3.ХХ ғ.басында қазақ зиялыларының қалыптасуы: әлеуметтік құрамы, білімі, қызметі. Қазақ зиялыларының қалыптасуы: әлеуметтік құрамы, білімі, қызметі. XIX ғ-ң ІІ-жартысы – XX ғ-ң басында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында болған өзгерістер қазақ халқының рухани өміріне терең әсер етті. Саяси экономикалық экспансиямен қоса, құлдыққа салушылардың мәдениеті күштеп танылды. Патша өкіметінін кертартпа саясаты халыққа білім беру саласынан мейлінше айқын анғарылады. Отаршыл билік қазақ халқының мүдделері мен құқықтарын елемей, онын рухани дамуын тежеді. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде орын алған құбылыстар қазақ қоғамының санасындағы елеулі өзгерістерге әкеп соқты. Бұл өзгерістер ұлттық сана-сезімді оятуға жағдай жасады, қазақ қоғамында жаңа идеялар мен көзқарастардың қалыптасуын анықтады. Дәуірдің жаңалықтарын, еуропалық өркениетті, жаңа құндылықтарды бастапқыда әлеуметтік үстем топ өкілдері, адамдардын шағын тобы меңгерді. Қазақстандағы жұмысшы қозғалысының да, аграрлық қозғалыстың да, өлкедегі азаттық күресінің дамуында ХІХ – ХХ ғасырлар шебінде туындаған зиялылар айтарлықтай рөл атқарды. Құрамы, бағыты, қызметінің сипаты жағынан зиялылар әртүрлі болды. Зиялылардың үш тобын көрсетуге болады: 1) отаршылдық-әкімшілік өкілдері: дәрігерлер, мұғалімдер, адвокаттар т.б., яғни үкіметті жақтған империялық позициядағылар. Олар дворяндардан, қоғамның төменгі топтарының әртекті ортасынан шыққандар еді; 2) социал-революционерлер, социал-демократтар, революцияшыл элементтер, саяси айдауда жүргендер; олар еңбекшілердің бой көрсетулеріне белсене қатысты. Жергілікті зиялылардың негізінен төменгі топтардан шыққандары социалистік идеяларды ұстанды. Мысалы, Омбы почта-телеграф кеңесінің телеграфисі, кеңсе қызметшілері бас көтеруін ұйымдастырушыларының бірі, Қарқаралыдан шыққан Мұхаммед-Мақсұт Хамидуллин-Бекметов, 1903 ж. РСДЖП мүшесі, Қарқаралы оқиғалары ұйымдастырушыларының бірі болған, революциялық идеяларды насихаттаған, А.Байтұрсыновпен жақсы таныс болған, орыс оқырманын оның шығармашылығымен, қоғамдық-саяси қызметімен таныстырған. 3) либерал-демократтар (кадеттер, октябристер т.б.) және ХХ ғ. басында «Алаш» қозғалысының өкілдері болған либерал-демократиялық бағыттағы зиялылар. Қазақ зиялыларының саны, ықпалы жөнінен неғұрлым басым бөлігі осы либерал-демократиялық позицияны ұстанды. Бұлар негізінен дала аристократиялық топтарының өкілдері: Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Жақып Ақбаев т.б. болды. Олардың арасынан ауылдың орташа, төменгі топтарынан шыққандар да кездесті (А.Байтұрсынов т.б.). Ұлттық зиялылардың қалыптасу жолы бірдей болған жоқ, ол күрделі, ұзаққа созылған үрдіс болды. XIX ғ-ң аяғы – XX ғ-ң басы – халықтың интеллектуалдық күштері дамуындағы жаңа кезең. 1917 ж. революцияға дейін Қазақстанда мұсылман мектептері мен медреселерде, «орыс-қазақ», «бұратаналық», ауылдық мектептерінде оқып бастауыш білім алуға болатын еді. Мұсылман мектеп, медересенің мақсаты діни білім беру болғанымен, оларда зайырлы пәндер де оқытылды. Патша үкіметі орыстандыру саясатын жүргізіп, діни мектептің ықпалын шектей бастады. 1876 ж. бастап мұсылман мектептеріне орыс сыныптарын енгізіп, орыстандыруға тағы бір қадам жасалды. «Көшпелі болса да, мұсылман болса да, қазақ орыс тілін білуге тиіс, себебі бұл – Мемлекеттік тіл, үкіметтік, сот орнында іс сол тілде жүргізіледі» деп санады отаршыл әкімшілік. Дәстүрлі мектепті бітіргеннен кейін қазақтар балаларын Уфадағы «Ғалия», Орынбордағы «Хусаиня», Троицкідегі «Расулия» медреселеріне оқуын жалғастыруға жіберетін. «Ғалия» медресесінде Б.Майлин, М.Жұмабаев, Ж.Тілепбергенов т.б. оқыған. Медресенің білім алушылары озық демократиялық идеялардың ықпалына түсті. Олар ескі оқыту әдістеріне, артта қалушылыққа, надандыққа қарсы шықты. Шәкірттер арасында ұлтты өркендету, өз елінің тарихын, әдебиетін, тілін оқып-үйрену, зерттеу идеялары тарады. 1916 ж. Б.Майлин мен Ж.Тілепбергенов «Садақ» журналын шығарған. Патша үкіметі «Ғалия», «Хусаиня» оқу орындарын орыс мемлекетінің жауы деп санаған. Патша үкіметі қазақ халқы арасында оқу-ағарту ісін бастауыш білім берумен, яғни орыс тілін және қарапайым арифметиканы үйретумен шектеу жеткілікті деп, орта, жоғары білім беруге мүдделі болмады. Бастауыш мектептерді қазақтардың болыстардың жанында тілмаш, іс жүргізушілер т.б. болып жұмыс істеуіне жарарлықтай аздаған білім беру үшін ашты. Капиталистік қатынастардың дамуымен бастауыш орыс-қазақ мектептері елдің шаруашылық қажеттерін қанағаттандырмай, қалалық училищелер, орта мектеп (гимназиялар), кәсіптік мектептер ұйымдастырылды. 1876 ж. Верныйда, Оралда ерлер гимназиялары, 1871 ж. Орал, Семейде қыздар гимназиялары ашылды. Патша үкіметінің оқу бағдарламаларының мазмұны қазақ халқының экономикалық, мәдени даму мүдделерін негізге алмай, отаршыл әкімшіліктің талаптары мен қажеттіліктеріне бейімделді. Осылайша, орыс өкімет орындарының мұндай кертартпа саясатының нәтижесінде Қазақстанда бірде-бір жоғары оқу орны ашылмады. Отаршыл әкімшіліктің қазақ балаларын орта, жоғары білім алуға жібермеу ниеті ұлттық сана-сезімнің өсуінен, қазақ халқының отаршылдық режимге қарсы ұлт-азаттық қозғалысының өрлеуінен қорқу, ұлт зиялыларының пайда болуына жол бермеушілік туғызған еді. Революцияға дейін Қазақстанда ұлттық орта оқу орындары болмағандықтан, қазақтар өз балаларын орыс оқу орындарына беруге мәжбүр болды. Қазақтар оқыған осындай оқу орындары Орынбор кадет корпусы, Орынбор гимназиясы болды. Қазан университетінде оқыған 25 қазақтың 10-ы Орынбор гимназиясын бітіргендер. Осы кезеңде жоғары медициналық білімі бар алғашқы қазақ дәрігерлері шықты. Олар Қазан, Саратов, Томск, Мәскеу университеттерінде білім алды. М.Қарабаев, М.Шомбалов, Ә.Алдияров т.б. Ә.Бөкейханов С-Петербург Императорлық орман институтын үздік бітірген (1894). Ж.Ақбаев, Б.Қаратаев, С.Лапин, М.Шоқаев С.-Петербург университетінің заң факультетін бітірген. М.Тынышбаев С.-Петербург Жол қатынасы институтын бітірген (1906). Х.Досмұхамедов С.-Петербург Әскери медицина академиясын бітірген. Б.Сыртанов (1891), Б.Құлманов С-Петербург шығыс тілдер факультетін бітірген (1887). Ә.Ермеков Омск технологиялық институтын, Х.Ғаббасов Мәскеу унив-ң физика-математика фак-тін бітірген. Осылайша, Ресей оқу орындары революцияға дейін-ақ білімді адамдар тобының кеңеюіне, ұлт зиялыларының қалыптасуына көмектесті. Қазақ жастары шетелде де білім алды: Ғ.Мусин Каир унив-тін, Ж.Сұлтанаев, А.Тұнғаншин – Варшава мал дәрігерлік институтын, С.Шанов Стамбул унив-н бітірген т.б. Ұлт зиялылары: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Халел Досмұхамедов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, М.Тынышбаев, Ә.Ермеков т.б. Қазақ зиялылардың ең басты сіңірген еңбегі мынада: олар бүкілресейлік даму кезеңінің басталуын дер кезінде аңғарды, қазақ қоғамын ілгері бастырудың амалдарын іздестірді, бұл үшін Бірінші орыс революциясы берген әлеуметтік, саяси бостандықтарды пайдаланды, халықты патриархаттық-рулық мешеуліктен арылтуға, патшалық езгіден азат етуге, оған білім мен прогрестің, мемлекеттік тәуелсіздік алудың жолдарын көрсетті. Бұл жол қиын күрес, күрделі тартыстар, ізденістер жолы болды. Сондықтан бұл жолда жетістіктер де, қателіктер де болды. Қазақ зиялыларының ең басты ізгі мақсаты – халқына қызмет ету мақсатын «Алаш» қозғалысының жетекшілерінің бірі М.Дулатов Бутырск түрмесінен жазған хатында баяндаған: «... Мен өзімнің құлдыққа түсіріліп, езгіге салынған бейшара халқымның осы құлдық жағдайдан шығуына көмектесуді өз борышым деп санадым... Саяси саладағы оқиғаларды дер кезінде болжай алмадым деп санаймын, ал қазір Кеңес өкіметіне қарсы күрес деп отырғанның бәрі менің қазақ ұлтын дербес, тәуелсіз, бақытты жағдайда көргім келген тілегім ғана». ХХ ғ. басындағы алдыңы қатарлы қазақ зиялылары өздерінің саяси қызметінде ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды қорғауды басты мақсат деп білді. Олар өз халқына тәуелсіздік және отаршылдық құлдықтан азаттық алу жолындағы күресінде көмектесуге ұмтылды, әрбір адамның, әрбір халықтың өз бостандығына құқығы мен бүкіл адамзат мәдениетінің жетістіктері мен табыстарына еркін қол жеткізуі сияқты жалпыадамзаттық құндылықтар үшін күресті. Қазақ зиялылары 1905 жылдан бастап осы мақсатта қазақ даласында қызу қызмет жүргізді. Қазақ халқының өлкедегі аграрлық мәселені әділ шешу жолындағы күресімен тығыз астасып кеткен ұлт-азаттық қозғалысындағы қазақ зиялыларының маңызын атап өту қажет. Қазақ зиялыларының либерал-демократиялық позицияны ұстанған «Алаш» қозғалысының өкілдері 1905 жылдың желтоқсанында Оралда 5 облыстың қазақ халқы депутаттарының съезін өткізіп, өз партиясын – Ресей конституциялық-демократиялық партиясының бөлімшесін құруға тырысты. Бөлімше 17 қазандағы патша манифесімен берілген бостандықтар шеңберінде қазақтардың ұлттық мүдделерін қорғауға тырысты. 1906 ж. ақпанында Семейде қазақтардың 2-съезі болды, ол кадеттерге жақын бағдарламаны мақұлдады, сонымен қатар оған өлкеге шаруалардың қоныс аударылуын тоқтату, Қазақстанның барлық жерін байырғы халықтың меншігі деп тану, ұлттық мектептер ашу, т.б. талаптар енгізді. Бұл саяси ағымды Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, М.Шоқай, М.Дулатов, Б.Қаратаев және қазақ зиялыларының басқа да көрнекті қайраткерлері басқарды. Олар дін ұстану бостандығын жақтап, әсіресе үкімет пен жергілікті органдардың мұсылман дініне қарсы актілеріне қарсылық білдірді. Ұлттық мәдениетті дамытуды, сондай-ақ Қазақстанда қазақ тілін басқа тілдермен тең қолдануды жақтады.
Қазақ зиялыларының көшбасшылары халықтың саяси жағынан көзін ашу үшін оның бойында білімге деген құлшынысты ояту, сауатсыздықты жоюдың қажет екенін түсінді. Қазақ зиялыларының бүкіл қызметі осы мақсатқа арналды деуге болады. «Қазақ», «Қазақстан» газеттері, «Айқап», «Сарыарқа», «Абай» журналдарының беттерінде олар тек білім ғана өркениетке жол ашады, қазақтардың ұлт ретінде сақталуына көмектеседі деп, қазақ халқын білім алуға шақырды. Тіл мен әдебиетті дамыту мәселелері бөліп көрсетілді. ХХ ғ. басында қазақ зиялыларының қызметінде құқық, жер мәселелері елеулі орын алды. Патша шенеуніктері қазақ халқының зиялы өкілдерінің дүниежүзілік өркениет пен мәдениет жетістіктерін игеруіне мүдделі болмады. Бірақ халықтың ғылым мен мәдениетке тартылуына кедергі жасауға бағытталған шаралар күткендегідей нәтиже бермеді. Қазақ халқының білім алуға деген қажеттіліктері патша үкіметін Орынборда, Омбыда, Оралда, Семейде, Верныйда т.б. қалаларда оқу орындарын ашуға мәжбүр етті, оларда қазақтар бастауыш, орта білім алды. Патша өкіметі «бұратаналарды» орта, жоғары оқу орындарында оқуға рұқсат етуге мәжбүр болды. Қазақ жастары Қазан, Томск, С.-Петербург, Мәскеу т.б. университеттерінде, техникалық, медициналық жоғары орындарында білім алды. Өз халқын оятуда зор рөл атқарған қазақ зиялыларының тамаша шоқ жұлдызы ХХ ғ. басына қарай нақ сол буынынан қалыптасты. Олар өз халқын отаршылдық бұғауынан азат, өркениетті, дербес және тәуелсіз жағдайда көруді армандады. Қазақ зиялылары патша өкіметін дала өңірінде білім беру ісін неғұрлым жедел жүргізгісі келмегендігі үшін сынады, ал өздері отандық ғылымды қалыптастырудың алғышарттарын жасауға ұмтылды. Қазақ зиялылары ғылыми мақалалар, сөйлеген сөздері арқылы өркениетті елдердегі ғылым жетістіктерін насихаттауға, оның қажеттігін, қоғамды түбірінен өзгерте алатын құдыретті күшін дәлелдеуге ұмтылды. Олардың күш-жігері ізсіз қалмады. ХХ ғ. басындағы қазақ зиялылары дәрігерлер, саясатшылар, судьялар, ақын-жазушылар еді, бұл кезең қазақтың жан-жақты білімді азаматтары – Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтың т.б. қалыптасуымен ерекшеленді. Алаш азаматтары ғылыми зерттеулермен айналысты. Қазақстан ғылымы кеңес өкіметі жылдарында қарқынды дамыды, алайда оның іргетасын ХХ ғ. басындағы қазақ зиялыларының нақ осы талантты өкілдері қалаған еді. ХХ ғ. басында шовинистік отаршылдық идеология мен бостандық, тәуелсіздік идеологиясы арасында ымырасыз күрес жүріп жатты. Қазақ даласына қалыптасып келе жатқан жас қазақ зиялылары белсене таратқан саяси идеялар қазақ қоғамының оянуына көмектесіп, бұл халықтың құқықтық, эстетикалық санасы мен өнегелі ой-өрісіне зор ықпал жасады. Қазақтардың осы жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысы діни күрес сипатында да бой көрсетті. XX ғасырдың басында ислам дінінің, түркі әлемінің ықпалы мен дәрежесін көтеріп, сонымен бірге Еуропадағы білім мен тұрмыстың жақсы жақтарын да өз елінде енгізгісі келген қоғамдық-саяси және діни қозғалыс жәдиттік қозғалысөкілдерінің белсенділігі артты. Мұсылман дінбасылары мен татар буржуазиясының ықпалы күшті болған Семей, Петропавл, Ақмола, Верный және басқа қалаларда діни ұйымдар пайда болды. Өлке мұсылмандарының діни талаптар қойған петициялық науқаны кеңейді. Ерекше мұсылмандық діни басқарма ұйымдастыру, мешіттер, діни мектептер ашу, мектепте исламды қазақ тілінде оқыту, Меккеге қажылыққа бару үшін шетелдік паспорт беру т.б. талаптар алға тартылды. 1905 ж. тамызда Нижний Новгородта Бүкілресейлік мұсылмандар съезі шақырылды. Съезд «Бүкілресейлік мұсылман одағын» құрды. Ол өзінің 3-ші съезінде (1906 ж. тамыз) кадет партиясының идеяларына жақын бағдарламаны қабылдады. Патша өкіметі Ресейдің, соның ішінде Қазақстанның мұсылман қауымына бірқатар жеңілдіктер жасауға барды. Мұсылман қозғалысы түрік халықтарының Ресей империясы құрамындағы автономиясы және мәдени-автономиялық даму туралы мәселе көтерді.Қазақстан халқының саяси санасын көтеруде Мемлекеттік Дума сайлауы да айтарлықтай рөл атқарды, сайлау кезінде саяси партиялардың сайлаушылар дауысы үшін күресі өрістеді. Мемлекеттік Дума сайлауы сословиелік теңсіздікке және мүлік цензіне негізделген жүйе бойынша өткізілді. Теңсіз сайлау жүйесінің нәтижесінде Ресейдің барлық жұмысшыларының ¾ бөлігі сайлауға қатысудан шеттетілді. Ұлттық шет аймақтар халқының құқықтарына қысым жасалды. Қазақстандағы Мемлекеттік Дума сайлауы орыс халқының саны едәуір болатын өлкенің ең ірі облыстарында социал-демократтар мен трудовиктер партиясы мүшелерінің, ал қазақ халқы арасында либерал-демократиялық ұлттық зиялылар өкілдерінің зор ықпалы болғанын көрсетеді.