1-сурет ‒ Әлемдегі жалпы және орта білім берудің құрылымы
Сонымен, білім беру жүйесі бойынша әлемдік тәжірибені зерттеу және талдау барысында мынадай бағыттар айқындалды:
– дүние жүзінің көптеген елдерінде 12 жылдық оқыту моделі жұмыс істейді және оның мазмұны оқушылардың қазіргі заманғы білім алу қажеттіліктерін толығымен қанағаттандыруға бағытталған. Дүние жүзінің көптеген елдерінде соңғы онжылдықта орта білімнің құрылымында да, оқытудың мазмұнында да айтарлықтай өзгерістер болды. Мектептік білім берудің теориясы мен тәжірибесіндегі жаңа үрдістер әлеуметтік-экономикалық жетілдірудің және ақпараттық индустрияның қоғамға көшудегі міндеттерінен туындап отыр;
– экономикалық жағынан дамыған елдерде 12 жылдық білім берудің стандарттары мен оқу бағдарламалары өмірлік маңызды дағдыларды дамытуға, оқушының жеке басының қызығушылығы мен талғамдарын ескеруге, дамытуға, олардың бойында жалпы оқу іскерліктерін қалыптастыруға, сондай-ақ әрбір оқушының және қоғамның мүддесі мен қажеттіліктерін ескеруге, жеке тұлғаны жоғары сапамен оқытуға, тәрбиелеуге және дамытуға бағытталған;
– оқушының қабілетін отбасылық экономикалық-әлеуметтік жағдайына, жынысына, қоғамдық мәртебесіне, ұлтына, дініне қарамастан барынша дамыту көзделген;
– жастардың күнделікті қоғамдық өмірдегі болып отыратын өзгерістерге тез бейімделуіне жағдай жасалған;
– білімнің нәтижелері, ақпараттарды өздігінен табу мен өңдеу біліктілігін қалыптастыру, ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану, өздігінен даму және өзін-өзі бағалау дағдыларын қалыптастыру оқушылардың жеке мақсаттарымен байланыстырылған.
Сондай-ақ әлемдік тәжірибеде жоғары орта білім беру бойынша жалпы үрдістер айқындалды:
1) Әлемнің көптеген елдерінде жоғары (толық) орта мектептер бейіндік мектептер болып табылады және бейіндік оқыту мектептегі оқытудың соңғы екі, үш жылын қамтиды. Жетекші елдердің басым көпшілігінде жоғары орта білім берудің табалдырығындағы сараланған білім беруді ұйымдастыру және барлық оқушылар үшін негізгі орта білім беру сатысындағы білім беру мазмұнын үйлестіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Міндетті білім беру, оқушылар 15/16 жасқа жеткен жылы аяқталады. Жоғары орта мектепте оқуды жалғастыратын оқушылардың үлесі 70%-дан кем емес;
2) Бағдарлардың ұқсасы деп есептеуге болатын жіктелу бағыттарының саны өте көп емес: 2-ден 4-ке дейін. Ағылшын тілді елдерде екеу (академиялық және академиялық емес (жалпы)), Германияда сыныптың ішін 3 бағытқа бөлу мүмкіндігі бар, олар: жаратылыстану-ғылыми және техникалық–математикалық, өндірістік-экономикалық, әлеуметтік-экономикалық. Францияда жоғары мектепте 4 бөлім (бағыт) бар: гуманитарлық, технологиялық, әлеуметтік-экономикалық, жаратылыстану-ғылыми. Бағыттардың ішінде практикалық бағытта көптеген бейіндік оқыту ұйымдастырылған;
3) Бейіндік даярлауды ұйымдастыру, оқушының жеке оқу жоспарын қалыптастыру әдісі бойынша ажыратылады: барынша қатаң белгіленген міндетті оқу курстары тізбесінен (Франция, Германия), барлық оқыту мерзімі бойына ұсынылатын көптеген курстар жиыны мүмкіндіктеріне дейін. Әдеттегідей 15-тен кем емес және 25-тен артық емес оқу курстары, ұзақтығы бір семестрге дейін (Англия, Шотландия, АҚШ және т.б.). Негізгі мектеппен салыстырғанда міндетті оқу пәндері (курстар) саны елеулі түрде аз. Міндетті: жаратылыстану ғылымдары, шетел тілдері, математика, ана тілде ауызша шығармашылық, дене тәрбиесі. Әлемдегі апталық сағат жүктемесі іс жүзінде 35-39 сағат;
4) Оқу мекемелерінің жаңа типтерін, жалпы орта білім алудың ұйымдастыру түрлерін диверсификациялау мен күрделендіру үрдістері өсуде. Бірқатар елдерде жоғары сыныптар жеке оқу орындарына біріктірілген. Көптеген елдерде жоғары білім беру мазмұнын жалпы курспен және кәсіптік оқумен (күндізгі және сырттай түрдегі) қамтамасыз ете алатын мектептен тыс мекемелерден алуға болады. Шетелдерде оқушыларға оқуды белгілі бір кәсіптік қызметтің түрлерімен қоса игеруге жол беріліп оқудың кешкі және сырттай түрлерінің кеңейуіне мүмкіндік жасалады. Бейіндік мектеп, білім беру мекемесінің дербес түрі ретінде ерекшеленеді: Францияда – лицей, Германияда – гимназия, АҚШ-та – «жоғары» мектеп. Шет елдердегі бейіндік мектептің қазіргі құрылымы және жеке бағдарлар құрылымы, білім беру құрылымы мен мазмұнын көптеген он жылдар бойы генерализациялау және үйлестіру үдерісінде қалыптасты.
5) Кәсіптік-техникалық оқу орындары орта білім беру жүйесіне енгізіліп, «тік» әлеуметтік оңтайлылыққа, жоғары мектептен білім алуына қол жетуіне мүмкіндік беріледі.
Қазақстандағы бейіндік оқыту жүйесінің дамуы әлемдік білім берудің даму үрдісіне толық сай және оған қайшы келмейді. Қазақстанда бейіндік оқытуды ұйымдастырудың негізгі идеялары Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерін дамыту тұжырымдамасында (1996), жалпы орта білім мазмұнының тұжырымдамасында (1996) көрініс тапты. Қазақстанда бейіндік оқыту 11-жылдық білімнің МЖМБС сәйкес қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттары бойынша жүзеге асырылады [19].
Орта білім мазмұнын бағдарлы жіктеу бойынша қазақстандық тәжірибені талдау барысында, 12-жылдық білім беру жағдайында бейіндік оқытудың моделін құрылымдау кезінде жағымсыз салдарларын ескеру қажет болатын 11-жылдық білім берудегі бейіндік оқытудың бірқатар мәселелері анықталды: материалдық-техникалық базаның сәйкессіздігі; кадрмен жеткіліксіз қамтылуы; бейіналды даярлық жүйесінің жетілмегендігі; бейіндік оқытудың екі бағытпен шектелгендігі; бейіндік оқытудағы білім мазмұнының басқа білім деңгейлерімен сабақтастығының жүзеге аспағандығы; бейіндік мектепте оқушылардың оқуын жалғастыруға ынтасының төмендігі; бейіндік оқыту нәтижелерін бағалаудың дұрыс жүйесінің болмауы; шағын жинақты мектептер жағдайында бейіндік оқытуды ұйымдастырудағы қиыншылықтар.
12-жылдық білім беру жағдайында бейіндік оқыту моделін құрастыру кезінде, әлеуметтік тәжірибені, қоғамдағы жаңа құндылықтардың бекуін және 11-жылдық білім берудегі бейіндік оқыту мәселелерін ескеру керек. 12-жылдық білім берудегі бейіндік оқыту мазмұны, ішкі бағдарлауларымен екі бағыт (жаратылыстану-математика, қоғамдық-гуманитарлық) аясында жүзеге асырылады.
3.2 12 жылдық мектепте бейіндік оқытуды дамытудың тұжырымдамалық негіздері
Бейіндік оқыту – кәсіптік білім беру бағдарламаларын игеруге даярлау, олардың кәсіптік бағдарлары үшін жағдай жасау, оқушылардың арнаулы бейімділігі мен қызығушылығын, танымдық қабілетін ескеруге бағытталған білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнын ұйымдастыру түрі, жоғары сыныпта оқуды даралау мен саралап жіктеудің педагогикалық жүйесі [3].
12 жылдық мектептегі бейіндік оқытудың мақсаты – жаратылыстану-математикалық, қоғамдық-гуманитарлық бағыттары және олардың ішкі бағдарларға бөлінуі бойынша жалпы орта білім беру мазмұнын саралау, жүйелеу, кіріктіру және кәсіптік бейімдеу жолымен оқушылардың қабілеттеріне, бейімділіктеріне, өмірлік қажеттіліктеріне сәйкес жеке білім беру бағдарламаларын таңдап алуып, сапалы білімді игеруіне мүмкіндік беру болып табылады [2].
Қойылған мақсатқа жету үшін 12 жылдық мектептегі бейіндік оқытуды дамытудың басымды бағыттары анықталды:
оқушылардың жекелей қабілеттері мен бейімділіктерін ертерек айқындау және тұлғалық пен кәсіби қалану болашағын ертерек жоспарлау;
жоғары сынып оқушыларының білімді өзіндік практикалық іс-әрекеттерінде қолданулары бойынша түйінді құзыреттіліктері мен қабілеттерін дамыту;
бейіндік мектепте оқуға ынтаны күшейту, жаңашыл ойлау мен сыни тұрғысынан ойлауды, өзіндік білім алуды қалыптастыру;
білім беру мазмұнының қолданбалы сипатын нығайту және білім беру үдерісі үшін оқу-өндірістік жағдай жасау арқылы оқушылардың тереңдетілген түрдегі кәсіби-бейімделген оқуын ұйымдастыру [20];
жоғары мектеп компонентін «Бейіндік мектеп» бағдарламасының мазмұнына кіріктіру жолымен, таңдап алынған бағыты бойынша оқушылардың жоғары оқу орнында оқуларын жалғастыру үшін оңтайлы жағдаймен қамтамасыз ету [3];
жоғары сынып оқушыларының өздігінен практикалық іс-әрекет ету мен өзін-өзі дамыту бойынша білімдерін қолдану үшін түйінді құзыреттіліктері мен қабілеттерін дамыту;
дуалдық оқыту жүйесінің элементтерін енгізу және кәсіптік мектеп пен өндіріс саласының арасындағы әлеуметтік серіктестікті дамыту жолымен инновациялық технологиялар мен қазіргі заманғы өндірістің бастапқы негіздерін игеру;
еңбек нарығының сұранысын ескере отырып шағын бизнесті ұйымдастыру және жүргізу, кәсіпкерлік қызмет дағдыларын дарыту;
ауыл жастарының мүдделерін ескере отырып, ауылды сақтау мен дамыту мақсатында мамандықтардың алғашқы деңгейін ертерек игерулері үшін ауылдық аймақтарындағы оқушыларға жағдайлар жасау;
еліміздің индустриалдық-инновациялық дамуын және экономиканың дамуының өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, өмірлік келешектерді саналы түрде анықтауға оқушыларды дайындау;
ТОЖ-ның вариативтік компоненті мазмұнын кеңейту жолымен оқыту мазмұнын саралау және жеке білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру;
оқушылардың жаңашылдықпен ойлауын және креативтілігін, өздігінен ғылыми-зерттеу және жобалау іс-әрекеттерін жасау, өздігінен білім алу дағдыларын қалыптастыру.
Көрсетілген бейіндік оқытуды дамытудың басымды міндеттерін орындау бойынша 12 жылдық мектепте бейіндік оқытуды жүзеге асырудың механизмдері айқындалды [20, 21, 22, 23]:
оқушылардың жеке бейімділіктері мен қаблеттерін анықтауда, келешек тұлғалық және кәсіптік қалыптасуын жоспарлауда психология-педагогикалық қолдауды және отбасылық тәрбиенің рөлі мен орнын күшейту;
қамқорлық кеңестің рөлін арттыру, психологиялық және кәсіби бағдар беру қызметті жақсарту;
типтік оқу жоспарының вариативтік компонентін күшейту, жекелей білім беру траекторияларын жүзеге асыру, жаңа мазмұнды бейіндік пәндерді енгізу;
тәжірибеге бағдарланған қолданбалы курстар мен таңдауы бойынша курстарды жүзеге асыру механизмдері мен мазмұндарын жетілдіру;
білім беру мазмұнының қолданбалы сипатын күшейту, оқытудың жүйелі-әрекеттік әдістерін пайдалану;
бейіндік пәндерді көптілді оқыту;
білімді, моделдеуді, жобалау мен құрастыруды іс-жүзінде қолдану дағдыларын дамыту, эксперименттік есептер және өмірлік мәселелерді шешу әдістерін пайдалануды кеңейту;
бейіндік оқыту мен басқа да кәсіптік білім беру деңгейлерінің мазмұндарын және әдістерін кіріктіру: кадрларды, ақпараттық және ғылыми-өндірістік ресурстарды үйлесімді пайдалану;
бакалаврдың жалпы білім беру пәндерін «Бейіндік мектеп» бағдарламасының мазмұнына кіріктіру, ЖОО базасында бейіндік мектептер ашу;
сәйкесінше оқу-өндірістік жағдайларды жасау, әлеуметтік серіктестікті дамыту;
бейіндік мектеп пен бизнестің арасындағы тиімді ынтымақтастықты дамыту: оқыту бағдарламаларын қалыптастыруға жұмыс берушілердің қатысуы, оқу-өндірістік базасында білім беру үдерісін ұйымдастыру және сабақтың тәжірибелік бөлігін өткізу, оқыту нәтижелерін бағалау, кәсіби мамандықты оқуға және меңгеруге ынталандыру;
дуалдық оқыту жүйесінің элементтерін енгізу;
кредиттік оқыту жүйесінің элементтерін енгізу;
бейіндік оқытудың оқу-әдістемелік қамтамасыз етілуін жетілдіру: оқушыларға оқу материалдарын, мұғалімдер үшін әдістемелік құралдарды, қолданбалы курстардың қосымша бағдарламаларын әзірлеп, оларды таңдауға кең көлемде мүмкіндік беру;
бейіндік мектепте жұмыс істеу үшін арнайы бағдарламадан өткен магистрлерді даярлау жүйесін ретке келтіру;
сәйкесінше кадрлар әлеуетімен және оқу-өндірістік базасымен «Бейіндік мектеп – Ресурстық орталықтар» құру;
түлектердің академиялық білімдерімен қатар, маңызды құзыреттің және оқытудың таңдап алынған бағыты бойынша тәжірибелік дағдылардың қалыптасуы бағасын қоса қамтитын бейіндік мектепте оқыту нәтижелерін бағалаудың критериялық жүйесін жасау;
бейіндік оқытудың бағыттарына сәйкес ҰБТ талаптарын, мектеп бітірушелердің мемлекеттік аттестациялау жүйесін жетілдіру;
белгілі мамандықтардың түрлері бойынша курстан өткендігі және құзыреттерге ие болғандығы туралы сертификаттарды тапсыру жүйесін жасау.
12 жылдық білім беру жүйесіндегі басты артықшылық баланың тек қана білім алып ғана қоймай, бейімі мен икемділігіне, таңдайтын мамандығына қарай алғашқы кәсіби бағдар алып шығуында жатыр. Яғни, 11-12 сыныптардағы білім мазмұны оқушының жоғары оқу орындарының алғашқы курстарында алатын білім мазмұнымен кіріктіріледі. Оқушы мен оқытушы арасында өзара түсіністік пен ықпалдастыққа негізделген оқыту үдерісі оқушының ойлау жүйесінің дамуына, құндылық бағдарының айқындалуына, қарым-қатынас жасай білу дағдысының қалыптасуына игі ықпал етеді. Нәтижесінде оқушының танымдық қабілетінің деңгейін өсіріп, ойлау қабілетін арттырып, ақпаратты қабылдап қана қоймай, оны талдап, өзіндік тұжырым жасай алатын дәрежеге қол жеткізеді. Бұл үрдіс 12 жылдық білім беру жүйесінде білім мазмұнын түбегейлі жаңартумен қатар, оқытудың тың әдістемесін дүниеге әкеледі.
12 жылдық білім мазмұнының негізгі өзегі – қарқынды дамып келе жатқан өзгермелі қоғамда өмір сүруге икемді, жеке басының, сондай-ақ, қоғам пайдасына қарай өзін-өзі толық жүзеге асыруға дайын білімді, шығармашылыққа бейім, құзыретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру мен дамыту болып табылады [24].
Осыған орай, оқытудың 12 жылдық моделінде білім мазмұнына қойылатын талаптарды тұжырымдаймыз [20]:
Қазақстан қоғамын әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуда жаңа ғылыми білімдер мен басымдылықтарды енгізу;
білім берудің жасампаздық және футуристік (әлеуметтендіруші) сипатын күшейту;
көптілді оқытуды енгізу;
білім беру мазмұнының когнитивтік, аксиологиялық және іс-әрекеттік компоненттерінің арақатынасын үйлестіру [25] (2-сурет);
оқу материалдарын білім беру деңгейлері арасында үлестіру эәне олардың сабақтастығын қамтамасыз ету;
мазмұнның ұлттық және аймақтық компоненттерін кеңейту.
12 жылдық білім мазмұны оқушылардың меңгеретін біліктерімен құрастырылады. Ал оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар оқытудың метапәндік нәтижелері (түйінді құзыреттіліктер) мен пәндік нәтижелері арқылы анықталады [4].
Достарыңызбен бөлісу: |