Музыка пәні бойынша күнтізбелік жоспар
Түсінік хат
Музыка пəні мұғалімі оқыту мен дамыту үдерісінде қабілеттері əртүрлі деңгейдегі оқушылардың əрқайсысының өсуіне, дарындылық қабілеттерінің ашылуына жағдай жасауы тиіс. Музыка пəні мұғалімінің мақсаты – бəсекеге қабілетті, заман ағымына ілесе алатын, өмірге икемді жеке тұлғаны қалыптастыру. Өзінің шығармашылық жұмыстарында жаңаша оқытудың əдіс-тəсілдерін іздестіру, музыка пəні бойынша игерілетін білім сапасын арттыру, жалпы музыка мəдениетін қалыптастыру жəне олардың жеке ерекшеліктері мен болмысын ескере отырып, музыкадан жан-жақты білім берудің арнайы ерекшеліктерін негізге алады.
«Музыка» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі: аптасына - 1 сағат, оқу жылында – 36 сағатты құрайды.
Оқу пəнінің жалпы құрылымының мазмұны мынадай іс-əрекеттерден тұрады:
Музыкалық сауаттылық (теориялық даярлық) оқушыларда музыка, музыкалық құбылыстар, олардың ерекшеліктері, заңдылықтары, мəнерлеу тəсілдері, композиторлар туралы мəліметтер, нота сауатының негізі туралы алғашқы жүйеленген ұғым жəне білім қалыптастыруды жобалайды. Оқушыларда музыкалық тəжірибенің аздығын ескере отыра, білім алу жүйесі біртіндеп музыкалық есту əсерлерінің жинақталу реттілігімен, оларды музыка тыңдау, əнді үйрену жəне шығармашылық тапсырманы орындау əрекетінде қолдану барысында өтеді.
Музыка тыңдау бастауыш деңгейдегі білім алушылардың музыканы сезіммен жəне саналы түрде қабылдауға үйрету міндетін іске асырады. Олар аспаптық, вокалды-хор, халықтық жəне кəсіби композиторлық музыканы тыңдауда, жас ерекшеліктеріне сай берілген əртүрлі деңгейдегі күрделі əндерді орындау барысында музыкалық бейнелерді өзінше түсіндіріп беруді үйренеді.
Əн орындау – балаларды музыкаға баулудың ең белсенді түрі болып, олардың музыкалық дамуына ықпал етеді. Əнді жеке, ансамбль, хормен орындау оқушыларды ықыластылыққа, байқағыштыққа, тəртіптілікке тəрбиелейді, бірыңғай шығармашылық ұжымға топтасуға ықпал етеді. Əнді орындау барысында мұғалім балаларды хормен дұрыс бағытта айтқызып, жүргізетін болса, олардың дауыс диапазоны кеңейе түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |