қалалық) әдістемелік кабинеттер арқылы ұйымдастырылатын аудандық әдістемелік қызметтің негізгі бағыттары:

-әдістемелік қызметті дамытуды үйлестіру;

-әдістемелік қызметтің даму стратегиясы;

- білім беру қызметінің мониторингі;

-кәсіби құзіреттілік диагностикасы, нәтижені сараптау;

-шешім қабылдау үшін жағдай тудыру.



Білім беру ұйымы (мектеп, балабақша, балалар үйі, кәсіптік мектеп, колледж және т.б.) деңгейіндегі әдістемелік қызметтің жүйесі:

-педагогикалық кадрлардың қызметіндегі ортақ қиыншылықтарды анықтау,

-біліктілікті арттыруға сұраныс беру;

-білім беру ұйымының даму бағдарламасын жасау;

-оқыту мен тәрбиенің нәтижесін диагностикалау;

-ішкі аудит, нәтижеге анализ жасау;

-білім беру ұжымының қызметі бойынша дұрыс шешім қабылдауға бағыт беру.

Облыстық біліктілікті арттыру институттары әдіскерлері мен аудандық әдістемелік кабинеттердің әдіскерлеріне арналған курстардың соңында әдістемелік пакеттер әзірлеуге болады. Ол әдістемелік пакеттерде кабинет құжаттарының тізімі, әдістемелік кабинеттің жұмыс жоспарының үлгілері, әдіскердің міндеттері, әдістемелік қызмет туралы ережелер, озат тәжірибе туралы нұсқаулар жинақталады.



Облыстық біліктілікті арттыру институттары мен аудандық әдістемелік кабинет меңгерушілері мен әдіскерлеріне ұсынылып жүрген материалдар:

І. Әдістемелік кабинеттің құжаттарының құрамы:

  1. Кабинеттің жұмыс жоспарының орындалу нәтижесіне талдау жасау және кабинеттің тоқсандық, жылдық жұмыс жоспарлары.

  2. Кабинет мүшелері оқып, танысқан негізгі ғылыми-әдістемелік басылымдар мен статьялар.

  3. Апталық жоспар бойынша жұмыс уақытының тиімді пайдаланылуы.

  4. Республикалық, аудандық әдістемелік кабинеттермен шығармашылық одақ.

  5. Базалық мекемелермен жұмыс. Базалық мекемелердің әдістемелік материалдармен жүйелі түрде қамтамасыз етілуі.

  6. Кабинеттегі нормативтік құжаттар, іс-тәжірибелері таратылатын әдіскерлердің есебі, картотекасы, олардың өз тәжірибелері бойынша презентациялары.

  7. Іс сапарлардың талдаулары. Іс сапарлардың нәтижелерін талдау, оларды жұмыс барысында қолдану.

  8. Қатысқан лекциялары туралы мәлімет.

  9. Аудандық әдістемелік кабинеттерге берілген әдістемелік қызмет жайында материалдар.

  10. Аудандық әдістемелік кабинет жұмысын мақсатты түрде зерттеудің жинақталған материалдары.

  11. Кадрлар есебі. Әдіскерлердің қайта даярлықтан өту жоспарын орындау туралы мәліметіне талдау жасау.

  12. Курс бойынша құжаттар және олардың әзірлену сапасы.Курстық тапсырмалардың материалдары.

  13. Лекторлар құрамының картотекасы, оларға сандық, сапалық талдау жасау.Лекторлар құрамы деңгейінің өсуі.

  14. Шақырылған лекторлардың лекция тезистері, практикалық сабақтардың үлгілері.

  15. Оқу-тақырыптық жоспарлар мен бағдарламалар. Дидактикалық материалдар.

  16. Кабинет мүшелерінің әдістемелік нұсқаулары, олардың жаңа білім мазмұнына сәйкестігі.

  17. Әдістемелік кабинет жұмысын жақсартуға көмек беретін әдістемелік материалдар.Аудандық әдістемелік кабинеттердің үлгі жоспарлары.

  18. Өз мамандықтары бойынша лекция тезистері.

Шығармашылықпен жұмыс істейтін әдіскерлер мен мұғалімдер туралы материалдар: бейнефильм, ақпараттық материалдар және т.б.

  1. Аудандық әдістемелік кабинет әдіскерлерінің, пән мұғалімдерінің шығармашылық есептерінің материалдары.

  2. Жаңашыл мұғалімдердің жұмыс тәжірибелері (олардың аты-фамилиясы, жинақталған материалдары).

  3. Соңғы үш жылда әзірленген әдістемелік нұсқау хаттардың тақырыптары, олардың тиімділігінің зерттелуі.

  4. Кабинет мүшелерінің кәсіби құзіреттіліктерін арттыру бағдарламасы.

  5. Жылдың үздік әдіскері мен озат мұғалімдердің жаңа есімдері, олар туралы жинақталған материалдар:бейнефильмдер, презентациялары, мониторинг нәтижелері және т.б.

  6. Кабинет кеңесінің мүшелері. Хаттамалары.


ІІ. Әдіскерлердің кәсіби құзырлылығының

деңгейін бағалауда қойылатын талаптар:

  1. Білім беру жүйесінің нормативтік, әкімшілік-ұйымдастырушылық, оқу-әдістемелік құжаттарымен (ҚР Конституциясы, ҚР «Білім туралы»Заңы, ҚР Білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, 12 жылдық жалпы орта білім беру тұжырымдамасы, ҚР Президентінің Қазақстан халқына жолдаулары т.б) жұмыс жүргізе білуі;

  2. ҚР Білім әлеміндегі жаңалықтар:қағидасын, ұстанымын, құрылымын зерделей білуі;

  3. ҚР Білім беру жүйесінің әлемдік білім беру кеңістігіне кірігуі жағдайын талдауы;

  4. Халықаралық стандарттардың ерекшеліктерін меңгеруі;

  5. ҚР Үштұғырлы тіл саясатын ұғынуы;

  6. Қазіргі оқыту технологияларының ерекшеліктерін талдай білуі;

  7. Жетекшілік ететін жұмысы бойынша инновациялылығы;

  8. Қазіргі педагогиканың түйінді мәселесі, теория мен практиканың шоғырлануын талдай білуі;

  9. Қазіргі психологияның даму тұжырымдамасын зерттеуі;

  10. Жаңа формация мұғаліміне, бүгінгі сабаққа қойылатын талаптар;

  11. Әдістемелік жұмысқа қойылатын инновациялық ұстанымдар;

  12. Кадрлардың үздіксіз білімін жетілдіру жүйесін білуі;

  13. Озат педагогикалық тәжірибені табу, зерттеу, жинақтау, талдау және тарату мақсатында әдістемелік нұсқаулар әзірлеу;

  14. Білім жетілдіру жүйесіндегі курсаралық іс-шараларды, оқу үдерісін және курс оқуларын, конференциялар мен семинарлардың, авторлық курстардың оқу-тақырыптық жоспарларын және бағдарламаларын жасай білуі, жобалауы;

  15. Педагогикалық эксперимент және тәжірибелік, ғылыми-әдістемелік жұмыстар жүргізуге нұсқау беру және оны ұйымдастыра білу;

  16. Білім беру жүйесі менеджерлерінің және педагогикалық кадрлардың кәсіптік құзырлылығын, олардың сұранысы мен қажеттілігін сараптай білуі;

  17. Өз қызмет жағдайына байланысты әртүрлі деңгейде жұмыс қағидасын, жобасын, нұсқасын әзірлей білуі,

  18. Тыңдаушылардың құрамына (категориясына) қарай білім жетілдіру курстарында лекция оқып, практикалық сабақтар, іскерлік ойын, тренинг, пікіралысу, т.б. жұмыс түрлерін жүргізе білуі;

  19. Курстық және курсаралық кезеңдердің жүйелілігін және үздіксіздігін қамтамасыз етуі;

  20. Тыңдаушылардың кәсіби қызметіне талдау жасау, оны жоспарлау және өңдей білуі;

  21. Курстық іс-шаралардың және курсаралық кезеңдердің нәтижелілігін айқындайтын педагогикалық көрсеткіштерді қолдана білу;

  22. Барлық үлгідегі оқу орындары мен білім ұйымдарының басшылары мен мұғалімдерінің білімін жетілдіру туралы мәліметтермен бейнебанк қорын үнемі толықтырып отыру;

  23. Әдістемелік кабинеттерге, әдістемелік бірлестіктерге (кафедраларға), мұғалімдерге көмекші құрал ретінде әдістемелік нұсқаулар дайындап отыру.

Әдістемелік қызметтің моделін жасау үшін әдістемелік қызмет мониторингінің жасалу жолдарын меңгеру керек.Әдістемелік қызмет мониторингін жүйелі, тиімді ұйымдастыру-белгіленген мақсат-міндеттердің сапалық нәтижелілігіне қол жеткізудің жолы. 12 жылдық жалпы орта білім беру тұжырымдамасында білім беру моделіндегі нәтижеге бағдарланған оқу жетістіктерін бағалау жеке оқушының, мұғалімнің, мектептің, өңірлік және ұлттық тұтас жүйенің білім нәтижесін бағалауға барабар тәсілдерін қарастыратыны туралы айтылған.Сонымен қатар тұжырымдамада оқытудағы күтілетін нәтижелер, игерген дағдылар, қалыптасқан құзіреттер орта білім берудің әрбір сатыларын аяқтағанда қорытынды емтихандар мен аралық мемлекеттік бақылау, оқытудың 10-12 жылын аяқтаған соң біртұтас ұлттық емтихан жүргізу, ал ұлттық масштабта мониторингті зерттеулер жүргізу арқылы бағаланатыны, оны жүзеге асырудың жолдары берілген.

Әр білім ұйымының мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының оқу нәтижелеріне жету сәйкестігін бақылау мен бағалау мақсатындағы диагностикалық зерттеулер жүргізуде жүзеге асырылатын мәселелер:

-күтілетін оқыту нәтижелерін сипаттайтын өлшеуіштерді таңдау;

-тестік тапсырмалар, портфолио, бақылау жұмыстары, ауызша жауаптар, сауалнама нәтижелерін рейтингтік бағалаудың ғылыми негізделген әдістерін әзірлеу. Нәтижелерді бағалау мен бақылау жасау жүйесі жеке, мектептік, өңірлік, халықаралық деңгейлерде қарастырылады. Жаңа білім беру мазмұны жағдайындағы әдістемелік қызметтің моделін құру үшін аталған деңгейлердің әр қайсысында мониторинг жасалынады.

« Білім беру мониторингі-білім беру процестерін жүзеге асырудың жәй-күйін және нәтижелері мен шарттары өзгеруінің серпінін, білім алушылар контингентін, білім беру ұйымдары желісін жүйелі түрде байқау, талдау, бағалау және болжау. Ал білім берудің сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі-білім беру сапасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қажеттіліктеріне сәйкестігін белгілеудің құрылымдары, рәсімдері, нысандары мен әдістерінің жиынтығы»,- делінген ҚР Білім және ғылым министрлігінің үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде білім беру мониторингін өткізудің әдістемелік ұсыныстары атты жинағында.(Астана-2008,22 сәуір)



Білім беру процесінің мониторингі дегеніміз - білім беруді басқаруды ақпараттық қамтамасыз етуге бағытталып, алынған ақпаратты жинақтау мен талдау негізінде білім беру жүйесіндегі процестердің барысын, нәтижелері мен тиімділігін үздіксіз бақылау; білім беру ұйымдарындағы білім беру процесін жүзеге асыру жағдайларының, нәтижелерінің өзгеріс серпіні мен жай-күйін жүйелі түрде бақылау, талдау және бағалау.

Әдістемелік қызметке мониторинг жүргізу үшін қолданылатын ақпараттарды өңдеу мен жинау әдістері:

эксперттік сұрау, бақылау жасау, құжаттарды талдау, конференция, семинарларға қатысу, мұғалімдердің білімі, шеберлігі мен дағдысын бақылау, сауалнама, тестілеу, өзін-өзі бағалау. Әдістемелік қызмет мониторингінің дайындық кезеңінде мониторингтің мақсаты, обьекті, зерттеу бағыты, бағалау критерийі анықталады. Ал негізгі кезеңінде ақпараттарды жүйелендіру мен жинау әдістері пайдаланылса, талдау кезеңінде ақпарат өңделеді, талданады, ұсыныстар әзірленеді, басқару шешімдері қабылданады. Мониторингті бірнеше деңгейде өткізуге болады: мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық. Аталған деңгейлерде диагностикалық зерттеулер жүргізудің өлшеуіштерінің бірі- РІSА. Қазақстан Республикасы Білім беруді дамытудың 2005-2010 ж.ж арналған мемлекеттік бағдарламасында Қазақстан таяу жылдарда «РІSА халықаралық зерттеу бағдарламасы аясында нақты жетістіктердің салыстырмалы талдауына қатысады»,-делінген. РІSА білім беру мониторингі материалдарынан сапалы білімнің халықаралық өлшемдерімен танысуға болады.Өйткені бұл-білім жетістігін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама.

Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы арқылы жүзеге асырылатын бұл бағдарламаның тестілік тапсырмалар әзірлемесінің тұжырымдамалық тәсілі халықаралық біріккен конференцияда талқыланып, қабылданады. РІSА халықаралық зерттеуінің мақсаты- білім алушының қазіргі технологиялық, ақпараттық қоғамда толыққанды өмір сүруі үшін қажетті білім мен дағдысын, алған білімін өмірде қолдана білу, яғни өз бетінше оқу қабілетін бағалау. РІSА бағдарламасы бойынша 3 жылдық циклмен 3 бағыт бойынша оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, ғылыми-жаратылыс сауаттылығы зерттеледі. Оқу сауаттылығы дегеніміз-жазу мәтіндерін түсіну қабілеті, оның мазмұнын өз мақсатына жету және қоғам өміріне белсене араласу үшін қолдану. Зерттеу мақсаты- оқу техникасы емес, түрлі мәтіндерді түсіне білу, оның мазмұнын ойлау, мағынасына баға беру, оқығаны туралы өз ойын айта білу қабілетін анықтау.

Математикалық сауаттылық жақсы дәлелденген математикалық пайымдауларды айта білу қабілеті, математика арқылы шешуге болатын проблемаларды айыра білу. Проблемаларды шешу үшін білім алушыға белгілі көлемде математикалық білім мен дағды қажет. Математикалық сауаттылықты сипаттайтын аспектілердің бірі – математикалық құзырлылық. Бұл жалпы математикалық дағдылар: математикалық ойлау, дәлелдеу, модельдеу .Білім алушыларға математикалық сауаттылықты анықтау үшін өмірден алынған практикалық жағдайлар ұсынылады.

Ғылыми-жаратылыс сауаттылығы дегеніміз-білім алушының ғылыми-жаратылыс білімін нақты өмірде пайдалану қабілеті.Ол мынындай іскерліктермен бағаланады: ғылыми-жаратылыс білімін практикалық жағдайларда пайдалану ; жаратылыстану жауап беретін сұрақтарды анықтау; алынған мәліметтер негізінде қорытынды жасау; басқаға түсінікті түрде жауап беру. Ғылыми-жаратылыс сауаттылығы бойынша тапсырмалар жаратылыс білімі тарихынан немесе күнделікті өмір жағдайларында айтылатын мәтінге байланысты сұрақтар тобынан тұрады.

12 жылдық білім беруде білім алушының жеке жетістігін жинақтау мен бағалау тәсілі портфолио қолданысқа енуде. Американдық және еуропалық білім беруде портфолио «білім алушының жетістігі мен озықтығын көрсететін коллекция» ретінде анықталады.Әрбір білім беру ұйымы өздерінің портфолиосын құра алады. Соған байланысты портфолионың бірнеше түрін атауға болады: оқушы, студент, мұғалім, басшы, әдіскер портфолиосы.

Әдіскер портфолиосының бөлімдері:

1.Жалпы мәлімет.

1.1. Резюме ( (мүмкіндіктері және жинақталған тәжірибесі).

1.2.Автобиография(өз өміріндегі оқиғаларды талдап, логикалық негізді шешім жасай білуі).

1.3 Келешектегі жоспары (жоспардың нақтылығы және оны жүзеге асыру әрекетінің ойластырылуы).

1.4. Интеллектуалдық даму нәтижесі (тәуелсіз компьютерлік тест қорытындысы) .

2.Арнайы құжаттары.

2..2.Мамандығына сәйкес дипломы.

2.3.Біліктілігін арттыруы жөнінде сертификаттары.

2.2. Еңбек кітапшасы.



3.Шығармашылық жұмыстары.

3.1.Зерттеу еңбектері.

3.2.Жобалау жұмыстары.

3.3.Конкурстар мен сайыстарға қатысы.

3.4.Ұйымдастырған ғылыми-практикалық конференциялары мен әдістемелік семинарлары т.б. әдістемелік жұмыстары, олардың нәтижелері.

3.5.Баспа материалдары.



4.Нәтиже.

4.1.Мұғалімдердің ұсыныстары.

4.2.Зерттеу жұмыстары мен жобаларына, әдістемелік мақалаларына ғалымдар мен білікті мамандар тарапынан берілген пікірлер

4.3. Аттестация қорытындылары, наградалары мен алғыс хаттары, жетістіктері .



Әдіскер портфолиосымен жұмыс бағдарламасы 5 кезеңнен тұрады:

  1. даярлық кезеңі;

  2. ақпараттық-диагностикалық кезең;

  3. аналитикалық-талдау кезеңі;

  4. жинақтау кезеңі;

  5. қорытынды кезеңі.

Жалпы білім беру жүйесін жаңартуда портфолио технологиясын меңгеру әдістемелік қызметтің тиімділігін арттырып, білім сапасын көтерудің маңызды бағытының бірі болмақ.

Әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыруда әдіскерлердің, мұғалімдердің стандарттан тыс жағдайларда нәтижелі еңбек ету қабілетін арттыруға мән беріледі. .Олардың құзырлылықтарын дамыту арқылы білім нәтижелерін жақсарту мақсатында білім жүйесінің жаңа мазмұны бойынша оқу-әдістемелік конференциялар, оқыту семинарларын, тренингтер, дөңгелек үстелдер өткізудің тың жолдарын іздестірген жөн.

Әдістемелік қызметтің мазмұнын жаңартып, жаңа әдістемелік қызмет моделін жасау қажеттілігі неден туындады десек, білім беру мазмұны бүтіндей жаңарып, әлемдік білім беру кеңістігіне бет алғанымыз себеп болып отырғаны түсінікті.

Білім беруді жаңарту – білім берудің мақсатын, құрылымын, мазмұнын, әдістері мен құралдарын, оқу үрдісін ұйымдастырудың формасын мейлінше жаңартуды көздейтін, педагогтардың, ата-аналардың, білім беру жүйесінің түрлі деңгейлері басшыларының, яғни барлық педагогикалық қоғамдастықтың белсенді араласуын қажет ететін үдеріс. Себебі біз өмір сүру тәртібін, қарым-қатынас жасау мен ойлауды, сонымен қатар әл-ауқаттылыққа қол жеткізу тәсілдерін өзгертуді қажет ететін дәуірде өмір сүріп отырмыз. Тұлғаның интеллектуалдық қабілетінің дамуы мен қоршаған ортаға жауапкершілігінің артуы жер бетінде өмір сүріп жатқан барлық елдерде байқалуда.

Жаңа ғасырдың жаңаша талаптары - қоғамның қажеттілігі мен мүдделерін қанағаттандыру. Кейбір ұстаздар қауымының әлі де – бүгінгі өскелең ұрпақ өмір сүріп отырған уақыттың өткен буын заманына мүлдем ұқсамайтынына мән бермей отырғаны көптеген қиындықтар келтіруде. Бізді қоршаған дүние өте жылдам қарқынмен өзгеруде, ал білім алу мен зерделеу тәсілдері, оқыту мен оқушылардың қабілеттерін дамыту формалары, әдістері мен технологиялары оқу үдерісіне баяу енуде. Өткен қоғамдағыдай емес, қазіргі қоғам өзінің іс-әрекетіне өзі басшылық жасап, шұғыл шешім қабылдай алатын тұлғаны қажет етеді. Ондай тұлғалар оқытудың жаңа технологиялары нәтижесінде қалыптасатынын соңғы жылдардағы тәжірибелер көрсетіп отыр. Оқушы мен мұғалім арасындағы ынтымақтастық, түсіністік, сыйластыққа негізделу оқушының ізденушілігін дамыту - қазіргі оқыту жүйесінің бағыт алатын өзекті мәселелері. Жаңа педагогикалық технологиялар тұлғаның ойлау жүйесін қалыптастыруды, әр түрлі жағдаяттарда нақты шешімдер қабылдай білуге, өзіндік көзқарасы мен пікірін жеткізе білуге үйретуді., мақсат етеді десек, бұл педагогикалық ұстанымдар – білім беруді жаңартудың негізгі өзегі.

Еліміздегі бүгінгі күнге дейінгі қолданылып келген білім жүйесінің білім сапасы мен оқушылар денсаулығына кері әсерін тигізетінін, қалыптасқан бұл жағдайлардың оқушылардың оқуға ынтасын да төмендететінін бұдан бірнеше жыл бұрын ұжымдық оқыту әдісі авторларының бірі В. К. Дьяченко өз еңбектерінде айтқан. Оны мына кестеден нақты көруге болады:


Бастауыш сыныпқа 100 % дені сау, ақыл-ойы бүтін қабылданған оқушылар 4 сыныпты 50-60 % сапамен аяқтайды, 9 сыныпты 30-40 % сапамен аяқтап, 11 сыныпты шамамен 17 % сапамен бітіріп шығады, ЖОО өз күшімен 8-9 % оқушы ғана түсіп жүр.

Осы кестеден көріп отырғандай білім беруді жаңарту – оның қажеттілігі мен тиімділігін әр педагогтың, ата-ананың саналы түрде түсінуін, қабылдауы мен оған белсенді түрде араласуына мүмкіндік беру, асқан ұқыптылық пен сезімталдықты қажет ететін үдеріс екені түсінікті. Яғни кестедегі 9 сыныпты бітірген 30-40 % оқушының өзінің білімін жоғары оқу орындарында таңдаған мамандығына сәйкес жалғастыру мақсатында бейіндік мектептерде оқығаны, ал қалған 60-70 % оқушы өз қалауымен білімін ары қарай арнаулы оқу орындарында және бастапқы кәсіптік білім беретін ұйымдарда білім алғаны өзіне де қоғамға да, ата-анаға да тиімді. Одан әрі білімін жоғары оқу орындарында жалғастыруына әбден болады.Негізінде 1 сыныпқа қабылданған ақыл-ойы бүтін, дені сау 100 % оқушының сынып жоғарылаған сайын оқуға деген қызығушылығы төмендейді, соның нәтижесінде мектеп бітіргенде 16-17 % сапамен аяқтаймыз. Оның өзі де ҰБТ кезінде жылдық қорытынды бағамен сәйкес келмей жатады..

Ал мектепті өте жақсы аяқтап, 110-120 балмен ЖОО-на түсіп, оны аяқтағанмен адамдармен өзара әрекет пен қарым-қатынас жасауда, түрлі әлеуметтік топтармен жұмыс істеуде, қоғамдағы түрлі әлеуметтік рольдерді орындауда, өмірдегі нақты жағдайларда шешім қабылдауда қиналып жатады. Себебі, біз осы уақытқа дейін бұл мәселелерге мән бермедік.

Мектепте отырған оқушы біреуге бала, ертеңгі ата-ана, маман, басшы, тұтынушы т.б. әлеуметтік рольдерді атқаратыны бізді аз ойландырды. Ал 12 жылдық білім берудің ең басты мәселелері - сол әлеуметтік рольдерді орындауда қажетті құзіреттіліктерді оқушы бойына ертерек сіңіру, қалыптастыру. Яғни өзгермелі ортада өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті және құзіретті, шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру -12 жылдық білім берудің басты мақсаты. Сонымен бірге қазіргі оқыту үдерісі оқушы мен мұғалім арасындағы ынтымақтастыққа, түсіністікке, сыйластыққа негізделіп, оқушының ізденушілігін дамытуға негізделуі тиіс. ,

Білім беруді жаңартуда көптеген жаңа технологиялардың қолданылуы –бүгінгі күні өз нәтижелерін беруде. Соңғы жылдары білім беру жүйесінде қолданып жүрген модульдік оқыту технологиясы саралап деңгейлеп оқыту педагогикалық технологиясы, дамыта оқыту, сатылай кешенді талдау төл технологиясы, ұжымдық оқыту әдістері және т.б.

Оқыту технологияларының ең басты ерекшеліктері - өзіндік ой-пікірі бар жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталуында.Тағы бір ерекшеліктері-жаңа материалдарды білім алушы өз бетімен іздену арқылы меңгереді. Оқытудың жаңа технологиялары тұлғаның ойлау жүйесін қалыптастырады, сонымен қатар әртүрлі жағдайларда нақты шешімдер қабылдай білуге, өзіндік көзқарасы мен пікірін жеткізе білуге, өзінің іс-әрекетін бағалай білуге үйретеді.

Негізінен осы уақытқа дейінгі білім беру жүйесінде оқыту мазмұнға ғана құрылып, нәтижеге жету мақсатын нақты қоя алмады. Оқушы оқулықта берілген тақырыптың мазмұнын толық меңгеруіне мән берілді де, одан әрі американдық ғалым Б.Блумның «толық меңгеру теориясы» негізге алынбады. Мысалы: оқушы сабақта тыңдады, еске сақтады, ойлады, түсіндірді, көрсетті, жазды, айтты. Алайда алған білімін пайдалана отырып, проблеманы шешкізу, салыстыру, іздендіру, талқылату, бағалату, өз ойын айтқызу сияқты әрекеттер жекелеген ұстаздардың сабақтарында ғана жүзеге асырылып отырды. Әсіресе қазақ мектептерінде әлі күнге дейін жаңа материалды мұғалімнің өзі түсіндіруі орын алып отырғаны өкінішті-ақ. Сабақтың бекіту кезеңінде баланы оқулықпен өз бетімен жұмыс істету арқылы, 45 минуттың 30-35 минуты аралығында жаңа материалды сабақ үстінде меңгеруіне қол жеткізу – бүгінгі білім беруді жаңартудың жолы.

Жоғарыда айтылған мәселелерді жүзеге асыру үшін мұғалімдердің шығармашылық деңгейлерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылатын әдістемелік жұмыстарда олардың өз белсенділіктерін арттырудың түрліше жолдарын іздестіру керек. Әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыруда зерттеушілік оқыту және жобалау технологиялары бойынша оқу-әдістемелік семинарлар, тренингтер, педагогикалық оқулар ұйымдастырып, әлемдік білім беру кеңістігіне кірігу жағдайындағы ерекшеліктерді жан-жақты зерттеу керек.

А.Г.Маслоудың зерттеуінше оқыту әдістерінің тиімділігінің таным пирамидасындағы көрінісі төмендегідей:



Бұл жерде:

«Естігенімді – ұнатамын,

көргенімді – еске сақтаймын,

өзім істегенімді – меңгеремін»,- деген Конфуциидің сөзі осыны меңзейді. Білім беруді жаңартудың негізгі талабы да осы мәселелерді жүзеге асыруда болып отыр. Бүгінгі оқытудың жаңа жүйесіне көшу әлемдік білім кеңістігіне енуді көздейтін заман талабынан туындаған мәселе екені баршаға түсінікті.

Кезінде М.Жұмабайұлы: «... мектеп пен тұрмыс бірі қырым, бірі қияда жатпауын, мектепте оқыған адам білімді құшақтап алып, тұрмыста жарамсыз болып шықпауын, бала нені білсе де, көзімен көріп, қолымен ұстап мүмкін болғанынша өзі істеп білуін қолдаған. Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашылған сапалы ақыл көзімен қарай білсе, міне білімдендірудің көздейтін түпкі мақсаты осы болуы» керектігін айтқан. мүмкін болғанынша өзі істеп білуін қолдаған.та жарамсыз болып шықпауын, бала нені білсе де, көзімен көМектеп бітіруші әлеуметтік және қоғамдық өмірдегі өзгерістерге икемделе отырып, ондағы өз орнын анықтауын тың мазмұнды жаңа мектеп қана қамтамасыз ететінін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.

Ақын ағамыз М.Шаханов өзінің бір өлеңінде:

Иә, бізді қайда апармақ мына заман ақпаны ?

Ұлан байтақ жерімізде жарты адамдар қаптады.

Қайда барсаң, көз алдыңда өнеге боп жарқылдар

Жарты ұстаздар, жарты бастық, жарты қыздар, жарты ұлдар – деп, налыпты.

12 жылдық білім беруге көшу барысында нәтижеге бағытталған білім беру арқылы оқушылардың жаңа өмір сүруіне қажетті проблемаларды шешуіне, ақпараттық, коммуникативтік т.б. құзыреттіліктерін дер кезінде игерту арқылы ұлы Абай айтқан толық адамды қалыптастыруда білім жетілдіру курстарының алатын орны ерекше.

Осы мәселеде, яғни 12 жылдық білім беруге көшуде білім саласына әдістемелік қызмет көрсететін әдіскерлердің өзінде қандай құзыреттер мен құзыреттіліктер болуы керек? Білім жетілдіру курстарында әдіскерлер мен басшыларды, мұғалімдерді оқу үрдісіне белсенді түрде қатыстыра отырып, талдату керек. Біз бұл жерде педагогикалық акмеология мазмұнына сүйенеміз. Өйткені педагогикалық акмеология білім беру саласынан тыс мамандарды да (әр саланың басшыларын) қамтиды, себебі олар өздерінің қызметтік міндеттеріне сәйкес, басқа адамдарды оқыту және тәрбиелеу мәселелерімен айналысады.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет