Науқастарды қабылдау және тіркеу
Дәрігер науқасты қарап, ауруханаға жатқызу сұрағы шешілгеннен соң қабылдау бөлімшесінің мейірбикесі барлық медициналық құжаттарды толтырады. Мейірбике науқастың дене қызуын өлшеп, «Науқастарды қабылдау немесе жатқызбау» журналына тіркейді. Журналға науқастың аты-жөні, туған жылы, мекен жайы, кім жібергені, жіберген мекеменің диагнозы, қабылдау бөлімінің диагнозы жазылады. «Ауруханадағы науқастың медициналық картасының» титулды бетін мейірбике толтырады.
Егер науқастың жағдайы орташа ауырлықта болса, мейірбике дәрігерге дейінгі алғашқы көмекті көрсетуге тиісті, кезекші дәрігерді жылдам шақыртып, дәрігердің тағайындауларын тез орындауы керек.
Егер қабылдау бөлімшесіне науқас көшеден ес-түссіз жағдайда, құжатсыз түссе, мейірбике алғашқы көмекті көрсетіп, милицияға хабарлауы тиіс. Түскен науқастың бойы, киімі, дене бітімі туралы барлық мәліметтер көрсетіледі. Тұлға есімі анықталғанша науқас «белгісіз» деп көрсетіледі.
Егер науқас бірден жансақтау бөлімшесіне (қабылдау бөлімінен тыс) түссе, қажет құжаттарды бекеттегі мейірбике толтырып, соңынан қабылдау бөлімшесіне тіркейді.
Егер дәрігер науқасты қарап, ауруханаға жатқызуға көрсетпесі болмаса, науқас үйіне жіберіліп арнайы журналға тіркеледі. Амбулаториялық көмек көрсетілген науқастар туралы мәліметтер «Амбулаторлы науқастарды тіркеу» журналына жазылады.
Науқасты ауруханаға қабылдау
Қажет заттар: «Науқасты қабылдау және қабылдамау есебі» журналы. Ауруханаға жататын науқастың медициналық картасы /Ф-003у/, дене қызуын белгілейтін қағаз, термометр, шпатель, бой өлшегіш, таразы, гигиеналық ванна немесе душ.
Іс- әрекеттер :
Ауруханаға жатуға қажетті құжаттардың түгелдігін тексеріңіз.
«Науқасты қабылдау және қабылдамау есебі» журналы құжатына, дәрігер қарап болған соң, тіркестіріп жазыңыз.
«Науқасты қабылдау және қабылдамау есебі» журналына енгізіледі:
түсу күні, уақыты;
аты-жөні, тегі;
туған күні, айы, жылы;
жолдама берген мекеменің диагнозы;
науқасты қайда жатқызғаны;
Ауруханадағы науқастың медициналық картасының паспорт бөлімін толтырыңыз.
Алынған мәліметті (дене қызуы, антропометрия өлшемдерін) ауру тарихына жазыңыз.
Шпательмен жұтқыншақты тексеріп, науқастың түкті жерлерін қараңыз.
Егер бит шықса, оған қарсы шаралар жүргізіңіз. Ф-058 хабарлама қағазын толтырыңыз.
Науқастың жағдайының ауыр-жеңілдігіне байланысты санитарлық тазалауды (дәрігердің тағайындауымен) жүргізіңіз.
Науқасқа аурухананың киімдерін кигізіп, жатқызылған бөлімшедегі палатаға алып барыңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |