22.А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаевтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметтері.
Ұлттық-отаршылдық езгінің күшеюі, өлкеге капиталистік қатынастардың енуі, патша өкіметінің қоныстандыру саясаты қазақ халқының ұлттық сана-сезімін өсірді. Қазақ халқының отарлық езгіге қарсы белсенді әрекеттері күшейе түсті.
Қазақ зиялылары қазақ халқының империя құрамында өзгелермен тең құқықты болуына қол жеткізу жолында күресті. Олар қазақ мемлекеттілігін қалпына келтірудің әдіс-амалдарын қарастырды, өз халқының отаршылдық езгіден азаттық алу жолындағы күресіне көмектесуге ұмтылды. XX ғасырдың басындағы қазақ зиялылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Тынышбаев, М. Шоқай, X. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, Ә. Ермеков, Ж. Ақбаев, О. Әлжанов, т.б. танымал тұлғалар ұлтты басқа халықтармен терезесі тең даму жолына бастай білді. Ұлт зиялылары қазақ қоғамының оянуына жәрдемдесіп, халықтың құкықтық, эстетикалық санасы мен өнегелі ой-өрісіне зор ықпал етті. Олар өз үлгі өнегесімен қазақтың болашақ қоғам қайраткерлері М. Жұмабаев, С. Сәдуақасов, Қ. Кемеңгеров, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, А. Сейітов, X. Болғанбаев сияқты көптеген жас ұрпақты тәрбиелеп өсірді.
Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі
Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте Қостанай округі, Торғай уезі, Тосын болысының 5-ауылына қарасты Сартүбек елді мекенінде дәулетті отбасында дүниеге келген. Ахметтің ұлы бабасы-Үмбетей ру басына айналған үлкен ата. Байсейіт атадан жалғыз, оның әкесі Қалқаман Көшейұлы (5 ағайынды). Қалқаманның сүйегі — Арғын.
Ахмет Байтұрсынов 1886 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түсіп, оны 1891 жылы бітіреді. Сол жылы Орынбор мұғалімдер мектебіне оқуға қабылданып,
1895 жылы ОММ-нің Педагогикалық кеңесінің шешімімен «бастауыш училищенің оқытушысы» деген атақ беріледі.
1896-1901 ж.ж. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектепте, екі сыныптық училищеде оқытушылық қызмет атқарады.
1902-1904 ж.ж. Омбыда Торғай облысы Халықтық училище директорының іс жүргізуші лауазымын атқара жүріп, бұратана ұлтының санасын ояту мақсатында И.Крыловтың мысалдарын аударады.
1905 жылы қазақ оқығандарымен бірге Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып, тарихта белгілі Қарқаралы құзырхатын (петициясын) жазады.
1905-1908 ж.ж. Қарқаралыдағы орыс-қазақ училищесінің оқытушысы әрі меңгерушісі болып, екі міндетті қатар атқарады.
1908 жылы саяси көзқарасы үшін Қарқаралы абақтысына қамалады.
1910 жылы 9-наурызда Орынборға жер аударылады.
1911 жылы «Маса» өлеңдер жинағы жарияланып, «Қырық мысал» кітабы екінші рет басылым көреді. Осы жылы «Айқап» журналында «Қазақ һәм түрлі мәселелер», «Қазақтың өкпесі», «Қазақ жерін алу турасындағы низамдар, бұйрықтар», «Закон жобасының баяндамасы», «Тағы да народный сот хақында», «Жер жайынан», «Жазу тәртібі», «Кітаптар жайынан», «Бастауыш мектеп» т.б. өзекті мақалалары жарияланады.
1912 жылы Қазақ әліпбиін (төте) түрлеп, қолданысқа ұсынады. Осы жылы «Оқу құралы» қазақша әліппесінің бірінші кітабы шығады. «Айқап» журналында «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Шәйзіман мырзаға», «Қазақ һәм төртінші Дума» мақалалары жарияланады. «Шора» журналында «Қазақша сөз жазушыларға», «Қазақ» газетінде «Көшпелі һәм отырықшы норма», «Шаруа жайынан», «Жер жалдау жайынан», «Земство», «Білім жарысы», «Оқу жайы» т.б. келелі мақалалары басылады.
1913-1918 ж.ж. қырғыз атанған жұртының атауын қайта жаңғыртып, «Қазақ» газетін шығарды. Газеттің ұйымдастырушысы әрі бас сарапшысы қызметін атқарады. А.Байтұрсынов «Қазақ» газетінің бірінші санындағы халыққа арнауын былай деп аяқтады: «Аталы жұртымыздың, адуынды ұлтымыздың аруақты аты деп газетіміздің есімін «Қазақ» деп қойдық. Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына күшін қосып, көмектесер қызмет ету қазақ баласына міндет. Қызмет етем десеңдер, азаматтықтың зор жолының бірі осы». «Қазақ» газетінің дәл сол кездегі тарихи мәнін Ахмет Байтұрсынов осы басылымда былай деп көрсетті: «Әуелі, газет-халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын білу жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ. Тұтас алғанда қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің дамуымен таныстыра білген «Қазақ» газеті «Алаш» партиясының дауысына айналды. Осы тұста әлеуметтік ахуалды баяндаған цензура көтермейтін мақалалар жариялағаны үшін әкімшілік А.Байтұрсыновқа бірнеше мәрте (1914-1915) айыппұл төлетеді, кейіннен абақтыға қамайды. Бұл — үшінші рет қамалуы.
1918-1919 ж.ж. «Алаш» партиясының жетекшісі, «Алашорда» үкіметінің жетекшілерінің бірі әрі оқулықтар жазу жөніндегі Комиссиясының құрамында қызмет етеді. Осы жылы «Революция и киргизы» мақаласы «Жизнь национальностей» атты басылымда жарияланады.
1917 жылы патшаның тақтан құлауын Ахмет Байтұрсынов зор қуанышпен қарсы алып, Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен қазаққа бостандық, теңдік әперу үшін саяси күрес майданына араласты.
1917 жылы Ақпан революциясының жеңісінен кейінгі елдегі революциялық процестердің қарқынды дамуы барысында Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан либерал-демократиялық көзқарастағы қазақ интеллигенциясының өкілдері ұлттық партия құру жоспары бойынша өз жоспарларын жүзеге асыруға кірісті.
1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында І-ші жалпықазақтың съезде Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов «Тәуелсіз автономия» құру идеясын ұсынды.
1920-1922 ж.ж. Өлкелік Халық Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың төрағасы қызметін атқарады. Халық ағарту комиссиариаты жанынан құрылған Академиялық орталықтың (Академцентр) тұңғыш төрағасы ретінде Қазақ елінің ғылымын академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалады.
1922-1925 ж.ж. Қазақ Халық ағарту Комиссариаты жанындагы Ғылыми- әдеби комиссиясының төрағасы, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының құрметті төрағасы болады.
1925-1928 ж.ж. Қазақ елінің екінші астанасы болған Қызылорда қаласында тұрады, әрі ұлт жұмысының көшбасында болады.
1928 жылы қыркүйекте Алматы Қазақ мемлекеттік университетіне профессор лауазымымен қызметке кіреді. 4-қарашада «Еңбекші қазақ» газеті «Қазақ университетінің ашылуы» атты құттықтау сөзін, «Емле туралы» мақаласын жариялайды. Мұнда 1929 жылдың маусымына дейін қызмет атқарады.
1931 жылы РСФСР қылмысты істер кодексінің 58-бабының ең ауыр тармағы бойынша ату жазасына кесіледі, бірақ үкім қайта қаралып, 10 жылға бас бостандығынан айырылып, екінші рет жер аударылады.
1931-1933 ж.ж. Беломор-Каналда айдауда болады. Жыл соңында Ресейдің Кривошеин ауданына қарасты Жуково елді мекеніне тұрақтауға рұқсат алып, осында әйелімен жылға жуық тұрады. Осы жылы 28-қаңтарда жерлестері «Сарыарқа самалы» басылымында «Жауға түскен жан сөзі», «Қарқаралы қаласына», «Жұртыма» өлеңдерін жариялайды.
1934 жылы «Қызыл крест» қоғамының араласуымен түрмеден босатылып, Алматыға келеді. Осы жылы «Қазақ тілі грамматикасының тарихы» атты ғылыми еңбек жазуды бастайды.
1934 жылы 16-желтоқсанда Орталық мұражайға кеңесшілік жүмысқа тұрады, мұнда 1936 жылдың 21-кыркүйегіне дейін істейді. Осы жылдары суретші В.Н.Хлудовтың қазақ тұрмысы туралы туындыларына «Заключение по картинам художника Хлудова» сараптама пікір жазады.
Өкінішке орай, И.Сталиннің 1925 жылғы 29 мамырдағы «Ақ жол» газеті туралы хаты Ахмет Байтұрсыновты және оның серіктерін «ұлтшылдар» және «шоқаевшылдар» ретінде қуғындауға теориялық негіз қалады. Қазақстандағы қуғын-сүргінді жергілікті басшы Ф.Голощекин жандандыра түсті. Ақырында алғаш Архангельскіде, соңынан Томскіде 1929-1934 жылдары айдауды болған Ахмет Байтұрсынов, көп кешікпей, 1937 жылы қуғын-сүргіннің жаңа толқынына ілігіп жазықсыз атылып кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |