1915 ж. соғыс қимылдары. 1915 ж. Германия мен Австрия — Венгрия Ресейді талқандап, соғыстан шығару мақсатымен стратегиялык белсенділікті Шығыс майданға ауыстырды. Ресейге қарсы австрия-герман қарулы күштерінің жартысынан көбі аттандырылды. Орыс әскерлері Шығыс Пруссия мен Польшадан ығыстырылып шығарылды, бірақ австро-герман әскерлері шабуылды өрістете алмады.
Осы кезде Германия Ұлыбританияны қоршаумен тұншықтырмақ болып, жаңа қару – сүңгуір қайықтар қолданды. Аз ғана уақыт ішінде бірнеше жүздеген кемелер суға батырылды. Бірақ бұл күткендей нәтиже бермеді. Неміс сүңгуір қайығының шабуылы нәтижесінде жолаушы таситын «Лузитания» лайнерінің суға батуы бейтарап елдерде, әсіресе АҚШ-та күшті наразылық туғызды. Осы кезде Германия Гаага конвенциясын (1899 және 1907) қылмыстық жолмен бұзып, Ипра маңында химиялық қару – газ қолданды, ол кейін «иприт» деп аталып кетті.
Соғысушы одақтардың өз жақтарына жаңа одақтастар тарту жөніндегі күресі жалғаса түсті. Италия Антантаның билеуші топтарының соғыстан кейін Балқаннан территориясын кеңейту жөніндегі берген уәдесіне сеніп, Антантаға қосылуды дұрыс деп тапты. Германия Сербия мен Греция территорияларының бір бөлігін беруді уәде етіп, Болгарияны өз жағына соғысқа тартты.
Достарыңызбен бөлісу: |