Науқастың жағдайын бақылау
Медбике науқас жағдайын бақылап, өзгерістерді уақытылы анықтап, дәрігерге хабарлауы тиіс.
Науқасты бақылау кезінде медбике назар аударуы қажет:
-сана жағдайына;
-науқастың төсектегі қалпына;
-бет-әлпетіне;
-тері жамылғылары мен кілегей қабықтардың түсіне;
-қан айналым және тыныс алу мүшелерінің жағдайына;
-зәр шығару мүшелерінің қызметіне т.б.
Дене қызуы және оны өлшеу
1. Терморегуляция
Сау адамның қалыпты жағдайда дене қызуы тәулік бойы 37˚С-тан аспайды. Бұл жылу өндіру және жылу беру сияқты күрделі жылу реттеу жолымен қамтамасыз етіледі. Жылу өндіру бұлшық ет және ішкі мүшелердегі тотығу процестері арқасында жүзеге асырылады. Алмасу процестерінің өнімділігі неғұрлым жоғарылаған сайын соғұрлым жылу жасау көбейе түседі. Жылу беру - терідегі бай тамырлар торына байланысты болады. Олар өз сағасын бірден тез өзгерте алады. Жылу беру - жылу тарату, жылу сәулелену және булану жолдарымен жүзеге асырылады.
Ағзаның жылу өндіруі жеткіліксіз болса немесе ағза салқындағанда тері тамырлары рефлексті түрде тарылады да, жылу беруі төмендейді. Тері құрғақ, суық болады, кейде қалтырау пайда болады. Ол қаңқа бұлшық еттерінің жылу жасауының жоғарылауына әкеліп соғады. Керісінше, жылу көп болған жағдайда (ағза қызғанда) тері тамырларының рефлекстік түрде кеңеюі байқалады. Терінің қанмен қамтамасыз етілуі жоғарылайды, сондықтан жылу беру, оны өткізу және сәулелендіру жоғарылайды. Егер бұл механизмдер жеткіліксіз болса, тер бөлу кенеттен күшейеді. Тер дене бетінен булана отырып, ағзадағы жылудың өте күшті бөлінуін іске асырады.
Сонымен, терморегуляцияның күрделі механизмі ағзаның ішкі ортасындағы температуралық тұрақтылықты қамтамасыз етеді, ол алмасу процестерінің қалыпты жүруі үшін қажетті болып келеді.
2. Дене қызуын өлшеу
Күні бойы кездесетін дене қызуының физиологиялық ауытқулары тәңертеңгі және кешкі қызу арасындағы айырмашылық орташа есеппен алғанда 0,3-0,5 градусты құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |