3. Оразақын Асқар, «Шетте жүрген бауырластарға» өлеңі «Шетте жүрген бауырларға» өлеңінде Оразақын Асқардың оқырманға жеткізетін идеясы арқылы нақты түрде қандастарымыздың қайтып оралуын аңсайды. Бұл өлеңдегі:
Бөленіп онда бәрің байлық, баққа,
Тіпті ие болсаңдар да атақ, даңққа,
Бірге ұрпақ барсын жарқын болашаққа,
Бұрыңдар көшті атамекен жаққа – деген жолдарда автор шеттегі қандастарымызға бай, атақты,даңқты болсаңыздар да атамекендеріңізге оралыңыздар деген үндеу жасайды.Иә, туған жерінен кеткен бауырларымыздың талай жылдар бойы жетістіктерге қол жеткізгендері көп. Алайда, бұл олардың сонда мәңгі қалуының белгісі емес. «Атажұрт шақырады тұқымым деп,Құшағын байтақ дала, тауың да ашып» – деп, автор жазғандай, кең байтақ даламыздың есігі қандастарымыз үшін әрқашанда ашық.
Сонымен бірге, «Біршілік болмай — тіршілік болмайды» деген кереметтей мақал-мәтелді негізге ала отырып, автор бұл тақырыпты да өлеңде көтереді.
Қазағың жетті ежелгі арманына,
Жағдайдың қарамаңдар бар, жоғына,
Ілінбеу үшін елдік бірлік керек
Ешқашан енді ешкімнің қармағына - деген өлең тармақтарында Оразақын Асқар ауызбіршілікте өмір сүру керек дегендей болады. Меніңше, Елдегі табыс, жетістіктер, ешқандай елдің қармағына кірмейтіндей мәселе тек халқымыздың бірлігі болған жағдайда ғана жетіледі.Ел ішіндегі береке-бірлік, ауызбіршілік ең маңызды рөлге ие.
Қорытындылай келе, «Шетте жүрген бауырларға» өлеңі оқырманға нақты идеясын көрсетеді. Бұл - шеттегі қандастарымыздың туған жеріне оралып, кең-байтақ даласының суын,ауасын жұтып, осы жерде ұрпағын жарқын болашаққа жеткізіп, мемлекетімізді ұйымдасып көркейту. «Күш-бірлікте» екендігін ұмытпайық.
3-билет
1.Абайдың балалық шағы мен өскен ортасы Абай — Арғын Тобықты руынан, 1845 жылы Шыңғыс тауында туды. Абайдың шын аты — Ибраһим. Қазак әдеті бойынша шешесінің еркелетіп қойған Абай атын толық атап кеткендіктен, біз де Абай дейміз.
Абайдың әке тұқымы — Тобықтыға басшы би болған, бай жуан ата. Үлкен атасы Ырғызбай да әрі батыр, әрі жуан би болып елді аузына қаратып өткен кісі. Осы Шыңғыс тауы қонысқа лайық, малға жайлы жер деп орын қылған кісі.
Онан соңғы атасы Өскенбай би, Абайдың өз әкесі Құнанбай — жұртты аузына қаратқан, ел билеген ақсүйек байлар табынын өз елінде көсемі болған азулы би байы. Өз тұсында қазақ арасында мұсылмандықты жайып, дін, шариғаттың орнауына мықты еңбек сіңірген діншіл кісі болған. Заманында өз табы — (өзі үшін) діннің мықты құрал екендігіне мықтап түсініп, ел арасына діннің тамырлап, тарауына арнап еңбек сіңірген. Құнанбай, өзге жұрт баласын орыстан кашырып тығып жүргенде, өз баласын орыс мектебіне беріп, орысша оқытқан.
Абайдың шешесі — қазақ ортасында елді күлдіргі, калжыңымен сөгіп, шешендікпен атақ алған әйгілі Қантай, Тонтаймен туысқан Тұрғанның қызы. Абайдың шешесі өзінің тұқымдарындай от ауызды — әрі бай, әрі жуан би, той-думан арылмайтын, ақын, жыршы, шешен, би кетпейтін ауыл болған.
Атадан ұл туса игі еді,
Ата жолын қуса игі еді…-
деген ескі нақыл бойынша, Абай жас шағынан-ақ сөз тындап, сөзге үйір боп өсе бастайды. Осындай қожа, молдалар, билер, ақындар кетпеген ортада тәрбие алады. Абайды ақындыққа ыңғайланған жағдайдың бірі осы сияқгы. Он жастан он екі жасқа дейін ауылда мұсылманша оқып, сауатын ашып қана қоймай білімін кеңіте береді. Он үш жасқа шығарда Семейде молда Ризәнің медресесіңде оқиды. Медреседе оқып жүріп Приходский школінен орысша оқып, 14 жасыңда сабақтан шығады. 15 жасында балалықты былай қойып, үлкендер катарында жұмыс атқаруға кіріседі. Өз тұсында ақылды, саналы, зерделі, шешен, көсем жігіт болып ел билігіне араласады. 20 жасында Абай халық ортасында маңдай адды шешен болады. Орақ ауызды, от тілді кісі атанады.
Абай жасынан-ак, қазақтың бұрынғы салтын, қалпын, әдет-ғұрпын, дәстүрін, ескі сөздерін, ескі билердің ережелі тақпақтарын, тапқыр, пішін сөздерін, биліктерін көп зерттеп, үйреніп, тексереді, көп оқиды. Ескі мақал-мәтел, қазақтың өзінің бұрынғы өткен билерінің нақыл мысал өрнек етіп айтқан сөздерін көп зертгеп жаттайды. Бұрынғының барлық шебер сөздерімен Абай өте жақсы таныс болып, өзі де сондай сөздерге өмір бойы машықтанады.
Абайды сөзге, сөз өнеріне, шешендікке баулыған жағдайдың бәрі өмір бойындағы Абайды коршаған — жуан көсем бидің, ірі байдың ауылы. Абай араб, парсы, түрік тілдеріндегі әдебиеттерді еркін оқып түсінетін болды. Заманында арабшаны, парсышаны, түрікшені Абайдан артық білетін ешкім болмайды. Шала, шапты оқып, шариғат айтып, мал тауып жүрген дүмше молдалар Абай отырған жерде кысылып, сескеніп, сөйлей алмайтын болады.
Абай әлгі тілдерді жақсы білгеннің арқасында әдебиетін де көп оқитын болады. Сөйтіп, араб, парсы, түрік әдебиеттерімен де әжептәуір таныс болады. Абайдың әдебиетке жакындауына бұлар да көп себеп болады.
Абай 14 жасында-ақ құрбы-құрдастарына арнап тәлкек, сықақ өлендер жаза бастаған. Құрбылары Абайдың өлендерін жаттап алып, елге жайып жіберетін болған. Өлендері сол кезде мәнді, дәмді болған. Бірақ Абай өзін-өзі ақынмын деп санамаған, өзі жуан атаның баласы болған сон, «кедейлер істейтін ақындық кәсібін кәсіп етіп», өзін-өзі ақын деп санамай, бері таман келгенше оның соңына түсуге арланатын болған. Ол кезде қазақ ортасында ақындықтың қадірі де шамалы болатын. Ақындық кәсіп еткен кісіге жоқшылықтан істеген кәсіп есебінде болатын.
2. Сұлтанәлі Балғабаев, «Тойдан қайтқан қазақтар» комедиялық драмасы С.Балғабаев өз шығармасында ұлттық болмысқа жат мінез құлықтарды астарлап жеткізе білген.Көзбояушылық,бастыққа жағымпазданып,құрдай жорғалау - Қошқарбай секілді кейіпкерге тән қылықты көрсетіп,сынға алған.Кейіпкер Мэлис Әлібаевич арқылы - өз қызметін асыра пайдаланып,маңайына туыстарын,жағымпаздарды жинаған қуыс кеуде,мансапқор адамның жат қылықтарын көрсеткен.Бастығы арқылы атақ -дәрежеге көтеріліп,жылпос,еті тірі Асай Мүсеевич секілді кейіпкерлердің өмірдегі орнын шынайы көрсеткен.Ішкенге мәз,жегенге тоқ осындай қылықты адамдардың іс -әрекеттерін сатиралық шығармада сынға алған.Жағымпаздарды маңайына жинап алып,ел мүддесін ойлаған болып,мінбелерден сөйлеп жүрген шенеунік,лауазымды кісілердің бет бейнесін сынаған.Мұндай адам болмысындағы жағымсыз қылықтар күнделікті өмірде көптеп кездеседі.Бұл шығармадағы барлық кейіпкерлердің бойы ұлттық болмысқа жат қылықтарға толы.Пойыз бастығы мен жолсеріктің өзі сырт көзге мінсіз,өз қызметіне адал жандар болып көрінеді.Бірақ,олардың билетсіз жолаушыны пойызға алғанының өзі пайда тауып қалуды көздеген,пайдақұмар жандар екенін көрсетеді.Жетер жеріне қалайда жету үшін,өтірікті судай сапырған,саудагер әйел бейнесі көңілге кірбің ұялатады.Билетсіз жолаушы болса,билеттің алыпсатардың қолында кеткенінің куәсі.Осы кейіпкерлердің бойындағы жағымсыз қылықтардың барлығы елімізді алға жетелемейтін қоғамымыздың кемшілігі.Автор ұлттық болмысымызға жат,жағымсыз қылықтарды талдап көрсетіп анық суреттей білген.Шығармада кейіпкерлердің жағымсыз қылықтары арқылы өмір шындығын көрсеткен.Жас ұрпаққа осы кейіпкерлердің іс-әрекетін көрсету арқылы келеңсіз оқиғалардан сыни ой тұжырымдап, астарлы ойларды түсініп,мұндай жағымсыз қылықтардан бойын аулақ салсын деген тәрбие жатыр.
3. «Сегіз аяқ» өлеңі Сегіз аяқ» өлеңі – қазақ халқының ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлының қазақ өлеңіне қосқан жаңалығы. Ақынның аталмыш өлеңінің құрылысы басқа өлеңдерінен өзгерек болып келеді. Өлеңнің құрылысы күрделі болғанымен, мағынасы өте терең. Қазақтың бас ақыны бұл өлеңі арқылы өз заманындағы келелі мәселелерді көтеріп, адам баласының бойындағы мінездерді де аямай сынайды.
Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде, - деген жолдар арқылы ақынның өз заманындағы, өз қоғамындағы замандастарының бойындағы кемшіл мінездеріне, осал тұстарына ашынғандай кейпін байқай аламыз.
«Ұятсыз,арсыз салтынан, қалғып кетер артынан» - деп кім болса соның, не болса соның жетегіне еріп кететін, өзіндік жеке пікірі мен ойы жоқ адамдардың надандығын мінейді ақын. «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды - әдеті надан адамның» - деген жолдар арқылы да басында ми, өзінде ой жоқ адамдардың селқостығын аямай сынға алады.
Тасыса өсек,
Ысқыртса кесек,
Құмардан әбден шыққаны, - деп бүгінгі қоғамдағы, әр замана қауымдарының, түрлі дәуір өкілдерінің, жалпы адамзат атаулының бойына дерт боп жабысқан өсекшілдікті құмарлыққа тең көріп, өсекшіл адамдарға деген теріс пікірін ашық түрде жеткізеді.
Ақынның дәл осы өлеңінде адам бойында кездесетұғын кесел мінездердің барлығы дерлік көрініс тауып, барлығы дерлік ақын тарапынан пікір алған. Сондай мінездердің бірі – кекшіл адам келбеті. Бірін бірі көре алмаушылық, іштарлық деген мінездер, қасиеттер адамдарда өте жиі кездесіп отырады. Ақын бұл мінезге аталмыш өлеңінде:
Болмасын кекшіл,
Болсайшы көпшіл,
Жан аямай кәсіп қыл, - деп болашақ ұрпағын кекшілдікке емес, көпшілдікке шақырады.
Өтірік, ұрлық,
Үкімет зорлық
Құрысын көзің ашылмас, - деп Абай өтіріктің, ұрлықтың түбінің қорлық екенін оқырманына лайықты деңгейде жеткізе біледі. Бүгінгі қоғамда да осы мәселенің, ұрлықтың қоғамдағы мәні актуалды. Себебі, ірі-ірі мегаполистерде, аудан орталықтарында, қарапайым көшеде жүргеннің өзінде ұрлық жасап жататын жайттарға куә боламыз. Бірақ ақын осындай жолмен мал табамын деп ойлаудың бекер екендігін, ұрлықтың түбінің қорлыққа соқтыратынын дәлелдеп көрсетеді. Бұл мәселе ХІХ ғасырда Абай өлеңінде қоғамдық мәселе болып көтерілсе, қазіргі уақытта да өз маңызын жоғалта қоймады.Ақынның осы өлеңінде көтерген тағы бір мәселесі – «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын». Ия, бүгін де бұл мәселе қазақ қоғамында өзекті. Тамағының тоқтығы, көйлегінің көктігі адам баласын аздыратыны, жұмыссыз, еңбексіз мал табу – ең берекесіз дүние екені Абай философиясының түпкі мәні іспетті.Қорытындылай келе, Абай Құнанбайұляы өзінің «Сегіз аяқ» өлеңінде адам баласының бойындағы кеселді мінездерді аямай сынға алып, болашақ ұрпағын, келешек қазақ қоғамын осындай кеселді, дертті мінездер мен әдеттерден аулақ болуға шақырады. Десе де, Абай айтқан, Абай сынаған мінездер, өкінішке орай, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда да өзінің қоғамдық мәнін жоя қоймаған проблемалар қатарынан бой көрсетуде...